» » » «Бата қайтарылмай дастарқаннан ешкім тұрмайды»

«Бата қайтарылмай дастарқаннан ешкім тұрмайды»

qarmaqshy-tany.kz Дүние іздеңіз болмаса біліммен ізденіс жасаңыз, түбірінде отба сын дағы тәрбиеге келіп тіреліп жатады. Қанша жерден жасыл құрақты отырғызғаныңызбен оны күтіп-баптауда махаббат танытпасаңыз – ойдағы нәтижеге жете алмайсыз. Отбасы да сол секілді ондағы балаларды үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуды, ілім-білім іздеуді, еңбектенуді жастайынан санасына сіңіріп өсірмесе, ұрпақ келешегінің бұлдыр болуы ғажап емес. Осыны білген қазақ дәстүрі адамның өмірге шыр етіп келгенінен бастап қартайған шаққа дейінгі аралықты қамтып, рухани құндылықтарды алға тартып отырады. Азды-көпті жасап жүрген қызметімізде қоғамнан түрлі отбасыларын кездестіреміз. Өнегелі жандарды көргенде бөркімізді аспанға атып, қуанатынымызды да несіне жасырайық.
Аудан жұртшылығына кеңінен танылған есімнің бірі, анығы уақытында өзіне сеніп тапсырылған қызметін де, асқар тау әке ретінде әкелік қамқорын соққан және адал жар болада білген қадірлі азамат – Нұртілеу Салықов десек, оған көпшілік таңырқай қоймас. Олай дейтініміз – ағамыздың еңбек, өмір жолы өзінің туған халқының көз алдында өтіп келеді және зейнетке шықса да аттан түспей, руханияттың жанашыры болып елге тер төгуін тоқтатқан емес.
Жақында ағамыздың отбасында болып, түрлі бағытта әңгіме тінін тарқатқан болатынбыз. Әңгіме-сұқ батымыз жанұя бақыты, отбасындағы ерлізайыптылардың үйлесімді ғұмыр кешуі, руханият төңірегінде өрбіді.
– Нұртілеу аға, сізді қашан көрсек те, ашық-жарқын мінезіңізден бір өзгермейсіз. Біз бұны сіздің айналаңызға жақсы көңіл-күй қалыптастырудағы әдебіңіз деп қабылдасақ қателеспейтін шығармыз. Жас тайыңыздан ауданда жауапты қызметтер атқардыңыз. Алдыңғы қатарда жүрдіңіз. Ұлтқа сая болған талай жақсы-жайсаңдармен ағалы-інідей болып бірге еңбек еттіңіз. Дәмдестұздас, дастарқандас бол дыңыз. Дегенмен, қызмет деп бір жақты кетіп қалмай, отбасының сіз үшін маңызы жоғары болғанын да жазбаларыңыздан байқау қиын емес.
– Уақыт тапшы кезде уақыт тауып елден арнайы қалаға іздеп келіп жатқандарыңа көп рақмет, айналайын. Күннен-күнге жасарып бара жатқанымыз жоқ. Өмірлік тәжірибеміз, тіршілікте көрген-түйгендеріміз жастардың кәдесіне жарап жатса, оған тек қана қуанамыз. Жағдайдың шындығы – бізге Әкелер институты ауадай қажет. Ол әрбір отбасында болуы керек. Мысалы, дастарқан басында жан-жарым, балам, келінім, немерелерім отыр, мен бата бермей олар орындарынан тұрмайды. Мен ас қайтарып, бата беруім керек, сосын барып орындарынан тұрып кетуі керек. Бұл үлкен нәрсе. Отбасындағы ең бірінші тәрбие осыдан басталуы тиіс. Оттың басына келген адаммен сәлемдесу, сөйлесу, сыйластық таныту – бұл да маңызды дүние. Кезінде Аталар институты, Әжелер институты дегендер болды. Әженің тәрбиесіне беруге қазіргі кейбір жас келіндер қимайды. Әже тәрбиесі деген тарихтан белгілі, қазақтың бас ақыны Абай, ұлы ағартушы Ыбырай, Шығыстың шоқ жұлдызы атанған Шоқан ата мен әженің тәрбиесінен шыққан жоқ па?! Әже немересін бесікке ертегі айтып бөлеп, ұйықтатады. Содан бастап әженің тәрбиесімен өскен бала келешекте мықты азамат болып шығады. Сол себепті де осы институттарды отбасында қатар алып жүрсе, бүгінгі қоғамдағы бір-біріне қатынамайтын, бармайтын жат әдеттер жойылар еді. Осы үлкен кісілер балаларына, ұрпағына осылай қамқорлық жасаса, біз армандап жүрген игілікке қол жеткізер едік.
Отбасындағы әкенің ролі өте жоғары болуы керек. Әкенің қасындағы жары оны ұрпағына жоғары санаттыруы керек. Мәселен, «Әкең келе жатыр», «Атаң оянып кетпесін» деп отырса, баланың барлығы да жақсы тәрбиеленеді. Бізді ертеректе солай тәрбиелеген. Бүкіл қазақтың болмысы, тұрмысы сондай тәрбиеден шыққан адамдармыз. Ана тілінің де әсері көп бұл жерде. Немерелерімнің бәрі қазақ сыныбында оқиды. Кейде сөз арасына өзге тіл қосылып кетсе, «Аузыңды шайып кел» дейтінім бар. Оны бірден түсіне қояды.
– Жарыңызды, Данагүл апайды қатты құрметтейтініңізді ел-халық жақсы біледі. Сізді жар сыйлау, қадірлеудің үлгісі десек, артық емес. Екеуіңіз қалай таныстыңыздар, қалай табыстыңыздар?
– Мен Қызылордада педагогикалық институтында оқыдым. Данагүл педагогикалық училищеде білім алды. Біз одан бұрын да бір-бірімізді білеміз. Ол Ақжардан болса, мен көршілес ауыл – Тұрмағамбеттенмін. Ауылымыз іргелес жатыр дегендей. Оның анасы Сыр елінің атақты жыршы-шежірешісі Үбісұлтан Аяповтың қызы болатын. Ол кісінің атында көше бар. 13 баласынан жалғыз Данагүлдің анасы ғана тірі қалған екен. Қалған перзенттері сәби кезінде шетінеп кете берсе керек. Үбісұлтан атамыз Тұрмағамбеттің «Шаһнамасын» жатқа айтқан. Сол оқып жүрген студент кезімізде жақынырақ таныстық. «Сыр сұлуы» әнін алғашқы орындаған да осы апаң. Бір қызығы, педучилище бітіргендеріне 48 жыл толғанда республиканың түкпір-түкпірінен бірбірін іздеп тауып, кездесулерін біздің үйде ұйымдастырдық. Екеуміз де оқу орнын бітірдік. Мамандық алдық. Жұмыс істедік. 1969 жылы 5 мамырда Қуаңдарияда тәлімгер болып жұмыс істеп жүргенімде Данагүлге сөз салып, отбасын құрдық. Онда ол Тұрмағамбетте мұғалім еді. Қызды тегіне қарап ал, дейді ғой қазақ атамыз. Оның Үбісұлтанның немересі екенін білемін. Ағасымен жолдас болдым. Нағашысы да, әкесі де текті адамдар. Қуанышбай, Тиышбай деген Қожагелді руының «мен» деген азаматтары, дастарқанды адамдар болған. Мүмкін сонысына қызыққан шығармын. Осы кезге дейін де дастарқанымыз жиылмай, атымды шығарып жүрген осы апаң. Тегіне қарап ал, деген дұрыс нәрсе. Балаларымыз өмірге келді. Үлкеніміз Ширалі отбасылы, жеке кәсіпкер. Келініміз – Райкүл. Олар Алматыда тұрады. Одан кейін Ғалымжан, қара шаңырақта. Облыста медициналық кепілдендіру мекемесінде бөлім басшысы. Келініміз – Айнұр. Қыздарыма келсем, Ләйла – ғылым жолында. 22 жасында Мәскеуден кандидаттық диссертация қорғады. Экономика ғылым дарының кандидаты. Астанада IТ университетіне қарасты халық аралық қатынастар жөніндегі департаменттің директоры. Айжанар – банк қызметкері. Есімін Мұхтар Шаханов қойған. Ол кезде Елеу Көшербаев ағамыз ауданның бірінші хатшысы да, мен комсомол комитетінің хатшысымын. Ол бірде маған: «Сен Мұхтар Шахановты білесің бе? Оның өлеңдері керемет қой» деп, өтініш айтып шопандардың кезекті слетіне Алматыға барып Шахановты шақырып келуімді тапсырды. Сөйтіп, ол слетке келіп, бір апта ауданда болды. Сонда Данагүлдің аяғы ауыр еді. Соны байқаған Мұқаң: «Ұл болса, пәлен деп, қыз болса Айжанар деп есімін қоярсың» деді. «Менің «Танакөз» деген поэмам бар. Сонда Айжанардың образы бар», деп айтты. Ол Алматыға кеткеннен кейін дүниеге қыз бала келді. Біз оның атын Айжанар деп атадық. Кейін өзім Алматыға барып, оған тапсырмаңызды орындадым деп айттым. Кабинетінің өзі отырған тұсында ши кілемше ілініп тұр екен. Соны маған ұсынып, «Менің үйімнен кілем алып кеттім деп ойла қызыңа» деп соны маған орап берді. Айжанар қызымыз жанұялы, Алматыда тұрады. Күйеубаламыздың аты – Нұрбол. Немерелердің алды қызметке кіріскен.
