» » » РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ҰЛТТЫҚ КЕМЕЛДЕНУ

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ҰЛТТЫҚ КЕМЕЛДЕНУ

Гүлнара ШҮКІРОВА, ҚР «Мәдениет қайраткері», «Бейбітшілік әлемі» халықаралық творчестволық бірлестігінің бөлім директоры:
Қармақшы өңірінің тумасы, республикаға белгілі өнер жұлдызы Гүлнара Кеңесбекқызы жуырда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жерге тағзым» жобасы аясында Иіркөл ауылында болып, бірқатар азаматқа құрмет көрсетті. Осы кезде мәдениет майталманымен сұқбаттасудың сәті түсті.
– Елге келген қадамыңыз құтты болсын. Қаншалықты ауылға ат басын бұрып тұрасыз?
– Жас кезде бала-шаға, карьера деп жүрдік. Жиі келудің реті келе бермеді. Жасың келген сайын туған жеріңді сағынасың. Соңғы жылдары жиірек келіп жүрмін.
– Сізді танымал еткен – өнер. Бұл қасиетті дүниені қаншалықты ұлықтап жүрсіз?
– Өнер – нәзікжандылар үшін ауыр жол. Бірақ, өмірде өз жолыңды салып, орныңды табу – үлкен еңбекпен келетін шаруа. Бәсеке қай жерде де бар. Мені өнермен тағдыр өзі тоғыстырғандай. Келу барысыма себепкер болған ұлағатты ұстазым, білім саласының ардагері Жұмахмет Тәжібайұлы мектеп қабырғасында жүргенімде өнерге баулыды. Көптеген байқауларға қатыстырды. Өнерді жаным жақсы көрді. Онсыз ауа жоқ секілді. Анам ән айтқанымды қолдағанымен, келешегімді музыкамен байланыстырғанымды онша құптамады. Орта мектепті бітіргесін қаладағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжге оқуға түстім.
– Алғаш ән айтқаныңыз есіңізде ме?
– 2 сыныпта оқып жүргенімде жаңа жыл кешінде айтқанмын. Анам күн-түн матадан көйлек тігіп бергені есімде. Қазақ, өзбек, орыс тілінде ән салатынмын.
– Білуімше, егіздеріңіз де қазір өнерде. Өнер жолын қуғанына қарсы болмадыңыз ба?
– «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген ғой халқымыз. Егіздерім – Жұлдызай мен Құралай кәсіби бишілер. Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінде 10 жылдан бері өнер көрсетеді.
– 2005 жылы екі мемлекеттің Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің алдында ән шырқадыңыз. Қандай сезімде болдыңыз?
– Бұл – Алладан келген бақыт. Түс сияқты. Ол тұста Байқоңыр қаласындағы «Офицерлер үйінің» әншісімін. Бәрі аяқ астынан болды. Маған дейін басқа өнерпазды дайындаған екен. Ол сахнаға шыға алмайтын болған соң, ұсыныс маған жасалды. Мемлекет басшылары алдында «Менің Қазақстаным» әнін орындадым. Халық әнге орнынан тұрып қошемет көрсетті.
– Сонда бағыңызды осы ән ашты ма?
– Айтуға болады. Концерттен соң Елбасы маған атақ беруге тапсырма беріпті. Көп ұзамай ҚР «Мәдениет қайраткері» атандым. Араға үш ай салып, «Менің Қазақстаным» әні мемлекеттік Әнұран мәртебесіне ие болды.
– Өнерді құнды ететін де, құнын түсіретін де нендей құдірет?
– Құнды ететін – өнерпаздың жан тазалығы, түсіретіні – менмендігі, тәкаппарлығы. Барлық уақытта Аллаға шүкірлік етемін. Алдыға қарай ұмтыламын. Қайырлы іс қылуға тырысамын. Қазір ұстазбын. Жоғары санатты вокал педагогымын. Өнер саласындағы әдістемелік еңбегіме доцент атағы берілді. Қанша жыл жиған-тергенімді шәкірт бойына дарытудамын. Балаларым да ер жетті. Күйбің тіршілік ешқашан бітпейді. Бәрін ысырып тастап, Елбасының «Туған жерге тағзым» жобасымен Алматыдан арнайы келіп, ел ардақтыларына қолдан келген сый-құрметімді көрсетудемін. Сондықтан бұл сапарымның мен үшін орны бөлек. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – халыққа өте қажет бағдарлама. Ғұмыры ұзағынан болғай. Елбасына алғысым шексіз.
– Оқырманға тілегіңіз?
– Еліміз, Елбасымыз аман болсын. Қазір бізде адамға керектінің барлығы бар. Қой үстіне бозторғай ұялаған заман дегеніміз, міне осы. Бейбітшілік деген бақытымызды бағалап, биікке көтере білейік.
Сұқбаттасқан:
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (Сурет),
«Қармақшы таңы».
18 тамыз 2018 ж. 1 700 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 738

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 791

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031