» » » Достық ТІЛЕУБЕРГЕНОВ: «Ақын болу – өмірге ойлы көзбен қарау»

Достық ТІЛЕУБЕРГЕНОВ: «Ақын болу – өмірге ойлы көзбен қарау»

 
КИЕЛІ ПОЭЗИЯ ӘЛЕМІНДЕ ӨЗІНДІК ҮН, ӨЗІНДІК СЫР, ӨЗІНДІК БОЯУ, ӨЗГЕШЕ АЖАРЫ БАР ӨЛЕҢДЕРІМЕН ОҚЫРМАН ҚАУЫМЫН ЕЛЕҢ ЕТКІЗІП, ЖЫРМЕН ТЕРБЕП ЖҮРГЕН ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, АҚЫН, ҰСТАЗ ДОСТЫҚ ТІЛЕУБЕРГЕНОВПЕН СҰҚБАТТАСУДЫҢ СӘТІ ТҮСТІ. ОЛ САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН ҰСТАЗДЫҚҚА АРНАСА ДА, ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТАН ҚОЛ ҮЗГЕН ЕМЕС. ӨЛЕҢДЕРІ АУДАНДЫҚ, ОБЛЫСТЫҚ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ГАЗЕТ-ЖУРНАЛ БЕТТЕРІНЕ ЖАРИЯЛАНЫП ТҰРАДЫ. ОНЫҢ «ДҮБІРЛІ ДҮНИЕ», «ЖАНЫМНЫҢ ЖЕТІ САЗЫ», «САНАМДАҒЫ САРЫ САҒЫМ», «СЫР САРЫНЫ», «БІР ТҰТАМ ТІРШІЛІК», «ӘН-ҒҰМЫР» ЖЫР ЖИНАҚТАРЫ ҚАЛЫҢ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТҚАН.
– Достық Жақсыбайұлы, сізді қаламы бөлек ақын ретінде жақсы білеміз. Өмірдің алпыс жылдық белесін де артқа тастап отырсыз. Өмір жолыңызға аз-кем тоқталсаңыз...
– Мен 1962 жылы қазіргі Дүр Оңғар ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Ауылдағы мектепте білім алдым. Әскери борышымды өтеп келгеннен соң Шымкент қаласының Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесінде оқып, аталмыш оқу орнының жолдамасы бойынша Жезқазған қаласындағы қуыршақ театрында еңбек еттім. Өндірістен қол үзбей жүріп Жезқазған қаласындағы Ө.Байқоңыров атындағы университеттің филология факультетін бітірдім. 1997 жылдан бастап туған ауылымдағы өзім оқыған №107 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып ұстаздық етемін.
– Сіздің ойыңызша бүгінгі қо­ғамдағы ақынның миссиясы қандай?
– Қазіргі ақындарды оқып тұрамын. Олардың арасында Ерлан Жүніс, Мирас Асан, Мақпал Мыса, Толқын Қабылшалардың өлеңдері көңілімнен шығады. Алайда ақын атанамын деп күрделі сөзді қиыстырып, не айтқысы келгенін жеткізе алмай қалатын жастар да жетерлік. Айтар ойын күрделі ұйқасқа құрап беру – ақындық емес. Қазіргі ақынның миссиясы ақын деген атқа ие болуды көздемей, негізінен қоғамдағы болып жатқан оқиғаны боямасыз баяндау болуы тиіс.
– Адам баласының өміріндегі ең тәтті кезеңі балалық шағы ғой. Сіздің балалық дәуреніңіз қалай өтті?
– Менің балалық шағым Кеңес Одағының уақытымен тұспа-тұс келді. Ол уақытта тоқшылық еді. Қазіргі нарықпен салыстырғанда жаймашуақ кезеңде өтті.
Біздің жастық киген жоқ жалбыр ішік,
Әнді құшып, есейдік сәнді құшып.
