» » » ЖАСТАРДЫҢ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІ ЖАСАНДЫ БОЛМАСА ЕКЕН

ЖАСТАРДЫҢ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІ ЖАСАНДЫ БОЛМАСА ЕКЕН

Ұстаз да диқан іспеттес. Ол әрбір шәкірттің жүрегіне білім нәрін себеді. Әр шәкіртін жеке аялап, тәрбиелеп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлдеп айтқанда, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Осы орайда жақында өмірлік жолын ұлы қызметке арнап, қазірде зейнеткерлікке шыққан ардагер ұстаз, ақын, биязы болмысқа ие Зарипа Тасымовамен әңгімелескен едік.
– Зарипа Жаппарқызы, сіз саналы ғұмырыңызды білім беру ісіне, шәкірт тәрбиесіне арнаған жансыз. Ақын Ғафу Қайырбеков бір өлеңінде «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» деп жырлапты. Адам жанының нәзік иірімдерін түсініп, шәкірт болмысын дөп басып танып, болашақтың бақшасына жеміс егетін де – ұстаздың ұлағаты ғой. Сіз өзіңізді осы міндет үдесінен шыға алдым деп ойлайсыз ба?
– Ата-бабаларымыздың «Арман – адамның қанаты» деген өскелең ұрпаққа өнеге болар қанатты сөзі бар ғой. Сол асыл арман, жақсы ниет, үкілі үміт адамды әркез жақсылыққа жетелейтіні анық. Сынаптай сырғыған қолға ұстатпас уақыттың дегеніне бағынбайтын жан жоқ. Сол уақыт билігіне бағына жүріп, жастық жалыныммен қажыр-қайратым, күшқуатым, бүкіл саналы ғұмырымның ең маңызды, мағыналы сәті – ұлағатты ұлы жолда шәкірт тә   рбиелеген мектеп атты бақыт бақшасындағы өткен ұстаздық уақытым. Өйткені ұрпақ тәрбиелеудегі ұлы мұрат жолында үмітін үкілеген қаншама шәкіртімді қанаттандырған бақытты сәтім. Бала күннен арманым – ұстаз болу еді. Әрбір баланың болмысы, табиғаты, өмір өрнегі дұрыс болу үшін әрбір ұстаз адами болмысымен, қадір-қасиетімен шешілмеген жұмбақ, ашылмаған құпиясын білу үшін ұрпақты зерттеп, зерделеп өміріне бағдаршам болу. Міне, мен осы сатылардан өттім. Әр шәкіртіме жол көрсетер бағдаршам бола білдім деп ойлаймын. Бұл менің арманымның орындалғаны деп шүкіршілік етемін.
– Қазірде мұғалімдердің қоғамдағы, шәкірт алдындағы беделінің төмендеп кеткені жиі айтылады. Оның себебі неде деп ойлайсыз?..
– Ол рас. Қазіргі таңда ұстаз беделінің төмендеп кеткен жайттарын әр тұстан көріп, естіп жүргеніміз расында көңіл қынжылтады. Барлық адам ұстаз алдынан өтетіні хақ. Ел болып, қоғам болып ұстазды ұлық көру ол болашақ ұрпақтың бақыты болмақ. Абай атамыздың 19-қарасөзінде «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деген еді. Сондықтан ата-аналардың тарапынан ұстазға деген құрметсіздік, оқушылардың оларға деген дөрекілігі естілердің әрекетіне жатпайды. Болашақ ұрпағымыз біз армандағандай өнегелі, тәрбиелі болу үшін мұғалім, ата-ана бір-бірімен тығыз ынтымақта болу керек.
«Ақыл, қайрат, білімді, тең ұстаған зор болар. Ойсыз, жігерсіз, білімсіз, өмір кешкен қор болар» деген халық даналығында. Әрбір ұстаздың білімімен, мәдениетімен әдеп әлемі бөлек болу керек.
– Сіздіңше жақсы өмірдің негізін адал еңбектен іздейтін жастардың шоғырын көбейту үшін қандай қадамдарға бару керек?
– Адам баласының мінезінің, ақылқайратының әртүрлі болуы отбасылық тәрбиеден. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дегендей, ес білген бала туған жер, атажұрт қасиетін санаға сіңіріп өсіру керек. Ұлттық құндылығымыз отбасылық тәрбиеден бастау алады. Сүйінбай ақын «Жақсы мен жаман» деген өлеңінде:
«Жаманның көкірегі – көр, көзі соқыр,
Жүрер жолдан тал түсте адасып-ай.
Жамандар өтірікші өсегі көп,
Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай», деп топшыласа, жақсыларды: «Жақсы жігіт ел-жұртының қаласындай, Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай.
Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,
Көреді бәрін де өз баласындай.
Жақсының сөзін әркім пайдаланар,
Миуалы алма-өрік ағашындай» деп жырлайды. Қазақ – ұлы, еңбекшіл халық. Ұрпақтың намысы, ары биікте болуын қалайды. Отбасында тағылымды тәлім алса, мектепте әр бала бейімқабілетіне қарай үйірмелерге тартылса, «Еңбек түбі – жеңбек» деген сөздің мағынасын толық ұғатын болады. Ұл-қызымызға жол көрсетер ұлттық тәрбие – ол халықтық педагогика. Өз сөзімді жүрек жырыммен қорытсам:
Салт-дәстүр, әдеп-иман арың қандай,
Қазып алар қазына табылғандай.
Баланы жастан деген баба сөзі,
Ұрпақ өсір жүрек оты жалындардай.
Бабалар сөзі маржан зерделегін,
Теңізге сүңгіп ал да ең керегін.
Ұлтжанды, кемел ойлы ұрпақ өсір,
Осы тілек берерім елге менің.
– Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғамда нағыз маман болудан бұрын нағыз адамға зәруміз. Оған не себеп? Адамдықтан неге айырылып барамыз?..
– Иә дұрыс айтасыз. Бүгінгі таңдағы жаппай еркіндікке елтіген рухани құлдырау қоғам үшін, жастардың болашағы үшін аса қауіпті болып тұрғаны анық. Кино, театрға бару, кітап оқу мәдениеті құлдырау үстінде. Үлкен-кіші жаппай «Тик-ток» тамашаларын қанағат тұтуда. Ұл бала, қыз бала тәрбиесінен самарқаулық байқалады. Жастардың қатыгездігі, бір-бірін аяусыз соққыға жығу, мектептегі әлімжеттілік деген жайттар өте қатты белең алуда. Тұрмағамбет атамыздың «Өз бауырыңды бегім де, өз босағаңды төрім де» деген өнегелі сөзі барлық бала бір-бірін бауырындай құрметтеп қолдауы қажет, өз елін Атамекенін ардақтай білу керек дегенді білдіреді.
«Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
Құр қарайсың аспанға.
Бір ғылымнан басқаның,
Бәрі де кесел асқанға.
Ондай адам жолығар,
Кешікпей-ақ тосқанға» деп жырлаған. Абай атамыздың қайсыбір өлеңін оқысаңыз да, әрбір сөзі, орамды ойы өнеге өрнегін кестелеп бойыңа қондыра қойған ақыл шекпеніндей. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боларсың елден бөлек» деген ұғымында қаншама мән-мағына жатыр. Адам болып қалыптасу шыр етіп дүние есігін ашқан күннен басталады. Атақты ағылшын ғалымы Джон Локк «Бала өмірге келгенде ақ қағаздай тап-таза, кіршіксіз болып келеді. Одан кейін өмір өрнектерімен ақ қағаз бетіне түскен дақтар секілді өзінің болмысын жасайды» демеп пе еді. Олай болса әр бала ата-анаға берген Алланың аманаты. Сондықтан бірінші кезекте ата-ана бала тәрбиесіне өте сергек мұқият қарау керек. Отбасы, мектеп, қоғамнан алған тәлімі, тәрбиесі арқылы адам болып қалыптасады. Ал нағыз адам болу принциптері: адалдық, еңбекқорлық, табандылық, намыстылық, имандылық, ауызбіршілік. Бұл қасиеттер адам бойына, ішкі сезіміне, санасына тәлім-тәрбие арқылы енеді.
Әрбір саналы азамат жиған білімін, қажырқайратын, күш-қуатын еліне, туған жеріне арнайды. Осы орайда Тұрмағамбет атамыздың «Қамын ойла халқыңның» атты өлеңінде:
Қайратты туған ер болсаң,
Қамын ойла халқыңның.
Жетім менен жесірге,
Өзі бол жүзі жарқынның.
Сықылындай болып бақ,
Жаз күнгі қоңыр салқынның.
Туысқанды тонама,
Толуын ойлап алқымның.
Уағдаңды екі етпе,
Әріне қарап әркімнің,
Айтқаның алжас болынса,
Кемиді бәрі нарқыңның» деп жырлауында қанша мән-мағына жатыр. Қазақ халқы – рухы мықты халық. Жеңіл табыс, арзан күлкіге мастанып, бабаларымыздың мәрттігін, қайсар рухын жоғалтуға жол бермеуіміз керек. Жастардың тәлім-тәрбиесі жасанды болмаса екен. Жаңа заманда көзбояушылық, жасандылық көп белең алуда. Бұл қазақ деген рухты халықтың тамырына балта шабу болмақ.
