» » » Айнұр АМАНОВА: «Балалар әдебиеті – болашақтың кілті»

Айнұр АМАНОВА: «Балалар әдебиеті – болашақтың кілті»


Айнұр АМАНОВА,
аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі: 

Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына. Ол баланың ой-өрісін өсіріп, сөйлеу мәдениетіне үйретеді. Бірақ өткен заман артта қалып, күн сайын жаңарып жатқан техника мен технологиялар дамыған кезеңде кітап оқитын көзі қарақты оқырманның саны азайып келеді. Ал қазіргі кезде интернет парақшалары мен желідегі ойындардың жанында баланы тіпті кітапқа қызықтыру мүмкін емес. Мұндай кезде не істеу керек? Бүгінгінің балалары кітап оқи ма? Балдырғандардың оқу-білімге деген қызығушылығын қалай арттыруға болады? Осы және өзге де сұрақтар төң­ірегінде аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Айнұр Амановамен әңгімелескен болатынбыз.

– Айнұр Әзілханқызы, биылғы жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған байланысты балалар кітапханасындағы атқарып жатқан жұмыстарыңызды баяндасаңыз?

– Бізде кітапханада бірнеше жоба бар. Біріншісі – «Ертегімен өсеміз», екіншісі – кітаптарымызды «Дәметкен-Ана» оңалту орталығына апарамыз. Онда мүмкіндігі шектеулі балалармен «Шексіз кітапхана» жобасы аясында жұмыс істейміз. Одан бөлек, биылғы жылға орай «Кітапханаға құштар сынып» деген жоба дайындап отырмыз. Жақында ғана Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Кітапқа құштар мектеп болуы керек. Себебі мектеп кітапханаларында әдеби кітаптардың саны шектеулі. Ондағы кітаптардың басым бөлігі оқулықтар болып келеді. Сондықтан мектеп пен кітапхананың арасындағы байланысты нығайту керек» деген болатын. Біз де осыған сай жоба аясында поэтикалық марафондар, кездесу кештерін ұйымдастырып, кітапханамызға сынып болып бас сұғатын оқырмандар санын көбейтпекпіз. Сонымен қатар, былтыр республикалық додада топ жарып, 1 миллион теңгені жеңіп алған едік. Сол қаржыға кітапхананы жаңа дүниелермен толықтырдық. Оның бірі – қуыршақ театрына қажетті құралдар. Балаларды әдебиетке қызықтыру үшін театр жұмысын ары қарай жандандырсақ дейміз. Себебі қазіргі кітапханашылар бұрынғы қалыптасқан жүйемен жұмысты жалғастыра алмайды. Біз заманға сай, жаңа қабілеттерге ие кітапханашылардың қатарында болғымыз келеді. Әлі де атаулы жылға орай жаңа жобалар қолға алынып, біршама іс-шара өткізілетіні анық. Атқарып жатқан жұмысымыздың ауқымы – кең, мазмұны – терең. Осы ретте айта кеткенім жөн болар, жақында ғана әлеуметтік желідегі парақшамызға Батыс өңіріндегі мектеп-интернаттан мынадай пікір келіпті. «Біз сіздердің парақшаларыңыздағы жаңалықты күн сайын қарап отырамыз. Сіздердегі «Ертегімен өсеміз» жобасы сондай қызықты. Кейбір өткізген іс-шараларыңызға қарап, біз де сондай өнегелі істерді қолға алудамыз. Сіздер ұйымдастырған іс-шараға онлайн түрде біздің оқушыларымыз қатысқысы келіп тілек білдіруде. Әріптестік байланыс орнатсақ» деп жылы лебізін қалдырыпты. Өзге өңірден мұндай пікір есту, оларға үлгі бола алу – біз үшін зор қуаныш.

– Жалпы кітапханада қанша кітап қоры бар? Балалар жылына орай кітапхана жаңа кітаптармен толығып жатыр ма?