– Еңбек жолында түрлі қызметтік сатыдан өттіңіз. Елге қызмет ету дегенді қалай түсіндіресіз?
– Елге қызмет ету дегенді – елге қызмет етейінші, елге осылай істейінші, мына бір жерден көрінейінші деп көзбояушылықпен жасамау керек. Халықтың, елдің сөзін сөйле, ел-халық өзі бағалап отырады. Сол ұстанымды ұстанған жанға ел өзі бағасын береді. Тірнектеген абырой сонымен жиналады. Ананың алдында жақсы көріну, мынаған жағынып қалайын деген менің мінезімде жоқ. Қажет болғанда басшы ма, басқа ма батырып та айтатын кездер болды. Біреу жақтырады, біреу жақтырмайды. Бірақ шындықты, әділдікті айтқасын ел түсінеді. Осы қалыппен 12 аудан әкімімен қызмет істеппін.
Тұрмағамбетте комсомол ұйымының хатшысы болдым. 3 айдан соң ауданға комсомол комитетінің екінші хатшылығына алып кетті. Екінші хатшы болып жүріп ауданның партия комитетінің Бюро мүшелігіне сайлады. Одан кейін 4 жыл ауданда комсомолдың бірінші хатшысы болдым. Арнайы жоғарғы партия мектебінде оқыдым. Бір жарым жылдан кейін оқып жүрген жерімнен Елеу Көшербаевтың тапсырмасымен аудандық атқару комитеті төрағасының әлеуметтік мәселелерді қарайтын орынбасар қызметіне тағайындалдым. 6 ай жұмыс істегеннен соң мемлекеттік емтихан тапсырып қайта келдік. Орынбасарлық қызметті 14 жыл атқардым. Партия, атқарушы билік тарай бастағанда мен Ақтөбе ұжшарына төраға болып бардым. Онда 7 жыл жұмыс істедім. Сыр сүлейлері Молдахмет, Тұрымбет жыраулардың, Бисенбай Қасқырбаев, Ерназар Сексенбаев секілді арда азаматтардың мерейтойларын ұйымдастырдық. Молдахмет Дабылұлының ауылда жылын жарияладық. Шағын кітабын шығардық. Мұнан соң Төретамда ҚР Экология министрлігінің қоршаған ортаны қорғау және экология жөніндегі өкілі болып еңбек еттім. Төретам кентінің әкімі болдым.
– Зейнеткерлікке шыққаннан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайландыңыз. Сол уақыттарда көптеген іс-шаралар өткізіліп, жұмыстың жанданғаны ақпарат қызметкері ретінде әлі есімізде. Себебі, іс-шараларды газет бетіне жиі жариялап жазып тұратынбыз.
– Иә, зейнетке шыққасын аудандық ардагерлер кеңесіне басшылық жасадым. Біраз жұмыстар жүргізілді. 5 мәрте облыстың көшпелі семинарын өткіздім. Сейілбек Шаухаманов ағамыз онда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болатын. Көптеген іс-шаралар ұйымдастырдық. Өнегелі отбасыларды насихаттау, мерейтойларды атап өту, аналарға құрмет көрсету, басқа да ғибратты дүниелер аудандық мәдениет үйінде халықтың басқосуымен өткізілді. Бірақ қалаға көшуімізге байланысты ардагерлер кеңесінің жұмысын Тұрсекеңе, Тұрсынбек Бекпановқа тапсырдым. Ардагерлер кеңесінің Қазпошта арқылы есепшотын аштым. Сол шотқа ардагерлердің іс-шарасын өткізу үшін азаматтарға, кәсіпкерлерге өтініш айтып, қаражат аудартатынмын. Түскен қаржыға шараларды өткізетінмін. Аудан әкімі Мұрат Нәлқожаұлы қызметтік көлікпен қамтамасыз етті. Жұмысымның жүйелі жүруіне көліктің де көп септігі тиді.