Қазақтың біртуар ақыны Мұхтар Шаханов «Жаңа қазақтар» атты өлеңінде:
«Сорласа жұрт рухсыздан сорлайды,
Қырандардан биік қойсақ торғайды,
Отанды кім торғайлардан қорғайды?
Рухсыздың, қайырсыздың баюы
Бәлкім ертең ұлтымызға зор қайғы.
Жинасаң да әлемнің бар алтынын,
Адамдығың көрсетпесе жарқылын,
Қоршар сені салқын шаттық, салқын үн.
Ешкім рух байлығынан бөлініп,
Шын бақытқа жеткен емес жарқыным»! демеп пе еді? Қандай керемет ой тұжырым. Отбасы, мектеп, ел, қоғам болып рухты ұл-қыз тәрбиелеу ертеңіміз үшін маңызды. Нағыз адам – ел-халқы ның жанашыры.
– Болашағын ұстаздықпен байланыстыр ғысы келетін жастарға қандай ақыл айтасыз?..
– «Ұстаз – басқарушы... Қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» дейді ғұлама әл-Фараби. Менің ұғымымда ұстаз болу – ұста болу деп түсінемін. Шебер ұстаның қолынан шыққан бұйым қандай көркем болса, шебер ұстаздың алдынан шыққан шәкірт білімді, ақылды, ойы ұшқыр дарынды тұлға болып шығатыны хақ. Ол үшін әр шәкіртін мейіріміне шомылдырып, біліммен сусындатып, жүрегіне жол таба білетін ұстаз болуы керек. Жас ұстаз көп ізденіп, көп оқуы керек. Өз мамандығын өте жоғары сүйіспеншілікпен сезінген ұстаздың келешегі кемел болады. Жақсы адам күннің жарығы сияқты жан-жағына сәулесін түсіріп жарықтандырып тұрады. Жас ұстаздардың өмірі сәулелі, келешегі нұрлы болсын!
– Өзіңіз де анасыз, әжесіз. Айтыңызшы, бала тәрбиелеуде ең алдымен нені басты назарға алу қажет?
– Абай атамыз айтады ғой «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік» деп. Отбасындағы психологиялық оңды ахуал, татулық пен тыныштық, жайдары қабақ, пейіл-береке отбасындағы бала тәрбиесіне ең қажетті жайлы мүмкіндік. Өмір есігін ашқан нәрестенің бойына туған елінің рухын сіңіретін, балбыратып уататын тұңғыш тәтті сазы ғазиз ана бесікке сүйеніп отырып орындайтын бесік жыры. Қаһарман бабамыз Бауыржан Момышұлының бір ұлағатты сөзіне құлақ салсақ: «Жаудан да қорықпаған қазақ едім, қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген бесігі жоқ әйелден қорқам, екіншісі немересіне ертегі айтып беретін әженің азайып бара жатқанынан қорқам, үшіншісі дәмді дәстүрді сыйламайтын балалар көбейіп келеді. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке жоқ» деп мұңайған екен. Ең басты тәрбие – халықтық педагогика. Ата-бабаларымыздың әдет-ғұрпы, ырым-тыйымдары. «Еменді ій иілетін кезінде, баланы тый тыйылатын кезінде» деген халық даналығында. Егер ата-ана баланы дер кезінде тәрбиелеуді қолға алмаса, дұрыс тәрбиелемесе қисық ағаш сынды өкінішке ұластырады. Біздің ата-бабаларымыз жазу-сызу жоқ кезде-ақ баланы «обал болады, сауап болады, жаман болады» деген үш ауыз сөзбен тәрбиелеген. Баланың бірінші тәрбиеленетін ортасы – алтын бесік отбасы. Екінші тәлім орталығы – алтын ұя мектебі. Екеуі де қасиетті, қастерлі. Отбасы баланы дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамыта жетілдіріп жатса, мектеп ақылы мен білімін, адамзаттық құндылықтарымен толыққанды адам етіп шығарады.
Бала – жанұя тәрбиесінің айнасы. Әрқашан айнамыз жарқырап тұрсын!
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ
19 сәуір 2025 ж. 348 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№28 (10396)

19 сәуір 2025 ж.

№27 (10395)

15 сәуір 2025 ж.

№26 (10394)

12 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 617
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930