» » » Аман АБАСИЛОВ: "Қазақ әліпбиі – қазақ дыбыстарының ғана таңбаларынан тұруы керек"

Аман АБАСИЛОВ: "Қазақ әліпбиі – қазақ дыбыстарының ғана таңбаларынан тұруы керек"

Тіл – халықтың қуатты құралы. Қарым-қатынаста ғана емес, рухани, мәдени өзегіміздің басты нышаны. 2018 жылы Елбасы Жарлығымен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі бекітілді. Осыған сай, құзырлы орындарға бірқатар тапсырмалар берілді. Бүгінгі таңда елімізде ана тілінің латын қарпіне көшу саясаты қалай жүруде? Оның қолданыс аясының ауқымы қандай болмақ? Осы сұрақтар төңірегінде филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, социолингвист-ғалым Аман Абасиловтан сұраған болатынбыз.

– Аман Мәделханұлы, сіздің бірнеше монография мен ғылыми еңбектердің авторы екеніңізді білеміз. Тіл білімі саласына қалай келдіңіз?
– Біздің қатарласымыздың көпшілігі балалық шақта космонавт болуды армандаған. Мен де солай. Одан есейе келе заңгер болуды қаладық. Бірақ оған қол жетпеді. Әскерден келген соң 1986 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының дайындық бөліміне оқып, келесі жылы филология факультетінің бірінші курсына қабылдандым. Біздің студенттік кезеңіміз саяси бостандықты талап еткен ызғарлы Желтоқсан оқиғасымен басталып, тілімізге мемлекеттік тіл мәртебесі берілген, Кеңестер Одағы деген дүрілдеген державаның құлап, тәуелсіз мемлекеттер құрылған уақытына тап келді. Осыншама тарихи оқиғалардың бел ортасында жүрген сол кезеңдегі студент жастар өте белсенді еді. Әсіресе орыстанып кеткен Алматы қаласындағы көрнекі ақпараттар мен түрлі нысан атауларын, жарнамалар мен осы секілді дүниелерді мемлекеттік тілде жазылуына, қазақ тілінде аталуына, тұрғындардың мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасап, сол ана тілінде сөйлеуіне тынбай жұмыс істедік. Қазақ тілінің орыс тілінің көлеңкесінде қалып, дами алмай отырғанына қынжылдық. Тілдің тілден артықшылығы не кемшілігі оның лексикалық қоры мен грамматикалық құрылысының мықтылығында немесе нашарлығында емес, сөйлеушілерінің саны мен қоғамдық қызмет аясына байланысты екенін сонда ұқтық. Сөйтіп тілдің қоғамдық қызметін зерттейтін тіл білімінің жаңа бағыты әлеуметтік лингвистика саласымен айналысуды, соны зерттеуге бет бұрдым.
– Таңдауыңыздың не себептен әлеуметтік лингвистикаға түскенін айтпаспа екенсіз? Оның ішінде еліміздің солтүстігіне басымдық беріпсіз?
– Оқырмандарға түсінікті болу үшін тіл білімінің жаңа зерттеу бағытынан мәлімет бере кетейін. Әлеуметтік лингвистика деген бірнеше ғылымның: әлеуметтану, тіл білімі, философия, саясаттану, демография, психология тағы басқасының шекарасынан пайда болған пәнаралық сала. Ол тілдің қоғамдағы қызметін қарастырады, яғни адамдар күнделікті өмірде қандай әлеуметтік рөлде болса, сол рөлі бойынша сөз саптайды. Дәстүрлі лингвистика адамдар тілді қалай дұрыс сөйлеп, қалай дұрыс жазуын қадағаласа, әлеуметтік линвистика қоғамда адамдар қалыптасқан тілдік норманы неге бұзады, неге қате сөйлеп, неге қате жазады дегеннің себебін, оған әсер етуші факторларды зерттейді. Ол сондай-ақ тілді қалай саналы түрде дамытуды немесе құртып жоюды зерттеп, жоспарлай алады. Басқаша айтқанда, адам саналы түрде тілден нені өзгерткісі келсе, ол өзгертуге көнсе соны зерттейді. Менің осы саладағы зерттеу тақырыбым: «Қазақстан Республикасының солтүстік аймағындағы мемлекеттік тілдің қызметі, социолингвистикалық проблемалары, оларды шешу жолдары» деп аталды. Бұл тақырып сол кезде ең өзекті мәселе болса, қазір де солай. Оқу бітірген соң министрліктің арнайы жолдамасымен сол кездегі Целиноград қаласына келіп, солтүстіктегі бес облыстың (Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай) тілдік ахуалын зерттедім. Мемлекеттік тілді дамытудың аймақтық тұрғыдан дамытудың ғылыми жолын, теориялық, тәжірибелік мәселелерін қарастырдым. Өкінішке қарай бұл зерттеу нәтижелері қолданысқа енбеді, сондықтан солтүстіктегі мемлекеттік тіл проблемасы сол баяғы жартас күйінде әлі де өзекті болып тұр.
