Мейрамгүл ҚАЙРАМБАЕВА: «Ақынды ұлықтау – ортақ міндет»
Мейрамгүл ҚАЙРАМБАЕВА, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары:
Жақында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып бекітілді. Бұл – ұлтымыз үшін Абайдың орны бөлек, оған деген құрметтің шексіз екенін аңғартады. 175 жылдық мерейтой, әрі Абайдың туған күніне орай тың мәліметтерді білмекке Семей қаласындағы музеймен байланысқан едік. Мерекелік іс-шаралар мен жоспарланған істердің көптігіне қарамастан бізге уақыт тауып, онлайн форматта сауалдарымызға жауап бергеніне ризашылық білдіреміз.
– Биыл Абай атамыздың туғанына 175 жыл. Осыған орай жыл басынан бергі атқарылған жұмыстар жайлы айтсаңыз?
– Абайдың 175 жылдық мерейтойы туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысы өткен жылы мамырда жарияланған болатын. Содан бері мерейтойды атап өту барысында көптеген жоспар құрылды. Солардың бірі – музейді жөндеу, абаттандыру. Бүгінде олар жоспарға сай орындалуда. Мерейтойға арналған шаралардан бұрын, музей тарихына тоқталайын. 1940 жылы сәуірде Абайдың 95 жылдығына орай М.Әуезовтің мұрындық болуымен музей ашу жөнінде үкімет қаулысы шығып, сол жылы 16 қазанда Семей қаласында көрерменге өз есігін ашты. Бұл музей Қазақстан аймағындағы тұңғыш әдеби-мемориалдық, жеке тұлғаға арналған музей еді. Музей ретінде Бекбай Байсовтың үйінің таңдалуына, оның тарихилығы ескерілді. Себебі 1904 жылы Абай қайтыс болғаннан кейінгі 40 күндік асы осы үйде берілген болатын. Бүгінде 80 жылды артқа тастаған музей еліміздегі ең үлкен қорық-музейлердің бірі. Өзге музейден ерекшелігі – тарихи тұлғаларға, оның ішінде Абай Құнанбайұлына және де оның ақын шәкірттеріне арналған 8 музейлік экспозициясы бар үлкен құрылым, рухани орда. Бұл бөлімдер Семей қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының Абай, Үржар аудандарында орналасқан. Рухани мекен 1990 жылға дейін Семей қаласындағы бас музей мен Жидебайдағы Абайдың музейінен ғана құралған болса, Абайдың 150 жылдығы қарсаңында музей маңындағы 6400 гектар жердің тарихилығы ескеріліп, қорық ретінде ұйымдастырылды. Бұл аумақта қазір Абай, Шәкәрім кесенесі, Абайдың музей үйі және Шәкәрім үйі, оның саят қорасының экспозициясы бар. Бұлардан басқа музей айналасында бірқатар тарихи жер мен орындар бар. Жидебайдағы Абайдың музей үйі, Абай, Шәкәрім кесенесі, Шәкәрім саят қорасы, Ұлжан, Зере кесенелеріне «Қазқайтажаңғырту» мекемесіне қарасты мәдениет министрлігінің республикалық маңызы бар ескерткіштерге жөндеу, ғылыми реставрациялық жұмыстар жүргізетін мекеме тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жидебайдағы қорықта жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар, Семей қаласындағы бас музей кешеніндегі жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын. Бұл кешен үш ғимараттан тұрады. Оның бірі – ХІХ ғасырдағы Көпес үйі. Бұл үйде Абайдың музейі 1969 жылдан бері орналасқан. Кейін Абайдың 150 жылдығын тойлайтын кезде осы музей ғимаратына қосымша күмбезді құрылыс салынды. Сондайақ Семейдегі Абай оқыған Ахмет Риза медресесі ағаш ғимарат еді. Соны музей территориясына көшіріп әкелді. Бұл аумақтағы экспозицияларға да жаңалау жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу, абаттандыру жұмыстарынан бөлек, мерейтойға орай Қазақстан өңірлерін аралайтын көшпелі көрме ұйымдастырған болатынбыз. Қаңтардан бері Нұрсұлтан, Павлодар, Ақмола облысындағы Ілияс Есенберлиннің, Алматы қаласындағы «Сирек кітаптар музейінде», Отырарда «Отырар қорық» музейінде, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында көшпелі көрме ұйымдастырылды. Алайда елдегі жағдайға орай көшпелі көрме жұмысы тоқтатылды. Бірақ біз онлайн форматта өз жұмысымызды жалғастырудамыз. Абай күніне орай 10 тамызда халықаралық ғылымиконференция, бағдарламалардың барлығы онлайн форматта өткізілді. Олар туралы әлеуметтік желідегі парақшадан көруге болады. Бұл шаралардың басты мақсаты – ұлы ақын мұрасын жан-жақты насихаттау. Музейдегі жұмыстың тағы бір қыры – баспа. Қазір «Абайтану» бойынша 5 томдық ірі баспа өнімі, жалпы саны 9 ірілі-ұсақты баспа материалдары дайындық үстінде.
