» » » Ұлттық тәрбиені қолға алғанда ғана рухымыз көтеріледі

Ұлттық тәрбиені қолға алғанда ғана рухымыз көтеріледі

Зерделі аға буынның пікірі қоғам үшін аса маңызды. Өмірдің біраз жолын артқа тастаған олардың көргені мен көңілге түйгені көп. Олардың қатарында Қармақшы ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков ағамыз да бар. Ардагермен болған сұқбатымызда ашық ой-пікірлер білдірілетін болады.   
– Аға, қазақта "үлкендік" деген астарлы сөз бар. "Үлкендігін көрсетті", "үлкендік жасады" деп жатады. Осы сөздің мағынасының не екенін түсіндіріп беріңізші?
– Үлкендік ол жасқа қарамайды. Үлкендік өзі бір деңгей. Жан-жағына сыни көзбен қарайтын, басында ақыл болса соны айналаға айта білу. Жапы үлкендік Алланың берген сыйы. Ол екінің біріне беріле бермейді. Парасат-пайымың, білімің, өмірден көрген-түйгенің келіссе, соны үлкендік деп есептеймін.
– Осы үлкендікті қоғамда кездестіріп жүрміз бе?
– Қиын. Мен енді өзім деңгейлі азаматтармен, өзімнен үлкен ағаларыммен көп араласамын. Бұрынғы кісілермен салыстыруға келмейді. Өйткені қоғамның жіберген қателігі ме, уақыт солай болды ма? Бүгінгі үлкен адамдар біздің сол бала кезімізде көрген адамдардың шегіне келмейді. Қазіргілер ішкен-жегенін, барған-келгенін айтады. Бұрынғы үлкен кісілер отырған кезде олар бөлек әңгіме айтатын. Атам қазақтың сонау бастағы шежірелерін сөз ететін. Жастардың құлағына құятұғын. Осы кездегі үлкендердің арасында ондайды өз басым көре алмай келе жатырмын. Ең қиыны – осы.
– Соңғы бірнеше жылдықта қоғамда құндылықтар ауысып кетті дегенді жиі айтып жүрміз ғой. Осы құндылықтың ауысып кеткенінің бір көрінісі осы да сияқты. Елдің ішінде сынға ұшырап жүрген өзекті мәселенің бірі – ер бала тәлімі мен тәрбиесі туралы не айтар едіңіз? Оның себебі неде деп ойлайсыз?
– «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Сол кішкентай кезімізден үйге қонақ келсе леген мен құман алып қолға су құйып жүрдік. Бата алдық. Тіпті бата алуға таласатынбыз. Қазір қарап отырсақ, баланы көп жұмсамайды. Тәлім-тәрбиені балабақша, мектеп беріп жатыр деп мән бермейді. Бірақ балаға ата-ананың тәрбиесінен артық тәрбиені бірде-бір білім ұйымы бере алмайды. Балаға ата-ана өзі үлгі болуы керек. Туғаннан бастап бала сол үлгіні әкесінен, шешесінен алады. "Қызыңның киім киісіне қарап, ата-анасының тәрбиесін білесің" дегендей, сол сияқты баланың ашық-шашық киінуі – ол тәрбиесінен хабар беріп тұрады. Жарасымды, жабық киініп жүрсе, ата-ананың да  деңгейі сол жерден білінеді. Айтады ғой, "Еркектің жағасына қарап әйелдің тазалығын көресің, әйелдің тазалығына қарап еркектің  абыройын көресің, қызыңның киіміне қарап, ата-анасының тәрбиесін көресің" дейді. Бала тәрбиесінде де біраз құндылықты жоғалтып алғанымызды мойындау керек.
– Дүние де, отбасы да тепе-теңдікке құрылған. Балансты ұстап тұрмаса – ауытқу пайда болады емес пе? Десе де, "Бізге көп жүк артылып кетті" деп реніш білдірген аналарымыз бар ортамызда. Осындай пікірлердің шығу төркіні неде?