– Сіз үшін мемлекеттік тілдің маңызы қандай?
– Мемлекеттік тіл деген – мемлекет қомқорлығына алынған тіл. Ол – басқарудың институттанған тілі. Мұндай тілді әлем елдерінде «ресми тіл» деп атайды. «Мемлекеттік тіл» деген термин көбіне ТМД елдеріне ғана қолданылады. Осы жерде оқырмандарға түсінікті болуы үшін тағы айта кетейін: бұл екі термин бір мемлекет аумағында синоним ретінде қолданылады. Мысалы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» немесе «Қазақстан Республикасының ресми тілі – қазақ тілі». Кейде орыстар, орыстілділер әдейі «орыс тілі – ресми тіл» деп бөлектейді. Бұл дұрыс емес, саяси сауатсыздық. Қазақстанда бір ғана тілге мемлекеттік мәртебе берілген. Ол – қазақ тілі. Сол сияқты әлемде бір ғана мемлекет өзінің конституциясында мемлекеттік мәртебесі бар тілге мәртебесі жоқ тілді теңестіреді. Бұл – Қазақстан.
– Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның "Ана тілсіз халық болмайды. тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт дейді" деген сөзі бар. Ақпарат құралында ана тілінің мәселесі жиі айтылады. Сіздіңше қалай, бұл қазақ тілге деген құрметтің әлі де болса өз деңгейінде еместігін білдіре ме?
– Дұрыс айтасыз, біздің әбден мәңгүрттенген санамыз «Ана тілі» деген қасиетті ұғымнан алшақтап қалған. Кеңес заманында ана тілі деген қандай тіл дегенге «баланың ересектерден үйренген тілі», «ең жақсы білетін тіл» деген мәндес түсініктер беріліп, оның этнос пен биологиялық байланысы жоққа шығарылған. Соның салдарынан қазір еліміздегі орыстан өзге қаншама этнос өкілдері өз ана тілдеріне күмәнмен қарап, басым көпшілігі ұмытып, «жақсы білетін» орыс тілін ана тілім дейді. Өкінішке қарай оның арасында біздің қазақтар да бар. Өз ұлтының тілін, өз ана тілін өзіне оқытудың әдістемесін жасап, қыруар ақша жұмсап әлектеніп жатқан әлемдегі тағы бір жалғыз ел бар, ол – Қазақстан. Орыстар орыс тілін орыс еместерге оқыту үшін, немістер неміс тілін неміс еместерге меңгерту үшін, түрік тілін түрік еместер білуі үшін түрлі әдістемелер жасап, өз сөйлеушілерінің санын көбейтуге қаржы жұмсаса, қазақтар қазақтарға қазақ тілін оқытудың әдістемесін жасай алмай басы қатып жатыр. Оны ешқашан жасай алмайды да, өйткені ондай әдістеме жоқ. Ана тілі деген – отбасының тілі, сондықтан оның әдістемесі тек отбасында ғана болады.
– Енді әңгімені негізгі тақырыпқа ойыстырсақ. Қазір көп айтылатын да талқыланатын мәселенің бірі – әлемдік жаһанданудың жайы. Дүние дидарының 70 проценті латын қарпін қолданады дегенді күнделікті айтатын болдық. Біздің елімізде әлемдік жаңашылдыққа үн қоспақ ниетте әрі ана тіліміздің аясын кеңейту мақсатында үлкен жауапты қадамдар жасалуда. 1940 жылдан бүгінге дейін қолданылып жүрген кириллица әрпінен латын қарпіне көшу не үшін керек?
