» » » Жақсыбек қажы Әбиұлы: "Шектеу – қиындықтан шығар жол"

Жақсыбек қажы Әбиұлы: "Шектеу – қиындықтан шығар жол"

Жақсыбек қажы Әбиұлы: «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы

Күллі мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт та міне келіп жетті. Елдегі пандемеяға байланысты карантин мерзімі тағы да ұзартылғаны баршаға мәлім. Жыл сайын мешітте айт намазы оқылып, ерекше тойланатын қасиетті күннің биыл атап өтілуі қалай болмақ? Осы жөнінде «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек қажы Әбиұлынан карантиндегі құрбандық шалу рәсімі туралы сұрап білдік.

– Жақсыбек Әбиұлы, ассалаумағалейкум! Ел-жұртты әбігерге салған індеттің қайта өршігенін өзіңіз де білесіз. Сауалды төтесінен қойсақ... Көне көз қарияларымыз Ораза айттан кейін екі ай он күннен соң Құрбан айт келеді деуші еді, биылғы ұлық мереке қай күнге белгіленіп отыр?
– Уағалейкумассалам! Орынды сұрақ. Рамазаннан кейінгі айлардың аты Шәууәл Зұлқағда деп аталады. Одан кейін өз ішіне құрбан айтты қамтыған Зуль-Хиджа яғни қажылықтың иесі деген ай бар. Осы Зуль-Хиджа айының оны – Құрбан айт мерекесі. Мәселен, Рамазан айын белгілеуде уақыт кішкене қиындық туғызса, ал Зуль-Хиджа айында мерекені он күн бұрын белгілеу мүмкіндігі бар. Сол себепті биыл 21 шілденің кешінде қасиетті ай көрінді, яғни біздің күнтізбе мен есептегенде 30 шілде Арапа күні болса, 31 және 1, 2 тамыз Құрбан айт мерекесі болып бекітілді.

– Қазіргі таңда карантинге байланысты мешіттер әлі толығымен жабулы күйде. Осы ретте айт намазының оқылуы қалай болмақ? Құрбандық қайда шалынады?

– Өкінішке орай биыл әлемге індет тарап, көпшілік жиналатын орындар жабылды. Соның ішінде мешіттер де көпшілік арасында ауруды таратпас үшін уақытша жұмысын тоқтатты. Сол себепті Тәуелсіздік тарихында бірінші рет айт намазы оқылмайын деп отыр. Әрине, өкінішті жағдай. Дегенмен әр нәрсенің артында бір қайыр бар деген. Оның орнына Алладан дұға тілеп, құрбандық шалып, басқалай рәсімдерді мүмкіндігімізге қарай орындамақ ниетіміз бар.
Ал құрбандық шалу рәсімі пандемия жағдайына байланысы онлайн түрде жүргізіледі. Бұл ретте ҚМДБ-ның арнайы жасақтаған Qurban2020.kz сайты жұмыс істеп тұр. Үлкен қалаларда, кентте тұратындар осы сайтқа тіркелу арқылы қалаған төрт түлігіне құрбандық шалуға тапсырыс бере алады. Екінші бір ерекшелігі, осы шалынған малдың етіне мұқтаж болса, мұқтаждық себебін көрсете отырып өтініш беру арқылы құрбан малдың етінен алуға мүмкіндік жасай алады. Жеке үйде немесе ауылда тұратындар өз отбасымен бұл рәсімді өткізуге рұқсат. Сонымен қатар, осы мереке күні мешіт жанында яғни кенттегі Қорқыт ата көшесі, №13-ші үйде ерікті жамағат құрбандық шалып, жағдайы төмен отбасыларға таратанын хабардар еткіміз келеді. Ол да онлайн түрде жүргізіледі, жоғарыда айтып өткендей сайтқа тіркеліп, ет алуға өтініш бере алады.

– Құрбан айтта қандай түліктер шалынатынын айта кетсеңіз?

– Дұрыс айтасыз. Құрбандыққа қандай мал шалынатынын адамдардың бірі білсе, бірі біле бермейді. Жалпы құрбан айт 31 шілде күні таңғы 7-де басталғаннан тамыздың 2-не күн батқанға дейін жалғасады. Оған әдеттегідей қой, тоқты, ешкі онда да тоқты алты айдан асқан ірі болса, қой мен ешкі бір жастан асса құрбан етуге жарайды. Ал ірі қараға келсек сиыр малы екі жастан асуы керек. Оны жеті адам ниет қылып шала алады. Түйе малы да дәл солай, бірақ бес жастан асуы керек. Құрбандыққа дені сау түлік малы шалынады.

– Карантин уақытында той тойлауға, ас беруге шектеу қойылды. Ал Құрбан айтта үй-үйді аралап, атап өту туралы не айтасыз?

– Жалпы биылғы жылғы көпшілік жиындарға, той-томалақ өткізуге қойылған шектеу талап баршаға ортақ болғаннан кейін бұл Құрбан айтты өткізуді, бір-біріне айттап баруды тоқтата тұруымыз керек. Өйткені індеттің таралуына бірден-бір себеп жағдай. Сол үшін де өз үйіңізде оңашаланып, сойылған етіңіз болса үштен бірін туған-туысыңызға, мұқтаж жандарға апарып бергеніңіз жөн. Бір дастархан басына жиналып, айттау қазіргі пандемия талаптарына қайшы келетін болғандықтан осылай шектелуге мәжбүрміз.

– Қазір карантинге байланысты мешіттер жабылса да қайырымдылық жасау шарасын тоқтатқан жоқ. Осы жөніндегі жұмыстарыңызды айтып өтсеңіз.

– Мешіттің жұмысы қазір төрт бағыт бойынша жүріп жатыр. Ең біріншісі бұл – уағыз-насихат. Онлайн жүйеде Ғacebook, инстаграм желісі арқылы кешкі уақытта уағыздар айтылуда. Екінші бағыты – діни оқу-ағарту. Cоған сай онлайн түрде дәріс-сабақтар өткізіледі. Үшінші бағыт – жат ағымдардың алдын алу. Яғни, бұл жөнінде де түрлі ақпараттық насихаттар ұйымдастырылуда. Одан кейінгі келесі бағытымыз – қайырымдылық. Бұл жұмыс карантин уақытында бәсеңдеген жоқ. Мәселен, бір рамазан айында 250 отбасыға 1 айға жетерлік азық-түлік үлестірдік. Рамазаннан тыс уақытта да 150 отбасыға қайырымдылық жасалды. Атап айтсақ, тасаттық беріліп, тұрмысы төмен үйлерге шикілей ет таратылды. Сонымен қатар, мешіттің ерікті жамағаты аурухананың кислород баллондарын тиеу, түсіруге атсалысып көмектесті. Алдағы уақытта да игі шаралар жалғасын табады деген ниеттеміз.

–Жамағатқа айтарыңыз болса.
– Алла Тағала келесі жылы айт мерекесін тойлауды баршамызға нәсіп етсін. Ел басына төнген індеттен шығынсыз шығуды жазсын. Кеселден ауырып қалған барша мұсылман бауырларымызға, туған-туысқан жақындарымызға Жаратқан иеміз шипасын берсін деп дұға тілеймін.

–Әумин. Айтқаныңыз келсін

Сұхбаттасқан Ерсін СӘДУҰЛЫ
30 шілде 2020 ж. 837 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031