» » » Әр сынақтың артында мың қайыр бар

Әр сынақтың артында мың қайыр бар

 Жақсыбек қажы ӘБИҰЛЫ:
"Қармақшы ата" мешітінің бас имамы

 ЖОСАЛЫ, 27 наурыз – qarmaqshy-tany.kz БҮГІНДЕ ӘЛЕМ ХАЛҚЫН ШУЛАТҚАН КОРОНАВИРУС ІНДЕТІ КӨПТЕГЕН ЕЛГЕ ЖАЙЫЛЫП ҮЛГЕРДІ. ВИРУСТЫ ЖҰҚТЫРҒАН АДАМ САНЫ КҮННЕН-КҮНГЕ АРТУДА. АТАЛҒАН ДЕРТ ҚАЗАҚ ЕЛІН ДЕ АЙНАЛЫП ӨТПЕДІ. COVID-19 КОРОНАВИРУСЫН ПАНДЕМИЯ ДЕП ЖАРИЯЛАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІРІ МЕН ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАУ МАҚСАТЫНДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЕНГІЗІЛДІ. АДАМ КӨП ЖИНАЛАТЫН ОРЫНДАР ҚЫЗМЕТІН ТОҚТАТТЫ. СОНЫҢ ІШІНДЕ – МЕШІТТЕРДЕ ЖҰМА НАМАЗДЫҢ ӨТУІНЕ УАҚЫТША ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛДЫ. ОСЫҒАН ОРАЙ «ҚАРМАҚШЫ АТА» МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ ЖАҚСЫБЕК ҚАЖЫ ӘБИҰЛЫМЕН ӨТПЕЛІ ҚИЫН КЕЗЕҢДЕ ХАЛЫҚТЫ САБЫРҒА ШАҚЫРУ МАҚСАТЫНДА ӘҢГІМЕ ӨРБІТКЕН ЕДІК.

– Ассалаумағалейкум, Жақсыбек аға. Қандай жағдай болмасын бірінші халықты сабырға шақыру – мұсылманның басты міндеті. Мемлекет басшысы әлемде болып жатқан індетке байланысты елде төтенше жағдай жариялады. Осыған орай ҚМДБ төрағасы мен ғұламалар кеңесі пәтуа шығарды. Осы жөнінде айтып өтсеңіз?
– Уағалейкумассалам! Сұрағыңыз өте орынды. Иә, расында қазір COVID-19 бізді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Осы мәселеге орай ҚМДБ төрағасы және оның жанындағы ғұламалар кеңесі мешіттердегі діни рәсімдерге қатысты, яғни жұма намаздың оқылуы, мешіттегі бес уақыт намазға құлшылыққа байланысты өз пәтуасын шығарып, 16 наурыз күні сайттарда ресми түрде жарияланды. Онда көп мәселе айтылды. Жалпы ең бірінші адамдардың сақтануы керегі жөнінде Құран кәрімде «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер» деп ескерту жасаған. Түрлі шаралар арқылы ауру-сырқауға шалдықпай, керісінше амал-әрекет жасаумен өзімізді бәледен сақтап жүруіміз керек. Бұл ретте елімізде ғана емес, күні кеше осындай мәлімдемемен көршілес елдердің муфтиаттары пәтуа қабылдады. Атап айтар болсақ, Түркия елі мен халық саны көп Өзбекстан жұрты осы төтенше жағдай тоқтағанша жұма намаздың өтуіне шектеу қойып, мешітте бес уақыт намазды оқуды тоқтатты. Бұл мешіттер жабылады деген сөз емес. Керісінше әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын өтейді. Мешітте азан айтылып, әр намаздың уақытын білдіріп отырады. Дініміздің кеңшілігі – адамдарға ауыртпалықты емес жеңілдікті қалайтыны, қиын күндерде денсаулыққа зарар уақытта сондай қадамдарға барып жатқаны. Елімізге қауіп тарап, төтенше жағдай енгізілген уақытта халықтың игілігі үшін белгілі бір деңгейде шарттарға шегініс жасап, хадис аяттар шеңберінен шықпай, осындай қадамға барып отыр.

