» » » Тұтынушылар сақтық шараларын есте сақтаса екен

Тұтынушылар сақтық шараларын есте сақтаса екен

qarmaqshy-tany.kz ҚАЗІР ҚЫС МЕЗГІЛІНЕ АЯҚ БАСТЫҚ. БҰҒАН ДЕЙІН ЖАСАЛҒАН ДАЙЫНДЫҚ АЯЗДЫ МЕЗГІЛДЕ МАЛ-ЖАНДЫ ТОҢДЫРМАЙ, АМАН ӨТКІЗЕТІНІ АНЫҚ. БЫЛТЫРҒА ДЕЙІН КӨМІР ЖАҒЫП, ҮЙІН ЖЫЛЫТҚАН ТАЛАЙЛАР БҮГІНДЕ КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ ИГІЛІГІН КӨРІП ОТЫР. ҚАЙСЫСЫ БОЛСА ДА ҚАУІПТІҢ АЛДЫН АЛМАСА ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙҒА ӘКЕП СОҒАРЫ БЕЛГІСІЗ. ХАЛЫҚТЫҢ ДЕНІ ГАЗ КІРГІЗІП БҰРЫНҒЫ КҮЛ ШЫҒАРУ БЕЙНЕТІНЕН АРЫЛДЫ ДЕСЕК ТЕ, ГАЗДЫҢ ӨЗ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕСІ БАР. ОҒАН ҚОСА, ЖАҢА ДҮНИЕНІҢ БІЗ БІЛМЕЙТІН ҚЫРЫ МЕН СЫРЫ КӨП ДЕМЕКШІ, ЖАЛПЫ АУДАНДАҒЫ ГАЗ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІМЕН ТАНЫСУ МАҚСАТЫНДА ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖҮРГІЗУ ҚҰҚЫҒЫНДАҒЫ «ҚЫЗЫЛОРДА ГАЗ ТАРАТУ ЖҮЙЕСІ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫНЫҢ ЖОСАЛЫ КЕНТІ БОЙЫНША ГАЗ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ ЕРЖАН МУСАЕВПЕН СҰҚБАТТАСҚАН БОЛАТЫНБЫЗ.

–Ержан Темірбекұлы, жұмыстарыңызға сәттілік тілей отырып, сауалымызды өзде- ріңіздің атқарып жатқан шаруаларыңыздан бастасақ? Қанша тұрғын жай, кәсіпкерлік нысандары іске қосылды?
– Бүгінгі күнге кентте 2987 тұрғын үй газға қосылып отыр. Өткен жылы 1500 отбасы қосылған болса, көгілдір отынға деген сұраныстың осыдан-ақ жоғары екенін байқау қиын емес. Бізге берілген жобада кентте 4220 үй қосылу керек болған. Қазір соның 3000-ға жуығы қосылды. Одан бөлек 7 әлеуметтік, 95 кәсіпкерлік нысан көк отынның игілігін көруде. Бұл сандар күн сайын көбейе түсуде. Келіп түскен құжаттарға байланысты кемі 5 үй, кейде тіпті 25-40 үйдің көлемінде газға қосу жұмыстарын жүргіземіз. Орта есеппен алғанда 20 үй десек болады. Бастапқыда 5 жігіт қана жұмыс істесек, шүкір қазір мамандар жеткілікті. Биыл екінші жыл істеп жатырмыз. Мақсатымыз – аудан тұрғындарын газбен қамтамасыз ету. Ұжымда кент бойынша 20 адам еңбек етеді. Олардың қатарында оператор, кассир, слесарь, шебер сынды мамандық иелері бар. Бұл арнаулы мамандардың бірі – газ жүйелерінің қалыпты жұмыс істеп тұруын тексеріп бақыласа, енді бірі – қауіпсіздік шараларының алдын алады. Тұрғындардан 109 нөмірі бойынша түскен шақыртуларға барады. Қандай да бір жағдай болсын соның бәрінің басы-қасында біздің мамандар жүреді. Ескере кетерлігі, мамандарымыз өз ісін жақсы біледі. Кәсіби жағынан жан-жақты даярланған. Біліктілік деңгейін арттыруда қалаға ба рып оқып келуде. Курстарға жіберіп отырамыз. Төтенше жағдайдың алдын алуда да білімдерін жетілдіруде. Барлығы салаға сай құрал-жабдықпен, киіммен қамтамасыз етілген. Газ адам өміріне өте қауіпті дүние. Сол себепті қай жағынан алып қарасақ та жұмысқа сақадай-сай тұруымыз керек.
