» » » Жақсыбек қажы Әбиұлы: "Маңызды мейрамдардың бірі – Құрбан айт"

Жақсыбек қажы Әбиұлы: "Маңызды мейрамдардың бірі – Құрбан айт"



Мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі қасиетті Құрбан айт та келді. Әрбір мұсылман бұл қасиетті күндерді асыға күтіп, жағдайы келген адам құрбан шалып, айт мерекесімен өзгелерді құттықтап, қайырымды істер атқаруға тырысады. Биыл еліміз барша мұсылман жұрты үшін аса маңызды мейрамдардың бірі – Құрбан айтты екінші рет карантин жағдайында атап өткелі отыр. Ұлық мереке туралы толығырақ білмекке ауданның бас имамы Жақсыбек қажы Әбиұлына жүгіндік.

– Жақсыбек қажы Әбиұлы, алдымен айт күнінің артықшылығы туралы айтып берсеңіз...
– Айт мерекесі – бұл мұсылмандар үшін ең ұлық күндер. Бұған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисі дәлел. «Ол Меккеден Мәдинаға хижрат еткеннен кейін сол жергілікті халықтың тойлайтын екі мейрамы бар екен. «Бұл не мейрам?» деген уақытта олар өздерінің мейрамын айтады. Сонда Алла тағала сендерге мұнан да Қайырлы мейрамды нәсіп етсін деп, «Құрбан айт» күні мен «Ораза айт» мерекелерін белгілейді. Құрбан айт күні Ибраһимнің дұғасын қабыл алып, ұлы Исмайлды құрбандыққа шалдырмай Алла Тағаланың жәннаттан қошқар түсіруімен тікелей байланыс­ты, яғни бұл Ибраһимнің дұғасын қабыл еткен күніне, бүкіл адамзатқа рақым етіп Алланың нәсіп еткен малынан құрбандық шалуды нәсіп еткен күнді біз Құрбандық күні ретінде тойлаймыз. Оқиғаны толығырақ баяндасақ, Ибраһим (ғ.с.) перзентті болмай жүрген кезінде Тәңірден перзент сұрайды. «Я, Алла Тағала, маған бір перзентті нәсіп етсең, мен оның қызығын көрсем, сен қалаған уақытта құрбандыққа шал десең шалар едім» деп перзентсіз жүрген күнінде уәде етеді. Тілегі қабыл болып, перзент сүйеді. Кейіннен Зул-Хиджа айының жетісі күні «Құрбан шал» деген хабар келеді. Алғашында 100 түйе құрбандыққа шалады, ертеңіне «Құрбан шал, құрбаның қабыл болмады» деген соң, 100 өгіз шалады, тағы да қабыл болмайды. Одан кейін арафа күні Ибраһим кезінде берген уәдесін еске алып, құрбанының не себепті қабыл болмай жатқанын түсінеді. Осыдан кейін «арафа» білу, сезіну, түсіну күні ретінде аталып өтіледі. Яғни, Жаратқанның нені меңзеп тұрғанын сезінген күн. Ибрахим берген уәдесінде тұрып, баласын құрбандыққа шалайын деп жатқанда, пышақ өтпей қалады. Сонда: «Сен менің Алланың әмірін орындауыма тосқауыл болдың ғой» деп пышақты жерге ұрған уақытта, Исмайлдің жіңішке кеңірдегін кесуге жарамаған пышақ тасты бөліп тастайды. Бұл – Құдайдың хикметі, даналығы, мейірімі. Сол уақытта жәннаттан қошқар түсіреді. Біз соған шүкірлік ретінде осы Құрбан айт мерекесін ең үлкен мереке ретінде тойлаймыз. Биылғы жыл санау бойынша, 19 шілде – арафа күні, ал 20, 21, 22 шілде күндері – Құрбан айт мерекесі.
– Құрбандық не үшін және кім үшін шалынады?
