» » » Ауылыма қызмет ету бағы бұйырғанына ризамын

Ауылыма қызмет ету бағы бұйырғанына ризамын

Ауыл – елдің асыраушысы, қамқоры. Қала, даланы қамтамасыз етіп отырған ауыл шаруашылығы өнімі осы ауылда өндіріледі. Егін болсын, мал шаруашылығы жұмыстары болсын құрыш қолды ауыл адамдарының қолымен жасалады. Сол себепті ауылдың дамып, оның ахуалының өскені мемлекетке де, ауыл халқына да тиімді нәрсе. Осы ретте аудан орталығынан тыс жатқан Қуаңдария ауылының құрылғанына биыл 60 жыл толады екен. Елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін ауылдық округ әкімі Ардақ Аймырзаевпен сұхбат құрған едік.
– Ардақ Басқынбайұлы, ауылға 60 жыл толып отыр екен. Айтулы мерейтоймен шын жүрегімізден құттықтаймыз. Әңгімені тарихтан бастасаңыз...
– Ауылдың мерейтойы аудан жұртына ортақ деп ойлаймын. Сіздерге де құтты болсын! Ауылымыздың тарихы тереңде жатыр. Сонау Кеңес заманында 1963 жылдың қарашасында «Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарында қой шаруашылығын өркендету арқылы шаруашылықтар ұйым- дастыру туралы» қаулысына сай, 1964 жылдың қаңтарында Қуаңдария кеңшары құрылды. Осы жылдың көктемінде орталыққа лайықты деп «Шалғасқат қыстауы» тұрған жерден қазығы қағылды. «Шалғасқат» атануының да себебі болған, бір жылдары ағыс арнасынан асып бөгет бермей жатқанда Алладан су екпінін азайтуды сұрап, бір қасқа атты шалған екен дейді көнекөз қариялар. Ауылдың қазығын қаққан азаматтарға тоқталсам, деректер бойынша – кеңшардың директоры Жандос Есетов, бастауыш ұйымының хатшысы Қауынбек Баенов, жырау Сәрсенбай Бөртебайұлы, басқа да көршілес ауылдармен шекара бөлісу ісіне белсенді араласқан Исағабыл Нұржанов, соғыс ардагері Жанжігіт Наурызбаев, No1 ферма меңгерушісі Ілияс Мырзақұлов, бас зоотехник Сламбек Жақсылықов, құрылыс саласының маманы Ідіріс Мырзақұлов, құрылысшы Мақаш Құлпайыстанов, байланыс бөлімшесінің басшысы Әбдіраш Өмірбаев, бас есепші Тұрман Қалымбетов, ферма есепшісі Шамшат Жалғасбаев, селекционер-зоотехник Қуаңбай Дәуменов, шопан Сахи Ибраев секілді ақсақалдар қатысқан. Ең бірінші Қуаңдария көшесінің шығыс бетіндегі көшелер тұрғызылып, кеңшар кеңсесі Молдаван (Ә.Төртбаев көшесі) көшесінің бас жағына орналастырылса, екінші көшеге осы кеңсе тұсынан шығысқа қарай екі пәтерлік үйлер салынған. Кезегімен мектеп, интернат, шағын қойма, клуб құрылыстары жүргізілген. Алғашқы кәсіподақ ұйымының жетекшісі Әлия Оразбаева, комсомол жастар ұйымының жетекшісі Рая Мақшатова апаларымыз, май құю бекетінде алғашқы болып Есназар Дошманов ағаларымыз еңбек еткен. 1964 жылы күз айына дейін Шалғасқат ауылында мектеп салынып бітпейтін болғасын Ерімбеттегі ғимарат жөндеуден өткізіліп, 1-қыркүйекте балалар сонда оқу бастайды. Мектептің алғашқы директоры Тілеген Әбдікешов, оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрадин Ибраев болған. Жалпы ауылымыз қой шаруашылығы болғанын ескерсек, алғашқы отардың шопандары Дәуренбек Оспанов, Ыбырай Тоқпанов, Әбілда Төртбаев, Шәуен Ыбыраев, Төрәлі Бекеев болған екен. Кеңшар құрылған жылдары қой басы 24000, 300-ден аса түйе, 200-ден аса жылқы болып, бірер жылдан соң қой басы 40000-ға жеткен. Бастапқы кезде Қарақұмда Арал ауданымен шекараласатын Жіңішкеқұмға дейін жайылым етсе, кейінгі жылдары Қызылқұм бойын ен жайлаған. Кеңшар құрылған жылдардан бастап әр жылдары басқарған директорлар Жандос Есетов, Ілияс Мырзақұлов, Абат Кенжалиев, Құснадин Смағұлов, Бекмырза Еламанов, Қуанышбек Ахметов, Сабырбек Игенбаев ағаларымыз. Кейінгі жылдары шаруашылық ізімен Қалданбек, Шамқожа Айбергенов ағалар шаруашылыққа төрағалық еткен. Қазір «Таңатар» шаруа қожалығын Болат Бөгетов басқаруда.
1994 жылы Қуаңдария ауылдық округі болып құрылып, Тұрған тамы елді мекені ауылдық округі құрамына кірді. Сол жылдардан осы күнге дейін ауыл әкімдері болып Әбдірахман Бегімов, Рахман (Қосназар) Нұрғалиев, Марат Жиенбаев, Асқар Дәндесов, Рустам Ефенов жемісті еңбек етті. Ауыл тарихын қағазға түсіруге бір газет беті жетпейтін болар. Әрі ауыл үшін қызмет жасаған аға-апаларымыздың аты аталмай қалды деп ауылдастарым ренжімес деген ойдамын.
– Ауылда қандай мекемелер халыққа қызмет етіп жатыр?
– Бізде ауылдық округ әкімінің аппараты, балаларды біліммен сусындандыруда No186 мектеп, мектепке дейінгі бала тәрбиесімен айналысатын No14 «Шолпан» бөбекжай-бақшасы, дәрігерлік амбулатория, ауылдық клуб үйі, ветеринарлық бекет, пошта, 2019 «Қуаңдария» әскери бөлімшесі орналасқан. Ауызсу, «Қазсушар», орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлері жұмыс істейді. Елді мекенде экономикалық белсенді халық саны 287 адам болса, оның жұмыспен қамтылғаны – 236. Жалпы халық саны қаңтар айына 692 болып тіркелсе, отбасы саны 146-ны құрайды. 73 зейнеткер бар. Кәсіппен 38 адам айналысады.
– Өткен жылы ауылда қандай шаруа атқарылды?
– Бюджеттің жоспарлануы мен орындалуы 100 пайыз игерілді. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Таңатар» шаруа қожалығы тұрғындардың шөбін дайындап беріп отырады. Былтыр 40 мың дана шөп тайын дайындады. Қожалықтың негізгі кәсібі – табиғи шөптен қысқы мал азығын дайындап сату. Былтыр көктем басталысымен ауыл тұрғындары жер жырту, бақша егуге кірісті. Агроаймақ үшін бөлінген 24 гектардың 7 гектарына картоп, 7 гектарына бақша, 10 гектарына көкөніс өнімдері егілді. Жалпы ауылды азық-түлікпен қамтамасыз ету әрқашан өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. Ауылымыздың 3-4 жылдан бері бақша егуіне үлкен қолғабыс жасап жүрген ағаларымызды атап өтпесем болмас. Бақшалық жерді жыртып, айдау, бөгеттерді бөгеу жұмыстарына әрқашан қолғабыс ететін «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаев, осы бақшалыққа баратын каналдарымызды арнайы техникамен қазу жұмыстарына жәрдемдескен «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлепов ағаларымызға арнайы ризашылығымды білдіремін. Осы жылға сол көлемде бақша өнімдерін егу жоспарлануда. Шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуына келсек, былтыр 3 азамат «Бастау Бизнес» жобасымен оқып, ірі қара малын көбейтуге қайтарымсыз және жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Сағындық Сәтбаев қайтарымсыз грант иегері атанса, «Іскер» мемлекеттік бағдарламасымен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы Ләззат Айтұрсынова жылқы малын көбейтуге кәсіп бастаса, Бекарыс Сахи жастарға арналған бағдарламаның шарапатын көріп, түйе малын көбейту жобасы несиелендірілді. Құрылыс, жөндеу және абаттандыру жұмыстары ауылда жүйелі жүргізіліп келеді. І.Мырзақұлов, Бейбітшілік, Ерімбет, Жеңістің 40 жылдығы, Шалғасқат көшелерінің жарық шамдары орнатылды. Аудан бюджетінен Т.Жұбандықов көшесі бойындағы балалардың ойын және спорт алаңдарына жасанды төсеніш төселді. Ерімбет көшесі бойының қоршау жұмысына қаржы бөлініп, ол толық аяқталды. Сонымен қатар ауыл көшелерінің автомобиль жолдарына жасанды кедергі орнатуға да қаражат бөлініп, Т.Жұбандықов көшесінің бойына үш жерге жасанды кедергі орналастырылды. Одан бөлек, Бейбітшілік, Ерімбет көшесі бойындағы жолдарды орташа жөндеу жұмыстары толығымен бітті. екі ұңғыма қазуға жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы бөлініп, жеңімпаз мекемемен келісім-шарт жасалды. Демеушілер есебінен «Ыстық бұлақ» басы абаттандырылып, қоршалды. Қарашұқыр бағытында 2 шақырым канал, «Таңатар» каналының және Қуаңдария өзегінің (көне дария) қайырлап қалған 200 метр сағасы, ауыл ішіндегі 4 жерге аяқсудың жеткілікті деңгейде жетуі үшін және жайылымдық жерді суландыруда 2 жерге үлкен көлемдегі трубалар орналастырылып, жаңадан 500 метр арық қазылды. Төртінші деңгейлі бюджеттің үнемделген қаржысы есебінен жанбай тұрған шамдарды ауыстырып, көшенің жарықтандыру жұмыстары жасалды. Қазір 13 көшенің 12-нің, «Жастар аллеясы», «Жеңіс аллеясы», орталық мешіт, балалар ойын алаңының жарықтандыру мәселесі шешімін тапқан.
