» » » ДӘЛДІК - ХИРУРГТІҢ БАСТЫ ҚАРУЫ

ДӘЛДІК - ХИРУРГТІҢ БАСТЫ ҚАРУЫ

Әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-жігерін салатын, өмір мен өлімнің арасында жатқан науқастың тағдыры үшін күресетін, ажалмен арпалысып, дертіне дауа іздейтін ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерен. Адам өміріне араша түсіп, үміт пен сенім сыйлайтын мамандық иелері бар. Солардың бірі – хирург.
Хирургия – тек білім мен тәжірибені ғана емес, батылдық пен табандылықты, сабыр мен үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Себебі кейде санаулы минуттардың өзі адам тағдырын шешіп жатады. Мұндай сәтте дәрігердің білімі мен шеберлігі, жылдам әрі дұрыс шешім қабылдай білуі шешуші рөл атқарады.
Біз осы жауапкершілігі жоғары, күрделі де қызықты мамандықты таңдаған аудандық аурухананың бейінді мамандар бөлімінің меңгерушісі, хирург, эндоскопист-дәрігер Сәкен Жақсыбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Сәкен Асхатұлы, дәрігерлік жолға қалай келдіңіз? Хирург болу бала күнгі арманыңыз ба, әлде кейін таңдаған жолыңыз ба?
– Дәрігер болу – менің бала күнгі арманым еді. Адамға көмектесу, ауырғанын жеңілдету, біреудің өміріне пайдаң тию – кішкентайымнан жүрегіме жақын болды. Ақ халат киген жандарды көрген сайын осы мамандыққа деген қызығушылығым арта түсетін. Уақыт өте келе бұл жай ғана бала арманы емес, нақты мақсатқа айналды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ биология, химия пәндеріне ерекше қызығып, болашағымды медицина саласымен байланыстыратынымды түсіндім.
Ал хирургияға деген қызығушылық кейінірек, студенттік жылдары пайда болды. Өзім Семей мемлекеттік медицина университетін бітірдім. Сондағы тәжірибелік сабақтар, операцияларға қатысу, хирургтердің жұмысын көру менің бұл салаға деген қызығушылығымды одан әрі арттырды. Хирургия – тек білім ғана емес, дәлдік, батылдық пен үлкен жауапкершілікті талап ететін ерекше сала. Бір ғана қателік адам өміріне әсер етуі мүмкін, ал дұрыс шешім бір адамның өмірін сақтап қалады. Осындай жауапкершілігі жоғары, бірақ нәтижесі бірден көрінетін мамандық мені ерекше тартты.
Сол кезден бастап хирург болуды нақты мақсат етіп қойдым. Бұл жолдың оңай емес екенін білдім, бірақ адам өмірін сақтап қалуға үлес қосу кез келген қиындыққа тұрарлық деп ойлаймын. Бүгінде осы мамандықты таңдағаныма өкінбеймін.
– Ақ халатты алғаш киген күніңіз есіңізде ме? Сол күннен бастап өміріңіз қалай өзгерді?
– Иә, ол күн ешқашан ұмытылмайды. Ақ халатты алғаш киген сәтте өзіме үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезіндім. Себебі ақ халат – тазалықтың ғана емес, сенім мен жауапкершіліктің белгісі екенін ұғынып, сол күннен бастап өмірім өзгерді. Енді тек өзім үшін емес, өзгенің өмірі мен денсаулығы үшін де жауап беретінімді түсіндім.
– Ең алғашқы жасаған отаңыз есіңізде ме? Қандай сезімде болдыңыз?
– Әрине, алғашқы ота әр дәрігердің жадында мәңгі сақталады. Мен үшін де ол ұмытылмас сәттердің бірі болып қалды. Алғаш рет операция үстелінің қасында тұрғанымда қатты толқыдым, жүрегім дүрсілдеп, әр қимылымды барынша дәл жасауға тырыстым. Бір жағынан қорқыныш та болды, бірақ оны үлкен сенім мен жауапкершілік сезімі жеңген еді.
Жалпы, мен отаға кіруді 5-курстан, студент кезімнен бастадым. Сол кездің өзінде-ақ әрбір сәт мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Операция сәтті аяқталған сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Бұл жай ғана кәсіби жетістік емес, өзіңе деген сенімнің артуы, таңдаған жолыңның дұрыстығына көз жеткізу еді. Сол бір сәт мені одан әрі шыңдап, дәрігерлік жолда нық қадаммен жүруге жігер берген ерекше белес болды.
– Cіздің салаңыз – өте қиын салалардың бірі. Сол үшін науқастармен қарым-қатынаста ең маңызды нәрсе не деп ойлайсыз?
– Ең маңыздысы – сенім мен шынайылық. Науқас дәрігерге толық сенуі керек, ал дәрігер науқасқа ашық әрі түсінікті тілмен бәрін жеткізе білуі қажет. Адамды тек емдеу емес, оны түсіну де маңызды.
