» » » ХАЛЫҚ БАЛАСЫН ОЙЛАҒАН ҚАЛЫС ҚАЛМАЙДЫ

ХАЛЫҚ БАЛАСЫН ОЙЛАҒАН ҚАЛЫС ҚАЛМАЙДЫ

Қайсыбір мемлекет болмасын оның әлеуеті қанша мықты болғанмен қоғам арасындағы кейбір мәселелер назардан тыс қалып қоюы мүмкін. Мемлекет үшін оның басты байлығы-адам және адам өмірі болғандықтан қоғамдағы ірілі-ұсақты мәселелердің барлығы да зейін мен зердеден өтіп сарапталады. Тіпті иненің жасуындай мәселе де қоғам жадынан тыс қалуға тиісті емес. Осы орай­да Елбасымыз азаматтық қоғамды да­мытуға назар аудартты. Ел мүддесін көздейтін кемеңгер басшы үкіметтік емес ұйым­дар құрып, қоғам ішіндегі мәйекті мәселелердің түйінін тарқату бағытында тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді. Бүгінде республикамызда үкімет­тік емес ұйымдар белсенді жұмыстар ат­қаруда.
Соның бірқатары біздің ауданымызда да өркен жайып, елдің рухани-мәдени әлеу­етінің өсуіне өзіндік септігін тигізу­де. Ерікті түрде қоғамдық бірлестік ашып, түрлі жобалар аясында жұмыс іс­теп келе жатқан белсенді үкіметтік емес ұйымдар арасынан “Аңсаған” мүм­кіндігі шектеулі балалар қоғамдық бір­лес­тігін екшеп айтуымызға болады. Мүм­кіндігі шектеулі балаларды қоғам­дық өмірге тарту, түрлі бағдардағы іс-ша­ралар арқылы олардың қабілеттерін ашу, тағы да көптеген мақсатта ашылған қоғамдық бірлестік 2007 жылдан бері жұ­мыс жасап келеді. Көп балалы ана Бақыткүл Райымбаева басқаратын қоғам­дық бірлестік қазіргі таңда бірқатар же­тіс­тіктерге қол жеткізген.
Бақыткүл Сейіткәрімқызы 1957 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. 1964-1974 жылдар аралығында №105 орта мектепті бітіріп, осы жылы аудан ор­та­лығындағы тұрмыс қажетін өтеу ме­кемесінде кілемші болып еңбек жо­лын бастаған. 1986-1989 жылдары ара­лығында Балқаш кен байыту метал­лур­гиялық техникумында кенші маман­ды­ғы бойынша білім алған. 1989-1999 жылдары аралығында Жезқазған об­лы­сы, Жәйрем қыстағына қарасты “Үш қатын” руднигінде шебер, 2004-2007 жылдары аралығында №183 орта мек­теп­те аспазшы болып еңбек еткен. 2007 жылдан бері бүгінгі күнге дейін ауданда “Аңсаған” аудандық мүмкіндігі шек­теу­лі балалар қоғамдық бірлестігінің тө­райы­мы қызметін атқарып келеді.
Сауалымыздың әлқиссасын ерекше бала­лармен ерекше жұмыс жасауды қа­жет ететін бірлестікті ашуға не себеп бол­ғанын сұраудан бастадық?
