» » » Түркі дүниесінің ортақ қазынасы

Түркі дүниесінің ортақ қазынасы

Аудан орталығынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан күллі түркі жұртының ұлық тұлғасына айналған Қорқыт ата атындағы мемориалды кешені тек қана өңірдің ғана емес, сондай-ақ ол Қазақ елінің мақтанышы деп толық айта аламыз. Қабырғасы сонау 1980-жылдардың басында қаланған кешен басында қай кезде де қонақ аяғы үзіліп көрмепті. Осындай алыс-жақын шетел меймандары мен өзіміздің де отандастарымыздың қызыға тамашалайтын қасиетті мекенінде абыроймен қызмет етіп жатқан мамандарымыз бар. Бұл салада олардың көрсетіп жатқан еңбектері ұшан-теңіз десек болғандай. Осы тұрғыда кешеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі, ондағы бағалы жәдігерлер жайында мекеме басшысы Нұрлан Бақтияровпен сұқбат жүргізген болатынбыз.
– Әңгімемізді бастамас бұрын өзіңізбен жақсылап таныса отырсақ?
– Мен осы өлкенің тумасымын. Ақтөбе ауылында дүниеге келгенмін. 2002 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен «Дәстүрлі жыр мамандығы бойынша жырау-фольклоршы, арнаулы пәндердің мұғалімі» факультетін бітіргенмін.
– Аз-кем еңбек жолыңызға тоқтап өтсеңіз артық болмас еді?
– Алғаш еңбек жолымды 2004 жылы облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының маманы болып бастадым. Одан соң С.Майқанова атындағы қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, облыстық мәдениет басқармасының «Музей, кітапхана, ескерткіштерді қорғау бөлімінің» бас маманы, облыстық тарихи- өлкетану музейінің директоры болып жұмыс істедім. Әрі қарай облыс әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің басшысы, Қармақшы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, «Қызылорда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхананың» директоры қызметтерін атқардым. 2019 жылдан бастап «Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының «Қорқыт ата» мемориалды музейі» КМҚК басшысы қызметін атқарып келемін.
– Сіз үшін мәдениет саласы несімен маңызды немесе жаныңызға несімен жақын?
– Қай кезеңде де, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі үшін ең маңыздысы мәдениет саласы екені мәлім. Жаңа айтып өткендей еңбек жолым тек мәдениет саласымен байланысты келеді. Сырдың төл перзенті болған соң рухани мұраларға бай өлкеміздің асыл дүниелері мен құндылықтарын насихаттау, әлемге таныту әрбіріміздің борышымыз іспетті.
– Туған топырағымыздың мәдени мұраға бай өлке екенін жас ұрпақ жастайынан жадында жаттап, сақтап өсуі тиіс. Осы ретте өзіңіз басқарып отырған Қорқыт ата атындағы кешен әлемдік сахнада несімен құнды?
– Сырдың бойы сыр тұнған тарихи орындар мен ескерткіштерге бай. Солардың ішінде түркілердің бәріне ортақ тарихи тұлға, кемеңгер ойшыл, ғажайып музыкант Қорқыт бабаның құрметіне қойылған ескерткіштің бітімі бөлек. Қорқыт ата өмірде ізі, артында әдеби-музыка мұрасы қалған тарихи тұлға ретінде белгілі. Оның мол мұрасының бірі 12 жырдан тұратын Дрездендік және Ватикан қалаларында сақталған «Қорқыт ата кітабын» айтуға болады. Сондай-ақ Қорқыт күйлері түркі дүниесінің ортақ мұрасы. Бүгінде Қорқыт күйлеріне қатысты деректер толық зерттеліп болған жоқ. Қос ғасырға жүк болған зерттеулер нәтижесінде бізге Қорқыттың 12 күйі жетсе, оның 11-і нотаға түсірілген. Бұл күйлердің басты ерекшелігі – әрбір күйге қатысты аңыз сақталғаны. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы көзделген мақсаттарды жүзеге асыруда «Киелі жерлер географиясы» жалпыұлттық жобасына Қорқыт ата мемориалды кешені енгені баршамызға белгілі. Сонымен қатар 2018 жылы Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луисте ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен енгізілгенін ерекше атап айтуға болады. Қазіргі таңда Қорқыт атаның мемориалды кешені тек қазақстандықтардың ғана емес, шетел азаматтарының да зор қызығушылығын туғызған қасиетті орын.
– Музей экспонаттарына тоқталып өтсеңіз?