– Сізді руханияттың жанашырысыз деп толық мағынада айта аламыз. Неге десеңіз, сол ардагерлер кеңесін басқарып тұрғаныңызда «Ғибратты ғұмыр» деген кітабыңызды жарыққа шығардыңыз. 2021 жылы білектің жуандығындай келетін «Тереңнен тін тартқан тектілер» атты 2 томдық кітабыңыз оқырман қолына тиді. Қазіргідей қымбатшылықтың күйіп тұрған тұсында аудан тарихына қатысты 400-ден астам тұлғаның еңбек және өмірбаянын жинақтап, олар жа йында мақала жазып шығуды – қолына қалам ұстаған қауым оның қу бейнетін жақсы түсінеді. Осындай бір қауым елдің тарихы ұрпаққа жетсін, кешегі күні қандай азаматтар елге қызмет етті, қандай шаруалар тындырды деген сауалға сіздің осы қомақты көрінетін 2 томдық кітабыңыздан біраз жауап алуға болатындай. Білуімізше, осы кітапты шығару барысында қаржы да болмаған көрінеді және денсаулығыңыз да сыр берген екен. Зейнеткерсіз, жаныңыздың тыныштығын ойлап жылы орында жатуға да болатын еді. Бірақ сіз, өйтпедіңіз. Сондай-ақ, бір белгілісі – жүздеген адамның өмір тарихын қаттау үшін де бірнеше жыл керек болғаны?
– Жинақтағанда, мен жасаған бір дәуір. Мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен де жұмыс жасадым. Қызметке араласқанымда соғыстан келген кісілер болды. Солардың барлығынан да жақсылық көрдім. Ақылын айтатын, шешіліп сөйлейтін, соның бәрін көкірегіме түйіп, қағазға түртіп жүрдім. Ол – бір. Көп жазатын ағаларымыз бар еді, соларға өтініш айтып едім. Бірақ одан нәтиже болмады. Болмағасын өзім халықтың ойындағы адамдарды қойын дәптеріме жазып тастай бердім. Бір дәуір енді. Комсомолдың хатшысы болып жүрген кезімнен бастап, бүгінге дейінгіні қамтуға тырыстым. Соның ішінде көбінесе елдің аузында, не нәрсенің де жөнін білетін, бірақ аты шыға бермейтін азаматтарды жаздым. «Ғибратты ғұмырды» шығарғаннан кейін, сол кітапты кеңейтіп қайта баспаладық. Ал енді 3-і томды қосар болсақ, 500 адамның өмір тарихы болады. Рас айтасың, 2 томдықты шығару барысында денсаулығым сыр берді. Елдің аманаты болғасын іштей қиналғаным да рас. Әу баста алдыма мақсат етіп қойғасын мақала болып жазылған кісілердің ұрпақтарынан ақша жинап, соның күшімен басылды. Әрқайсының ұрпағын тауып алып, кітаптың қалайда жарыққа шығуы керек екенін түсіндірдім. Сөйтіп, әркім өз шамасына қарай үлесін қосты. Сол уақытта ота жасататын болдым. Отаға бара жатқанымда: «Әуелі Алла, мені тірі қалдыра гөр. Ақшасын жинадым, кітап болса шықпаған. Халыққа қарыз болып кетпейін» деп кіретін едім. Негізі бір кітап болып басылу керек еді. Бірақ Қазақстанда мұндай өлшемде құрылғының болмауына байланысты екіге бөлу қажет болды. Соны 2 том қылып, кітаптың сапалы басылуына атсалысқан «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Сақыпұлына алғысымды білдіремін.
– Ауданымыздың құрылғанына 95 жыл толып отыр. Тұрғындарға айтар тілегіңіз болса?
– 95 жыл бірден бола қалған жоқ. Құралып-құралып барып 95 жыл болып отыр. Қанша басшылар болды. Қай кадр жұмысқа келсе де, мен осыны істемеймін деп келмейді. «Жақсартсам, елге жақсы атым қалса, халықтың аузында қалсам» деп келеді. Әркімнің өзінің нобайы, деңгейі болады. Соның арасында халықтың жүрегінде аты қалған адамдарды орнықтырып, соныменен ауданды аудан қылып алға шығарады. Оған қоса, дәстүрі, тарихы бар аудан. Қорқыт ата қоныс тепкен аудан. Жыраулық, жыршылық, ақындық дәстүрі қалыптасқан аудан. Сондықтан да өзінің атын өзі шығарып тұрған ауданға барып, мүмкіндігінше жұмыс жасады. Мен соған тілекшімін. Жеке басым 12 басшымен жұмыс істедім. Талай жайсаңдар қызмет етті. Жақында әлеуметтік желіден көріп қалдым, ақын Ордабек Өткелбайдың сөзіне жазылған «Қармақшым» әнін Қорқыт ата мемориалды кешенінде 95 жас орындап тұр. Сондай тебірендім. Міне, осы елдің жадында қалды. Жалпы елдің, халықтың жақсы болуына тілектеспін. Қазіргі ауданды басқарып отырған Жандос Еркінбектің ел мен халықтың дәстүрлі жағдайда әрмен қарата дамытуына тілекшімін.
– Әңгімеңізге көп рақмет аға, амандықта болыңыз!
Әңгіме-сұқбатты жүргізген
Сәрсенкүл АҚКІСІ

22 тамыз 2023 ж. 813 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031