– Жалпы құрбандықты ең бірінші кезекте Алла разылығы үшін шаламыз. Бұған Кәусар сүресінің «Раббың үшін намаз оқып, құрбан шал» деген аяты дәлел болмақ. Бұл жерде айт намазын оқып, құрбан шалуды Алла бізге әмір еткен. Пайғамбарымыз «Шамасы келе тұра құрбан шалмаған жан біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын, яғни біздің қауымнан тыс болсын» деген. Яғни құрбандық – жағдайы бар адамның жылына бір мәрте бір қой немесе бірнеше адаммен бірігіп ірі қара шалуды міндеттеген ғибадат құлшылық түрі.
– Құрбандық малы қандай болу керек? Қандай мал құрбан болуға жарамайды?
– Құрбандық малы төрт түлік малдың ішінде жалпы ешкіден, қойдан, сиырдан және түйе малынан шалынады. Малда мін болып табылатындай соқыр, ақсақ, арық, тағы басқа да көзге ұрып тұратындай кемістігі болмауы керек. Сара тілік секілді ені, құлағының үштен бірі бар болатын болса ол кемістікке жатпайды. Құрбандыққа шалу үшін ешкі малы нақты бір жасқа, қой малы алты айдан асқан тоқты болуы қажет. Сиыр малы 2 жасқа, ал түйе малы 5 жасқа толған болуы шарт. Сиыр мен түйе малын жеті адам бірігіп, құрбандық ниетімен шалуына болады. Қандай да бір адамның ниеті өз қажеттілігі үшін (үйіме қонақ келетін еді, соған ет қажет еді дегендей) болса, ол құрбандық қабыл болмайды. Жылқы малы құрбандыққа шалынбайды. Ал құрбан етін не істейміз дегенге келсек, бұл міндет емес, бірақ әдебі мынадай. Жалпылама үшке бөлсе болады. Бір бөлігін бала-шағасымен толықтай өзі жесе болады, екінші бір бөлігін көрші-көлем, туған-туысқа шикілей немесе асып таратса да өз еркі. Ал үштен бір бөлігі жетім-жесірлердің ақысы. Біз мешіттен арнайы тоңазытқышқа жинақтап, үлестіріп береміз. Өзіміз үлестіреміз дегенге де еш қарсылық жоқ.
– Құрбандыққа мал соймай, орнына малдың құнын ақшалай садақа ретінде берсе бола ма?
– Сұрағыңыз орынды. Қазіргі індет­­тің, қуаңшылықтың болуына орай көптің көкейінде жүрген мәселе болғандықтан әлеуметтік желілерде, қоғамда осы сұрақ көтерілді. Десе де, құрбандық шалу жағдайы бар адамға ғана міндет. Егер жағдайыңыз болмаса, шариғат сізден талап етпейді. Пайғамбарымыз «Құрбан күні – ең бір Аллаға жақындататын ұнамды амал, бұл құрбан шалу» деген. Яғни, бұл тек қана мал шалумен өтеледі. Басқа ешқандай садақамен ауыстыруға келмейді. Яғни, бұл тікелей аятпен бекітілген Құдайдың бай кісілерге жүктеген міндеті. Сондықтан қоғамды екіге жарып, шатастырмауымыз керек. Шын мәнінде статистикалық есепке сүйенетін болсақ, күніне той, ас беру үшін, тұтыну мақсатында қаншама мал сойылып жатыр. Осының бәрін есепке алмай, арзан пікірлермен халықтың діни сеніміне селкеу түсіруден аса сақ болуымыз керек.
– Осы ұлық мерекеге орай аудан мешіттерінде қандай іс-шаралар өтеді? Қазіргі жағдайға орай қандай шектеулер бар?
– Айт мерекесі – өте үлкен, ұлық мереке. Әдетте біз бұл күндері мешіт жамағатымен арқан тартыс, гір тасын көтеру, қошқар көтеру, қол күрес секілді спорт түрлерінен жүлделер тігіп, шаралар ұйымдастырушы едік. Одан кейін жер-жерден құрбандыққа шалынған малдардың етінен ас беріп, оны халық көп шоғырланатын аудандық аурухана, халыққа қызмет көрсету мекемелері алдында ұйымдастыратынбыз. Былтыр карантин талабына байланысты мұндай шараларды өткізе алмадық. Дегенмен «құрбан еті шипа болсын» деген ниетпен ауруханада жатқан кісілерге ас дайындап, үлестірілді. Биыл карантиндік талаптар мүмкіндік беріп жатса, шағын футболдан, спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырып, жамағатқа ас таратуды жоспарлап отырмыз. Карантин талабына сай келетін болса ғана біз бұл іс-шараларды қолға аламыз. Егер карантиндік ахуал мүмкіндік бермесе, біз де шектелуге мәжбүрміз.
– Әрбір адам құрбан айтты қалай өткізген жөн?
– Ата-бабаларымыз басқа тойды тойламаса да айт мерекесін ерекше тойлайтын болған. Қазір сәндік үшін қолданылатын шар, баннер болмаған уақытта адамның көзі қызығатын қызылды-жасылды сәнді киімдер киетін. Айт намазына бір көшемен барып, екінші көшемен қайтатын. Неге десеңіз? Бұл адамдарға көбірек кездесудің орайы. Сондай-ақ кем дегенде 7 үйге айттап баруды өздеріне борыш санаған. Кеңес дәуірінде күн шыққаннан кейін бір-біріміздің үйімізге айттаудан бастайтынбыз. Қазір, шүкір, тәуелсіздігіміздің арқасында дінімізбен қайта қауыштық. Барлық елді мекендерде мешіт бар десек, артық айтқандық емес. Айт күні мешіттерде ер болсын, әйел болсын айт намазын оқумен бас­талады. Яғни, барша жамағат осы күнге жеткізгеніне Аллаға шүкірлік етеді. Айт намазын оқып болған соң, құрбандық шалып, онан соң бір-бірінің үйіне айттау – айт күнінің әдебі. Екінші бір нәрсе айт күні ата-анамыз бар болса, барып сәлем беріп, өмірден өткен болса қабіріне зиярат ету арқылы жас ұрпаққа тәрбие беру де бұл күннің әдебіне жатады. Сонымен қатар бұл күні балаларымызға сый-сияпат жасап «Айт мерекесі қашан болады? Әкем мына айтта мынадай зат сыйлап еді. Келесі айтта не сыйлар екен? Айт тезірек келсе екен» деп асыға күтердей мерекелік көңіл-күй сыйлауымыз керек. Кеңес үкіметі мүмкіндік бермеген уақытта үй-үйді аралап ас ішумен ғана шектелдік. Ал бүгінде балаларды алаңға алып шығып, ата-аналарымызға ерекше бір көңіл күй сыйлап, табиғат аясына шығып, мерекелік көңіл күй сыйлау мұсылмандарға өте жарасымды әрі әсерлі болатынына сенім мол. Қатып қалған үдерістен шығып, заманауи негізде шариғат шеңберінде тойлағанымыз, туған-туысты құттықтағанымыз, ренжісіп қалған ағайындардан кешірім сұрағанымыз айт күнінің көздеген мүддесі. Алла Тағала бір-бірімізге деген бауырмалдықтан айырмасын. Сондай-ақ үйімізге, мекемеге, көлігімізге «Айт құтты болсын» деген жапсырмаларды ілетін болсақ, айт күнінің мәртебесі асқақтай бермек. Ұлық мерекені ұлы ету өз қолымызда. Елді әбігерге салған індеттен тезірек құтылып, айт мерекесін емен-жарқын, үлкен көлемде атап өтуді Аллаһым баршамызға нәсіп етсін.
– Айтқаныңыз келсін, сүбелі сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)

20 шілде 2021 ж. 904 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 035

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031