– Музей қызметкерлері тарихи-мәдени мұраларды жинақтау, оларды ғылыми негізде жүйелеп, музей қорын толықтыру бағытында көптеген жұмыстар атқаруда. Музей экспозициясы негізінен Қорқыт ата өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті туралы мәліметтер береді. Сонымен қатар, Шірік Рабат қалашығынан, Тұран ойпатында орналасқан асарлардан, Жанкент қаласынан табылған тиындар, қыш құмыралар, қобыздың түрлері, ескі домбыралар, Ватикан және Дрезден қаласындағы «Dede Korkud» кітабының көшірмелері, Қорқыт атаны зерттеуші ғалымдардың қолжазбалары орын алған. Қорқыт ата мемориалды музейінің қорында бүгінге дейін – 3199 экспонат жинақталған. Негізгі қор экспонаттарының сақталымы – 2002 дана, көмекші қор – 1197 экспонатқа жетті. Музей қорындағы экспонаттарға тұрақты түрде ғылыми құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп, электронды «Музеолог» бағдарламасына 2000-нан астам экспонат енгізілді.
– Осы салада қандай жаңалықтарыңыз бар? Ғылыми жетістіктер болса, бөлісе кетсеңіз?
– Музейдің негізгі жұмысының бірі – ғылыми-зерттеу жұмысы болып саналады. Оның мақсаты – ұлттық мәдениет қазынасын зерттеу және қолдану үрдісін, әдістемелік қызметті тарихи және мәдени құндылықтарды тауып, оны зерттейтін археологиялық, этнографиялық экспедициялар және іс-сапарлардың көмегімен жүзеге асыру болып табылады. Тарихи және мәдени мұраларды зерделеудің тұтастай жүйесін қалыптастыру мақсатында музей қызметкерлері бірқатар ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижелерін баспасөз беттеріне жариялап келеді. 2020-2022 жылдар аралығында Халықаралық университеттік Музейлер қауымдастығы ұйымдастырған YII-YIII платформалық конференциясына музей қызметкерлері онлайн форматта қатысып, ағылшын тілінде баяндамалар жасап, мақалалары арнайы жинақтарда жариялануда. Музей қызметкерлері облыс аймағында жүргізілген археологиялық экспедициялар құрамында болып, қазба жұмыстарына да қатысып келеді. Атап айтқанда Қорқыт ата атындағы ҚУ жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлерімен бірлесіп ортағасырлық Жанкент, Сортөбе қалашықтарына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына атсалысуда. Қазіргі таңда Қорқыт ата мемориалды музейі жанынан арнайы ғылыми кеңес құрылып, жұмыс жасайды. Ғылыми кеңес жиналысында музей қызметкерлерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары қаралып, республикалық, облыстық ғылыми конференциялар жинақтарына, журналдарға шыққан ғылыми мақалалары талқыланады. Сонымен бірге музей залдарының экспозициялық құрылымына өзгерістер енгізіп, жаңарту, жаңғырту жұмыстары бойынша да ұсыныс-пікірлерін ортаға салып отырады. Музейдің ғылыми кеңес мүшелері жылда тарихшы, археолог, филолог, түркітанушы ғалымдармен толықтырылып отырады.
– Саяхатшыларды Қорқыт ата кешенінде не қызықтырады? Ауданда туризмді дамытудың тиімді жолы бар ма?
