» » » Білім сапасын дамыту – басты назарда

Білім сапасын дамыту – басты назарда

qarmaqshy-tany.kz Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің иесі. Олардың білімді, жан-жақты, жаңашыл болуы үшін ұстаздар аянбай тер төгуде. Қазіргі жаһандану заманында қандай да болсын білімді игеруге мүмкіндік мол. Тағы бір оқу жылы аяқталуға жақын. Түлектердің дайындығы қалай, нендей өзгерістер күтуде? Осы орайда аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Әбдазиевамен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
– Гүлзира Мәжитқызы, жаңа қызметке келгеніңізге көп болған жоқ. Бұл саланың жауапкершілігі жоғары, көтерер жүгі ауыр екенін білеміз. Кәсіби білігіңіз жоғары. Мектеп басқардыңыз. Алдағы уақытта осы саланың тәжірибелі маманы ретінде қандай жұмыстарды жүзеге асыруды ойлап отырсыздар?
– Биылғы жылдың ерекшелігі, ауданда білім саласы бойынша бір жаңа мектеппен толықтырылуда. Яғни, №284 мамандандырылған мектеп-лицейинтернаты ашылды. Материалдық-техникалық базасы үшін мектеп жанынан қосымша спортзал құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге, мемлекеттік сараптамадан өткізу, сонымен бірге пәндік кабинеттер үшін қаржы қаралып, облыстық білім басқармасы арқылы сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі – Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясы отырысының күн тәртібіне сәйкес Байқоңыр қаласындағы Ресей Федерациясына қарасты 7 орта мектепте «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі мен әдебиеті» секілді оқуға міндетті пәндер немесе қосымша сағат ретінде енгізу мүмкіндіктерін қарастыру жұмыстары атқарылуда.
Аудандағы барлық білім беру ұйымында «Оқуға құштар мектеп», «Дебат қозғалысы», «Балалар және театр», «Мектеп парламенті», «Жылыжай» жобалары жүзеге асырылып, түрлі іс-шаралар өтуде. Жоба жұмысы оқушылардың көшбасшылық қабілетін дамытып, ата-ана мен мектеп арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға сеп болады. Аталған жоба жұмыстарына 8000-нан астам бала қамтылған. Сондай-ақ, №277 мектеп-лицейінде «Обсерватория» кабинеті ашылды. Онда заманауи құрал-жабдықтар, аспан әлеміне үңілуге мүмкіндік беретін Жетіқарақшы сынды басқа да жұлдыздармен көмкерілген. Кабинеттің жоғары бөлігі – білім алушыларды астрономияға біртабан жақындатып, оларға телескоп арқылы аспан әлемін зерттеуге жол ашуда.
– Сапалы білім беру қызметінде мұғалімнің кәсіптік деңгейі маңызды рөл атқарады. Сіздің ойыңызша, ұстаз қандай болуы керек және олардың кәсіби біліктілігін арттыруға қандай жұмыстар жасалуда?
– Мектептегі ұстаз – баланың екінші атаанасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойын¬дағы талай ағаттықты кешіре біледі. Өмірдегі көп мамандықтың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – мұғалім. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі, біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, «білсем, үйренсем» деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, жүздеген жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады.
Бүгінгі күн мұғалімнің біліктілігін арттыруды жалпықоғамдық мәселе ретінде қарастыру қажеттігі туған кезең. Себебі, білімді тереңдету, молайту, жетілдіру, арттыру жеке басы үшін ғана емес, қазіргі қоғамға қажет әрекет деп қабылдауымыз керек. Мұғалімнің кәсіби біліктілігі оның іс-әрекетінің тиімді болуының теориялық және жалпы әдіснамалық негізі болып табылады. Кәсіби білігі оның практикалық қызметінде іске асырылады. Біліктілікті арттыру курстары арқылы мұғалімдерді жетекшілік, бағыт берушілік, ұйымдастырушылық, түзетушілік әрекеттерді атқаруды үйретеді. Оқытушының осындай әрекетіне білім алушы да бойындағы бар білімін көрсете байланыс жасағанда ғана сапалы нәтижеге жетуге болады. Мұғалімдердің білім сапасын, біліктілігін арттыру мақсатында аудандағы 2208 мұғалім жүз пайыз облыстағы Педагогикалық шеберлік орталығынан, «Өрлеу» біліктілік арттыру институтынан курстардан кесте бойынша уақытында өтуде.
– «Ел ертеңі – білімді ұрпақ» дегендей, жалпы білім беретін мектептердің жай-күйі мен білім сапасы қандай деңгейде?
– Қармақшы ауданында жалпы білім беретін – 29 мектеп, 2 – мектептен тыс мекеме, 1 – кешкі мектеп жұмыс істейді. Аталған мектептерде биыл 15116 оқушы білім алса, оның 1478-і бірінші сыныпқа қабылданды.
Аудан бойынша үш аусымда оқитын мектеп жоқ. «Жайлы мектеп» жобасы аясында апаттық деп танылған №105, №108 мектеп ғимаратын қайта салу жұмыстары енгізілді. Жаңадан салынып жатқан мектеп және балабақша құрылысы жоқ.
Өткен жылы кент орталығындағы №121, Ақжар ауылындағы №28 мектеп, Төретам кентіндегі №85 орта мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. №30 мектептің жылу жүйесіне республикалық бюджеттен қаржы бөлініп сұйық отыннан табиғи газға ауыстырылды. Білім сапасын дамыту – басты назарда. Осы орайда аудан мектептері жылмажыл жаңа модификациялы пән кабинеттерімен толықтырылуда. Биыл 5 пән кабинеті мен 12 мектепке инклюзив кабинеттері құрылғымен қамтылды. Жалпы білім беретін мектептердің 76%-ы осы кабинеттермен қамтылған.