– Кешегі 1991 жылғы бір қоғамдық формациядан екінші бір қоғамдық формацияға өту жағдайы болды. Көп адам жұмыссыз қалды. Әйелдер ала дорба асынып, үйдің асыраушысы болып кетті. Негізі кім ақша тапса, соның айтқаны болады емес пе? Қоғамда ер адамдар екінші жағдайға ауысып кеткен жағдай болды. Осы кезде бұл бала тәрбиесіне де кері әсерін тигізді. Отбасының бір тірегінен айырылып қалдық. Әйел мен еркек тең деген де ұғым белең алды. «Мен асырап отырмын» деген басымдық орын алды. Бұл қоғамның да кінәсі. Ол уақытта халық дағдарып қалды. Ертеңгі күннің қалай боларын ешкім білмеді. Қазір ер азаматтарымыз жұмыс істеп жатыр. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» дегендей, қаншама жігіттеріміз бала-шағаны асыраймыз деп қолдан келген жұмысын істеп бағуда. Құрылыста жүр, жолаушы тасымалдауда. Босқа қарап жүрген жоқ.
– Тепсе темір үзетін кейбір жігіттер ата-анасының немесе әйелінің тапқан азын-аулақ пәпақасына, зейнетақысына ортақтасуды әдетке айналдырғаны жасырын емес...
– Бұл енді таза масылдық. Еңбек ету адамның өзіне байланысты. Он екі мүшесі сау азамат кез келген жерінде жұмыс табуына болады. «Есектің артын жу да, мал тап» деп айтқан емес пе? Жұмыста ұят жоқ. Мамандықпен істей ме, мамандықсыз істей ме, талап, ниет болса болды. Ондай адамдар бар қоғамда. Ата-анасының  зейнетақысы мен келіншегінің балаға алатын жәрдемақысына күн көруді әдет қылып алғандар аз емес. Жұмыс істегісі келмейді. Мұны дерт деуге болар.  Мемлекет тарапынан қоғамдық жұмыстар ашылды. Көпшілігі соған етін үйретіп алған. Басқа ізденіске басын ауыртқысы келмейді. Ол жұмыстан шықса, жәрдемақыдан айырылып қаламыз деп қорқады. Мысалы, елді мекенге барсаңыз, трактор айдағысы келмейді дегендей.
– Өмірдің өзі баланстан тұрады ғой. Оның ішінде ер адам мен әйелдің табиғатына тән атқаратын шаруалары болады. Дегенмен кейбір кезде мынау әйелдің жұмысы, болмаса мынаны ер адам атқаруы керек деген әңгімелер естіліп жатады. Осы сауалда сіздің пікіріңізді білсек?
– Отбасы – ер мен әйелдің үйлесімділік, түсіністік тауып құратын мәселесі. Ол жерде мынау менің жұмысым, мынау сенің жұмысың деп шекараны бөлмей-ақ, жанұя қайткенде жақсы болады, не істегенде көркейеді дегенді ойлау керек қой. Кір жуып, нан көміп жатқан жоқпыз. Одан басқасының қолымыздан келгенінше қолқабысымызды береміз. Үйде ер адамның жұмысын өзім істеймін. Егер бөлінушілік болып жатса, онда ол сананың төмендігінен. «Мынау менің еркектік намысыма тиетін жұмыс» деп жататын болса, өзінің үйінің жұмысы емес пе, өзінің бала-шағасы үшін істеп жатыр емес пе? Менің түсінігімде ондай нәрсені қате пікір деп есептеймін.
– Қазақтың дәстүрінде «тәйт» деген ұғым бар. Төрт әріптен құралған бір ауыз сөз отбасындағы тәрбиенің механизмін жасап отыратын. Осы күнде әкелер беделі жайында да түрлі ойлар айтылады. Жалпы әке турасында байқап сөйлеуге тырысамыз. Көпке топырақ шашудан да аулақпыз. Неге десеңіз, әке бала үшін асқар тау болса, ана үшін биік қорған. Сол әкенің беделін қалай арттырамыз?
