Есімі «Алтын кітапқа» енді
Қазақта «Қуанышты бөліссең көбейеді» деген жақсы сөз бар. Бұлай деуге себеп, жақында ауданымыздағы «Адина» сауда орталығының иесі, белгілі кәсіпкер Нағима Тоқсанбаеваның есімі Қазақстанның «Алтын кітабына» енді. Республикалық «Эдельвейс» баспа үйінің қызметкері Гүлхан Аманжолқызы арнайы келіп, кітапты табыстап, медаль тақты. Іс-шараға аудандық кәсіпкерлік, білім бөлімі қызметкерлері мен кәсіпкерлер қатысты.
Нағима Тоқсанбаева бұған дейін аудандық обаға қарсы күрес мекемесінде қызмет атқарған. Кейін кәсіпкерлікке бет бұрып, 2016 жылы «Адина» сауда орталығын ашып, тұрғындарға түрлі сәндегі киімдер мен тұрмыстық заттарын қолжетімді бағада ұсынып келеді. Табандылығы мен жігерлілігінің арқасында бой көтерген сауда орталығы бүгінде келушілерге қалтқысыз қызмет көрсетуде.
– Адамға ең бірінші шыдам пен төзім керек. Кәсіп бастау барысында осыны түсіндім. Тынбай еңбек еткен адам міндетті түрде оның тәтті дәмін көреді. «Адина» сауда орталығы тынымсыз еңбегімнің нәтижесі. Кәсіп қылған соң кедергілер кездеспей қоймайды. Мәселен, карантин кезіндегі шектеулер, кешегі жыл басындағы келеңсіз оқиғалар да өз кедергісін келтірді. Алайда жұмысымызды тоқтатпай елге қызмет етіп жатырмыз, – дейді «Алтын кітап» иегері, белгілі кәсіпкер.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Нағима Тоқсанбаева бүгінде қайырымды іс жасап, жомарттық көрсетуді әдетке айналдырған. Жыл сайын жаңа жылда балаларға сыйлық жасаса, көптеген көпбалалы аналардың балаларын мектеп формасымен қамтамыз етуді де назарынан тыс қалдырмайды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