– Медицина дамып жатса да, мықты мамандар аз. Дертіңді дәл табатын дәрігер тапшы. Қалай ойлайсыз, бұған не себеп?
– Бұл – өте күрделі әрі үлкен еңбекті талап ететін мамандық. Жақсы дәрігер болу үшін тек теориялық білім жеткіліксіз. Ең алдымен тәжірибе, үздіксіз ізденіс, өз-өзіңді дамыту, ең маңыздысы адамға деген жанашырлық пен жауапкершілік керек. Өкінішке қарай, бәрі бірдей осы талаптарды толық орындай бермейді.
Қазіргі медицина дамып жатыр, жаңа технологиялар, аппараттар, емдеу тәсілдері пайда болуда. Бірақ мықты маман бір күнде қалыптаспайды. Нағыз дәрігер болу үшін жылдар бойы еңбек ету, оқу, іздену, әр науқастан сабақ алу керек. Кейде жастар бұл мамандықтың ауыртпалығын көріп, басқа салаға кетіп жатады, ал кейбірі өз білімін тереңдетуге жеткілікті көңіл бөлмейді. Соның салдарынан тәжірибелі, білікті дәрігерлер аз көрінуі мүмкін.
Тағы бір себеп – дәрігерге тек маман ретінде емес, адам ретінде де үлкен талап қойылады. Сабыр, мейірім, төзім, жауапкершілік – осы қасиеттердің бәрі бір адамның бойынан табыла бермейді. Сондықтан жақсы дәрігер аз емес, бірақ шын мәнінде дертіңді дәл тауып, саған дұрыс бағыт беретін, науқасқа жанашырлықпен қарайтын дәрігер әрқашан ерекше бағаланады.
– Жұмысыңызда ең қиын әрі ең қуанышты сәттеріңіз қандай болды?
– Ең қиын сәт – науқастың жағдайы ауыр болған кез. Ал ең қуанышты сәт – адамның сауығып, алғыс айтып, күліп шыққанын көру. Сол сәт барлық шаршауды ұмыттырады.
– Хирург дәрігер үшін ең маңызды қасиет қандай деп ойлайсыз?
– Сабырлық, дәлдік және батылдық. Хирург қателесуге болмайтын мамандық иесі, сондықтан әр шешім нақты әрі салмақты болуы керек. Дәлдік – хирургтің басты қаруы десек болады. Ал батылдық – күрделі жағдайда шешім қабылдай алу, тәуекел ете білу, науқастың өмірі үшін жауапкершілікті өз мойнына ала білу деген сөз. Сонымен қатар хирург үшін тек кәсіби шеберлік жеткіліксіз, адамгершілік қасиет те маңызды. Науқасқа жанашырлықпен қарау, оның қорқынышын түсіну, жақындарына дұрыс түсіндіру – мұның бәрі де хирург жұмысының бір бөлігі.
– Науқастар көбіне қандай қателіктер жібереді, ауруды асқындырып алып келетін жағдайлар бола ма?
– Иә, жиі кездеседі. Көп адам уақытында дәрігерге қаралмайды, өз бетінше емделеді немесе ауруды елемейді. Соның салдарынан дерт асқынып кетеді. Әсіресе балаға қойылған диагнозға салғырт қарайтындар көп. Дер кезінде оперативті ота жасау керек десеңіз, келіспей уақыт өткізіп, ауыр жағдайда әкелетіні кейде ойландырады. Балаға деген жауапкершілікті күшейту керек секілді. Уақытында скринингтік тексеруден өткізіп тұрса, барлығы жақсы болар еді. Тағы да айта кететін жайт, пациент бірінші кезекте денсаулығына жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, басты байлықты барынша күткен абзалырақ. Себебі денсаулық алдымен өзімізге қажет.
– Кейде адамдар операциядан қорқып, уақытты өткізіп алады. Осындай жағдайлар жиі кездесе ме?
– Өте жиі. Қорқыныш – табиғи нәрсе, бірақ уақытты өткізу кейде үлкен қауіпке әкеледі. Көп жағдайда дер кезінде жасалған операция адам өмірін сақтап қалады. Бірақ бәрі бірдей емес, уақытты біршама өткізіп, анда-мында сандалып барып кешігіп келетіндер де аз емес. – Халыққа айтар денсаулыққа байланысты ең басты кеңесіңіз қандай? – Денсаулық – ең үлкен байлық. Аурудың алдын алу – оны емдеуден әлдеқайда оңай. Өз ағзаңызды тыңдаңыз, уақытында тексеріліп тұрыңыз және салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Ең бастысы – денсаулығыңызды кейінге қалдырмаңыз.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ
07 сәуір 2026 ж. 89 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (10492)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (10491)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (10490)

31 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 805
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 504

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930