» » » Сау ұрпақ – отбасын дұрыс жоспарлаудың жемісі

Сау ұрпақ – отбасын дұрыс жоспарлаудың жемісі

qarmaqshy-tany.kz Шаңырақтың шаттығы – нәрестенің тәтті үні. Солай бола тұрғанымен, жүктілікті жоспарлау мәселесіне келгенде оған бас қатырып, ой елегінен өткізіп жүрген отандастарымыз некен-саяқ. Ашық айтыла бермейтін аса нәзік мәселе десе де болады мұны. Неге? Себебі Жаратқанның ісіне жағаласудың қажеті не деп жазғыратындар да табылады. Алайда әрбір әйел заты өзіне, өзінен бұрын дүниеге әкелетін нәрестенің денсаулығына қатысты жауапкершілік жүгін арқалайтынын да қаперден шығармаған абзал. Ал болашақ сәбидің денсаулығы ана құрсағына сәби біткен мезгілден бастап қалыптасады. Сондықтан жүктілікті жоспарлау, сол кезеңде әйел ағзасында болатын өзгерістер мен асқынулар, жиі кездесетін аурулардың алдын алу мәселесіне бей-жай қарауға болмайды. Осы тақырыптың төңірегінде ақпарат алу үшін жоғары санатты дәрігермен сұқбаттасқан болатынбыз.
– Альбина Сайранқызы, әр сәбиді өмірге аман-есен әкелу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол үшін жүктілік жоспарланған болуы керек. Жүктілікті жоспарлау дегеніміз не?
– Әрбір отбасында нәрестенің дауысын есту шаттыққа бөлейтін сезім. Сондықтан болашақ ата-ана жүктілікке тыңғылықты қарағаны дұрыс. Жүктілік өз еркімен және жоспарланған болуы керек. Ол ана мен баланың денсаулығына төнетін қауіп-қатердің алдын алады. Жүктілікті жоспарлау дегеніміз – денсаулық жағдайын бағдарлау және ерлі-зайыптылардың дені сау баланы дүниеге әкелуіне жағдай жасау. Ол үшін профилактикалық, емдік және диагностикалық шаралардың жиынтығы жүргізіледі. Жүктілікке дайындық жұмысы екі немесе үш ай бұрын басталуы керек. Егер әйелдің денсаулығында қосымша ауытқулар болса, ертерек қаралғаны дұрыс. Қандай да бір ауруларын анықтап, емдеп, толық тексеруден өтуі керек. Ата-ана баланың уақытына жетіп, аман-есен босануы үшін жауапты. Сондықтан екеуі бірге тексерілгені дұрыс. Отбасын дұрыс жоспарлау ең маңызды, әрі жауапты қадам дер едім. Бір қуантатыны, қазір болашақ ұрпағының саулығына бей-жай қарамайтын жастар көбейіп келеді. Бұл әлеуметтік желінің, ашық ақпарат көздерінің бір пайдалы тұсы дер едім. Олар жігіт-қыз болып жүргеннен-ақ қажетті талдамалардан өтіп, дәрумендер қабылдап, балалы болуға дайындалып жүреді. Бұл саналы шешім, құптарлық іс деп есептеймін.
– Жүктілікті жоспарлау кезінде ерлі-зайыптылар қандай талдаулардан өтуі тиіс?
– Жалпы жүктілікті жоспарлау көп жағдайда екінші баладан басталады. Біз бірінші перзентті босануға жақындағаннан бастап, бұл тақырыпты бастаймыз. Әйел көтеріп қоймас үшін сақтану жолдарын айтуымыз керек. Әсіресе кесір тілігімен босанған әйелдермен көп жұмыс жүргізіледі. Біз босанған соң қырық күннен кейін контрацепция жайлы әр босанған әйелді шақырып, қандай әдіс, қалай жоспарлауды түсіндіреміз. Себебі бала босанғаннан кейін кемінде арасына 3 жыл болғаны жөн. Сол уақытта ғана әйелдің ағзасы толық орнына келеді. Ал «босанған сайын жасарасың» деген жалған түсінік. Жүктілік саналы және жоспарлы болғаны жөн. Балалы болғысы келетін жұп ең алдымен дәрігерге дейінгі тексерулерден өтіп, одан кейін аймақтық дәрігерге тіркеліп қажетті талдаулардан өтеді. Тексерулер барысында ауытқулар болса, қажетті мамандарға жібереміз. Жүктілікке дейін организмдегі бүкіл өзгерістердің барлығын анықтау керек. Себебі жүктілік болғанда ол аурулардың барлығы екі есе қозады. Сондықтан ертерек тексеріс жүргізуге кеңес береміз.
