» » » Арман СҚАБЫЛҰЛЫ: "Жәңгірдің асқақ бейнесі сомдалды"

Арман СҚАБЫЛҰЛЫ: "Жәңгірдің асқақ бейнесі сомдалды"



ҚАЗІР БҰРЫНҒЫДАЙ ЕМЕС. ҚАЗАҚ ФИЛЬМДЕРІ МЕН СЕРИАЛДАРЫ КӨПШІЛІК КӨҢІЛІНЕН ШЫҒЫП ЖҮР. ӘСІРЕСЕ ЖАСТАР АРАСЫНДА КӨРЕТІН ҚАЗАҚ ТІЛДІ КИНОЛАРДЫҢ БІРІНЕН СОҢ БІРІНІҢ ШЫҒУЫ ТІПТІ ҚУАНЫШ. ЕНДІ ОТАНДЫҚ ТЕЛЕНАРЫҚ ТАҒЫ БІР ТАРИХИ ТУЫНДЫМЕН ДҮЙІМ ЖҰРТТЫ ҚУАНТПАҚ. ЖАРЫҚҚА ШЫҚҚАЛЫ ОТЫРҒАН ТЕЛЕХИКАЯ ЖӘҢГІР ХАННЫҢ ӨМІРІНЕ НЕГІЗДЕЛГЕН КӨПБӨЛІМДІ СЕРИЯДАН ТҰРАДЫ. БӘРІМІЗГЕ ҚЫЗЫҒЫ СОЛ, ТАРИХИ СЕРИАЛДЫҢ ЖЕЛІСІ ҚАЛАЙ ӨРБІМЕК? КИНО ТУЫНДЫМЕН ТОЛЫҚ ТАНЫСУ ҮШІН «САРАЙ СЫРЫ» ТЕЛЕХИКАЯСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ АРМАН СҚАБЫЛҰЛЫМЕН СҰҚБАТТАСУДЫҢ СӘТІ ТҮСТІ.
– Сәлеметсіз бе? Өзіңізбен алыстан байланысып отырғанымызға қуаныштымыз. Жалпы қазақта хандар, билер, батырлар көп болған ғой. Әрқайсысы жайындағы тарихи оқиға бір төбе. Бірақ солардың ішінен Жәңгір ханды таңдап алуларыңызға не себеп болды?
– Біздің туындыға қызығушылық таныт­қандарыңызға мен де қуаныштымын. Бұл бірден ойға келе салған, бірден шеше салған жоба емес. Ұмытпасам, осыдан он шақты жыл бұрын Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған Зауытбек Тұрысбековтің тапсырысымен Бөкей хан туралы деректі фильм дайындағанбыз. Сол деректі фильмді дайындау кезінде Ресейдегі, Қазақстандағы Бөкей ордасына қатысты архивтерді ақтарып шыққан болатынбыз. Алдымен Бөкей, кейін оның ұлы Жәңгір туралы бірталай тың деректерге кезігіп, жинап қайтқанбыз. Деректі фильм сәтті шықты десе де болады. Кейін ойланып қарасам, қолдағы бар дүниенің бәрі тарихи сериал түсіруге сұранып тұрғандай болды. Тура сол уақыттарда түріктің «Сүлеймен Сұлтан» телесериалы біздің арналарда жүріп жатқан болатын. Халық ол сериалды аса қатты қызығушылықпен қабылдады. Содан қолымдағы деректердің Сүлеймен Сұлтаннан да бай деректер екенін ескере отырып, сарай ішіндегі оқиғаларды қиюластырып, неге бізге де жақсы сериал түсірмеске деген ой келді. Одан бері де қаншама жыл өткен соң, осы дүниені мықтап қолға алып, сериалды бастауға бел будық. Содан концепциясын ұсынып, бір жарым жылдай сценарийін жазып шықтық. Басында 20 серияға арнап сценарий дайындап, кейіннен оны 12 серияға қысқарттық.
– Қазірге дейін Қазақстанда көптеген тарихи кинолар жарық көрді. Көбісінің бір-бірінен айырмашылығы жоқ болғанымен, әр киноның өз көрермені, аудиториясы бар. Ал Жәңгір хан жайындағы «Сарай сыры» телехикаясында кино өндірісіне әкелетін тың жаңалықтар бар ма?
– Дұрыс айтасыз, бұған дейін түсірілген тарихи сериалдардың ешқайсысын да нашар деп айта алмаймын. Әрқайсысы көрермен алдындағы миссиясын орындады деуге болады. Бірақ көбісі бірсарынды, зерттеу еңбектеріндегі белгілі деректердің айналасынан шыға алмай жатады. Қай тақырыпты алса да, белгілі бір тұлғаның бейнесі бәрімізге белгілі деректермен оқулықтың деңгейінде ғана қалып кететіні өкінішті. Ал «Сарай сырының» ерекшелігіне келсек, өз басым тарихи сериалды көркем туынды деп есептеймін. Көркем туынды болған жерде көркемдеу, жаңа көркемдік образдар, көрерменге қызық шиеленіскен оқиғалар, тіпті кей жерлерінде ойдан кірістірілген персонаждар болуы керек. Тағы бір ерекшелігі – отандық кино тарихында тұңғыш рет киноның 60 пайызына жуық түсірілімін интерьерде, «Қазақфильм» павильонында түсірдік. Павильонның ішіне Жәңгір ханның бөлмесі, әйелдерінің бөлмесі, асхана, жұмыс кабинеті, билер кеңесі секілді бөлмелерден декорация жасап, 10-нан аса бөлме жасадық. Сондай-ақ павильонның сыртына да хан сарайының қақпасын, жанындағы ең алғашқы Бөкей ордасынан басталған жаңалықтар – медицина орталығы, мектеп, ғылым ордасы, сол кездегі пандемияға байланысты екпе салатын орындар мен емханалар жасап, әрледік. Бұл да біз үшін кино саласындағы тың жаңалық деп ойлаймын.
– Белгілі тарихи тұлғаның бейнесін ашып көрсету үшін қалай іздендіңіз? Бөкей ордасына, оның музейіне барып танысқан шығарсыз?
– Бөкей ордасына міндетті түрде барып, көрдік. Сериал түсіру үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен, тағы да біраз мұрағатты ақтаруға тура келді. Тек Бөкей ордасын ғана емес, сол жерде тұрған музейлердегі Жәңгір ханның, Фатиманың киімдерін, бөлмелерін алдын ала түсіріп алып, сол бойынша костюмдер дайындалды. Жергілікті этнографтармен, тарихшылармен әңгімелестік. Сериалдағы киімдер Оралдағы музейде тұрған Жәңгір мен оның отбасының киім үлгілерімен тігілді.
– Жәңгір ханның болмысы – нағыз жанға рух сыйлайтын батыр. Бірнеше тілді жетік біліп, Ресей үкіметінің біршама наградаларымен марапатталған. Майор шеніне дейін көтерілген тұңғыш қазақ ханы. Ал оның бейнесін сомдайтын актерлар да осал болмауы керек секілді. Сол бейнеге сай әртісті қалай таңдап алдыңыздар?
– Ұлттық арнада арнайы кастинг жарияланып, актерларды бірге таңдадық. Жәңгірдің рөліне, жұбайы Фатиманың рөліне таңдаған кезде олардың түр-келбетінен бөлек, актерлік шеберлігіне, біліміне де баса назар аудардық. Жәңгір ханның жұбайы Фатима да жеті тіл білген. Соған орай, сериал барысында олардың көп тіл білетінін де көрсетуге тырыстық. Актерлар да жақсы іріктеліп, өз рөлдерін ойдағыдай орындап шықты. Ендігі бағасын көрермен бере жатар.
– Телехикая атауы «Сарай сыры» екен. Сериал сюжеті сарай ішінде өрбиді ме?
– Сөз басында айтып кеткенімдей, «Сарай сыры» сарай ішіндегі интригалар мен шиеленісті оқиғаларға көзделген. Жәңгір ханның өмірін зерттеген кезде, алдымен, мынадай нәрсеге баса назар аудардық. Мәселен, Жәңгірдің төрт әйелі болған. Соның ішінде үшінші әйелі Қазанның бас мүфтиі, ұлты татар Фатима сарайға келген уақыттарда Жәңгірдің бір әйелі қайтыс болады. Кейіннен екінші әйелі де ауырып, қайтыс болады. Бірақ зерттеушілер ол әйелдердің өлімдерінің жұмбақ болғанын жазып кеткен. Міне, біз сериалда осы оқиғалардың төңірегінде сюжеттер көрсетуге тырыстық. Одан бөлек, Жәңгір мен Махамбеттің достығы, араларындағы түрлі-түрлі оқиғалар осы сарайда өткен. Сол жағын да сериалда қамтыдық. Осылайша, сырттағы көріністен гөрі, сарай ішіндегі оқиғаларды көп түсіруге тырыстық. Көрерменге де көз үйренген киіз үйлер емес, сарай ішіндегі оқиғалар қызықты болар деп үміттенемін.
– Сіздің айтуыңызша, кинода сүйікті жары ретінде Фатиманы көрсетіп жатырсыздар. Бұл ойға «Хюрремді» оралтып жатқандай. Айтыңызшы, сарай ішіндегі текетірес, сүйікті әйел, ханның өмірі, мұның барлығы түрік телехикаясы «Сүлеймен Сұлтанға» ұқсап кеткендей ме, қалай?
– «Сүлеймен Сұлтанға» кей жерлері ұқсауы мүмкін. Жалғыз ол сериал ғана емес, жаппай көрсетіліп жатқан кәрістің, түріктің тағы басқа елдердің тарихи киноларында осы сарай форматы қолданылады. Ол көшіріп алғанға жатпайды. Біздің өзімізде көркем фильм мен сериалды шатастырып алатын жаңсақ көзқарас бар. Екеуіне бірдей талап қойып, анау жақсы түсіріліпті, мынаның бюджеті аз, мынау нашар түсіріліпті деп жатады. Бірақ екеуінің форматы екі түрлі екеніне мән бермейді. Сол себепті «Сарай сыры» ешқандай сериалдың көшірмесі емес деп айта аламын.
– Кино түсіруге бюджеттен ақша бөлінді ме?
– Сериалға көп қаржы бөлінбейді. Мардымсыз. Аз қаржыға жанкештілікпен сериал, оның ішінде, тарихи сериал түсіретін әріптестерге бас иемін. Сол ақшаны жеткізіп, көрерменге ұнайтын сериал жасаса, ол тіпті ерлік деп есептеймін. Бір ғана мысал, «Қазақфильмде» түсірілген соңғы тарихи кинолармен салыстырсақ, біздің тарихи сериалдың бюджеті он есе аз. Негізі, сериалдың форматының өзі бөлінген бюджетке лайықталып түсірілуі керек. Толық форматты киномен екеуінің айырмашылығы да сонда. Бірақ аз бюджеттің өзіне әдемі сериал түсіруге де болады.
– Көрерменнің күтетіні жалғыз киноның қызықты сәттері емес, телехикая уақытының ұзақтығын да назарға алады. Айтыңызшы, телехикая белгілі бір бөлімдерден тұра ма? Қандай қызықты дүниелерді көре аламыз?
– Биылғы маусымда 12 серия түсіріледі. Қысқаша айтқанда, Жәңгір ханның өмірінің ең бір шиеленіскен тұсында, Махамбет пен Исатай көтерілісінің басталар тұсында 12 серия бітеді. Ал келесі жылы қалай болатынын алдағы уақыттарда көреміз. Егер отандық арналар мен министрлік қолдап жатса, тағы 12 серия түсіруіміз де мүмкін.
– Қалай ойлайсыз, сериал сәтті шығып жатыр ма? Әлде «мүмкін, басқаша түсірсек қалай болар екен» деген секілді ішкі ойлар бар ма?
– Меніңше, кино жаман емес сияқты. Монтаж жұмыстары бітіп, эфирге жол тартқан соң, көрермен өз бағасын берер. Жалпы, ойлаған дүниеміздің 80-90 пайызын түсірдік деп ойлаймын. Көрерменге Жәңгір мен Махамбет, Исатай образдарының сериалда қалай сомдалатыны, ең алдымен қызық болары сөзсіз. Махамбет пен Исатай өз биігінде қалып, Жәңгірдің асқақ бейнесі сомдалды.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұқбаттасқан Айнұр ӘЛИ
25 тамыз 2021 ж. 1 190 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031