Өткен ғайып болады, көктем ғайып,
Он сегіз бен жиырма бес бал-бұл ұшып, – дегендей біздің жастығымыз өмірге құштар болумен басталды. Жастық шақтан қалған әсерлер әлі күнге дейін көңілімде сақтаулы.
– Адам баласының мықты болып қалыптасуы үш нәрсеге байланысты дейді. Олар ата-ана, ұстаз және кітап. Әдебиет әлеміне қадам басуыңызға осы үшеуінің қайсысы әсер етті?
– Өзім бала күнімнен әдебиетке құмар болып өстім. Әкем ауыл шаруашылығы саласында қызмет істеді. Сонда үйге газет-журналдарды көп алып келетін. Солардың арасында «Лениншіл жас» деген газетті ерекше жақсы көріп оқитынмын. Көп оқитыным сондай, әкем жұмысбасты болғандықтан үйге кеш келеді. Сонда газет оқып отырған мені көріп «Газет оқығаның жөн-ау. Бірақ түн қараңғысына дейін газет оқу көзіңе зиян ғой» дейтін. Десе де, сол оқығаннан жаман болмадық. Сонымен қатар әдеби кітаптарды оқуға да құштар болдым. Қазіргі ел Президентінің әкесі Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ», «Көмескі із», «Сарғабанда болған оқиға» деген ішкі істер қызметкерлерінің ерен еңбегі жайында жазылған детективті оқиғаларға құрылған кітаптарын оқитынмын. Тұрмағамбет Ізтілеуұлы аударған Фердоусидің «Шахнамасы» мен «Рүстем-дастанын» оқыдым. Өлең жазуға келгенімде де ақынжанды бір жігіт маған Мұхтар Шахановтың «Сенім патшалығы» кітабын ұсынған болатын. Менің әдебиет әлеміне келуіме ықпал еткен ең басты нәрсе – кітап дер едім.
– Өлең қандай уақытта туады?
– Өлең әрқалай уақытта туады. Негізінен адам қайғырғанда, қуанғанда, ерекше бір әсер алған уақытта туындаған өлең сәтті шығады. Ал өзіңді өзің қинап өлең шығара алмайсың.
– Өлең өлкесіндегі ұстанымыңыз қандай? Сондай-ақ сізге ақындық не берді?
– Кез келген көркем шығарма шындыққа құрылса ғана берері мол туындыға айналады. Менің ұстанымым – өмірдің бет-бейнесін қағазға дәлме-дәл бере білу. Шындыққа, әділдікке жақын болу. Ал ақындық не берді дегенге келсем, ақындық өмірге ойлы көзбен қарауға жетеледі. Терең көзқараспен, болған жағдайға өзгеше қырынан қарауды үйретті.
– Сіздің өлеңдеріңіздің мағынасы өте терең. Қаламыңыз басқаға ұқса­майды. Сыры неде?
– Өнерді шын бағалаған адам тереңнен ойлауға тырысады. Мен өлең шығарғанда жауапкершілікке мән беремін. Өлеңді жиі жазатын адамдардың қатарынан емеспін. Сирек жазамын. Сондықтан оған терең көзқараспен қараймын. Әрбір өлеңді баспаға, газетке, журналға беретін уақытта қайта-қайта қарап, оқырманның көңілінен шығады деген сенім болғанда ғана ұсынамын. Себебі ақынның оқырман алдында үлкен жауапкершілігі бар.
– Бүгінгі қоғамда сөз арзан ба, қым­бат па?
– Өте орынды сұрақ. Өткенмен салыстырғанда сөздің құны арзандап бара жатқан секілді. Бұрын аталы сөз айтып келген аузы дуалы жанның тілін алып, сөзін жерге тастамайтын. Ал қазіргі ғылым мен техника дамыған ХХІ ғасырда сөздің құндылығы түсіп бара жатыр. Кешегі елде болған оқиғаның өзін алып қарасақ, арзан сөз бен жеңіл ойға толы мақала мен ой орамдары әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Осыған қарап-ақ сөз құнының құлдилай бастағанын аңғаруға болады.
