БІЛІМ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ ҚОСА БЕРІЛЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Балалар арасында жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет» деген болатын. Президенттің тапсырмасы аясында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы құрастырылып барлық балабақша, мектеп пен колледждерде оқытылып жатыр. Жаңа оқу бағдарламасы несімен ерекшеленеді? Қалай жүзеге асырылады? Осы сауал төңірегінде Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектеп директоры Мәуегүл Ерғалиевамен тілдескен едік.
– Мәуегүл Сламбекқызы, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы биылғы оқу жылында қайта жаңартылып, мазмұны да өзгерістерге ұшырады. Әңгімемізді осы жайында бастасақ...
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Түпкі мақсатқа жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет» деген болатын. Президент отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс екенін айтты. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды «Адал азамат» деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады. Адал азаматтар Әділетті Қазақстанды құрады. Ал ол болашақтың қалаушылары – бүгінгі мектеп партасында отырған жас өрен екені белгілі. Осы тұста 2023-2024 оқу жылынан бастау алған Тәрбие парадигмасын жаңартуда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бастау алды. Тәрбиенің ұлттық, адами құндылықтары ұрпақ санасына сіңіре берілуі керек. Бұл бағдарлама негізінде білім мен ұлттық тәлім қоса беріледі.
– Өзіңіз басшылық ететін білім ордасындағы ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін жұмыстар жайында айта отырсаңыз...
– «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу» деп Мемлекет басшымыз айтқандай, еліміздегі әрбір азамат осы құндылықтарды берік ұстануы керек. Сонымен қатар, Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік, отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік, жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық, кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық. Аталған құндылықтарды игертуде әр аптаның дүйсенбі күні алғашқы сабақ – тәрбие сағаттарынан басталып өтуде. Күн сайынғы алғашқы сабақ Мемлекетіміздің Әнұранымен басталса, әр сабақтан кейінгі қоңыраудың үні «Күй күмбірімен» ойнатылып, тыңдалуда. Әр аптадағы тәрбие сағаты мен әр күнгі 45 минутта, сабақ жоспарында да ұлттық құндылыққа сол сабақтың өн бойында мән берілуде. Мектептің бірінші қабатынан бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізіне арналған ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ережелер мен тұлғаны қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар ақпараттармен толықты.
– «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы ел болашағы – ұрпаққа тәлімтәрбие беруге бағытталып отыр. Жалпы қазіргі балалардың тәрбиесі туралы не айтасыз? «Біртұтас тәрбие» бағдарламасынан не күтеміз?
– «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы оқу-тәрбие процесінде жүйелі түрде жүруде. Өзіндік рефлексия мен сыни тұрғыдан ойлауды, шешім қабылдауды дамыту мақсатында сабақтар өтіледі. Атап айтқанда, қазіргі бала тәрбиесінде «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» арнайы кабинет ашылып, ол жерде «Даналық мектебі» бо йынша «әжелер», «аталар», «ағалар», «жеңгелер» мектептері құрылды. Сондай-ақ «Өнегелі 15 минут» тақырыбында ұлтымыздағы қасиетті ұғымдарды отбасында талқылап, әңгімелесу, жылы жүздесу, сырлы кездесу, тағы басқа жұмыстары ай сайынғы жоспарға сәйкес тәлім-тәрбиелік мазмұндағы түрлі форматта іс-шаралар өтуде. «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» аясында ұлттық ойындарын дәріптеуде асық ату, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ, бес тас, тағы басқа отбасылық, оқушыларға арналған сайыстар, спорттық жарыстар үнемі өткізіліп келеді.
Жалпы, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының келешегінен өз ұлтының адал ұрпағын, қазақ баласының санасына ұлтының ерекшелігін ес керіп, ертеңіне үлкен үмітпен қарайтын, ұрпағын тәрбиелеудің бір құралы болады дегім келеді.
– Келесі сұрақты өзіңізге қарай бағыттасақ. Сіз мектепте қандай оқушы болдыңыз?
– Қарапайымдылық жалпы табиғатым деп ойлаймын. Мектепте де қарапайым оқушы болдым, қатаң тәртіппен жүретінбіз. Ата-анамыз әр уақытты есептеп отырушы еді, кешігу не қыдыру дегенге рұқсат болмайтын. Сол уақыттағы барлық бала сондай тәртіппен өсті ғой деймін.
– Иә, оныңыз рас. Сізді көргенде бірінші кезекте «тәртіп» деген сөз ойға оралады. Қалай ойлайсыз жанжақты, жинақы, тәртіпті басты орынға қоюыңызға не түрткі болды?
– Маған «тәртіп» деген сөз отбасымдағы бала күндегі тәрбиеден бастау алды дер едім. Себебі әкем қарапайым еңбек адамы болса да, әр жұмысты тиянақты аяқтап, тазалық пен жауапкершілікті талап ететін жан еді. Сондықтан, тәртіп пен жауапкершілік мен үшін де ең бірінші орындағы қасиет. Ол адамға жаратылысынан берілсе керек.
– Мектептің жетістіктері туралы айта кетсеңіз.
– Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектеп – аудандағы 30 жылдық тарихы бар, іргелі білім ордаларының бірі. Бұл мектептің өз тарихында алған жетістіктері мен шыққан биіктігі қашанда жоғары болған. Сол биіктікті жығып алмай ұстау – мектеп басшысы ретінде маған үлкен сын деп ойлаймын. Өзім басшылыққа келген 2020 жылдан бері де мектеп жыл қорытындысы бойынша рейтингтен алғашқы орындарды иеленіп келді. Атап айтсар болсам, 2020 жылы «Үлгілі мектеп», 2021 жылы «Білім шыңы», 2022 жылы аудандық «Жыл үздігі» және облыстық «Ынтымағы жарасқан ұжым», 2023 жылы «Жыл таңдауы – 2023», 2024 жылы «Жаңа идеялар жаршысы» номинациясын иелендік.
– Басшы ретіндегі басты ұстанымыз қандай?
– Ұмытпасам, интитутқа түскен 1988 жылы 1-курс та оқимын. Ол кезде қазіргі Қызылорда Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Н.В. Гоголь атындағы 5 жылдық педагогикалық институт болатын. Өзім сонда филология факультетіне оқуға түскенмін. Шығармашылық бағыт болған болғандықтан, ақындармен жиі кездесу өтетін. Сондай бір кездесу жергілікті ақын апамыз Ділдахан Торғаевамен өтті. Кеш барысында ақын өлеңдерімен таныстым, қатты ұнаған өлеңінің бір шумағы өмірлік ұстанымыма айналды десем болады.
…Қамшының ғана сабындай,
Қысқа өмірде осынау.
Жамандық қуып, сабылмай,
Жақсылық жаса, досым- ау?!…
Қолдан келгенше жақсылық жасауға тырысамын және өзім ешкімге жамандық жасау түгілі, жамандықты ойламаймын да.
– Оқушы мен мұғалім арасындағы келіспеушіліктер болса, оны қалай шешесіз?
– Білім беру процесінің барлық қатысушыларының өзара іс-қимылы арқылы құндылықтарға негізделген білім беруді жоспарлаудың біртұтас тәсілін жүзеге асыру жолындағы әрбір әріптесіме сәттілік тілеймін. Ұжым қызметкерлері арасында сыйластық пен құрмет, сенім мен қолдау болса жайлылық орын алады деп ойлаймын. Сонда ғана татулықты ту еткен, саналы білім мен сапалы тәрбие берілмек.
– Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