– Қорқыт ата кешенінің бүгінгі архитектуралық кесенесін әлемге таныту, оны дүниежүзілік туристік орталыққа айналдыра отырып, әлемнің түпкір-түкпірінен Сыр еліне келген қонақтарға кеңінен насихаттау үшін көптеген жұмыстар жасалуда. Түгел түркі әлемі кие тұтатын Қорқыт атамыздың мәңгілік мекеніне айналған тарихи маңызға ие – Қорқыт ата кешені сәулет өнерінің айрықша үлгісі. Архитектуралық кескіні ерекше кешен келушілерге ұмытылмас әсер сыйлайтыны сөзсіз. Кешендегі басты ескерткіш стела – қобызды бейнелейтін төрт элементтен тұрады. Биіктігі 12,1 метр, ені 5,3 метр, қордай тасынан дайындалған. Әрбір стела әртарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылғандай Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған. Жалпы кешенге жыл сайын келетін туристердің саны артуда. Мұнда қасиетті мекеннің құдіреттілігін сезінуге асығатындарға барлық қажетті жағдай жасалған. Соның нәтижесінде өңірде ішкі туризмнің дамуына жол ашылған деуімізге болады. Қорқыт ата мемориалды музейінің 2019 жылдан бері https://qorqyt.kz/ ресми сайты жұмыс істейді. Аталған сайттан Қорқыт ата мемориалды кешені туралы керекті мәліметтерді үйде отырып-ақ осы (сілтеме арқылы https://qorqyt. kz/) 3D форматта тамашалауға мүмкіндік бар. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңарту және жаңғырту жолы» атты Жолдауы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Neo Nomad 20» акциясы ұйымдастырылған болатын. Оның басты мақсаты – еліміздің 20 өңірінде көрікті жерлерге баруды ынталандыру арқылы ішкі туризмді дамыту еді. Осыған орай, облысымыздан Қорқыт ата мемориалды кешеніне арнайы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, фотоспот орнатылды. Жоба бойынша туристер еліміздегі 20 көрікті жердің барлығын аралап, әлеуметтік желіде Neo Nomad 20 тегімен фотосуреттерін орналастырып отырады. Осылайша акцияны ұйымдастырушылар акцияға қатысушы туристерді тег арқылы бақылап, олардың рейтингін апта сайын жариялайтын болады. Шартты орындаған туристер «NEO Nomad 2022» атағымен марапатталып, бағалы сыйлыққа ие болды.
– Бұл бір жағымды жаңалық екен. Енді өздеріңіздің тараптарыңыздан өткен іс-шараларға шегініс жасап жіберсеңіз?
– Жыл басынан бері белгіленген жұмыс жоспарына сай Қорқыт ата мұраларын насихаттау мақсатында көптеген мәдени- іс-шара ұйымдастырылды. Жалғасын тауып та келеді. Атап айтар болсақ, «Бабадан қалған асыл сөз» тақырыбында мектеп оқушылары арасында Қорқыт атаның нақыл сөздерін жатқа айту сайысы, «Қобыздың үні сарнаған Қорқыт ата кешені» атты тақырыпта сурет салу байқауы, тарихи-танымдық экскурсиялар ұйымдастырылды. Сайыс қорытындысында үздік деп танылған оқушылар бағалы сыйлықпен марапатталып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. 18 мамыр – Халықаралық музейлер күні және Балалар жылына орай «Қорқыт: Аңыз бен ақиқат» тақырыбында мәдени іс-шара өткізілді. Биыл Балалар жылы болып жариялануына байланысты бірқатар мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар каникул кезінде де балаларға музейге кіру ақысыз тегін негізде жүргізілді. Музейге келушілерге Қорқыт ата мұрасын жинақтаушы Қазақстанның құрметті журналисі, «Қазақ радиосының үздігі» радиотілші, журналист А.Жанаевтың қолжазбалары, кітаптары, фотосуреттерінен және халқымыздың ауыз әдебиеті мұраларын қырық жылдан астам уақыт бойы жинап, оның ғылыми айналымға түсуіне үлес қосқан фольклортанушы, Қорқыт ата мұрасын жинақтаушы ғалым М.Байділдаевтың ұрпақтары арқылы музей қорына қабылданған құнды экспонаттардан «Сыр өнерінің жанашыры – Мардан Байділдаев» тақырыбында көрме қойылды.
– Алда қандай жоспар құрып отырсыздар?
– 2019 жылы «Қорқыт және Ұлы дала сазы» өнер фестиваліне келген ирандық коллекционер Вели Мухаммед Ходжа Иран жерінен табылған «Қорқыт ата» кітабының жаңа жазбасын музейге сыйға тартты. Қазір қолжазба неміс-ағылшын, түрік, парсы, әзірбайжан тіліне аударылған. Жаңадан табылған қолжазбаны зерттеу, дастан мәтінін қазақ тіліне аудару үшін жұмыстар жүруде. Сонымен бірге қобыз атасының мұрасын насихаттауда Халықаралық «izi.travel» аудиогид бағдарламасына енгізу үшін тиісті жұмыстар жасалуда. Мәдениет саласы заман талабына сай түрленіп отыратын сала. Кез келген саланың өз мәдениеті болатынын ескерсек, ұлы өнерде шекара болмайтынын естен шығармауымыз керек. Ойымызды қорытындылай келе Қорқыт атамыздың жамбасы тиген қасиетті Қармақшымыздың ерекше аталатын жыраулық өнері мен экономикамызға серпін беретін туризм саласы қарыштап дами берсін деген тілектеміз.
– Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбатты жүргізген Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
04 қазан 2022 ж. 852 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031