– Музейге кім басшылық етеді?
– Бүгінде музейге Тұрдықұл Шаңбай басшылық етеді. Ол филология ғылымдарының кандидаты, көптеген энциклопедия дайындаған, энциклопедист ғалым. Оған дейін Жандос Әубәкір, Болат Жүнісбеков сынды ғалымдар музей тізгінін ұстады. 1974 жылдан 2010 жылға дейін ұзақ уақыт басшылық еткен Төкен Ибрагимов бүгінде өмірден өтті. Өкінішке орай, Абай, Шәкәрім ұрпақтары музей қызметкерлерінің қатарында жоқ. Тек қана, романдағы ертекші Баймағанбеттің немересі Ләйла Мүхлисқызы деген апамыз жұмыс істеген. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында зейнеттік демалыста. Әкесі жағынан Баймағанбеттің ұрпағы болса, шешесі жағынан Абай әулетіне жиен болып келеді. Ақылбайдан – Әлімқұл, Әлімқұлдан – Қауаш. Ләйла осы Қауаштың қызы.
– Музей қорында Абай атаның қандай ерекше, құнды дүниелері бар?
– Музей қорындағы ең құнды дүние, әрине ол Абайға тікелей қатысты заттар. Оның ішінде ерекше атап өтетініміз, ол Абайдың екі фотосуреті. Олар 1896 жылы балалары Ақылбай және Тұрағұлмен осы Семей қаласында фотограф Кузнецовтің ательесінде түскен және 1903 жылы өмірінің соңындағы киіз үй ішінде түсірілген отбасылық сурет. Бұл екі сурет те бізде сақтаулы тұр. Сонымен қатар Абайдың өзінің қолжазбасы – біз үшін өте құнды мұра. Соның бірі – 1896 жылы ұлы Мағауияға жазған хаты. Біз өз көрермендерімізге «Абай өз музейінің негізін өзі салып кетті» деп айтамыз. Себебі 1885 жылы Абайдың орыс досы Н.Долгополов Семейге саяси сенімсіз азамат ретінде жер аударылған. Өз денсаулығын түзеу мақсатында Абайдың ауылына барып, қымыз ішіп, екі айдай жатады. Сол кезде Семейдегі енді құрылып жатқан өлкетану музейіне қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты 60-тан аса зат алып қайтқан екен. Бұл заттарды кейіннен Қайым Мұхамедханов іздеп, 1963 жылы «Абайдың қосқан үлесі» атты мақаласын жазады. Сол мақалаға сүйенсек, ол кісі Абай заттарынан 23-ін ғана тапқан және ол заттардың кейбіреуі күтімсіздіктен тозған деп жазады. Ал 1964 жылы осы заттардың 17-і біздің музей қорына Абайға тікелей қатысы бар заттар ретінде берілген. Қазіргі күні бұл заттар біздің музейіміздің асыл қазынасы. Себебі ондай заттар аса көп емес. Жалпы Абай өмірден өткеннен кейін ұрпақтарының қудаланғанын еске алатын болсақ, көп заттың сақталмау себебін түсінуге болады. Ол кезде ұрпақтарының басты мақсаты Абай мұрасын сақтап қалу емес, өз бастарының амандығы мен жанын бағу керек болды. Сондай-ақ, көп ұрпағы Ұлы отан соғысына қатысып, қайтпай қалған. Нақтырақ тоқталсақ, ұлы ақын ұрпақтарынан 9 адам соғысқа аттанғанымен, 2 адам ғана амансау оралған. Біздің музей қорындағы тағы бір құнды мұралар – Семей қаласында Ахмет Риза медресесінің шатырынан табылған 252 кітап. Сол кітаптың барлығы сақталған. Кітаптарға шолу жасасақ, тек діни кітаптар емес, математика, анатомия, риторика, әлем тарихына байланысты оқулықтар, кітаптар болған. Бұл кітаптардан медреседе білімнің жан-жақты берілгенін көруге болады. Сондай-ақ арифметика, география ғылымдарын үйреткен. Абайдың туыстары мен ұрпақтарынан жиналған жәдігерлердің көбі Абайдың Жидебайдағы көрме үйінде орын алып, көрерменге көрсетілуде. Біздің музейдің тағы бір үлкен ерекшелігі әдеби-мемориалдық музей болғандықтан, жәдігерлеріміздің басым бөлігі ол қағаз негізді жәдігерлер. Музей тілімен айтсақ, сол қағаз негізді жәдігерлердің біраз бөлігі архивтік құжаттар. Бұл құжаттар сонау 1940 жылдан бері әртүрлі архив мекемелерінен жинақталған. Оның ішінде, мысалы Абайдың әкесі Құнанбайға қатысты құжаттардың өзі 1000 бетке жуық. Бұл тек қана бір көрсеткіш деуге болады. Архив құжаттарын іздестіру жұмыстары осы уақытқа дейін толастаған емес. Ғылыми іссапар барысында әлі де тың деректер табылып жатады. Соның бірі – 1893 жылы Мұқыр болысына болыстыққа сайлану туралы бұйрық. Абай қырықтан асқан соң ел билеу ісінен жырақтап, тек шығармашылықпен айналысты деп айтылатын. Ал Абайдың әкесі Құнанбай туралы естелігінде «Менің болыстыққа сайлануымды ауыл ақсақалдары қолдап, ұсыныс білдірді» дегені бар. Алайда бұл туралы нақты дерек болмағандықтан, бұл ақпарат айтылмайтын. Соңғы уақыттағы іссапар нәтижесінде бұл деректің рас екендігіне көз жеткіздік. Бұл да Абай ғұмырнамасының бір құжаты болып отыр. Мұндай архив құжаттары әлі де табылады деген сенімдеміз.
