Облыстық жас ақындар айтысы өтті
Айтыс – бабамыздан жеткен ұлы өнер. Ежелден сөз бен сазы келіскен ақындар елдің назарында болып, халықтың ақ батасын алған. Бабалардан қалған дара өнерді жалғастыру мақсатында Тәйімбет Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде ел егемендігінің 30 жылдығы аясында «Тәуелсіздік – біздер үшін ғажап құт» тақырыбында облыстық жас ақындар айтысы өтті.
Жас ақындардың бәйгесінде облыстың түпкір-түпкірінен келген 8 ақын бақ сынасты. Дүбірлі додада ақын, ұстаз, бірнеше жыр жинақтарының авторы Дастан Нәзікбаев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова, аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры, айтыскер ақын Сырым Әділбеков және Үсен Томанов атындағы №183 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Жадыра Таширова төрелік етті.
Жас айтыскерлерді айтыс өнеріне баулып, талантты шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздардың орны бір бөлек. Атап айтар болсақ, шиелілік Ержан Әміров, қызылордалық Ержеңіс Әбдиев, қазалылық Ермекбай Ағыраев, Жалағаш ауданынан Айдос Рахметов, қармақшылық Сырым Әділбеков пен Берік Аққалиевтар айтыс өнерінің Сыр елінде одан әрі өрлеуіне елеулі үлес қосуда.
Тәуелсіздік туралы толғамды ойларымен бөліскен жас ақындар өзара сайысқа түсті. Нәтижесінде Қайсар Қарабдинов бас жүлдені иеленсе, Дильназ Ержігіт І орынға лайық деп танылды. Ал ІІ орын Өміртай Есебайға бұйырды. Айтысқа қатысушы өзге ақындарға бірдей ІІІ орын берілді.
Төл өнердің өркендеуі үшін жас айтыскерлерге «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы Күлжаухар Раева, «Nur Otan» партиясы аудандык филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дастан Буханов, Жастар ресурстық орталығының директоры Сырым Әділбеков, «Жасмин» сауда үйінің директоры Жеңісбек Несіпбаев, «Адина» сауда үйінің директоры Нағима Тоқсанбаева, «Орда» сауда үйінің директоры Шам Балмаханов, жеке кәсіпкер Айдос Ақылбеков, Алтай Оспанов, аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Нұрбол Мырзабаев, «Гүлмарал» той орталығының жетекшісі Ақмарал Өксікбаевалар қаржылай қолдау білдіріп, демеушілік жасады.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА