» » » Әр адам өз жанына үңілуі тиіс

Әр адам өз жанына үңілуі тиіс

qarmaqshy-tany.kz Қазір адамдар бұрынғыдай емес, психологиялық білім алып, өзін түзеуге, өзгертуге бейімделіп келеді. Рас, бүгінгі қоғамда психолог кеңесіне жүгінгендер көбейді. Ал екінші жағынан алып қарасақ, бұған енжарлық танытатындар тағы бар. Қоғамда психологтың орны қандай, адамдар өзімен қаншалықты жұмыс істеп жүр? Осы секілді сұрақтардың жауабын білу үшін аудандық емхана мен Жастар денсаулығы орталығының психологы Әмина Кетебаевамен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
– Әмина Тахирқызы, психология мамандығын таңдауыңызға не түрткі болды?
– Мектеп қабырғасында оқып жүргеннен-ақ үздік оқушылардың қатарынан көріндім. Білімге, ғылымға құштар болдым. Бала күнімнен бастап әрдайым көмектесуге дайын, айналамдағыларға әркез қолдау көрсеткім келіп тұратын. Ішкі жан дүнием қамқор болуды қалайтын.
8-сыныпты "Қызыл куәлікке" бітіріп, Алматы қаласындағы жеңіл өнеркәсіп техникумына оқуға түстім. Бірақ бұл оқуды өзім қалағаным жоқ. "Ауылдан кеткім келмейді, онда жұмыс істейтін зауыттар жоқ" деп оқуды жарты жолда тастап, аяқсыз қалдырдым. Бәлкім балалығым да болар. Сол мамандығымды қаламай, 9-сыныпты қайта жалғастырдым.
Кейіннен сатушы, оператор-программист, іс-жүргізуші, аспазшы мамандығын да оқыдым. Осы жылдар ішінде әртүрлі мамандық бойынша білім алдым, жұмыста істедім. Әйтсе де ешқайсысы көңіліме жақпады. Ылғи ізденіс үстінде жүрдім. "Менің жаныма не жақын?" деген сұрақты өзіме қойғанда психологиядан айналып кете алған жоқпын. Өйткені, біреудің не айтатынын іштей сезіп тұратындай көрінді. Содан осы сала бойынша білім алуды жөн көрдім. Бұдан қорытқанда айтпағым мынау. 40 жастан асқан кезде ғана өзімді зерттеп, психологиядан таптым. Көңілің қалаған істі бастаудың, ол жайында білім алудың ерте-кеші жоқ. Адам бір сәт өзінің жан қалауына құлақ түруі керек.
Бала күнімнен мемлекеттік органда жұмыс істеп, бірыңғай форма киімін киіп жүруді қатты қалайтынмын. Әскери, құқық қорғау органдары мен дәрігерлердің ақ халатын армандадым. Қазір, Аллаға шүкір осы арманым орындалды.
– Адам рухани азықтан бөлек, психологиялық азықпен де сусындауы керек. Осы орайда қандай кеңес айтасыз?
– Адамның рухани дамуы үшін неғұрлым көп ізденіп, өзін тануға күш жұмсағаны дұрыс. Кез келген мәселені сұрақ қойып, жауабы арқылы шешімін табамыз ғой. Адам өз-өзін де осылай сұрақ қою арқылы тани алады. Көп жағдайда адамдар мақсатсыз, яғни "не істеп жүрмін, нені қалаймын?" деген қарапайым қалауына көңіл бөлмейді. Осы орайда бір ғана кеңес айтамын. Қандай да бір істе сұрақ қою арқылы шешімін табуға болады.
Иә, бүгінде бәрі өзін ақтап алуға құмартып, сылтауды жиі айтады. "Осы кеткенім кеткен, өзгере алмаймын" деген меніңше бос сөз. Бұл жалқау адамның тірлігі. Өз-өзіңді дамытуда ешқашан кеш болмайды. Қазірде заман ағымына ілесе отырып, жан-жақтылықты игеріп жүргенде ғана ісің алға басады. Кертартпалыққа жол жоқ. Әр адам психологиялық сауатты болғаны дұрыс.
– Кей адамдар өзін жоғалтып алып жатады. Мұны өзі де аңғармай қалады. Ішкі қалауына, таңдауына мән бермейді. "Өзгелер не айтар екен?" деген оймен жүреді. Осы орайда сіз не айтасыз? Қайтпек керек?
– Көп адамдар өзіне комплекс жасап алып жатады. Өз-өзін төмен бағалайды. Міне мұндай ойлар сенімсіз адамды жиі мазалайды. Олар өздігінен комплекс жасап алып, бәрін кінәлаумен жүреді. Ал адам сенімді болу үшін өзімен көбірек жұмыс істеу қажет. Мұны миды тазарту деп жатамыз. Біздің жадымызда көрген-білген, керекті-керексіз ақпараттың барлығы жатталып қалады. Басымыздан өткен әрбір сәт осында сақталады. Қарапайым ғана мысал алайықшы. Егер телефонымыз бір уақыт жұмысын тоқтатып қалса, оны "перезагрузкаға" жіберіп, не бағдарламасын қайта жаңартып аламыз ғой. Ми да дәл солай. Ондағы қажетсіз дүниені сілкіп тастап, жиі-жиі тазартып отыру маңызды. Біз осылайша өзімізді жоғалған күйімізден шығара аламыз. Мұндайда "тазару" методикасы жақсы жұмыс істейді.