– «Абайтану» оқулығының шығуына көзқарасыңыз?
– Абайтану сабағы міндетті түрде керек. Оған ерекше маңыз беріліп отыр. Бұл өте дұрыс. Себебі, оқушы тұрмақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің өзі де деректің аздығынан теріс мәлімет беріп жатқанын өз мұғалімдерімізден көріп отырмыз. Сондықтан соңғы 3-4 жыл көлемінде Абай өміріне, шығармашылығына қатысты ұдайы семинарлар ұйымдастырып отырмыз. Бұл семинарлардың мұғалімдер үшін қажет екеніне көзіміз жетуде. Қазір семейлік Гүлнар Қанафина мен бұрын музей басшысы болған Жандос Мұғазбекұлымен бірлесе дайындалған 6, 7, 8, 9 сыныптарға «Абайтану» оқулығы бар. – Сыр елімен байланыстарыңыз қалай? Біздің өлкеден Абай әлеміне қызығушылық танытып барушылар көп пе? – Сыр өңірімен байланыс өте жақсы. Былтыр ғана Қызылорда облысынан арнайы мектеп мұғалімдерінен құралған 25-30 шақты адам келіп, 1 аптадай Семей қаласында, Абай ауданына, Жидебайға барып қайтты. Бірнеше шара өткізілді. Мұның барлығына мұрындық болған қызылордалық абайтанушы Абат Жолдасова. Ол кісі бізбен тікелей байланыста. Сіздің ауданда да Абай шығармашылығына орай конференция ұйымдастырылған. Сыр өңірінен Абай шығармашылығына қызығушылар көп.
– Сіздің Абайға келуіңізге не себеп? Қанша жылдан бері осы саладасыз?
– Абай есімімен менің өмірім қызық байланысты. Кезінде Абай көшесінде тұрғанмын. Мектеп бітірген соң, Алматы қаласында Абай атындағы қазақ педагогикалық институтында оқыдым. Мамандығым бойынша мектепте мұғалім болып көп уақыт істемедім. Музейге 1993 жылы ақпан айында экскурсовод болып жұмысқа келдім. Одан кейінгі уақытта, кіші, аға ғылыми қызметкер болып музей саласының барлық сатысынан өтіп, 2014 жылдан бері директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеп келемін. Майталман музей қызметкерлерінің «Музей саласына келген маман 8 жыл жұмыс істесе ол нағыз музей қызметкері» деген сөзі бар. Ал мен 8 жыл емес, 28 жыл бойы осы салада қызмет етудемін. Қор бөлімінде ұзақ жылдар қызмет атқарғаннан кейін, музей қорында қандай дүниелер бар екенін де жақсы білемін. Әрбір іс-сапар біз үшін маңызды. Мәселен, былтыр Қазан қаласындағы іс-сапарда «Қарамолла ережесінің» кітабын таптық. Қызметі көптің көзіне көріне бермейтін музей саласында еңбек ету – менің сүйікті ісім.
– Сыр еліне тілегіңіз...
– Қазіргі уақыттың басты тілегі деннің саулығы мен еліміздің пандемиядан аманесен шығуы. Барлық жолдар ашылып, қарымқатынас қалыпқа келіп, қауіп сейіліп, Сыр елінің тұрғындары Абайға, Жидебайға, біздің жерлестер киелі Қорқытқа барып тағзым ететін күн тезірек келсе дейміз. Ал ұлы Абайды ұлықтау – баршамызға ортақ міндет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