22 білім беру ұйымында бейнебақылау камерасы полиция бөліміне қосылған. 17 білім беру ұйымында дабыл түймесі бар. Биылға 3 (№113, №107, №199) мектепке бейнебақылау камералары және 6 (№28, №29, №105, №107, №108, №30) мектепке дабыл түймесін орнатуға қаржы бөлініп, сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
– Бұл күндері педагог кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесі де кеңінен қозғала бастады. Аудан мұғалімдерінің білім деңгейі қандай?
– Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №533 бұйрығы негізінде көптеген ерекшеліктер және мұғалімдерге жеңілдіктер бар. 123-тармағында бейіні бойынша 30 және одан көп жыл педагогикалық өтілі бар педагогтер жаңа жүйе бойынша берілген біліктілік санатын растаған кезде ПББ тапсырудан босатылады және қызмет нәтижелері кешенді жинақтаудан өтеді, портфолио тапсырудан босатылған. Ал, 50-тармақта жасы бойынша зейнетақыға дейін төрт жылдан аспайтын педагогтер аттестаттау рәсімінен босатылады және қолда бар біліктілік санаты зейнеткерлік жасқа толғанға дейін сақталады. 2022-2023 оқу жылында аудан бойынша педагог кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға 514 мұғалім өтініш берді, педагог сарапшыға – 210, педагог модераторға – 279, білім беру ұйымдарының басшылары және орынбасарларынан – 25. Кәсіптік білімін жетілдіруде қандай жұмыстар атқарылуда дегенге: әдістемелік кабинет меңгерушісі Шырын Наукебаева аудан мұғалімдерін және директор орынбасарларының басын қосып, ZOOM платформасы арқылы бұйрықтар мен нормативтік құжаттармен таныстырып отырады.
– Мектеп директорларына қандай талаптар қойылып отыр?
– Қазіргі уақытта мектеп директорының рөлі жоғары деңгейде. Заман талабына қарай инновациялық әдіс-тәсілдерді меңгеру, үштік одақ – мектеп, оқушы, ата-ана арасындағы тығыз байланыс, оқушы өмірінің қауіпсіздігін сақтау, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес Ұлттық жобалармен жұмыс жасау алғашқы орынға қойылған.
– Жоғары сынып оқушылары үшін ҰБТ кезінде үлкен қарбалас басталатыны белгілі. Биылғы түлектерді қандай ерекшеліктер мен өзгерістер күтіп тұр. Жалпы, оған дайындық қалай?
– Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары оқу орнына түсуге арналған іріктеу емтихандарының негізі. Сондықтан негізгі мақсат – бітірушілердің жинаған балы және таңдауы бойынша бағытбағдар бере отырып жоғары және арнаулы оқу орындарына, кәсіптік-техникалық колледждерге орналастыруға, бітірушінің себепсіз бос орналаспай қалмауына бақылау жасау. Аталған бағытта бітірушілермен кәсіби бағдар беру мақсатында жыл көлемінде жұмыстар атқарылуда. 2022 жылмен салыстырғанда жалпы тестілеуде өзгеріс 2022- 2023 оқу жылынан бастап ҰБТ бейіндік пәндер комбинацияларының тізбесіне «Информатика» пәні енгізілді. «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады. Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы қатаң сақталады. Компьютерлік экрандарда тестілеудің өзінде калькулятор, периодтық кесте және тұздардың ерігіштігі қолжетімді болады деп көрсетілген. Пәндер саны да өзгеріссіз қалады.
– Аудан бойынша қанша түлек мектеп бітіреді? Оның нешеуі «Алтын белгіге», нешеуі «Үздік аттестатқа» үміткер?
– 655 оқушы мектеп бітіріп, орта білім туралы аттестат алады. Бітірушілердің 90 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады деп күтілуде, қаңтар айындағы ақылы тестке 91,8 пайыз, наурыздағы ақылы тестке 81,5 пайызы қатысты. Қыркүйек айынан бастап бітірушілерден айына 2 рет, кейбір мектептер 3 реттен байқау сынағын тапсыруда. Дайындық жұмыстары жүйелі жүргізілуде. 42 бітіруші «Алтын белгі» аттестатына, 69 бітіруші «Үздік аттестатқа» үміткер.
– Жаз айы да келіп тұр. Балалардың жазғы демалысы қалай өтпек?
– 2023 оқу жылында 1-10 сынып аралығында 14420 оқушының 9716-сына (67 пайыз) жазғы демалыс және еңбекпен қамту жұмыстарын жүзеге асыру жоспарлануда. 392 оқушы сыртқы лагерьге (5-8 сынып оқушылары) қамтылады. Мектеп жанындағы тамақсыз тынығу лагеріне 3121 оқушы қатысады деп отырмыз. 2039 оқушы еңбекпен (1359-ы көркейту-көгалдандыру бригадаларында 9 сынып оқушылары, 680-і еңбек бригадаларында оқу практикасы есебінен 10 сынып оқушылары қамтылмақ. Мектеп жанынан құрылған аулалық клубтарда 2765 оқушы, дебат үйірмесіне 793 оқушы, Оқушылар үйінің жанынан құрылған «Жас толқын» аулалық клубқа 500 оқушы қамтылмақ. Ата-ана, кәсіпкерлердің демеушілігімен 106 оқушы лагерьге жолдама алуға қамтылады деп жоспарлануда.
– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Ақнұр САҒЫНТАЙ
13 мамыр 2023 ж. 784 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 099

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031