– Беделінің түсіп кетуі – әкенің өзіне байланысты. Ой-сана сезімі жоғары адам  менің беделім түсіп кетті деп айтпайды. Әкенің тәйтін көрмеген бала, ол ертең ешқайда да бармайды. Өйткені қазақтың «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген қанатты сөзі осыны меңзеп-ақ тұр. Әкенің де, шешенің де тәрбиесін алу керек. Оның қайсысы да баланың тәрбиесі үшін маңызды. Отбасындағы ер кісілердің бедел-абыройы түсіп кетті дегенді (жеке пікірім) екібастан қабылдамаймын. Біреу араққа салынып кетеді, біреудің тағы басқа жағдайы болуы мүмкін. Жалпы ер мен әйелінің ортасында түсінушілік болса, бала да жақсы тәрбиемен өседі. Бірігіп тауды қопарып тастайды.
– Әскерге құлықсыз бозбалалар бар. Үйіне көмектесіп, еңбек етудің орнына көшеде бостеке жүргенді қалайтын да кей жасымыз бар. Сырға таққан жігіттер де кездеседі. Бұл бұзықтық па, әлде білместіктен болып жатқан дүние ме?
– Азғындық. Тағы да жеке пікірім, шетелде осындай азғындықты насихаттайтын қаржылық ұйымдар бар. Ақша береді оларға. Әлемдік деңгейдегі ұйымдар бар десем де артық емес. Құлағына сырға таққызып отырған да, сүттей ұйыған ұлтты бұзып отырған да солар. Бояну, сырғалану, қыздың киімін кию – сайып келгенде тәрбиеміздің осалдығы. Кеңес кезеңін мақтайын деп отырғаным емес. Бірақ тәрбие жақсы болды. Адам факторы бірінші орында тұрды. Қалай дегенімізбен де, тәрбиеден жіберіп қойған тұстарымыз көп. Жаһандану үрдісіне кіріп кеттік. Есіктің бәрін айқара ашып тастадық. Оның ішінде жақсысы да, бақсысы да араласып кеткен. Әркімнің санасы әртүрлі. Өресі мен қабылдауы да сан түрлі. Біреу қабылдамаса, керісінше біреу қабылдайды. Осы ретте менің айтатын ұсынысым – мемлекет осыны қолға алып, әлеуметтік желілер, кино, басқа да шетелден келіп жатқан ақпараттарға қауіпсіздігіміз үшін, әсіресе жас ұрпағымыздың болашағы үшін саралау қойса деймін. Қажеттісін жіберсін, қажет емесін жібермесін. Ертеңгі күні ұрпағымыздан айырылып қалып жатсақ, оған кім жауапты болады? Үндінің қайраткері Махатма Гандидің: «Мен жаһандану дәуіріне қарсы емеспін. Бірақ біздің ұлттық дәстүрімізді бұзатын жаһандану дәстүрін терезеден кіргізуге қарсымын» деген екен. Сол секілді біздің де басшыларымыз осылай айтса, жаһандану дәуірі екен деп бәріне бірдей еріп кете бермей, ақ, қарасын саралап отырса құба-құп. Мемлекеттік тұрғыда іс-шаралар қабылдануы керек. Ғаламтордан балаларымыз жаман-жақсының бәрін көріп отыр. Оны қадағалап отырған  кім бар? Бала жас шыбық сияқты, сенгіш. Анау жаман дүниені жақсы екен деп қабылдап қалады. Ол ата-анасының сыртынан көреді. Бірге отырып көрсе, басқа әңгіме. Осылай басынан баланың өмірі қалыптасады. Сол үшін де мұны қоғам, ұлт болып ұйысып қана түзеуіміз керек. Ұлтымызды бұзатын, іштен ірітетін теріс нәрселерге, оларды насихаттайтын ұйымдарға кедергі қоймасақ болмайды.