– Адам өмірден өткеннен кейін жаназасы шығарылады. Артынан бейсенбілігін, қырқын өткізіп, ас береді. Адам көп жиналатын орын ғой, бұл жағы қалай болмақ?
– Дұрыс сұрақ. Бұл жөнінде ҚМДБ ғұламалар кеңесінің берген пәтуасында айтылды. Үйде болатын асты шектеу. Бұл барынша сақтық шарасы. Адам көп жиналатын жерде, жабық ғимаратта ауру тез таралады. Оны түсінуіміз керек. «Үйде асты қалай береміз?» деген сұраққа келетін болсақ. Көңіліңізге бір күмән келетіндей жағдай болса онда мешітке келіп, дін қызметкерін арнайы шақырып, үйіңізден сол күндері дұға бағыштатуға болады. Ал халықты жинауды кейінге шегергеніңіз абзал. Қырқы, жүзі, тіпті бейсенбілігінде асты пісіріп үйден дайын етіп тарату – ол діннің талабы емес. Әріден қозғайтын болсақ, мұның бәрін жасау діннің міндетті амалдарына жатпайды. Бұл марқұмға игілікті болсын, сауап болсын деген ниетпен қосымша атқарылатын ғибадаттар. Ал соны тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлікпен қайырымдылық көмек ретінде таратып берсеңіз, одан да асқан сауап болады. Сол секілді бейсенбіліктің өзін тек ет жақынымен ғана өткізген дұрыс. Жоғарыда айтқан парыз намаздарды тоқтатқан секілді осы амалдарды да кейінге шегергеніміз жөн. Ал жаназаға келетін болсақ, Пайғамбарымыз хадисінде «жаназа мен қатар жерлеудің де сауабы мол» дейді. Біз жаназаға сол мәйіт үшін, оған дұға жасау, Жер-Ананың қойнауына тапсыру үшін жиналамыз. Міне дәл осындай қатерлі шақта оған да тек жанашыр жандары ғана жиналып жерлеген дұрыс. Ал ол үйден ас беріп, дастарқан жаю міндетті емес. «Қаза болған үйде қазан көтермейді» деген бар. Осыған орай көрші үйге кіргізіп, дастарқан жайғаннан гөрі мына төтенше жағдай басылғанша бәріне түсіністікпен қарағанымыз абзал.

– Сәлемдесу аурудың жұғуына басты себепкер. Бұл жөнінде Ислам не дейді?
– Елде коронавирустың әуелгі белгілері таралған уақытта ислам діні бұл тұрғыдан да шара қабылдады. Жұма намаздан кейін жамағат бір-бірін көргеніне шүкірлік етіп, қол алысып, төс қағыстыратын. Бұл жөнінде сәлемдесуді тоқтата тұруды жамағаттан сұрады. Себебі неде? Біріншіден, сәлемдесу – сүннет амал. Екіншіден, сіз айтқандай аурудың таралуына себепкер. Сондықтан саналы түрде бұрынғы ата-бабамыз секілді қолымызды көкірегімізге қойып «Ассалаумағалейкум» деп амандасуды жөн көрдік.

– Қазір не көп, той көп. Осы індетке байланысты төтенше жағдай жарияламай тұрған уақытта той күнін белгілеп қойғандар бар. Тойды қалай қыламыз дегендерге қандай басу айтасыз?
– Қазақ «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» дейді. Егер мүмкін болса тойды кейінге шегерген дұрыс. Ал шегеруге мүмкіндік болмаған жағдайда имамды үйге шақырып, екі жастың некесін қиып, үлкеннен бата алса болады. Қарап отырсаңыз осыдан жиырма жыл бұрын тойдың өзі беташар той, жастар тойы деп екіге бөлінетін. Жастар тойына бір бөлмеден артық адам жиналмайтын. Ал қазір мейрамханаларда жүздің үстінде адам жиналып, аса ысырапшылдыққа жол беріліп кетті. Тағы да айтарым әр нәрсенің бір қайыры бар, Алла Тағаланың сынағынан сабақ алып сабырға келу мұсылман үмбеті үшін қайырлы болмақ.

– Коронавирус індеті келгелі дәріханаларда бетперде бағасы, тіпті дүкендерде азық-түлік қымбаттауда. Осындай бір қиын кезеңде тауар бағасын көтерудің шариғат үшін үкімі қандай?
– Осы ретте затты қымбаттату, бетперденің бағасын көтеру, біреуді кінәлау секілді әңгімелер айтылып жатыр. Айналып келгенде бетперденің өзі бір жапырақ мата. Оны бір үлкен жыр қылмайақ, еріктілер жылында қолдан тігіп, таратып, немесе орамалды бетке байласақ та болады. Ал заттарды ертең қиын күндерде, тапшылықта қымбатқа сатамын деп сақтау, одан пайда көру ол – харам. Керісінше қолдан келетін мүмкіндікті халыққа жасап, көмек беру – сауапты іс.

– Жамағатқа айтарыңыз болса...
– Құрметті ағайын, қазақта «Жұмыла көтерген – жүк жеңіл» деген сөз бар. Мына әлемге төнген, елімізге келген індетке бейжәй қарамай, жоғарыда айтқан сақтық шарасын орындауымыз керек. Алла Тағала «Сақтансаң – сақтаймын» дейді. Сол үшін бір кісідей атсалысып, дұғада болып, онлайн режимде жұмыс істеп, індеттің бетін қайтаруға күш салайық. Алла сабыр берсін!

– Сұқбатыңызға рақмет.

Сұқбаттасқан Ерсін СӘДУҰЛЫ


27 наурыз 2020 ж. 2 205 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031