» » » Шолпан ҰҒЫБАЙҚЫЗЫ: «Апаларымызды ардақтайық десек...»

Шолпан ҰҒЫБАЙҚЫЗЫ: «Апаларымызды ардақтайық десек...»


«Ақ босаға» газеті – ҚР Журналистер одағының Нәзипа Құлжанова атындағы сыйлығының иегері. ҚР Президенті жанындағы отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының шешімімен «Әйел басқарған үздік кәсіпорын» атанып, бірнеше грамоталарын иеленген. ҚР мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, республикалық «Жүректен – жүрекке» байқауында «Үздік қазақтілді басылым» атағын жеңіп алған. Ұлттық құндылықтарымызды, ұмытыла бастаған әдет-ғұрыптарымызды жаңғыртып, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі Қыз Жібек пен Баянның бұрымды сіңлілерін іздеп тауып, бірнеше рет «Қолаңшаш ару» байқауын өткізген де «Ақ босаға». Журналистер күні қарсаңында «Ақ босаға» газетінің құрылтайшысы, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Шолпан Ұғыбайқызымен сұқбаттасқан едік.

– Тәуелсіз еліміздің та­ри­хындағы қазақ қыз-келін­шек­тері мен отбасыларына арнал­ған алғашқы тәуелсіз басылым «Ақ босағаның» жарыққа шық­қанына биыл 30 жыл толып отыр. Демек, газеттің де өзіндік тарихы бар. Өткенге шегініс жасап, «Ақ бо­­сағаның» алғашқы саны қалай жарық көргені жөнінде айта кетсеңіз.
– Иә. Бұл тарих деген еске алғанда қашанда адамның көңіліне сағыныш үйіріп, жүрегіңді аз-маз толқытып кететіні бар. Өмірдің заңы да сол ғой. Бір өкініш, бір қуаныш – бәрі алма-кезек... «Ақ босағаның» алғашқы санын шығаруды іштей ойлап, жоспарлап жүрген кезде Әмина қажы Нұғыман апам екеуміз 1990 жылдың қысында сол тұста ғасыр жасап, көненің көзіндей болып отырған Мариям Хакімжанова анамыздың алдына барып, батасын алғанбыз. Пейіште нұры шалқысын, бүгінде екеуі де ортамызда жоқ. Мариям ана өзінің ұлғайған жасына қарамай, ширақ қозғалып барып, қолына қаламын алып, «Ақ босаға! Құтты болсын өрісің!» деп жыр жолдарын төгіп жіберді. Қарт ананың ақ тілеуінен артық не бар! Сол кісінің батасынан қанаттанып, жолда кездес­кен қиыншылықтардың бәрін жеңе отырып, 1991 жылдың 7-ақпанында 7 мың данамен газетіміздің алғашқы саны оқырмандарға жол тартты. Бір қызығы, жыл бойы бәріміз де жалақы алмай, қоғамдық негізде қызмет еттік. Халыққа қызмет етудің шынайы үлгісі осы болса керек. Марқұм Әмина қажы Нұғыман апам Алматының бұрынғы Коммунистік көшесі мен Гоголь көшелері қиылысқан жердегі үлкен үйде тұрды. Ол кісінің мекен-жайын білмейтін адам жоқ сияқты көрінетін. Әсіресе, Мұсылман әйелдері ұйымын құрғысы келіп, кеңес алғысы келген ақжаулықтының бәрі таңертең сол үйден шығып жататын. Сол үйдің бір бұрышына ақ жаулықты Ана кейпіндегі бюстін орнатып, тиісті органдар бұл үйде қоғам қайраткері ана­мыздың тұрғанын жазып қой­са, тарихымыздың бір бөлшегі бүтін­делер еді.
Сол сияқты, алаш арыстары А.Байтұрсыновтың қызы Шолпан, М.Дулатовтың қызы Гүлнар апалармен де араласып, арғы тарихымыздан алған тағылымым баршылық.
– «Отызда орда бұзар» деген, 30 жылдығын тойлап отырған «Ақ босағадай» газет қазіргідей қоғамның алмағайып өміріне батыл араласып, көптің көкейінде жүрген ана мен балаға қатысты мәселелерді ашық айтып, жазып та жүр. Айтыңызшы, әйел-аналардың рөлін қалай көтеруге болады?
