» » » «Дені сау адамға ораза ұстау парыз»

«Дені сау адамға ораза ұстау парыз»


Жақсыбек қажы ӘБИҰЛЫ,
«Қармақшы ата» мешітінің бас имамы:

Рамазан айының басталуына санаулы күн қалды. Ал елдегі карантин режимі сәуір айының соңына дейін жалғаспақ. Коронавирустың таралғанына қарамастан биыл ораза ұстап, ауыз бекітемін дейтіндердің қатары артпаса, кемімейді. Осы орайда күллі мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті Рамазан айының жайы не болмақ? ҚМДБ бұл тұрғыда тағы қандай пәтуа шығарды? Осы жөнінде «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек қажы Әбиұлынан сұрап білдік.

– Ассалаумағалейкум Жақсыбек Әбиұлы! Биыл қасиетті Рамазан айы сәуірдің үшінші он күндігінде басталғалы тұр. Жалпы бұл күнді нақты белгілеу және қашан басталатынын анықтау кімдердің болжамымен жүзеге асады?

– Уағалейкумасслам! Рамазан айының қашан басталатынын анықтау жалпы шариғи үкімдер және астрономиялық есептер негізінде жүзеге асырылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадисінде «айдың тууна қарап ауыз бекітіңдер және ауыз ашыңдар» дейді. Яғни толығырақ түсіндірсек Рамазан айының көрінуімен ауыз бекітіп, келесі Шәууәл айының көрінуімен ауыз ашыңдар дегенді білдіреді. Егерде ай көрінбейтін болса онда Рамазан айының алдындағы Шағбан айын отызға толтырыңдар деп шариғи үкім қалдырған. Ал астрономиялық зерттеуге келсек ұйымдардың мәліметіне сүйене отырып және де Түркия, Ресей, Өзбекстан, Мысыр, Қырғызстан еліндегі ұстанымдардың ортақ шешіміне тоқталып сәуірдің 24 Рамазан айының алғашқы күні деп белгіленді.

– Ораза ұстау мұсылманға міндет етілген парыздың бірі. Қазір дәрігерлер елдегі ахуалға қарап, адам ашыққанда иммунитет түсіп кетсе, қауіпті вирус ешкімді аямайды дейді. Бұл тұрғыда не айтасыз? Жалпы ораза ұстаудан кімдер босатылады?

– Сұрағыңыз орынды. Рамазан айының оразасы парыз. Алла Тағала Құран кәрімнің «Бақара» сүресінде «сендерден бұрыңғыларға ораза парыз етілген сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді» дейді. Шариғат бойынша Рамазан айында балиғат жасқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір дені сау адамға ораза ұстау парыз етілген. Ал егер ораза ұстау оның денсаулығына зиян келтірерліктей болатын болса немесе дәрігерлер ораза ұстауға болмайды деген тұжырымға келген болса ол ауруынан айыққанша ауыз бекітуден босатылады. Бірақ ораза ұстамаған әр күн үшін фидиясын береді. Ал мынау елге тарап жатқан індеттің оразаға еш қатысы жоқ. Әр адам үйінде отырып аузын бекіте береді.

– Рамазан айы басталған күннің кешінде жамағат мешітте тарауых намазын оқып, алғашқы хатым дұғаларын жасайтын. Одан бөлек кешкі намазға келушілерге мешітте отыз күн бойы ауызашар ұйымдастырылатын. Қазір барлық мешіттер жабық, осы жайында не айтасыз?