– Әлеуметтік желіде «қызға, ұлға, егіз, үшемге жоспар- лаймыз» деген жарнамалар желдей есіп жүр. Оның «миф» екенін білеміз, әрине. Десе де, жүктілік кезінде ұл немесе қызға жоспарлауға бола ма? Маман ретінде сіздің пікірге құлақ түрсек.
– Бұл мүлде санаға сыймайтын ақпарат. Менің ойымша, дүниеге келетін сәби ұл немесе қыз болсын ол сіздің балаңыз. Негізі ұл немесе қыз болатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Себебі баланың жынысы көбінесе ер адамға байланысты. Ең бастысы, дүниеге келген сәбидің дені сау, аяқ-қолы бүтін болып өмірге келгені маңызды деп ойлаймын.
– Жүктілік кезеңдерінің ерекшеліктері қандай?
– Біз жүктілік кезеңін үш триместрге бөлеміз. Бірінші триместрі он екі аптаға дейін яғни бірінші үш ай болып саналады. Ол уақыт қауіпті айлардың бірі. Ол уақытқа дейін баланың бүкіл ағзасының өсіп дамуы жүреді. Сегіз аптаға дейін біз ұрық деп санаймыз. Әрі қарай баланың өсуі дамиды. Тоғыз аптада баланың нерв түтігі аяқталып, құйрығы жабылып, бас сүйегі дами бастайды. Оныншы аптада баланың сүйектері қалыптасады. Он екі немесе он бір аптада баланың бүкіл ағзалары қалыптасып, тіпті көзінің түсіне дейін аяқ-қол сүйектері дамып, қалған мүшелері жетіледі. Соған байланысты отбасында бірінші триместр кезінде, әйелдің көңіл-күйі өзгеріп, сезімтал болады. Ағзасында да әр түрлі ерекшеліктер болады. Оның барлығына отбасы психоэмоционалды түрде қолдау көрсетуі керек. Жүкті әйел ұйықтай береді. Шаршағыш болуы мүмкін. Ол ағзада болып жатқан өзгерістерге байланысты. Екінші триместр 13-14 аптадан басталып, 24-25 аптаға дейін жалғасады. Ол кезде әйелдің іші шығып, жүкті екені біліне бастайды. Баланың өсуі тез дамиды. Аяқ қолдары іріленіп, бұлшық еттері жиналады. Диафрагмасы көтеріліп, әр түрлі жағдайлар болады. Сонымен қатар қанның айналу көлемі 30-40% көбейетіндіктен әйелде ентігу болуы мүмкін. Бірақ оның барлығын компенсаторлы организмнің өзі реттеп отырады. Егер әйелде ешқандай экстрагениталды ауру болмай физиологиялық ауру болса, ағза барлығын өзі жеңіп, жүктілік ары қарай дамиды. 27-28 аптасынан бастап әйелдің ағзасына күш түсе бастайды. Қан қысымы көтерілуі мүмкін. Бүйрек жағынан да жатыры өскендіктен қысым болып, бүйрегінде ауытқулар болуы мүмкін. Солардың барлығын ерте дамыған ісіктердің алдын алу үшін ол әйелдің қан қысымының көтеріліп кетпей, ерте босанып қоймай, аман-есен уақытына жету үшін әйелдерді үшінші кезеңінде жиі шақырамыз. Осы ретте, мен гимнастикалық жаттығудың маңызды екенін айтып өткім келеді. Әрбір аяғы ауыр келіншек жүктілікке байланысты орны өзгерген, салмақ түскен ағзаларға жаттығу аса қажет. Біз берген нұсқауды елеусіз қалдырмай, ескерсе дейміз.