– Әу бастан «Ырыс алды – ынтымақ» ұранымен шығатын газеті­­міздің негізгі қамтитын мә­селесі қазақ отбасыларының өтпелі нарық кезеңіндегі тартып отырған тауқыметі мен одан шығудың жолдарын көрсету ғана емес, іздестіру еді. Қарап отырсақ, қазақ әйелінің аянышты да ауыр халі Амазонкалардан кейін басталып, зар заманнан бері бүгінге дейін жалғасып келеді емес пе? Кеудесіне тартқан көрпесі аяғына жетпей, қызыл қарын жас балаға тарысы болса көже пісіріп беретін әжелердің көрген құқайларын үнемі көз алдыма елестетіп отырдым. Солардың кейпіне енуге тырыстым. Кез келген журналистің негізгі міндеті – алқалы әлеуметтің сөзін сөйлеу, жыртысын жырту, осы жолдан тайсалмай, шындыққа негізделген дүниелер жазу. Бұл тұрғыда біз сең бұзушы емеспіз. Өткен тарихымызда қазақтың кейінгіге үлгі етіп, есте мәңгі сақтайтындай тұлғаға айналған аяулы қыздары аз емес. Бірақ та, айтылып-жазылғанмен нақты іске келгенде жоқтаушысы бол­мағандықтан ба, лайықты ба­ғасын алып, мемлекеттік деңгейде қамқорлық пен құрмет, марапат, бір ауыз жылы сөз естімей, жоқшылықта өлген апаларым да еске түсіп отыр. Сара Есова, Нәзипа Құлжанова, Хиуаз Доспановалардың ғұмырының соңғы күндері өте ұқсас және бірдей аянышты. Бірі қазақ әйелінің теңдігі үшін күрессе, бірі қазақ қыздарынан шыққан алғашқы редактор. Жау тұрағын бомбалағыш ұшақтан қараңғы түнде қалт жібермей тауып, жойып отырған Х.Доспанова нағыз көзсіз батыр. Жаңадан бой көтеріп, құрылысы көкке құлаш сермеген әйгілі астананың және басқа да елді мекендердің жаңа көшелеріне осы апаларымыздың атын берсе әбден лайық. Сонымен қатар, кеңестік кезеңнен бері жаңғыртылмай, ұмыт қалып, «Междуреченск», «Заречный», «Архангельск», «Цветочное» сияқты келеңсіз аталған жерлер мен ауылдарды осылардың атымен атаса болар еді. Ал кейіпкеріңмен «айта алмасаң – саған серт, жаза алмасам – маған серт» деп ағынан жарылу әрбір журналистке жазылмаған заң, ескірмейтін ереже болу керек. Біз қал-қадырымызша осы бағыттан таймай келеміз.
Қоғамда адамдарды «қаланыкі», «даланыкі» деп бөлу әлі де бар. Ендігі мақсатымыз – ауыл қыз-келіншектерінің өзіндік менін көтеріп, өркениетке жымдасып жігін білдірмей, сіңіп кетуге шақыру болсын. Дегенмен қазақы ұяңдықты қаланың қыздары бойынан ысырып тастап, басқа мәдениеттің жетегінде кете берсін деген тілегім жоқ.
– Қыздар демекші, қазақтың қыздары ертеден ар-намысты жоғары қойған ғой. Осы қасиет қыздарымыздың бойынан кетіп бара жатқан жоқ па? Олай дейтінім, тастанды бала, азаматтық некеге тұру, ажырасу сияқты келеңсіз жайттар азаймай отыр емес пе?
– Иә, өкінішке орай, ондай жайттар тыйылар емес. Әрине, «бұрын сондай болған, қазір де солай болсын» деген қағидамен алға жылжи алмаймыз. Бірақ, ұлттық негізден ажырамай, ұлттық жадыны сақтап қала алсақ қана, жаһанданудың жаман жақтарынан аман қаламыз.
