» » » Құмарбек Қалқатаев: «Қазақ сахнасында Әмірені алғаш сомдадым»

Құмарбек Қалқатаев: «Қазақ сахнасында Әмірені алғаш сомдадым»

Сәті түскен сұқбаттың кейіпкері – ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актёр, әнші, сазгер. ШҚО, Күршім ауданы, Жылытау ауылында дүниеге келген. Өнер жолын облыстық филармонияда 1989 жылы әнші болып бас­тап, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк училищесін, дәстүрлі ән бөлімін, Жәнібек Кәрменов класын бітіріп, Темірбек Жүргенов атындағы Театр және кино институты, профессор Маман Байсеркенов шеберханасында оқыған. Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық театрдың іргетасын қалаушылардың бірі. Әрі сол театрда 25 жылдай қызмет етті. «Шәкәрім» спектаклінде – Шәкәрім, «Әншінің пірі – Әміре» моноспектаклінде – Әмірені және 80-ге жуық рөл сомдаған. Дәстүрлі әншілер конкурсының лауреа­ты. Композиторлық жолда 30 шақты жазған әндерімен қоса Халықаралық «Жас қанат», «Тюрквижн», ЭКСПО-да жеңімпаз болған әндері бар. Сонымен қатар Қазақстанға танымал әншілердің өлеңдерінің авторы.