– Қазір елде төтенше жағдай жариялаған күннен бастап мешіттерде азан шақыру қызметінен бөлек өзге қызметтер уақытша тоқтатылды. Сондықтан да тарауық намазын әркім өз үйінде отбасымен мешітте оқыған бейнеде 20 рәкәт оқиды. Ал ауызашар беруге келсек жаңа айтып өткендей карантинге байланысты бәрі тоқтатылды. Дегенменде рамазан айы сондай қайырымды, береке айы. Осындай қайырымды айда ауызашарға атаған ниеттеріңіз болса біз оны мешіт арқылы ұйымдастырамыз. Егер елу адамға немесе жетпіс адамға ауыз аштыруға ниет қылсаңыз онда жан басына 700 теңгеден есептеп мешітке әкеліп берсеңіз, біз ауыз бекіткен жандарға азық-түлік алып беру арқылы қайырымдылық шарасын жоспарлап отырмыз. Себебі жылда әр мекемеден, ұйымдардан, әр жылғылардан ауызашар берейік деп келіп жатады. Сол кісілерге биылғы туындап жатқан жағдайға байланысты осындай үлкен сауапты істі бірге атқарсақ деген ұсынысымыз бар.

– Оразада пітір садақасы назарға алынады. Биылғы белгіленген өлшемі қандай және мешітке қалай беріледі?

– Дұрыс айтасыз. Пітір садақа бұл жан басына беріледі. Қазақта жан садақасы дейді. Биыл ҚМДБ пітірдің жан басына шаққандағы мөлшерін 370 теңге етіп бекітті. Әдетте пітір садақаны мешітке әкеліп, оны журналға тіркетіп құран бағыштап батасын алып қайтатын. Имамдармен еркін әңгімелесіп сұрақтарына жауап алатын. Қазір адамдардың бір-бірімен тығыз байланысуы аурудың таралуына себеп екені ескеріліп, пітір садақасын төлеуді kaspi.kz желісі арқылы онлайн электронды төлеу жүйесін енгізіп отыр. Өкінішке орай ауданда kaspi терминалдары жоқ, тіпті байланыс желісі әлсіз ауылдар бар. Осыған орай мешіттердің алдына пітір садақа жәшігін қойып отырмыз. Сонымен қатар кенттегі дәріханалар мен дүкендерге де садақа жәшігін орналастырамыз. Пітір саларда конвертке марқұм болған ата-бабаларының есімдерін және отбасындағы адам санын жазып қойса, біз мешіт имамдары әр апта сайын жұмада толық құран хатым етіп бағыштап отыруды ұйғарып отырмыз.

– Рамазан – ораза тұтумен қатар, қайырымдылық айы. Бұл тұрғыда қандай шаруа жоспарланып жатыр?

– Қайырымдылық шарасы мешітте жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Былтырғы ораза айында 70 отбасыға ұн, шәй, шекері, күріш сынды азық-түлік өнімдері таратылды. Одан бөлек ауданда мұқтаж отбасыға 6 үй табыс етілді. Осының бәрі қармақшылық ағайынның мешітке жасаған қайырымдылық үлесі. Биыл да қысыл-таяңды ескере отырып, одан да ауқымды қайырымды шараны жоспарлап отырмыз.

– Ораза айында уақытты қалай өткізуге кеңес берер едіңіз?

– Пайғамбарымыз хадисінде «Адам баласының қадірі жете бермейтін екі ұлы нығметі бар, біріншісі – денсаулық, екіншісі – бос уақыт» дейді. Осындай бос уақытымызда рамазан айында онлайн дәрістерге қатысып, балаларымызға оразаның қадір қасиетін түсіндіріп, үйде отырып індеттің таралмауына қайыр дұға ететін болсақ көптің дұғасы қабыл демекші, рамазан айының берекетіне осы аурудан айығармыз деп үміт етемін. Сонымен қатар Қадір түні 19 мамырдан 20 мамырға қараған түнге сәйкес келіп жатыр. Бұл түнді де өз үйіңізде, бала-шағаңыздың ортасында уағыз насихатпен, дұғамен өткізсеңіз олда бір жақсы сауаптан дер едім. Айтулы айдың қадір-қасиетін сезініп, зор сауаппен өткізуге Хақ Тағала баршамызды нәсіп етсін. Халқымыздың ауызбіршілігін мықтап, берекелі қылсын. Індеттен аман-есен құтылып, мешіттерде бір-бірімізбен қауышуды жазсын деп тілеймін.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұқбаттасқан Ерсін СӘДУҰЛЫ
21 сәуір 2020 ж. 1 361 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 045

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031