» » » «Осындай дәрежеге жетіп отырғаным халықтың арқасы»

«Осындай дәрежеге жетіп отырғаным халықтың арқасы»

Ел экономикасының алға жылжуында кәсіпкерлік саласының маңызы айтарлық. Оның ішінде ер азаматтармен қатар, әйел-аналардың да халыққа көрсетіп жатқан қызметі бір төбе. Кәсіп деген теңіздің тереңінен қорықпай, оған тәуекелмен бел буған нәзік жанның бірі – «Адина» сауда орталығының директоры, «Жыл кәсіпкері», «Үздік кәсіпкер» номинацияларының иегері Нағима Тоқсанбаева. Төменде оқырман назарына кәсіпкермен болған сұқбатымызды ұсынып отырмыз.
– Нағима Тиышбекқызы, редакциямызға қош келдіңіз! Әңгімені өзіңізбен жақын танысудан бастасақ?
– Сіздерге де рақмет, аз-кем еңбегімізді елеп жатқан. Мен Жосалы кентінің тумасымын. Іргелі білім ордасы Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектепті «Алтын белгіге» бітірген түлекпін. Ұстаздарымның сенімін ақтаған шәкірттің бірімін. Әкем медицина қызметкері болған соң ата-анамның ықпалымен осы саланы таңдадым. Мектеп бітіргеннен кейін асқақ арманмен Қарағандыға жол тартып, сондағы медициналық академияның студенті атандым. Жоғары оқу орнын дәрігерлік мамандық бойынша тәмамдап, еңбек жолымды обаға қарсы күрес мекемесінде бастадым. Нақты айтқанда, мекеменің зертханасына меңгерушілік еттім. Ол жерде табан тіреп 16 жыл қызмет істедім. Білім мен тәжірибеме сай марапат, алғыстан  кенде болмадым. Бірақ бір күнде шешім қабылдадым.
– Ол қандай шешім болды екен?
– Сонша жыл маңдай теріммен қызмет еткен дәрігерлік жолымды кәсіпке айырбастау керек болды. Мұндай шешім қабылдау маған оңай болмады. Дегенмен, жастайымнан анамның саудамен айналысқанын, кәсіпте береке барын көріп өскесін аса тартына да қоймадым. 1990 жылдары экономикалық құлдырау кезінде күнкөрістен көпшілік қиналып жатқанда анамыз ойланбастан саудаға шығып кетті.  Жалпы жанұямыздың дені кәсіпкер. Династиямыз десем де болады. Оған қоса, тұрғындардың қалаға сабылмай аудан орталығынан іздегенінің бәрін тиімді бағада табатын дүкен ашу менің бұрыннан келе жатқан арманым болатын. Бұл арманыма «Ерінбеген етікші болады» дегендей, ерінбей еңбек етуім мен тәуекелдің нәтижесінде жеттім. Егер менен біреу «Кәсіптегі ұстазыңыз кім?» деп сұраса, мен оған бірден-ақ анам деп жауап берген болар едім. Алғашында қызымның есімімен ашқан шағын «Адина» дүкені қазір үлкен сауда орталығына айналды. 30-дан аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Олардың халыққа сапалы қызмет көрсетуі үшін жылдың төрт мезгілінде дүкен ішінде киетін арнайы киімін, үзіліссіз жұмыс жасағандықтан 3 мезгіл ас-суын беруді міндетіме алғанмын. Одан бөлек, мереке сайын сыйақыларын, мектепке дайындық есебінде балаларының оқу құралдары мен киім-кешегіне, басқа да жағдайларда бірінші болып қолдауды, көмек беруді басшылық парызым деп санаймын. Оларға сенім артамын. Қызметкерлердің арасында «Жыл үздігі» байқауын өткізіп, жыл қорытындысымен марапат тапсыру да дүстүрге айналып келеді. Мерекелерде бас қосып, тосынсый жасауға тырысамын. Мұның бәрі ұжымның ауызбірлікте, сыйластықта еңбек етуі үшін жасалып отырған қолайлы жағдай.
– Кәсіптің неше түрі бар. Соның арасынан неге киім-кешек сататын дүкенге таңдауыңыз түсті?
– Әкем 45 жыл медицина саласында қызмет атқарса, анам тұрмыстық қажетін өтеу мекемесінде дүкенші болды. Бала кезімізден бастап әдемі киініп үйренгенбіз. Отбасындағы балалар киімнің әдемісін киетінбіз. Таңдап, талғап білетінбіз. Сол себепті таңдауымның киімге түскені. Бір айтарлығы, қоғамды ештеңемен таңғалдыра алмайсыз. Ақиқат осы. Тек ерекше әрі сұранысқа ие кәсіпті бастаған жөн. Өйткені, нарықтық бәсекеге төтеп берудің бірден-бірі жолы осы десем, артық болмас. Жалпы ауданға қажетті кәсіп көп. Біз бастапқыда шағын дүкенде киім-кешек сатсақ, бүгінгі таңда 2 үлкен сауда орталығымыз бар. Оның бірінде тұрмыстық тауарлар мен ыдыс-аяқ, ойыншықтар арзан бағада саудаланса, екіншісінде киім-кешек пен төсек-жабдық, косметикалық бұйымдар мен оқу-құралдары сатылады.
Жақын арада орталықтан 2 қабатты сауда орталығы мен тамақтанатын орын, кафе ашуды жоспарлап және оның алғашқы жұмыстарына кірісіп те кеткен жайымыз бар. Осындай жетістікке жетуім – халықтың арқасы. Сондықтан да табысымның бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсауды әдетке айналдырғанмын. Көпбалалы аналар мен тұрмысы әлжуазотбасыларына азық-түлік, киім-кешек әперуден аянып қалмаймын. «Мектепке жол» акциясына да үлес қосып, белсенділік танытудамыз. Өнерді, өнер адамдарын жоғары бағалаймын. Ауданда өтетін іс-шараларға қатысып, жастардың өнеріне қолдау білдіремін. «Жайдарман» клубының демеушісімін. Қандай додаға шықса да, оларды қолдауды өз жауапкершілігіме алғанмын. Өзім білім алған №26 орта мектепке де демеушілік жасап тұрамын. Иә, әдетте жасаған жақсылығыңды жария етпе дейді, бірақ ол арқылы басқалардың жақсы іске ұмтылуына түрткі болатынымызды да ұмытпауымыз керек. Осындай дәрежеге жетіп отырғанымыз  халықтың арқасы деп білемін.     
– Әлеуметтік желіде белсендісіз. Кез келген адам желіде ойын ашық жазып, сырымен бөлісе бермейді. Ұжымды ұйыстырудағы тәсіліңіз де ерекше көрінеді. Соның бір мысалы – қазақ тілінен сабақ алудасыздар...
– Қазір саудамды бір жолға қойдым. Кезінде жұмыс істегеннің де пайдасы бар. Адамдармен қалай араласу, қалай сөйлесу керек, этика-эстетикасы бар дегендей, осының барлығы да кәсіп барысында көмегін тигізіп жатты. Ол жерде де зертханаға басшы болдым. Осы нәрселерді тәртібіме кіргіздім. Бір кәсіпкер болып қана қою аздық етеді. Жан-жақтылық керек адамға менің түсінігімде. Кәсібіңді өзің дөңгелетіп қана қоймай, қоғамға да пайдасы тиюі тиіс. Менде жұмыс істейтін қызметкерлер «Осындай жерде жұмыс істеймін» деп мақтана да білуі керек қой. Оларға үнемі: «Жұмысқа келгенде қуанып келу керек» деп айтып отырамын. Арасында кейбірімен 10 жылдан бері бірге келеміз. Жаңадан келген қыз-келіншектер болса, жаймен түсіндіріңдер деп жатамын.
– Сергек жүресіз, көңілдісіз. Мұның сыры неде?
– Кәсіп-кәсіп дей бермей, қоғамға да пайда әкелу керекпіз. Ол үшін өзіміз бірінші кезекте жақсы көңіл-күйде болып, айналамызға жағымды әсер сыйлай білуіміз қажет. Қарап отырсақ, жан-жағымызда шаршаған, қажыған адамдарды байқаймыз. Біреуде жетпеушілік болса, біреуде отбасылық жағдай, енді біреуде жұмыссыздық мәселесі. Сол үшін де сергек жүруді қалаймын. Жағымды атмосфера сыйлау – мұсылманшылықта бұл да бір сүндет саналады. Жалпы қоғамда абыройлы болуың үшін – адал болуың керек екен. Ақшаны алғанда да, біреуге ақша бергенде де өтірік сөйлеп, алдамауың керек. Адал болғанда қалай, өз-өзіңе адал болуың керек. Алдап кету деген болмайды. Адам көрмейді, алдап кетуге болады деп ойлауымыз мүмкін, алайда төбемізде Алла тағала бәрін көріп тұрады.
– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Ұл, қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған бақытты ана, жас әжемін. Қызым Адина мен ұлым Рахатты да кәсіпке баулыдым. Бұл еңбегім жемісін беріп жатыр. Олар қазір Қызылорда қаласындағы «Адина» сауда орталығының жұмысын тым жақсы жүргізуде.
– Алда қандай мақсат, жоспарларыңыз бар?
– Аудан азаматтары Әділбек Бөрібайұлы мен туған інімдей болып кеткен Біржан Өмірзақовтармен бұған дейін де жақсы араласып тұрамын. Мен негізінде кәсіпті қойып, Қызылордаға кетемін бе деп ойлап жүргенмін. Бірақ сондай азаматтарымыз келіп, ауданымызды дамытып, көркейтіп жатқан кезінде қалаға кетемін деген шешіміме тоқтау салдым. Сол кісілер өзара ақылдасып, ұсыныс айтқан соң «Таңсықбай» базарын сатып алдым. Әйтпесе, қалада балаларым мен немерем бар. Ол жақта да бизнесті, үй-жайлымыз. Енді сол шаруаны бастап жатырмыз. Ескі ғимаратты бұзу жұмыстары аяқталды. Абыроймен бастаған ісімді бітіріп, жергілікті 15 адамға жұмыс тауып берсем деген жоспардамын. Болашақта кентімізде жоқ фитнес клубын, балаларға арналған ойын орталығын ашып, қолжетімді бағада қызмет көрсетуді де ойлап қойып отырмын. Мұның барлығы бұйырса алдағы уақыт еншісінде. 
– Өзіңіз қызмет етіп отырған аудан тұрғындарына айтар лебізіңіз болса, мархабат?
– Аудандық басылымның оқырманы көп болсын деп тілеймін. Газет күнделікті ақпарат таратушы құрал. Қанша әлеуметтік жағдайды алға тартқанымызбен рухани байлықтың орнын толтыра білуіміз керек. Халыққа тілерім – бейбітшілік, тыныштық заманда өмір сүре берейік. Мемлекетіміз дамыған, өркендеген елдердің қатарына қосылсын.   
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК       
24 маусым 2023 ж. 1 083 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 208

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 149

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 318

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930