– Аға, өзіңізді мәдениет майталманы ретінде жақсы танимыз. Композиторлық, әншілік, актёрлық қарымыңыз бір төбе қазақ тілінің жанашыры екеніңізді де сұқбаттарыңыздан байқадық. Әңгімемізді бастамас бұрын, әріге көз тас­тап, бала Құмарбектің балалық шағына саяхаттасақ.
– Бүгін өздеріңізбен сұқбаттасып отырғаныма қуаныштымын. Әрине, өнер деген сан қилы. Жылытау өңірінде шыр етіп дүниемен дидарластым. Нағашы әжем сол Шығыста аты көпке танымал, ақын, әнші, композитор Құмарбек Көпенұлына ұқсасын деп есімімді «Құмарбек» қойыпты. Үйде 4 баланың ішіндегі ең кішісі болдым. Мұхтар Әуезов айтқан екен ғой «Өнерге жақын адам мейірімді болып өседі» деп. Сол секілді бала күнімнен, 5 жасымнан бастап домбырада ойнадым. Өнерге жақын өстім.
– "Жігітке жеті өнер де аз дейді" ғой. Бойыңызда тағы біз білмейтін қандай қырыңыз бар?
– Бойда халық білмейтін өнер кө-өп. Нәски тоқимын деп айтсам өтірік болар (күлді). Жалпы бала күнімнен сурет салғанды жақсы көретінмін. Жазуым да өте әдемі болатын. Тайға таңба басқандай етіп дәптер бетіне түсіруді ұнататынмын. Бірақ соңғы кездері суретке ден қоймай жүрмін. Қазіргі заман ағымы шығар, жұмысбастылықтан арылмай жатамыз. Дегенмен спортқа өте бейіммін. Есік алдында көрші балалармен футбол ойнаймын. Онымен қоса волейбол, үстел теннисін ойнауда қарсыластарымды артқа тастаймын.
– Осы көбі шығармашыл жанды көңіл-күйдің адамы дейді. Айтыңызшы, ал сіз қандайсыз?
– Ол рас. Өйткені көңіл-күйің болмаса ән де жазылмайды, айтылмайды. Сол үшін өзімнің, өзгенің көңілін түсірмеуге тырысамын. Бастысы – позитивті жақсы көремін. Владимир Высоцкий «Мен адамның тек жақсы жағын көремін, ал қалған жаман жағын өзі көрсетеді» деген екен. Сол секілді мен бұл өмірде жақсылыққа құштармын, әдемілікті, сұлулықты көруге құштармын. Себебі сұлулықтың бәрі ақынға шабыт береді. Жақсылықты көре білген адам ғана айналасына нұр шаша алады.
– Ғажап әлем көп болса соның бірегейі – театр. Сол ғажайыпқа талайы түрлі жолмен келді. Ал сіз ше?
– Әр таланттың өнерге келген жолы әртүрлі ғой. Ұстазым Жәнібек Кәрменов деген дүлдүл әнші жол апатынан қайтыс болды. Сол кездері қолыма домбыра ұстамайтын күйге жеттім. Өзің пір тұтқан ұстазыңды жоғалту өте ауыр. Қалай екені белгісіз, әйтеуір оқуды бітіре сала театр институтына оқуға түстім. Сол сәттен бас­тап актёрлық өнерімнің жаңа парақшасы ашылды. Солай Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының алғашқы қарлығаштарының бірі болдық. Актёрдың толысуы оның толайым табыстарға жетіп, атақ-даңқтан кенде болмауымен ғана өлшенбейді. Әманда, «жеттім, жетілдім» деген тоқмейілсудің соңы тоқырауға әкелетінін жақсы білеміз. Бірде Жарқын Шәкәрім деген Әміре Қашаубаевты зерттеген күйші кісі қоңырау шалды. Айтуынша, қазақ театр тарихында Әмірені толық сахналаған, сахнаға шығарған мен екенмін. Яки бірінші болып ойнағанмын. Сондай тарихта қалар еңбегім бар.
– Әнші, композитор, әртіс... Бұл талант­тың бірі біреуде болса, ендігісіне бұйыра бермейтін бақ. Сізге қайсысы жақын?
– Сұрақ өте ұнап отыр. Өйткені бұл бізге ата-бабадан қалған мирас қой. Кезіндегі Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Шәкен Аймановтың өзі әнші де, әртіс, композитор да болған. Сол секілді үш өнерді бірге ұстап жүру оңай емес, әрине. Қайсысы маған жақын деу қиын. Өмірдің сан қилы кезеңдері болады. Кейде театр болған соң қызғаныштың көрінісі орын алады. Бірде Шәмшінің рөлін маған бермеді. Оған мен өкпелемедім. Керісінше соған бөлінер уақыт аралығында ән шығардым. Қандай да бір мәселе болмасын жақсылық іздеуге тырысамын. Қай өнер болмасын барлығына да сүйіспеншілікпен қараймын. Таланттың барлығы да бойыңнан шығады, еңбекпен келеді. Сол үшін әр өнеріңе жанашырлықпен, ерекше сезіммен қарайсың. Мәселен әрбір әннің өзіндік шығу тарихы бар. Соның бірі – қазақтың ең алғашқы тракторшы қызы Кәмшат Дөненбаева апамызға арнаған екі әнім.
– Қазақтың қазіргі өнер әлемі хақында түрлі пікір бар. Сіздің ойыңыз қандай? "Әттең-ай" дейтін тұстар кезіге ме?
– Әрине, өнер болған соң, өмір болған соң әртүрлі жағдайлар болып жатады. Өнер деген тылсым дүние. Ол адалдықты, тазалықты талап етеді. Өнерде жағымсыз қылықтар, қызғаныш болғанды өнер деп санамаймын. Себебі өнердің әртүрлі жолы бар. Біреуі таныспен танылса, ендігісі плагиат арқылы көпшілікке шығып, өзгенің әнін ұрлап жатады. Сондай жағдайды көргенде әрине, көңілің құлазиды. Қазір әттеген-айлар көп. Мәселен, біздегі кино жанры өзге елдерге қарағанда анағұрлым әлсіз. Әйтпесе бүкіл қазақтың қаймақтарын насихаттап, сонау сан қилы трагедиялық тарихынан көрсетуге болады. Тіпті ашаршылық жылдарындағы әрбір жанұяның басынан өткен жағдайын, соғыс жылдарын, келмеске кеткендерді соның бәрін киноға түсіруге болар еді. Көп жерде айтып жүремін, экранға шыққан қай-қайсысы болмасын тілдерін де түзеп шығуы керек. Ана тіліміздің мәселесі мені қатты ойландырады. Өйткені тіліміз шұбарланды, көбі орыс тілінде сөйлейді. Қадір Мырза Әлі ағамыздың «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген өлеңі есіме түсіп отыр. Өзім орыс мектебін бітірсем де қазақ тілін таза сөйлеуге тырысамын, қазақ тілінде таза сөйлеймін де сөйлеп жүрмін.
– Қасиетті Қармақшы өңірі жайында не айтасыз?
– Әлемге әйгілі бір ғұлама ғалымның «Қорқытты қадірлеудің Сыр бойында мыңжылдық өнегесі бар» деп түйіндеуі – жәмиғы қазаққа ортақ берілген асыл баға емес пе? Ал Қорқыттанудың алауын жаққан Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаевтардың ғасырлар қойнауынан ой маржанын терген құнарлы зерттеулері жас ұрпақ үшін ғылыми танымның көкжиегін кеңіткен мұнара. Осынау төрінде Қорқыт бабасы, қойнауында жыр мұрасы бар қасиетті Қармақшы мекені – Байқоңыр ғарыш айлағымен де көпке танымал. Осындай жердің төл басылымына сұқбат беріп отырғаныма алғысым шексіз.
– Әңгімеңізге рақмет, шығар­ма­шылық табыс тілейміз!
Сұқбаттасқан Айнұр ӘЛИ
01 мамыр 2021 ж. 951 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031