Бүгінгі қыздардың ерекшелігі – интернет заманында өмір сүріп жатқандықтан ойы еркін, заманауи кәсіпті жылдам меңгереді әрі көбісі ағылшын тіліне жетік. Орта Азия елдерінде өзге ұлттармен салыстырғанда қазақ қыздары еуропалану үрдісіне бейімделіп, жаңа образға жылдам енді. Кеңістігі кеңейген қыздарды құрсаулап ұстауға да болмайды, тек сол мүм­кіндіктерді дұрыс бағытқа бұра білу қажет. Мысалы шетелге білім қуып немесе жұмыс іздеп кетіп жатқан қыздар елге оралғысы келмейді. Олардың бәрінің бірдей жолы болып жатқан жоқ, арасында түрлі жағдайда қаза тапқаны қаншама. Қыз болсын, ұл болсын, ұрпағымыздың бойына ес білгеннен сыртқы жағымсыз әсерге қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру керек. Ол – жоғарыда айтқанымдай, ұлтымыздың асыл қасиеттерін бо­йына сіңіру. Отбасында дұрыс тәлім-тәрбие көрген, қазақылықты бойына сіңірген бала ешкімнің ықпалында кетпейді. Кезінде Мұсылман Әйел­дері одағында жүргенімде балалар үйіндегі мұ­сыл­ман текті ұлдарды сүндетке отырғызуды бас­тап және шетелге бала жібермеудің қа­жеттігін айтып, шырылдаған да едік. Оған дейін бұрын-соңды жетімектерді сүндеттеу ешкімнің ойына келмеген шаруа екен. Бос уағыз, ақыл айтқаннан гөрі үлгі боларлық осындай іс-шаралар арқылы қазақылықты шамамыз келгенше насихаттай беруіміз керек. «Ақ босағаның» ұстанған бір бағыты да сол – келер ұрпақ тамырынан ажырамаса екен дейміз. Газет ұжымы бас болып ұйымдастырған «Қолаңшаш ару» байқауы да осы бір ойдан туындаған еді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған бұрым­дылар сайысы арқылы қазақ қы­зына тән ибалықты, сыпайылық пен ізеттілікті насихаттай білдік. Кезінде Әбіш Кекілбаев біздің газетке берген мақаласында: «Отбасы түзелмей, Отан түзелмейді... Ұлттық дамуымызға жаңа қарқын, жаңа сипат бітірер тұста жеткіншектерімізде адалдыққа, меймандостыққа, бау­ыр­­малдыққа, кеңпейілділікке тәрбие­леумен қоса, ыждаһатқа, ұрым­­тал қимылдап, ұпайын ешкімге ұғым­талдыққа, намысшылдыққа тәрбие­леуге баса көңіл бөлінсе, лазым» деген екен. Олай болса, қоғам­дағы өзекті мәселелердің дені отбасынан, ошақ басынан бастау алатын тәрбиеде жатыр.
– Бұл жолда «Ақ босағаның» да атқарар жүгі ауыр ғой, осы уақытқа дейін газет ақ жаулықты аналардың үні, қызғалдақ қыздар­дың ақылшы ұстазы болып келеді. Көптің жүрегін жаулап алу сырымен бөліссеңіз?