– Ұл бала – келешек отбасының тірегі, болашақ әке. Ер баланың тәрбиесі тәлімді, рухты болып ер жетуі үшін не істеуге болады?
– Қазақ баласын рухты етіп тәрбиелеуге болады. Ол үшін ең әуелі ұлттық тәрбиені қалпына келтіруіміз керек. Ата-бабамыз ұлттық тәрбиеге ерекше мән берген. Бала 3 жасқа келгенде ашамайға отырғызған. Ашамайға отырған бала үш жаста болса да атқа қонғанын, елін қорғай алатынын сезінеді. Бізге кішкентай кезімізде «Қобыланды», «Алпамыс», «Ертарғын» сынды батырлар жырын жаттатқызды. Сонда біздің басымызда ертең есейгенде осындай батырлардай болсақ, деген қиял қалыптасты. Қазір қазақтарда ұлттық бағытта батырлықты, батылдықты насихаттайтын ертегі жоқтың қасы. Шошқа мен аю, арыстан мен маймыл, тышқан, тағысын тағы персонаждарды көрсетеді. Толған жан-жануар, хайуандар. Адам сәби кезінен қалыптасады. Бала болса да тұлға болуы керек. 3 жасында баланы тайға мінгізбейді, бірақ ашамайға отырғызады. Бірақ онда атқа отырған адамдай, үлкендік психология пайда болады. Біздің ұлттық тәрбиемізді осыған негіздесе. Бағанадан бері айтып отырған кемшіл тұстарымыздың барлығы да осы ұлттық тәрбиемізден алыстап бара жатқанымыздан шығып тұр. Тілі шықпаған балаға бесік жыры айтылады. Ол тегіннен-тегін шықпаған ғой. Баланың санасында анасының, әжесінің дауысы сіңеді. Домбыра да балаға сондай рух қалыптастырады. Аттың шауып келе жатқаны, даланың кеңдігі, рух еркіндігі жаныңа кереметтей сезім сыйлайды. Мектептерде қоңырау дейміз ғой, соның орнына қазақтың күйлерін жіберіп қойса, қандай тәрбие, қандай ғанибет болар еді! «Сарыарқа» күйі бүкіл әлемді дүр сілкінткен күй. Бір оқиға айтайын. Жас кезімде әскерде Украйнаның Житомир қаласында болдым. Сонда әскерден ауылға қайтып келе жатқанымда Киевке аялдадық. Вокзалда «Сарыақра» күйін күмбірлетіп қойып қойған екен. Сол кездегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. 
– Сіздің кітапты көп оқитыныңыздан хабарымыз бар. Соңғы оқыған кітабыңыз?
– Кітап оқығанды бала күнімнен жақсы көремін. Соңғы оқыған кітабым – Қадыр ақынның «Иірім» кітабы. Оның алдында «Шығыс даналығын»  оқып шықтым. Авторы – Тілекжан Рысқалиев. Онда қытай философы Конфуций, әлем ғұламаларымен бірге Абай Құнанбаевтың та даналық шығармалары жинақталған. Олардың өмірге деген көзқарасы, қағидалары қызықтырады. Одан соң Алматыдағы мектеп-гимназия мұғалімі Дәурен Сағынғалиевтің  «Тоғыз толғаныс» атты кітабын оқып тауыстым. Автор өзінің алғашқы сабақ берген күнінен бастап осы кезге дейінгі толғаныстарын жазған. Нағыз мектеп мұғалімдері оқитын кітап. Мың жылқының ішінен бәйге атын қалай таңдайды, сол секілді сонша баланың арасынан интеллектісі жоғарысын қалай таңдауға болады, сол жайында айтады. Сол балалардың психологиясы, келешектегі бағыт-бағдары жөнінде кеңес беріледі. Кез келген бала маман болуға талпынады. Десе де, соның ішінен мысалға айтайық, бір шәкірт дәрігер болғысы келіп, қатты қалап, ынталанып оқуға түссе, ол жақсы дәрігер болған болар еді. Мәселен, Қытайда 5 сыныпқа дейін таңдау беріледі. 5 сыныптан кейін іріктелініп, интеллектісі мықтылары Орталық Қытайға жіберіледі. Онда баратын балалардың келешегі зор деген сөз. Ауылда қалатыны қарапайым жұмыс істеп, мал бақсын, оны қина, қинама одан бәрібір ешнәрсе шықпайды дегенді ұстанады  қытайлықтар.