– Бүгінде кітапханада 31495 дана кітап қоры бар. Барлығы дерлік балаларға арналған. Биылғы атаулы жылға орай кітаптар әлі келмеді. Алайда кітапханамыз былтырғы «Балалар әдебиетін қолдау жылына» сай арнайы эмблемамен дайындалған кітаптармен толығуда. Өткен жылы бізге 277 кітап келді. Оның 251-і қазақ тілінде. Қазіргі келіп жатқан кітаптардың сапасы көңілге қонымды. Мұқабасы оқырманды өзіне тартып тұратындай әдемі, ашып оқуға да ыңғайлы. Балалар жылына орай арнайы кіреберіс бөлмеге көрме дайындадық. Көрмені тек жаңа кітаптардан әзірледік.

– Балалардың кітапқа қызығу­шылығын, кішкентай оқыр­ман­дардың санын арттыру мақ­сатында қандай жұмыстар жасауға болады?

– Әрине қазіргі кезде техника мен интернет дамыған уақытта баланың кітапқа деген сұранысы бәсеңдегені рас. Дегенмен ата-ана, мұғалімдер, кітапханашылар болып жас оқырманға шығарманың мазмұнын әңгімелей отырып, оқиға барысымен таныстырып, қызықтырып кітап оқуға деген құлшыныстарын арттыруға болады.Сондай-ақ кітапханаға оқушылар тарту мақсатында бізде "Қылқалам" сурет үйірмесі жұмыс істейді. Оқушылар үйінің ұстазы Ербол Жұмабеков жетекшілік ететін үйірменің жетістігі мол. Сонымен қатар, баланы кітапханаға әкеліп, экскурсия жасау. Яғни балаға кітапхананы таныстыру. Мұндай жұмыс мектеп бағдарламасында да бар. Бірақ одан тыс мектеп кітапханашыларымен байланыса отырып, өзімізге тиісті аймақты толық қамтығымыз келеді. Жанымызда «Толғанай» балабақшасы бар. Ондағы бүлдіршіндер де ара-тұра осында бас сұғып тұрады. Сондай-ақ біздің ғимарат мектепке бара жатқан жолда орналасқандықтан балалар ары-бері өткенде үнемі мойнын соза қарап өтетінін байқаймын. Алайда баланы кітапханаға әкелуге көп жағдайда ата-аналар құлықсыздық танытады. Ал кейбірінің уақыты жоқ. Бала кітапқа бет бұруы үшін ата-ана да қолына кітап алуы керек.

– Балалар қандай жанрдағы кітап­тарды сүйіп оқиды?

– 30 жылдан астам баламен жұмыс істегеннен кейін олардың үнемі оқитын кітаптарын, қай жанрға қызығатынын жақсы білеміз. Кітапханаға алғаш бас сұққан бүлдіршін түрлі-түсті ертегі кітаптарға қол созатыны анық. Алғашында ертегілерді оқыса, кейіннен кейбір бүлдіршіндер фантастикалық жанрға қызығады. Ал енді бірі көркем әдебиетті сүйіп оқиды. Тағы бір бүлдіршін біздегі космонавтика, ғаламшарлар жайлы кітаптарды оқып шықты. Фантастикалық шығармалар көп сұранысқа ие. Оқырмандарымыз «Гарри Потерді» жатқа біледі. Алайда қазақ тіліндегі осындай шығармалар жоқтың қасы. Жақында кітапханамызға «Незнайка» кітабы «Дымбілмес» деген қазақша аудармасымен келді. Осы кітапты балалар ерекше қызығып оқуда. Қазақ тіліндегі осы жанрдағы кітаптар көбейсе деймін.