Өзгерісті жаңа әдет қалыптастырумен бастау керек. Өзін жетілдіретін кітап іздеуіне болады. Бұл әдетті алғашқыда әр жеті сайын күнделікті қолдану қажет. Осыны қайталау арқылы 21 күнде нәтиже шығарып, соған әдеттенеді. Өзі жаңа әдетке үйренген соң айналасындағылар да оған үйреніп, дағдыланады. Солай өмірінің маңызды бір бөлігіне айналдырады. Өзіңді өзгерту арқылы жан-жағыңа да өзгеріс сыйлайсың. Ортаңа да талабыңды қойып үйренесің. Әдетте біз отбасымызға, балаларымызға, жүрген ортамызға өз талабымызды дұрыс түсіндірмейміз де, бірақ олардан көп дүниені талап етеміз. Қателік те осы тұстан шығады. Талабын орынды айта білсе, дұрыс көзқарас қалыптасады.
– Тығырыққа тірелгенде "бәрі біттіге" басады көбі. Күрмеулі дүниені шешуге тырыспайды. Бәріне біржақты көзқараспен қарайды. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Бұл күйзеліс деп аталады. Бәрінен шаршап, шығатын жол таба алмай миы "лабиринтке" айналады. Әр істің шешімі болады. «Қателеспейтін адам болмайды. Өмір – күрес» деп бекер айтылмаған ғой. Сынаққа сынбай, керісінше одан сабақ алып отырған жөн. Өзімізді үнемі алдыға қарай ұмтылдырып, жақсылыққа жетелеуіміз керек.
Бізде арнайы 8-800-080-22-26 сенім телефоны бар. Облыстық Жастар денсаулығы орталығында психологтар үздіксіз жұмыс істейді. Қоңырау шалу тегін, құпиялылық сақталады. Сондағы мамандардан кеңес алуға болады. Кей адамдар өзінің ішкі сырын айтатын адам таба алмауы мүмкін. Сондай шақтарда орталықтың психологтары әрқашан кеңес бере алады. Ойыңды бөлісіп, әңгімелесу арқылы ішкі жан дүниеңіз де жеңілдеп қалады.
– Адам жанын зерттеу, білу және оны танып-түсіну туралы біліміңізді қаншалықты жиі шыңдап отырасыз?
– Қазір ақпараттық технологияның дамыған заманы. Жаныңызға не керек, қандай тақырыпта ізденгіңіз келеді ғаламторда бәрі толып тұр. Өзім көбіне-көп әйгілі психологтардың аудио-кітаптарын тыңдаймын. Мектепте ата-аналар мен оқушылармен кездесу жиындарында не болмаса клиентті қабылдауда дайындықпен келіп, жан-жақты зерттей бастаймын.
– Қазір бәрі күйгелек, сабырсыз. Біз адаммен адамның қалай дұрыс қарым-қатынас жасау туралы қарапайым ережелерді де білмейтін сыңайлымыз. Сіз бұған не дейсіз?
– Кез келген шешім шығарар алдында өзіне сәл кідіріс жасап, қойылған сұраққа ойланғаны дұрыс. Екінші тараптың да көңіліне тиіп кетпейін, кімге пайдасы тиеді деген секілді оймен өзіңе бір есеп беруді әдетке айналдырыңыз. Кейде үндемей қалу да керек. Себебі мұның өзі сізге пайда әкеледі. Бұл үлкен айқайдың алдын алуы да мүмкін. Әр істің қайыры бар деп жатамыз. Сабыр сақтау арқылы істің артындағы жақсылықты көруге болады.
Рас, қазіргі адамдардың көбі шыдамсыз, мазасыз. Мұның барлығы тұрмыстық ахуалға байланысты шығар деп ойлаймын. Бір жағынан, бұл қарыштап дамудың салдарынан да болуы да мүмкін. Күн сайын түрлі өзгерістер орын алып жатыр. Қоғамда да, жұмыста да тура солай. Айталық, біреу айфон 13 аламын деп бар ақшасын жинап жүргенде оның жаңа моделі шығып кетеді. Содан жұрт ақшаны қайдан табады, біздікі үнемі жетпейді деп күйгелектеніп, күйзеліске түсіп жатады. Күйзеліс жалпы адамға керек. Осымен күресе отырып дамимыз, одан шығу үшін әрекет етуге итермелейді. Ал жалқау адамдарда онымен күреспеген соң жиналып-жиналып ауыр күйзеліске түсіреді. Үнемі көңіл толмаушылықпен өмір сүретін адамдарда энергия көп, бірақ оны қара күшке айналдырып жіберген. Біреуге негатив сыйлауға, ұрыс-керіс шақыруға, өзгенің жанын жаралап ауыр сөз, қарғыс айтуға жұмсап жібереді. Әркім өзіне берілген күш-қуатты жақсы жаққа қарай бұрса, неғұрлым жақсы сөздер айтса, позитивті ойласа үлкен жетістік шыңын бағындыруға мүмкіндігі бар.