-Бірлестіктің ашылуына өз қызым Аңсаған себепкер болды. Қызым оныншы сыныпқа дейін үйден оқыды. Жетінші сы­ныпта оқитын кезі болатын. Үйге түскі асқа келгенмін. Қызым алдымнан шы­ғып: “Анашым, мен сияқты қыздар бар шығар, бір-екі қыз тауып берші, жұмыс жасайыз. Білмесе үйретейін, білсе тіпті жақсы. Уақыт өтеді әрі бір-бірі­мізбен танысамыз, араласамыз,-деді. Мен ойланып қалдым. Ана жүрек мұн­дайда тағат табар ма? Перзентімнің жал­ғыз­сырап жүргенін іштей сезіп, қиналып қалдым. Оған достар керек екенін түсін­дім. Сөйтіп жүріп, мүмкіндігі шектеулі үш қыз баланы таптым. Ата-аналарымен сөй­лесіп, қыздарды үйге шақырдым. Міне, бұл 2007 жылдың ақпан айы еді. Осы айдың 14 жұлдызынан бастап “Аңсаған” өнер шеберханасы болып дүниеге келдік. 2011 жылға дейін біз ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі 80 баланы бірлестікке тарттық. Бұл жұмыстың басқалармен салыстыруға келмейтінін, жұмысымыздың ау­қым­дылығы, балалар алдындағы жауап­кер­шіліктің бұрынғыдан да кеңейе түс­кен­дігіне көз жеткіздім. Ойлана келе, 2011 жылдың 12 шілдесінде заңды тір­ке­ліп, “Аңсаған” мүмкіндігі шектеулі бала­лар қоғамдық бірлестігі болып қайта құрыл­дық.
-Әр істің көзінде қаражат мәселесі тұратыны сөзсіз. Үкіметтік емес ұйым­дар өз ережесіне сай өзін-өзі қар­жы­лан­дырады. Яғни, қоғамдық қорлар мен әр­түрлі жобалар арқылы жұмыс жасап, ұт­қан жағдайда белгілі қаражатқа қол жет­кізеді.
-2011 жылдан бастап қоғамдық қор­лар­ға жоба жазып, оны қорғай бас­та­дым. 2012, 2013, 2014 жылдары мемлекеттік тапсырыспен аудандық ішкі саясаттан жобалар ұтып алдым. Американдық қор USAID-тан, “Ақниет” бағдарламасынан, Тұң­ғыш Президент қорынан жобалар ұтып алдым.
-Мүмкіндігі шектеулі балалармен ете­не жұмыс жасау осал шаруа емес. Қиын­дығынан қорықпадыңыз ба?
-Шаруаның жеңілі болмас, сірә. Балалармен жұмыс жасай келе бәрін де ұмы­тып кетесің. Бала мен бірге оның ата-анасының да жүзінен қуаныш көр­геніңде жасап жатқан еңбегіңнің да­лаға кетпегеніне риза боласың. Төрт қа­­­­бырғаға телміріп отыру қандай қиын. Онсызда тағдырдың сынағымен туыл­­ған бала ата-ана жүрегіне салмақ түсіреді. Перзентінің науқастылығын күнде көріп, ауырпалығын көтеру де-бір ерлік деп есептеймін. Оған үлкен шыдам мен төзімділік қажет. Ата-ана бол­ғандықтан әрине қай қиындыққа да төзерсің-ау. Дегенмен ұл-қызыңды жа­рық­қа шығарып, қоғамдық өмірдің бір ұш­тығына жалғау-бақыттың бақыты. Ауру баладан үйдегілер де шаршайды. Бір бөлмеге байланған бала да үйден мезі болады. Сондықтан да ерекше ба­ла­­лармен бірге олардың жарқын жүз­дері­не, қуаныштарына куә болу бар қор­қынышыңды да, қиындығыңды да ұмыт­тырып жібереді.
-Бірлестікте қандай іс-шаралар ат­қа­рылу­да?
-Ауданда бізбен қанаттасып еңбек етіп келе жатқан қоғамдық бірлестіктер баршылық. Солардың бірқатарымен ты­ғыз-қарым қатынастамыз. “Олар өмір­ге ғашық”, “Өзіңді де, өзгені де аяла”, “Ұрпақ тәрбиесі-қоғамның өзекті мә­се­лесі”, “Мақсатты бағытымыз-нөл”, “Ұла­нымын мен бүгін, тәуелсіз болған елімнің”, “Тәуелсіздік балалары”, “Ал­тын сақа”, “Мүмкіндігі шектеулі бала­лар­дың құқықтары мен мүдделері”, “Алтын күз”, “Жасыл шырша жанында”, “Жастар біздің болашағымыз”, тағы басқа да көптеген аудандық, аймақтық дең­гейдегі ертеңгіліктер, семинарлар, ұлт­­тық ойындар, байқаулар, тақырыптық кештер ұйымдастырылды. Со­ны­­мен қоса, “Асқақтай бер-Астанам”, “Пәк күл­кісі сәбидің, қу­анышы әр үйдің”, “Бұ­лақ көрсең көзін аш, сусыныңды қан­­дырар”, “Мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік педагогикалық проб­лемалары”, “Жыл он екі ай” тақы­рыбындағы сурет салу, қолөнер көр­ме­лері, семинар-тренигтер өткізілді. Үстіміздегі жылдың маусым айында “Біз тәуелсіз елдің ұланымыз” тақырыбында республика бойынша бірлестік мүше­лерін жас ұлан қатарына қабылдау сал­та­наты болып өтті,-дейді бірлестік тө­райымы.
