» » » Жарқын ОМАРОВ: «Ол да, сіз де, біз де ауырмайық десек...»

Жарқын ОМАРОВ: «Ол да, сіз де, біз де ауырмайық десек...»

Әлемді жайлап, ел-жұртты дүрліктірген пандемия айтып келген жоқ. Рас, өзіміз бастапқыда мән бермей, айтқан сақтықты орындамай өршітіп алдық. Алайда жақын-жуығынан айырылып, зар жылаған ана мен баланы, аға мен қарындасты көргенде жүрек шіркін тоқтап қалардай еді. Мемлекет басшысы індеттің алдын алу үшін жедел шешім қабылдап, пандемияға қарсы күрес жариялады. Тиісті шара күні бүгінге дейін ауданда да жалғасып келеді. Атқарылған жұмыстың нәтижесі қандай? Қауіпке қарсы қарекет қалай? Осы және өзге де сауалымызбен аудан әкімінің орынбасары Жарқын Омаровпен сұқбаттасқан болатынбыз.
– Жарқын Тұрмаханұлы, өзіңіз біле­тіндей қазіргі пандемия бүкіл әлем бойынша қаралы оқиға ретінде елдің есінде қалып отыр. Біздің қазақ халқы да арыс азаматтарынан айырылып қалды. Бұл әрине, өте өкінішті жағдай...
– Бұл кімге де жеңіл тимеді. Алдымен, жақынынан айырылған жандарға қай­ғырып көңіл айтамын. Әрине, «Ажал айтып келмейді» дегендей, бұл індет те айтып келмеді. Жанталастық, күрестік. Әлі де күресіп келе жатырмыз. Сол үшін ол да, сіз де, біз де ауырмайық десек, барлық ережені қатаң сақтап, сақтық шарасын орындауымыз қажет.
– Елде екінші толқын болуы мүмкін деп сақтықты күшейткеніміз рас. Оған дай­­­ын­дықты қалай жүзеге асырудасыздар?
– Қазан айының соңында Covid-19 инфекциясы анықталған 3 науқастан қайта сынамалар алынды. Ол облыстық «Ұлттық сараптама орталығының» вирусологиялық зертханасына жолданып, нәтижесінде теріс көрсеткішін берді. Ал науқастар медициналық бақылаудан алынған болатын. Қазір орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде ем алып жатқан науқас жоқ. Дегенмен бұл босаңсуға болады деген сөз емес. Әлде де сақтық шараларын сақтауымыз қажет. Бүгінде індеттің екінші толқынына жүйелі дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аудандық орталық ауруханасында КВИ инфекциясы науқастарына 30 орындық бокс палата, 100 төсек орындық провизорлық стационар, одан бөлек Аграрлы техникалық колледж жатақханасынан 100 орындық провизорлық стационар ашы­луға дайын. Ал Байқоңыр қаласы көп­бейінді ауруханасы жанынан 100, Ақайда 80 орын­дық провизорлық стационар жасақталды.
– Жасыратыны жоқ, арамызда әлі талапқа бағынбайтындар бар. Олардың бетпердесіз, арақашықтықты сақтамауы жиі байқалады. Одан бөлек жасырын жиын-той жасап жатқандары аз емес. Аудан әкімдігі жанынан құрылған мобильді топ бар. Ал атқарылған жұмыс қандай?
– Аудан әкімдігі жанынан құрылған мо­бильді топпен бірқатар жұмыстар ат­қарылды. Нәтижесінде, бүгінге дейін салын­ған айыппұлдар саны – 85 болса, жалпы сома – 4 097 550 теңге. Оның ішінде жеке тұлғаларға – 3 333 600 теңге көлемінде 83 айыппұл салынса, 638 940 теңге көлемінде 2 заңды тұлға айыппұл арқалады. Ал той-томалақ пен көпшілік шарада 64 заң­сыздық анықталды. Карантин талаптарын сақтамаған, яғни бетперде кимей, анти­септиксіз, қолғапсыз жүргендердің 21-і анықталды. Мобильді топтың жұмысы мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да індетпен күресумен қатар, сақтық шараны бақылауымыздан шығармаймыз.
– Дәрі тапшылығы сезілген маусым-шілде айлары әлі есімізде. Ендігі екінші толқында халық сұранысын қанағат­тандырып, дәріханалардағы кезекті болдырмау маңызды. Айтыңыз­шы, алдағы уақытта дәрі тапшылығын болдырмау үшін қандай шаралар қабылдануда?
– Сол тапшылық орын алған айларда аудандағы 13 дәріхана желілерінен дәрі қоры жөнінде күнделікті ақпарат алынып отырды. Бүгінде аудан дәріханаларында корановирустық пандемия жағдайында қабылдауға ұсынылған дәрі-дәрмектердің 39 түрінің қалыптасқан қоры – 160 660 да­наны құрайды. Аудандық аурухана маман­дарының жүргізген талдауларына сәйкес, ауру таралу кезеңінде 2 айдағы дәрі-дәрмектің болжамды қажеттілігінің көлемі – 118 439 дана. Бұл дегеніңіз, ауру таралған жағдайда аудан дәріханаларындағы дәрі-дәрмек қоры 2 айдан аса мерзімге жетеді деген сөз.
– Ауданда жүргізілген рейд барысында дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарының шекті уақыттан тыс жұ­мыс жасағаны анықталды ма? Мәселен, өзге аймақтарда жарықты өшіріп қо­й­ып, түнімен саудасын қыздырғандар кездесті. Егер мұндай жағдай орын алса, қандай шара қолданасыздар?
– Төтенше жағдай режимі енгізілген тұстан бастап белгілі шекті уақытта дүкен жабылуы қажет еді. Өз кезегінде мобильді топ күнделікті түнгі рейдке шығып отырды. Алдын ала насихат жұмыстары да жүргізілуде.
– Індет дендегенде екі өкпеден қысқан дерт тынысты тарылтқаны бар. Ондайда жасанды тыныстандыру аппараты жетіспей, біраз жан әбігерге түсті. Ол реттелді ғой уақытында. Ал қазір пандемияның екінші толқынына күресті бастап кеттік. «Сақтансаң, сақтайды» дейді. Жалпы ауруханада ИВЛ аппараты, басқа да қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті ме? Осыған тоқталып өтсеңіз.
– Аудандық аурухана бойынша наурыз айында 6 ИВЛ аппараты болған. Қазір оның саны 12-ге жетті. Оның 1-еуін демеушілер алып берсе, 5 ИВЛ аппарат Денсаулық сақтау басқармасынан 2 толқынға дайындық ретінде тапсырылған. Болжамды толқынға инфекция бөлімінде 6 реанимациялық орын қарастырылған. Аталған төсек орындар 6 ИВЛ аппаратымен толық қамтылған. Тынысы тарылғандарға, жағдайы орташа ауырлық болғандарға оттегі концентраты қосылады. Ал аудандық аурухана 42 аппарат оттегі концентратымен жабдықталған. Алға қойған жоспар, мақсат көп. Оның нәтижесі алдағы уақыт еншісінде. Құрметті аудан тұрғындары, сіздерді ауырмайтын жол іздеп, барынша сақтанып жүруге шақырамын.
– Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан Айнұр ӘЛИ
17 қараша 2020 ж. 1 535 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 148

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 141

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 291

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930