– Жүктілік бойынша қашан есепке тұру қажет?
– Әйел бала көтергенін білгеннен кейін міндетті түрде дәрігерге қаралуға келу керек деп ойлаймын. Өйткені жүктілік уақытын санап, анамнезін білуіміз керек. Ол әйелде қауіп-қатер белгілері қандай, қалай босанады, ерте босанып қалу қаупі бар-жоғын есептейміз. Денсаулық кодексі бойынша негізі 12 апта деп жазылған. Бірақ біз 10-11 аптада шақырамыз. Ертерек келгені дұрыс. Себебі толық анамнезін сұрап, жүктілікке дайын болған-болмағандығын анықтаймыз.
– Болашақ ананың жүктілік кезіндегі тамақтануы туралы айта кетсеңіз?
– Әйел тамақтану арқылы баланың дұрыс өсуіне өте көп ықпал етеді. Кейбір дәрумендердің жетіспеуінің әсерінен, әйелдің көп шаршауының салдарынан балада ауытқу, аз тамақтанғандықтан басқа да аурулар дамуы мүмкін. Бүгінде жүкті келіншекке қоғамда жақсы көзқарас бар. Отбасы да мүмкіндігінше оның қалаған тамағын, қажетті дәруменін алып беруге тырысады. Алайда қазір көпшілік тұтынататын газды сусындар мен фаст-фуд өнімдерін мүлде тұтынуға болмайды. «Осы заттарға жерікпін» десе де, басқа құнарлы тағаммен орнын алмастырған жөн. Біз перзентхана бөліміне көптеген тағам түрлерін кіргізуге рұқсат етпейміз. Себебі ол ана үшін де, құрсақтағы сәби үшін де пайдасыз. Қазір аурухананың асханасы жақсы, тамақтары дәмді. Үйден тек үйде дайындалған тамақ, сүт, сөк, май секілді тағам түрлерін алдыруға рұқсат. Одан бөлек жүкті әйел сүт тағамдарын көбірек тұтынғаны дұрыс. Тіпті қазір үлкен қалаларда сатылатын дұрыс тамақтануға арналған тағамдарды қолданса, құба-құп болар еді. Ауданда осы кәсіп түрін қолға алам деушілер болса, қос қолдап қолдар едім. Неге десеңіз, тамақтану жүкті әйелге негізгі маңызды мәселе болып саналады. Жалпы дені сау бала дүниеге келуі үшін ананың дені сау, психологиялық жағдайы тұрақты болуы керек. Оның барлығы балаға беріледі. Сіздің көңіл-күйіңіз, тамақтануыңыз барлығы әсер ететінін ұмытпаңыз.
– Алып қосарыңыз болса...
– Жалпы бұл салада жүргеніме 20 жылдан асты. Заман алға жылжыған сайын барлық салада да жаңашылдық бар. Сондықтан әр уақытта білімді жетілдіріп отырамыз. Мәселен, қараша айында Астанада, желтоқсанда Алматы қаласында білімімді жетілдіріп келдім. Қазір көп жағдайда табиғат заңдылығына қарсы шықпай, жүктілікті бақылауға аламыз. Сонымен қатар, қазір босанған әйелге жуынуға рұқсат етілді. Ол гигиеналық тұрғыдан да маңызды. Тек жуынғаннан кейін салқын тигізіп алмауы шарт. Ол әйелдің өз жауапкершілігінде. Келіншектерге тәжірибемнен тағы бір айтарым, босануға келгенде маникюр, педикюрды алып тастаса екен. Себебі тырнақ асты нағыз микробтар жиналатын орын. Сырты әдемі болғанымен, ол толық тазалыққа жатпайды. Сол қолмен өмір есігін жаңа ашқан, әлі сыртқы ортаға қорғансыз сәбидің денесін ұстағанда түрлі аллергия беруі де мүмкін. Осыны ескерсе екен. Жалпы ана мен баланың алғаш қауышуының куәсі болу – жауапкершілігі мол, әрі ерекше сезім. Тек әрбір жүктілік жоспарлы болса деймін.
– Пайдалы сұхбат үшін рақмет!
Сұхбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
22 желтоқсан 2023 ж. 862 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 016

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031