– Латын графикасын әлем халықтарының көбі пайдаланады. Оның себебі де бар. Айталық, кирилл әліпбиінің иесі – орыстар, грузин жазуының иесі – грузиндер, армян жазуы – армяндікі, араб графикасы – арабтікі, иеороглиф – қытайдікі. Әрқайсысының өз иесі бар. Ал латын графикасының иесі жоқ. Латын халқы да, ұлты да жоқ, латын тілі қазір өлі тілдер қатарында. Сондықтан иесі жоқ жазуды әр халық өзінің тілдік жүйесіне, дыбыстық ауанына ыңғайлап алады. Мысалы, латынға негізделген ағылшын жазуы, латыннегізді француз әліпбиі, неміс әліпбиі, түрік, әзербайжан, өзбек жазулары деген сияқты. Бізде сол ізбен латын графикасындағы қазақ әліпбиі немесе қазақ жазу деп аламыз. Бізде бір қалыптасқан жаман әдет бар, бұл – о баста бір сөз айтылса, соны қайталай беру. Мысалы, қазір бүкіл әлем елдері тәуелсіз, біреуге бағынышты болып отырған ешкім жоқ. Олар тәуелсіз Ресей, тәуелсіз Өзбекстан, тәуелсіз Қырғызстан деп айта бермейді. Ал біз тәуелсіз Қазақстан дегенді күнде бір рет айтпасақ, ұйықтай алмаймыз. Сол сияқты жаңағы елдердің бәрі де латын графикасындағы өзбек әліпбиі, латыннегізді ағылшын не француз жазу деп жатқан жоқ. Олар латын графикасы деген анықтауышты қолданбайды. Ал біз латын, латын графикасы деп қайталаудан жалықпаймыз. Осыдан халық біз қазақ тілін тастап латын тіліне көшекелі жатыр екенбіз деп те ойлап қалуы ғажап емес. Солай түсініп қалғандарға айтарымыз біз жаңа қазақ әліпбиін жасап жатырмыз. Оны болашақ үшін жасап жатырмыз, қазақ тілін бұзбай, бүлдірмей, сол асыл қалпында мәңгілікке қалдыру үшін жасап жатырмыз. Бұл күнде латын графикасын өздеріне біршама ыңғайлы етіп алған тіл – ағылшын тілі. Қалған француз, неміс, түрік, өзбек, азербайжан, тағы басқасы латын графикасын пайдалануларында шешілмей жатқан өзіндік проблемалары бар.
– Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында қозғалған өзекті мәселенің тағы бірі – латын қарпін қолданысқа енгізу болатын. Одан бері де 3 жылдай уақыт өтті. Осы аралықта нендей шаруа тындырылды? Не істелді? Нақты?
– Латынның жырын жырлағанымызға үш жыл болды. Бірақ қазақ тілі дыбыстарына лайықты әліпби жасау, тіл жүйесіне, заңдылығына сай емле құрастыру деген мәселелерде сол баяғы бастаған нүктемізде тұрмыз. Алға жылжуымыз жоғарыда айтып кеткендей тек латын әліпбиіне көшуіміз керек екенін, қазақ тілін реформалау қажет екенін түсіндіруде ғана болып отыр. Осының арқасында қазір халық әліпби ауыстыру деген бір әріпке екінші әріпті ауыстырып қана қою емес, орыстанып кеткен жазуымызды жат дыбыстан арылту, баяғы ата-бабамыз сөйлеген тіл дағдысын ұстану болуы керек. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жазу емлесін қалпына келтіру сияқты мәселелерді түсінді деп ойлаймын. Бұл да болса, жеңіс.
Қазір жаңа қазақ жазуын жасауда төрт мемлекеттік деңгейдегі жұмыс тобы жұмыс жасауда. Олардың біріншісі әліпби жасау ісімен, екіншісі жаңа жазудың емле ережесін құрастырумен, үшіншісі оны оқытудың әдістемесін жасаумен және төртіншісі жаңа әліпбиді компьютердің пернетақтасына енгізуден бастап барлық ақпараттық, техникалық мәселелерге дейінгі шаруалармен айналысуда. Бұл жердегі ең түйткілді мәселе әліпбидің өзінде болып тұр. Тіл маманы ретінде айтарым, қазір ұсынылып жүрген әліпби нұсқаларын лингвист-ғалым жасамаған сияқты. Әліпби жасау ісінің үш жылға созылуының себебі де осында болып отыр. Ана орыс сөзін, мына ағылшын сөзін қалай жазамыз деп жалтақтап жат дыбыстарды қайта қосып жатырмыз, алып жатырмыз. Мұндай әліпбидің, біріншіден, ғылыми негізі жоқ, екіншіден, тіл жүйесіне сай емес, сондықтан болашағы да бұлыңғыр болады. Бірақ бізге кері шегінуге болмайды, қазақ тілінің дыбыстарын ғана белгілейтін мінсіз жаңа қазақ әліпбиін жасауымыз және болашақта пайдалануымыз керек. Бұл біздің қолымыздан келеді.