Ауыл көркі абаттандыруға да көңіл бөлініп, аяқсу тұрақты түрде аптасына екі мәрте беріліп тұрды. Халықты әлеуметтік қорғау және еңбекпен қамту бойынша Ұлттық жоба аясында елді мекенде қоғамдық жұмысқа 25 адам тартылды. Оның ішінде Жастар тәжірибесімен 1 жас жұмысқа қабылданды. Дегенмен де, кезек күттірмейтін мәселелер де аз емес. Соның бірі – мал жайылымдық жерлерді суландыру, төрт түлікке жағдай жасау. Қазір мал басының басым бөлігі шығатын бағыттарды қамту жоспарлануда. Ақмұрат, Қостөбе бағыттарына суды уақытылы жіберу көзделіп, қалған бағыттарға кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жүргізілетін болады. Мал жайылымын кеңейтудің жолы – бұрынғы пайдалануда болған скважиналарды қазу. Ауыл маңындағы бұлақтар тізімі жасақталды және оған құжаттандыру жұмысы жасалмақ. Кәсіпкерлікті дамыту, бақша дақылдарын егу, мал жайылымы үшін «Бақанды», «Таңатар» каналдарын қазу кезек күттірмес мәселе және ауыл халқының тілегі де осы. Каналдар ауылдың күретамыры іспетті. Таскөпірді жөндеуден өткізу, Қаратай, Есболат сағаларына гидротехникалық нысандар салу, 50 орындық балабақша салу – болашақтың еншісінде. Осы және ауылдағы басқа да туындаған мәселелерді шешуде ауыл ақсақалдарымен, мекеме басшыларымен, жалпы ауыл тұрғындарымен етене жұмыс жүруде.
– Бүгінде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Аудандық бюджеттен балалар және спорт алаңы құрылғысына 15 млн 419 мың 100 теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталды. Кіреберіске паспорт орнату да аяқталып отыр. Алдағы уақытта орталық алаңды абаттандыру, әкімшілік аумағын қоршау жұмыстары жасалады. Сонымен бірге демеуші есебінен бұрынғы бақты қайта қалпына келтіріп, 2025 жылы тал көшеттерін егу жоспарлануда. Осы жылы жаңадан фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы басталады деп күтілуде. Ауылдағы үйіргелік жерлерге суды тез әрі сапалы жеткізуде және жердің сорлануын болдырмауда барлық ауылішілік көшелерге темірбетонды лоток жүргізу өзекті. Осы мақсатта қазіргі таңда тиісті сметалық есептемелер дайындалды, облыстық бюджеттен өтінім беріліп қаржы сұрау көзделуде.
– Мемлекетіміздің болашағы – жастар. Сіздерде жастардың жұмыспен қамтылуы, кәсіпкерлікке бет бұруы қалай жүруде?
– Грант иегері атанған 8 азаматтың 4-еуі жас. Атап айтқанда, шаштараз бағытында Наргиз Әзиз, кондитерлік өнім өндіруде Гүлшат Құснадин, тігін өндірісінде Айжұлдыз Әбдірасилова, жем ұнтақтау кәсібімен Ерғазы Мұхамедияр кәсіп ашып, қатар-құрбысына үлгі көрсетуде. Өткен жылы Бекарыс Сахи жастарға арналған 2,5 пайыз мөлшерлемесімен 5 млн теңгеге түйе малын көбейтуге несие алды. Ауылға жастарды тұрақтандыруда «Дипломмен, ауылға!», «Алғашқы жұмыс орны», кәсіпкерлік бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану үшін түсіндірме жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді. Жастарды жұмыспен қамтуда ауылымызда орналасқан 2019 әскери бөлімшесінің маңызы зор.