– Жұмыс істей бастағандарыңызға көп бола қоймағандықтан тұрғындар кей нәрселерді біле бермеуі мүмкін. Сол себепті де алдымен мынаны анықтап алсақ. Жалпы сіздердің жұмыстарыңызға қандай қызмет түрлері кіреді, немен айналысасыздар?
– Осы кентке қатысты газға қосу керек объектілердің барлығы да біздің мекеме арқылы жүреді. Мысалы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі немесе жеке мердігер монтажын жүргізген әрбір нысанды қабылдап алып, оның газға қосылу жұмысымен айналысамыз. Бір үй бір обьекті болып есептеледі.
– Түсінікті. Газ ойнайтын шаруа емес. Оған қойылатын талап-тілек те осал болмауға тиіс. Ол үшін сіздер халықтан немесе заңды тұлғалардан қандай құжаттар талап етесіздер?
– Әрине. Отпен ойнауға болмайды. Техникалық талаптар мен қоса, оған қойылатын талап-шарттар да барынша аса жауапкершілікті қажет етеді. Газ қосушы үйдің техникалық шарты мен актісін әкеп, арыз жазады. Қоятын құрал-жабдығының паспорты да міндетті түрде болуы керек. Осы құжаттар негізінде бізден техникалық шарт алады. Осы шартқа сүйене отырып, ЖШС, не болмаса жеке мердігер газ орнатуға монтаж жұмысын жүргізеді. Дайын болғанда бізге тапсырады. Бізде оның уақыты болады, сол уақытында қабылдау жұмысын жүргіземіз. Жасалған құжаттар бойынша үйде булық (воздух) пен дабылқаққышының болуы, орнатылған газ пешінің жоба бойынша сызылған техникалық талаптарға сай болуы, жағдай орын алғанда жабатын бұраны, газ плитасының шлангасын жаңалап отыру, сары бояумен боялуы басты назарға алынады. Қатты екертетініміз, тұрғындар өз бетінше газды тұрған орнынан жылжытуына, газ пешін қалаған жеріне көшіруіне, өз бетімен ашып жөндеуіне үзілді-кесілді рұқсат етілмейді.
– Жақсы. Оны түсіндік дейік. Ал енді бізде мәселен пештің шлангасы ескіріп немесе басқа да күмәнді жағдайлар туындағанда тұтынушылардың газ құрылғыларын техникалық тексерістен өткізіп алатын орындар бар ма? Тұтынушы мұндайда кімнің көмегіне жүгіне алады?
–Тұтынушылар жеке қауіпсіздігі мен қандай да бір бақытсыздықтың алдын алуда жыл сайын міндетті түрде газ құрылғыларын техникалық тексерістен өткізіп алулары керек. Ол үшін лицензиясы бар мекемелер бар. Солармен келісім-шартқа отырулары қажет. Ол мекемелер жылу маусымы есептелетін қыс мезгіліне тұрғындардың пешін, кранын, мұржасын, басқа да құрылғыларын тексерістен өткізіп, маусымға дайындап береді. Кентке былтыр газ қосыла бастағанын ескерсек, өткен жылы газ қосқан тұрғынжай иелері биылға сондай дайындықпен кіруі тиіс еді. Халыққа қазір соның бәріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Десе де мұндай жұмыстар ақылы негізде жүргізіледі. Ондай қызмет көрсететін мердігерлердің ауданда болмауына байланысты ол жұмыстардың бәрін (қызметімізге кірмесе де) біздің жігіттер қолдан келгендерінше атқарып жүр.
–Сіздердің бұл адамгершіліктеріңізге мың қатта алғыс. Дегенмен, кентте өзіңіз айтқандай ақылы (тұрғындар қысылып, қымтырылмай) қызмет көрсететін ең болмаса бір мердігер мекеме болуы керек сықылды. Сіз қалай ойлайсыз?
–Әлбетте. Осы мәселені шешу төңірегінде басшылық тарапынан кәсіпкерлермен, лицензиясы бар жеке серіктестіктермен келіссөздер жүргізілуде. Көп ұзамай шешіліп қалар деген үміттеміз. Әзірге 109-дан түскен қоңыраулар бойынша мұндай қызмет түрлерін өзіміз көрсетудеміз. Жасыратыны жоқ, пешін жаға алмай қиналып қалып жатқан тұрғындардан қоңыраулар көбірек түседі.
– Қоңырау демекші, газ ойнайтын шаруа емес дедік қой. Оның үстіне аудан үшін таңсық дүние. Шынын айтқанда оған әлі етіміз сондай бір үйрене қойған жоқ. Денсаулығында кінәраты немесе жалғызбасты кісілеріміз де бар арамызда. Аяқ астынан газдың иісі шығып, болмаса дабылқаққыш түймешесі дыбыс шығарып жатса, не істеуі тиіс? Тіпті кейде газ пешінің дыбысы қатты шыққанда бойымызды қорқыныш билейді деген де адамдарды кездестіріп жүрміз. Жалпы қауіпсіздік шарасы жайында кеңінен айтып өтсеңіз?
– Төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп аптасына бір мәрте үйлерді аралаймыз. Жоспар бойынша түсіндірмелер жасаймыз. Насихаттық парақшаларын таратып жатырмыз. Енді сақтық шарасына келетін болсақ, газдың иісі шыққан кезде ең бірінші есікті, терезені ашып желдетеміз. Газ ауадан жеңіл болғандықтан жоғарыға қарай көтеріледі. Электр жарығын жақпаймыз, өзге де электр құрылғысын қоспаймыз. Булықты жауып тастауға, бітеуге болмайды. Ол иісті сыртқа тартып кететін болғандықтан оның әркез ашық тұрғаны абзал. Әр құрылғының түбінде кран бар, соны жауып тастаймыз. Иіс шыққан жағдайда бірден 109 нөміріне хабарласамыз. Біздің мамандар 24 сағат үзіліссіз жұмыс істейді. Кезекшілік қойылған. Жаңа автокөлігіміз жүріп тұр. Газ сырттан аса бір кетіп жатса, көмек қолын көбейтеміз. Қауіпсіздікті жедел қамтамасыз етуге тырысамыз. Бізді пешіміз өшіп қалды деп шақыртып жатады. Оның бәрі кепілде тұрған нәрсе. Мердігер орнатқанда 1 жылға оған кепілдік қағазын жазып береді. Құрылғыны біздің жігіттер шұқыса бұзылып тұрған дүние болса бізден көруі мүмкін. Сынып келген нәрсе ме, әлде сынайын деп тұр ма, бірақ оны халық түсінбейді. Дегенмен, осындай да ситуациялардан қашып жатқанымыз жоқ. Мүмкіндігінше көмегімізді берудеміз. Қатты желден пеш сөніп қалуы мүмкін. Мөрженің қысқалығынан да болады. Ракета деген болады. Соны мөрженің басына орнатқан жөн. Ол желден жақсы қорғаныш болмақ. Пеші сөніп қалғанда қария кісілерге арнайылап қалай тұтату керегін видеоға түсіріп беріп жатырмыз. Сондай-ақ есептегіш құралы айналмай қалса, иістен күмәнданса, түсінбей жатқан сауалдары болса, мекемеге келіп те сұрауына жол ашық. Болмаса Жосалы кенті бойынша кезекшілікке арнап қойылған 8 777 300 79 99 деген ұялы нөміріміз бар. Соған хабарласса да болады.
Жаңадан пеш құрған кезде құрылғыдан бір аптадай иіс шығады. Пештің су тұратын бачогінің іші бояу болып келеді ғой. Сол қызғанда сәл күйіктің иісі шығады. Оның бәрі бірнеше күнде кетеді. Сондайларға да тұрғындар шақырта береді. Гүрілдеп жанғанда да ешқандай қорқудың қажеті жоқ. Ондайда пештің қысымына қарау керек. Белгілі температураға қойылғаннан кейін ол соған дейін жеткізеді де газ өшеді. Білтесі кішкентай алау болып қана жанады. Оттың температурасы түскеннен соң қайта гух етіп қосып ап жанады. Оның бәрі толығымен автоматика. Температуға барады, қайтадан өшеді. Сөйтіп жанады. Қайта қосылғанда сондай гүріл шығарады. Енді пеш тартпай қалатын жағдайлар болады. Пештің аузы қап-қара болып, от бірыңғай ішке ұрады. Сондайда бұранын жауып тастап, 109-ға хабарласу керек. Мөржеден сыртқа тарту лебі жоқ деген сөз бұл. Жанғаннан улы газ бөлініп, апат болуы ықтимал. Былтыр күніне 150 шақыртуға дейін барғанбыз. Бүгінде 20-25 үйге дейін шақырту алудамыз. Газ плитасына тамақ пісіргенде абай болған дұрыс. Газ қатынайтын крантты ерінбей жауып, жас балаларды алыс ұстау – сіздің қауіпсіздігіңіздің, отбасы амандығының кепілі. Тұтынушылардың көкейінде жүрген сауал болуы да мүмкін, газ бағасы киловатына 19 теңге 51 тиын болып белгіленген. Сөзімді қорыта келе айтарым, абоненттеріміз үнемі газ қолдануда қауіпсіздік шараларын естен шығармаса екен дейміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбатты жүргізген Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
22 қараша 2022 ж. 451 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 099

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031