– Өзіңіз білетіндей, қазақ халқының тарихында әртүрлі жазу үлгісіОның арасында түркіге ортақ саналған руна, дін етек ала бастағанда араб жазуы, сондай-ақ 1929-1940 жылдары латын графикасына бағытталған қаріп пайдаланылды. Бірақ кейіннен орыс орфографиясына көшіріліп, ол қазірге дейін қолданыста келеді. Жалпы латын қарпіне көшу елімізге не береді?
– Бұл сұраққа жоғарыда біршама жауап бергендей болдым. Қайталап айта кетейін, жаңа әліпби жасау деген бір әріпті екінші әріпке ауыстыру емес, жат дыбыстардың, сол қалпында алынған кірме сөздердің әсерінен табиғи қалпынан айырылып бара жатқан тілімізді сақтап қалу үшін, тілдік реформа жасау үшін керек болып отыр. Бұл қазір ең маңызды және кейінге қалдыруға болмайтын принципті мәселе.
– Республикада кириллицадан латын әрпіне көшу жайында сөз қозғала бастағанда алғашқы серпінмен мемлекетімізде "Жалпыхалықтық диктант" алынып, оған шамамен 2 миллион адам қатысты.
– Рас, ондай сынама жұмысы алынды. Ол жасалып жатқан әліпбидің кем-кетігін дұрыстау, халықтың пікірін білу және ғылым үшін керек. Бірақ бізде бұл олай емес, өздерінің жасағандарын қате болса да халықпен мақұлдатып алу үшін, әліпбидің жақсы болуы үшін емес, жоғарыға жақсы көріну үшін жасалатын сияқты...
– Өзіңіздің тарапыңыздан қандай да бір ұсынысыңыз бар ма?
– Қазақ әліпби қазақ дыбыстарының ғана таңбаларынан тұруы керек. Емлеміз тіл жүйесіне, тіл заңдылығына қарай жасалуы қажет. Бұл мәселелер менбілемдікке салынбай, ғылымға негізделіп шешілуі керек. Сонда тіліміз жаңа қарқында, жаңа сапада, таза, асыл күйінде халқына, болашағына қызмет етеді.
– Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Осы жылдарда қандай оңды өзгерістер байқадыңыз?
– Еліміз 30 жылда біраз табысқа жетті, өркендеді. Көп нәрсені үйренді, көп нәрсені игерді, көп нәрсені мойындады және мойындатты. Бірақ әлі де тілдік тәуелсіздікке жете алмай келеміз. Қазақты қазақ ететін, оның бірлігі мен елдігін сақтайтын басты тұғыры қасиетті тілі екендігін қазаққа аты мәлім барлық тұлғалары сөз еткен. Бұған, егер әл-Фарабиді қазақ дейтін болсақ, содан бастап, бүгінгі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейінгі ардақтыларымыздың сөздері дәлел бола алады.
– Газет оқырмандарына айтар тілегіңіз болса?
– Ел игілігіне жарамды жаңалықтарыңыз көп болсын. Жоғарыда сөз еткен ана тілі – отбасы тілі екенін ұмытпаңыздар! Отбасында ана тілінде тәрбие алмаған, білім алмаған бала отбасына да, еліне де жаны аши қоймайды. Мемлекеттік тіл деген – мәртебе. Ол еліміздегі қай тілден де лауазымы биік, мерейі үстем тіл. Сондықтан ол алдымен қатардағы мемлекеттік қызметкерден бастап, билік тұтқасын ұстап отырған президенттен бастап барлық шенділердің тіліне айналуы керек. Сонда ғана тіліміз өз тұғырына қонып, еліне қызмет ететін болады. Сол күндерге аман-есен жетейік!
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұқбатты жүргізген Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК

12 қаңтар 2021 ж. 2 121 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 067

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031