– Қазір балаларға арнап шығарма жазушылардың қатары сиреп бара жатқаны туралы көп айтылады. Тек балаға арналған кітаптардың саны да аз секілді. Сіздің ойыңызша бүгінгі балалар әдебиетіне не жетіспейді, не қажет?
– Мұныңыз рас, бұл мәселе біздің қоғамда бар. Былтырғы жылды қорытындылау мақсатында облыстық іс-шара өткізілді. Сонда да аталған мәселе талқыға түсті. Әдебиетке бет бұрған адамның барлығы балалар әдебиетіне қалам тербеп көргенімен, әрі қарай алып кетуі сирек кездеседі екен. Себебі балаларға арнап шығарма жазу – оңай дүние емес. Жалағаш ауданында Қуат Адис есімді балаларға арналған шығармалар жазып жүрген жазушы бар. Біздің ауданда да Абылай Шәймерденұлы деген жас ертегіші бар. Балаларды осындай азаматтармен кездестіру ойымда бар. Себебі – кітапты оқыған бір бөлек те, автормен жолығып, пікір алмасу – бір бөлек. Оқылған кітап ұмытылуы мүмкін, ал жарқын жүздесу есте қалары анық. Барлық өңірде де осы жанрды қолға алып жүрген жандар бар. Тек оларды ел арасында насихаттау қажет. Ең бірінші жарнама жетіспейді деп ойлаймын.

– Өзіңіздің бұл саланы таң­дауыңызға не себеп? Кітапты өмірлік серік етудегі мақсатыңыз қандай?

– Мен өздеріңізге белгілі кітап оқитын жанұяда өстім. Әкем ұзақ жылдар бойы аудан айнасында бас редактор болды. Кішкене күнімізден әкеміздің газет, журнал, кітап ақтарып отырғанын көрдік, кейіннен оларды өзіміз де парақтай бастадық. Бұл жерде ата-ананың ықпалы зор. Кітап оқыған адамның адамға, табиғатқа, қоршаған ортаға деген көзқарасы өзгеше болады. Бұл мамандықты таңдауыма да әкемнің кітапқұмарлығы, кітап оқуды бізге үлгі ете білгендігі себепші болды. Әкем бізге кітап оқы деп үгіттемеді, тек қана көрсетті. Бала айтқанды емес, көргенді істейді емес пе? Біз де сол жолмен кітап оқуға құмарттық. Ал кітапханашы болудағы мақсатым – озық ойлы жас­тарды қалыптастыруға үлес қосу, келер ұрпақтың кемелденуі үшін септігімізді тигізу. Барлығымыз да өз перзентімізге өнегелі іспен үлгі бола аламыз.

Кітап оқудың балаға берері не?

– Баланы шыр етіп дүние есігін ашқаннан кейін бесік жырымен әлдилейміз. Бұл да кітапқа жақындататын бір тәсіл. Көркем суретті ертегі кітаптарды жастайынан көзімен көріп, санасына тоқыған баланың кітапқа қызығушылығы артады. Сәбиге кішкентайынан ойыншық пен кітапты қатар алып үйретсе, үлкейе келе ол дағдыға айналады. Кітап – рухани сарқылмас қазына. Ғалымдар ақыл-ойды ұзақ уақыт сақтап қалу үшін миды жаттықтырып отыру керек деп кеңес береді. Ал ми кітап оқығанда ғана жаттығады. Жалпы кітап өткір және ұтқыр ойлауға, логиканы дамытуға көмегін тигізеді. Сонымен бірге адамның рухани дамуы мен жақсы жаққа өзгеруіне ықпал етеді. Баланың өзін-өзі бағалауы жоғарылап, ойын еркін жеткізе білуіне де кітаптың тигізетін әсері көп. Кітап адамға кемелденуге көмектеседі. Бүгінде қаншама технология шығып жатыр. Алайда бұлардың бәрі кітаптың орнын алмастыра алмасы анық. Сондықтан балаға кітапты сүйіп оқуға көмектесу керек. Ал кітапхана әрқашан да болашақтың қақпасы болып қала береді. Кітап оқудың құндылығын жете ұғынған адам бүгінгі күні де, келешекте де білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбиелік құрал екенін сезінері сөзсіз. Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей. Ал Абай атамыз «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп жазып кеткеніндей рухани байлықтан, жан азығынан қол үзіп қалмай, ғылым мен білімнің қайнар бұлағы кітап оқуды әдетке айналдырайық.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
06 наурыз 2022 ж. 1 243 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031