Еткен еңбек еш кетпес демекші, Бақыткүл Сейіткәрімқызы әртүрлі дең­гейдегі бірқатар марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, 2009 жылы Қы­зы­лорда облысындағы шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамытудағы жетіс­тік­тері үшін “Халықтық көркемөнер саласындағы үздік кәсіпкер”, осы жылы “Жылдың үздік үкіметтік емес ұйы­мының өкілі”, “Бота” қоғамдық қоры келі­сілген ақшалай жәрдем ақылар бағдарламасының еріктілер байқауының “Сенімділік” номинацияларымен мадақ­тал­ған. 2010 жылы аудандық ата-аналар кеңесінің төрайымдық жұмысын белсенді атқарғаны ескеріліп, аудандық білім бөлімінің алғыс хатымен, 2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай “Қанатты әйел” тауарлар жәрмеңкесіне және 2014 жылы “Қазақстанның үздік тауарлары” өңірлік көрме байқауына қатысқаны үшін облыс әкімінің дипломдарымен, 2012 жылы “Әлеуметтік инновациялар арқылы қазақстандықтардың өмір сапасын жақ­сар­туға” атты әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауына қатысқаны үшін дипломмен және Тұңғыш Президент қоры­ның алғыс хатымен, 2013 жылы “Парыз-2013” республикалық бай­қауына қатысқаны үшін Қазақстан Рес­пуб­ликасының еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрінің дип­ло­мымен, тағы басқа да көптеген сала хаттарымен мадақталған.
Бақыткүл Райымбаева отбасында жұбайы құрылыс саласының ардагері Боранбай Райымбаевпен бірге 5 бала, 4 немере тәрбиелеп отырған ардақты ана.
Қоғамдық бірлестікті ашуға себепкер болған Аңсаған Райымбаева орта мектепті тәмамдап, өзі қалаған Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетінен “Мемлекеттік басқару және менеджмент” мамандығын қызыл дип­ломға бітіріп шықты. Маман­дығы бойынша Жосалы кентіндегі меке­ме­лер­дің бірінде халыққа қызмет көрсетуде.
-Бірлестікте “Руханият” үйірмесі жұмыс істейді. Оған психолог маман тар­тылған. Сондай-ақ, ақ халатты абзал жан­дар да біздерге қолдарынан келген кө­мек­терін аяп қалып жатқан жоқ. Шаралар өткізуде аудандық Оқушылар үйі көп көмек көрсетуде. Бірлестікке жанашырлық танытып, балаларға аға­лық, апалық ықыластарын танытып келе жатқан жандарға алғысым шексіз. Біз де баспана мәселесі қиындау болып тұр. Осы жағынан алдағы уақытта көмек болса, жұмысымыз қазіргіден де жоғары нә­тиже берген болар еді,-дейді бірлестік жетекшісі сөз соңында.
“Бала-бақытымыз” деп ұғатын хал­қы­мыз расында да бала жолынан тар­тынып қалмаған. Мүмкіндігі шек­теу­лі балаларды қолынан келгенше қа­на­тының астына алып, солардың екінші анасы атанып жүрген Бақыткүл Сейіткәрімқызының бұл арманының орындалуына біз де тілекшіміз. “Халық ба­ла­сын ойлаған, қалыс қалмайды” деген аталарымыз.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ.
05 қаңтар 2018 ж. 1 382 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031