– Өлеңдеріңізге баға мен пікірді аға буыннан кімнен күткіңіз келеді? Кімді үлгі тұтасыз?
– Мен өз өлеңдеріме мына кісі пікір айтса екен деп аса күткен емеспін. Сырттан да, өзіме де өлеңдерім туралы пікірді жиі естимін. Алайда, мына бір жайтты айта кетсем. 1994 жылдары жаңадан ашылып жатқан «Жас қазақ» газетіне өлең жібергенмін. Алғашқы нөмірлерінде топтама өлеңдерім жарыққа шықты. Сонда Сағи Жиенбаев менің өлеңдеріме ақ жол тілеп, газетке пікір беріпті. Өзім құрмет тұтып, өлеңдерін сүйіп оқитын тұлғаның жылы лебізін көріп, әрине қуандым. Мұндай үлкен кісілерден тілек алу адамға күш-қуат беріп, өзіңе деген сенімділігіңді арттырады. «Менің өлеңім өзгеге де керек екен-ау» деп шабыттанып, одан да терең жазуға тырысасың. Дұрыс бағыт-бағдар, жаңа серпін береді. Екінші сұрағыңызға келсек, көркем шығармалары көптің көңілінен шығып, ел арасында оң баға алып жүрген жанның бәрін үлгі тұтуға боларлық деп есептеймін.
– Шәкірт тәрбиеледіңіз бе?
– 1997-2000 жылдары мектепте «Шәкірт шырағы» деген газет аштым. Мұның негізгі мақсаты оқушыларды шығармашылыққа баулу, таланттарды табу болатын. Мектеп оқушыларының өлеңдерін жинақтап, компьютерде тергізіп, 4 бет етіп шығарып отырдық. Кейіннен ондағы өлеңдер облыс көлемінде «Мектеп оқушыларының жыр жинағы» кітабына енді. Көбінесе 6-7 сынып оқушыларының өлеңге деген құштарлығы жоғары болды. Өлеңге құмар шәкірттерімнің басым бөлігі – қыз балалар. Бір өкініштісі, олар өмір ағынымен тұрмыс құрып кетіп, өлеңді қолға алмады. Десе де, бұл бағытты жалғастырғанда біршама биікті бағындырады-ау деп зор үміт күткен талантты шәкірттердің болғаны рас.
– Қандай кітап оқуға кеңес бересіз?
– Кітап оқу – қай уақытта да қажет дүние. Себебі кітап адамның көңіл көкжиегін кеңейтеді. Оқи отырып, жақсылыққа тәрбиеленесің. Бүгінгі жастарға Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты Бауыржан Момышұлымен сұқбат түрінде жазған кітабын оқуға кеңес беремін. Бұл ерлікке шақыратын, Отанды сүюге тәрбиелейтін өміршең туынды. Елдің әрбір перзенті қазақ халқының тарихын тереңнен білуі тиіс. Сондықтан да өткеннен сыр шертетін Қабдеш Жұмаділовтің шығармаларын да оқуды ұсынар едім.
– Сөз соңында алып-қосарыңыз болса...
– «Сыр елі – жырдың елі» дейді ғой. Бір өкініштісі, бізде жалаң ұран бар. Біздің өлкеден жүз жырау шықты деп жатамыз. Тек термелерді орындауға арналған жыр-фестивальдарын өткізу жақсы жолға қойылған. Алайда осы жырдың өзі поэзиядан құралады емес пе? Ақындардың мерейтойларының мүшәйра ретінде тойлануы кенже қалып келеді. Бұл біздің мекенде ақындар жоқ деген сөз емес. Керісінше қалам ұстаған жанға көңілдің бөлінбей, ескерусіз қалуында. Ақындардың мерейтойларына арналған мүшәйралар жиі өткізілсе, өлең өлкесіне еліктер жас буын ынталанар еді.
– Сүбелі сұқбатыңызға рахмет!
Сұқбаттасқан
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
01 ақпан 2022 ж. 1 562 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 100

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031