– Ер азаматтарға, елге айтар тілегіңіз?
– Қазір ер балаларымыз әскерден қашады. Бірақ бұл бір бозбаланың басындағы жайт емес. Бұл біздің қоғам әскерінің дұрыс еместігінде. Себебі, күнделікті әлеуметтік желілерден, басқа да ақпарат көздерінен түрлі қасіретті жағдайды көріп отыр. Еліміз әскерін дұрыстайтын болса, балаларымыз Отанын қорғауға барады. Әкенің ролі зор болуы шарт. Ол сонау қазақтың тарихын, батырларының батырлығын, тапқырлығын айтып отырса, нұр үстіне нұр. Қабанбай, Наурызбай, Есет батырлар мен Бауыржан Момышұлы, Әлия мен Мәншүктің ел қорғаған батыр екенін кішкентай күнінен миларына сіңіре беру керек. Әскердегі орын алып жатқан жағдайларды көріп отырған кез келген бозбала немесе жігітте қорқыныш пайда болады. Болмаса отбасында ұл баланы көбірек өбектеп жібереді. Отан қорғау былай тұрсын, ертеңгі күні ол отбасында, әйелімен бірге келешегі қалай болады деген сауал мені де алаңдатады.  Баланы жұмсай беру керек. Еңбек еткен жаман болмайды. Біздің қатарымыз 5-6 сыныптан бастап бір отар қой бақтық. 3 ай каникульда малдың соңында жүрдік. Түске дейін әкеміз бақса, түстен кейін біз бағатынбыз. Ақшаның қалай келетінін білдік. Алға қарай сүйрейтін арман да болуы керек әрине. Өз-өзіңе талап қоюың керек. Мен сыныптастарымнан кейін 5 жылдан соң институтқа түстім. Сонда да бірдеңеден қалып қойғаным жоқ. Жалпы ер азамат – тұлға ғой. Оны қалыптастыру бірінші отбасынан, қоғамына да байланысты. Соны жас шағынан қалыптастыра білсек. «Баланы құлша тәрбиелесең құл болады, ұлша тәрбиелесең ұл болады» дегендей, ер баланы ұлша тәрбиелеуіміз қажет. Бетінен қақпай, сенім білдіру керек. Мемлекет басшысы біраз жақсылықтарды айтып жатыр. Енді соның нәтижесін күтеміз. Бастысы, халықтың сенімі бар. Жақында 7 облысты аралап қайттым. Сонда байқағаным, біздің облысымыз даму үрдісі жағынан көш ілгері екен. Бірқатар әлеуметтік мәселе шешілген. Жолымыз да, суымыз да шүкірлік. Сөзімді батыр Баукеңнің сзімен қорытсам. «Менің үш қоқынышым бар. Біріншісі – бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбеюінен, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбеюінен, үшіншіден – салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын» деген еді. Сол айтқандай, ұлттық тәрбиеміз бірінші кезекте тұрса, Қазақ елінің болашағы да жақсы болмақ.
– Әңгімеңізге көп рақмет!          

Сұқбатты жүргізген Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА                      
                 
04 шілде 2023 ж. 638 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031