Енді жастардың жетістігіне келетін болсақ, алдымен олардың бос уақытын тиімді пайдалану және бұқаралық спортты дамытуда спорттың әр түрінен жарыстар өткізілуде. 1 спорт нұсқаушысы жұмыс жасайды, ауыл орталығындағы спорт алаңы пайдалануға берілген. Белбеу күресінен жаттықтырушымен қамтамасыз етілген. 2023 жылы аудандық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен үстел теннисі алынып берілді. Гір спорты бойынша Өзбекстан Республикасы Хиуа қаласында өткен Азия чемпионатынан қола жүлдегер атанған, бірнеше мәрте облыстық, республикалық жарыстарда еліміздің атын шығарып, жүлделі орындар иеленіп жүрген Саят Әміртай, Еркебұлан Кәжденбек, Әділет Қалжанов есімді спортшыларымыз бар. Ауылдың тумасы дзюдодан жастар арасындағы олимпиада чемпионы Бауыржан Жауынтаевты мақтаныш тұтамыз.
– Ауылдың тірлігі төрт түлік малында. Осы орайда түлік басында өсім бар ма және мал ұрлығы тіркелген бе?
– 2024 жылға мал басы – МІҚ 1551 бас, жылқы 672, уақ мал 1585, түйе 455 басты құрап отыр. Негізінен мал басында өз төлі есебінен өсім байқалады, әсіресе жылқыда. 2023 жыл бойынша және 2024 жылдың есепті кезеңінде мал ұрлығы тіркелмеген. Оған байланысты орталық көшелерге билбордтар ілінді. 2017 жылдан бастап ауылда асылтұқымды қазақтың ақ бас сиыры әкелініп, «Олжа» шаруа қожалығы жұмыс істеуде. Шаруашылық басшысы аудандық мәслихат депутаты Болат Әлдебайұлы. Мал ауруының алдын алуда аға ветеринар дәрігер және 2 веттехник қызмет көрсетеді.
– Сұхбатымыздың басында ауылдың 60 жылдығы жөнінде сөз қозғаған болатынбыз...
– «50 жылда ел жаңа, 100 жылда қазан» демекші, ауылымыздың құрылғанына 60 жыл толып отыр. Ауылдың ерекшелігі – Наурыз немесе басқа да атаулы мерекелерді атап өтуде ауылдың тумалары жыл-жылға бөліп, ортақтасып тойлау жолға қойылған. Бұл да бір ауызбіршіліктің көрінісі болса керек-ті. Былтырдан бастап «Ауыл күнін» атап өту 25 қазанға бекітілген. Ата-баба аруағына Құран оқудан басталатын іс-шара түрлі мерекелік шараға ұласатын болады. 1962-1963 жылғы аға-апаларымыз бастаған бұл үрдіс, биылғы жыл өздері де 60 жасқа толатын 1964 жылы туған ауыл тумаларының еншісінде. Оны 25 қазанда тойлау жоспарланған. Мұнда ауылдың құрылуынан бастап, елге қызмет еткен азаматтардың есімін жаңғырту, ауызбіршілікті ұлықтау, ауыл тарихын тасқа басу, танымдық, мәдени іс-шараларға басымдық берілетін болады. Елді мекеніміздің жыл санап көркейе түсуіне туған жер перзенттерінің де ықпалы мол. Солардың бірлігінің арқасында кіреберіске арка орналастырылды, балалар ойын алаңы сыйға тартылды, орталық алаңға сахна орнатылды, балабақшаға сыйлықтар тарту етілді, ауыл мешітінің қоршау жұмыстары жасалды, қараша үй сыйланды, алтыбақан орнатылды, Ыстық бұлақтың басына абаттандыру, қоршау жүргізілді, сонымен қатар «Сүйем сені, Қуаңдария» көрнекілігі жазылды.
– Елге айтар тілегіңіз болса, мархабат?
– Сөзімді түйіндей келе, әрбір азамат өзінің туған жеріне, еліне перзенттік борышы ретінде жан-тәнімен қызмет жасау керек. Өзіме туған ауылыма қызмет жасау бағы бұйырғанына тағдырыма ризамын әрі үлкен жауапкершілік жүктейді, талап етіледі. Осы жолда мүлт кетуге немесе осалдық танытуға болмайтынын да жақсы түсінемін. Жалпы ауылдастарымды ауылдың құрылғанына 60 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын. Елімізде береке-бірлік, ырыс-ынтымақ, татулық болсын деп тілеймін. Теңіздің тамшыдан құралатыны сияқты еліміздің әрбір ауылы көгеріп, көктей берсін, әлеуеті арта берсін, еліміз аман, жұртымыз бай, тыныштық заман болсын. Басталған жылымызда ақ мол, өнім көп болсын. Кіндік қанымыз тамған туған топырағымыздың 100 жылдық мерекесін тойлауды нәсіп етсін. Ауылымыз, ауданымыз, бүкіл еліміз дами берсін, болашағымыз жарқын, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
– Әңгімеңізге көп рахмет, айтқаныңыз келсін!
Сұхбатты жүргізген Сәрсенкүл АҚКІСІ
20 сәуір 2024 ж. 571 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 100

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031