– Оқырмандарымыздың негі­зін құрап отырған ауыл халқы. Сондықтан да, ауылдардың тыныс-тіршілігімен қатар елге белгілі тұл­ғалар, өнер жұлдыздары, мә­де­ниет қайраткерлері, медицина саласының белді-белді мамандары да үнемі «Ақ босағаның» төрінде оқырманмен ашық-жарқын сыр бөліседі. Газет басқа да бас­па өнімдері тәрізді, күнделікті жұмысында оқырмандар хаты мен лебізіне жіті көңіл бөлуі керек. Әрбір хат мыңдаған оқырманның ойын жеткізеді деген журналистер арасында қағида бар. Сол қағида бо­йынша газет бетінде жарық көрген дүниелерге ой-пікірін қосқан, ұсыныстары мен арыз-шағымдарын айтқан хат-хабардың бірін де назардан тыс қалдырмаймыз. Бәрі есте тұра бермейді ғой, «Ақ босағаның» тұрмыстан бейнет көріп, тіршіліктен қажып, бұл дүниені баз етпекке бел буған талайлардың тағдырына араша болып, отбасына оралуына қосқан үлесі баршылық. Ондай хаттар Оңтүстік өңірден көбірек келетін. Кейбіреуін дағдарыс орталықтарына барып, психологиялық көмек алуға жіберіп отырдық. Бір мысал, өзінің туған енесі күңше жұмсап, төрт баласы есейіп-ержеткенше ешқандай құқық бермей, тіпті газет-журнал жаздырып алуға тыйым салатын бір келіншектің шер-шеменін тыңдадық. «Өзің де ене болуға таяп қалыпсың, қамықпа, осы өміріңнен сабақ алып кейін үлгілі ене болуға тырыс, газетті үйіңе ала алмасаң, көршіңнің үйіне жаздырып алмайсың ба?» деген қарапайым кеңесімізден кейін бұл ақылымызды тыңдағанын, «Ақ босағаның» әрбір санынан шер тарқатқан кейбір замандастарының хал-ахуалының өзінікінен де күрделі екендігін оқып-біліп, тәубеге келгенін, сөйтіп енесіне бола шаңырағының шырқын бұзбай, сақтап қалуға ерік-жігері жеткенін хабарлады. Бүгінде ол абзал ана атанып, есті ене болып отырғанын да білеміз. Аты-жөні жасырын қалуды өтінгендер ғана емес, хатты ашынғаннан күйеуінен көрген құқайын ашық жазып, мекен-жайы мен тегін түстеп көрсеткен әйел затының ертеңгі күнін ойлап, сабырға шақырып, есімдерін өзгертіп жазып, хабарсыз қалдырмау – біздің редакцияның ішкі тәртіптерінің бірі.
– «Ақ босаға» оқырмандарының дені ауыл тұрғындары деп қал­дыңыз. Қызылордалық, оның ішін­де Қармақшы ауданының қыз-келіншектерімен байланыс ор­наған ба?
– Осыдан 10-15 жылдай бұрын «Ақ босағаның» тиражы басқа басылымдармен салыстырғанда республика бойынша алдыңғы орынды бермей келген болатын. Сол кезде газетке жазылған оқырмандардың тең жартысы осы Қызылорда облысынан еді. Оның ішінде, әрине, Қармақшы ауданының қыз-келіншектері де бар. Сыр бойының тұрғындарынан келетін хат-хабар да аз болмады. Қазір, өкінішке орай, бұл көрсеткіш әлдеқайда төмендеген. Біз ғана емес, барлық басылымдар солай. Бұған интернет, әлеуметтік желі дегендер себепші болуы да мүмкін. Десе де біз әлі де оқырмандардың лебізіне бөленіп, олардың қолдауымен жарыққа шығып келеміз. Орайы келгенде айта кетейін, «Ақ босаға» газетіне жартыжылдыққа жазылу ұйымдастырған жанашыр жан­ға кепілдендірілген сыйымыз да бар. Жалпы, газеттегі әр ма­қалаға пікір айтып, ой бөлісіп отыратын оқырман хатын жауапсыз қалдырмайтынымызды еске саламыз. Оған кезінде, Сәр­сенкүл, өзің де куә болған едің. Есіңде болса, студент кезіңде «Ақ босағаға» мақала жазғаның бар. Міне, осыдан-ақ «Ақ босағаның» қазақ қыздарының қаламының ұшталуына да септесіп жүргеніне куә бола алады.
Айтпақшы, жоғарыда тілге тиек еткен «Қолаңшаш ару» байқауы Алматы төріндегі өнер ордасында өтіп жатқанда Қызылорда облысынан ат арылтып бір топ апа-әжелеріміз де келіп құрметті қонақ болып, бата беріп кеткен болатын. Сол себепті де қызылордалық оқырмандар бізге әрдайым ыстық. Сондай-ақ бүгінгі «Қармақшы таңы» газетінің 10 000-шы нөмірі оқырманға жол тартып жатыр екен. Бәрі де құтты болсын. Оқырмандарыңыз көбейе берсін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
08 маусым 2021 ж. 1 062 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031