– Қазір психологтардың көбі әлеуметтік желі арқылы онлайн сеанс жасайтын болды, осы туралы ойыңыз? Жалпы жеке кездесудегі терапия мен онлайн жұмыс істеудің айырмашылығы қандай?
– Әрине, әр нәрсенің тиімді тұсын табуға болады. Мысалы, Мәскеуде семинар-тренинг өтетін болса мен онда бармай-ақ онлайн түрде сол білімді ала аламын. Қазір психологтар да көбейді. Әйтсе де психология да медицина сияқты адам жанын әлі түбегейлі зерттеп болған жоқ. Адам жаны үнемі өзгерісте болған соң оны зерттеу де үздіксіз жүре береді. Осы орайда адамдар айналасына өз білгенімен бөлісіп отырғаны абзал. Себебі ортақ тіл табысатын, әңгіме-дүкен құратын ортасы пайда болады.
Жоғарыда онлайн семинарлардың тиімді тұсын айта кеттік. Ал енді мұның кемшіл тұсы да бар. Терапияны бизнес көзіне айналдырып негізгі жұмыстағы фокусты бұрып жіберу қисынсыз. Осындайда жеке терапия қабылдап, адамдармен ашылып сөйлескен дұрысырақ деген ой да келеді. Психологпен бетпе-бет жүздескенге жетпейді. Ол өте эффективті ем болып саналады, жақсы әсер етеді. Еркін сөйлесіп, ойыңды ашық айтып, жеңілдеп қаласыз.
– Заманауи психолог сіздіңше қандай болу керек?
– Қазір қоғамда психологтың кім екенін, оның қандай білім беретінін көбі біледі. Сәйкесінше психологиялық білімі бар жастар да көп. Заманауи психолог дегенде жан-жақты, бәсекеге қабілетті, өзгеріске бейім, жеке тұлғаны тек жаңа тұрпаттағы кәсіби шеберлігі мол мамандарды айта аламыз. Оның бойында ізденімпаздық пен шығармашылық қасиеттердің болғаны дұрыс.
Бүгінгі психологияда әрқайсысы әртүрлі әдістемені қолданады. Соңғы уақытта дінмен байланыстырып заманауи стильде сабақ жүргізіп жүрген психологтар көбейіп келеді. Әркім әртүрлі жолды таңдайды. Таңдауға талас жоқ. Өзім қазақы дәстүр мен менталитетті ұстанғанды дұрыс көремін.
– Қазір кибербуллинг сияқты құбылыс жас буынға қауіп төндіруде. Жас ұрпақты бұдан қалай қорғауға болады?
– Бұл тұрғыда мектеп оқушыларымен жиі кездесу семинар-тренинг ұйымдастырып отырамыз. Басты мақсат – ғаламтордағы түрлі алаяқтық әрекеттерден сақтандыру. Ол үшін де жастардың тілімен жеңіл түсіндіруге тырысамыз. Психологияда миды сендіру үшін бір сөзді 100, 500 рет қайталайды. Сонда ми әбден жаттығып, сіңе бастайды. Дәл сол секілді балаларға әрбір кездесу сайын айта береміз. Оларға дұрыс тақырып таңдап әсерлі жеткізуге тырысамыз. Мұндайда мысалмен жеткізу өте тиімді әдістің бірі.
Оларды қорғауда отбасындағы ата-ананың тәрбиесі де дұрыс болуы тиіс. Бала мен ана арасындағы қарым-қатынас сенімді түрде дамып отырса, бала бөтен ортадағы адамдарға сенімділігі азаяды. Отбасындағы байланыс жақсы болса, бала жылулықты сырттан іздемейді. Өзін отбасында толық сенімді қалыптастырады. Мұндай жағдайда бала болып жатқан жағдайды жасырып қалмайды.
– Жастар өз денсаулығына көңіл бөліп жүр ме?
– Салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің маманы Дариха Құлмырзаева, медбике Мереке Бекова үшеуміз бірлесе отырып жасөспірім оқушыларға салауатты өмір салтын қалыптастыру бағыты бойынша ақпараттандыру жұмысын үздіксіз жүргізіп келеміз. Өйткені жастар – біздің болашағымыз. Оларға алаңдаушылық танытып, жан-жақты тұлға болып қалыптасуын шын жүректен қалаймын. Әрі сол жолда еңбектенуден шаршамаймын. "Әр қазақ менің жалғызым" дегендей, әрбір жастың болашағы жарқын, келешегі кемел болса деймін.
Мектеп оқушыларымен кездесу барысында кері байланыс жасаймыз. Сонда оларға сұрақ қойғанда көбісі саламатты өмір салтын қалыптастыру бойынша берген ақыл-кеңесті қолданып жүргенін, дұрыс тамақтанып, отбасымен қарым-қатынасының түзелгенін айтып жатады. Әрине, бұл менің жүрегіме қуаныш ұялатады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Ақнұр САҒЫНТАЙ

12 желтоқсан 2022 ж. 924 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 055

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031