» » » Омар Жәлел: Анаға деген көзқарас өзгеру керек

Омар Жәлел: Анаға деген көзқарас өзгеру керек

Бүгінгі сананы тұрмыс билеген заманда кімді көрсеңіз де өмірге назалы, өкпелі. Әйтеуір, біреуге кінә артуға дайын. Қоғамға өкпесі бар жан қандай ұрпақ тәрбиелемек? Салиқалы, саналы ұрпақ өсіру үшін өзіміз білімді, көреген болуымыз қажет. Бала тәрбиесі мен отбасы үйлесімділігі туралы семинар-тренингтер өткізіп, көңілге қонымды пікірімен ерекшеленіп жүрген Омар Жәлелұлы туралы ғаламтор арқылы білетінбіз. Ал ауданымызға арнайы білім бөлімінің шақыртуымен келетінін естігенде әңгімесін тыңдауға асықтық. Сол кездесуде арнайы сұқбаттасудың да сәті түсіп, бүгінгі қоғам жайында әңгіме өрбіттік.

Омар Жәлелұлы, филология ғылымының кандидаты, абайтанушы, Еуразия ұлттық университеті «Алаш, мәдениет және рухани даму» институтының ғылыми қызметкері:
– Сізді филология ғылымының кандидаты, абайтанушы ретінде білеміз. Осы Абай әлеміне қалай келдіңіз?
– Қарағанды Мемлекеттік университетінің 2 курсында оқып жүргенімде Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңі менің Абайдың тұңғиық әлеміне келуіме сеп болды. Өлеңнің ұнағаны сонша, жаттап алдым. Осыдан кейін ұлы ақынға деген махаббатым басталды. Бір ғана өлең менің өмірімен ерекше әсер етіп, Абайша «Жігіт қандай болу керек?» дегенге жауап кездестірдім. Бала кезден даналыққа құштар болдым. Абайдан сол даналықтың бұлағын таптым. Кейіннен философиямен айналысқанда тақырыпқа Абайды таңдадым. Бүкіл алған философиялық білімімді Абайдың терең сырлы сөздерін түсінуге бағыттадым.
– Бүгінде отбасы үйлесімділігі, әйел адам мен ер адамның рөлі, бала тәрбиесі жөнінде семинарлар өткізудесіз. Ел аралап семинар өткізудегі мақсатыңыз қандай?
– Менің мақсатым біреу ғана. Ол – елге қызмет ету, елдің сұранысына жауап беру. Абайдың ұлы шәкірті Шәкәрім «Баршаға жаның ашысын, қышыған жерін қасысын» дейді. Бүгінде халық рухани әңгімеге сусап отыр. Өйткені біз бірінші экономика, одан кейін мәдениет деп халықтың деңгейін түсіріп алдық. Отбасы құрылғаннан кейін Отан құрылады. Қазақтың «Отан – отбасынан басталады» деген дана сөзі бар. Кеңес өкіметінің уақытында саясатпен, партиямен тұрған отбасылық институтты, тәуелсіздік алғаннан кейін қиратып алдық. Үш некенің бірінің ажырасуы, бір мектептегі оқушының 50 процентінің әкесіз өсіп жатқаны, жалғызілікті ананың көбеюі – осының салдары. Түбінде бұл жол бізді құрдымға апарады. Сол кездегі саясаттың қателігін түсініп «Рухани жаңғыру» дүниеге келді. Қазақтың «Қарным ашқаннан жыламаймын, қадірімнің қашқанынан жылаймын» дегеніндей, қазір халықтың қадірі кетіп қалды. Қадірі кеткен халық экономиканы да жасамайды, шығармашылықпен де айналыспайды, яғни ештеңеге бас ауыртпайды. «Рухани жаңғырудың» мағынасы – халықтың қадірін қайтару. «Сөз қадірім – өз қадірім» демекші, сөз үстінде қалған адамның қадірі болмайды, ал сөз түсінген адамнан әдеп, адамгершілік күтуге болады.
– Білген түйгеніңізді жинақтап, қорытындылау мақсатында кітап шығарудасыз. Ал Абайтанушы ретінде ұлы ақынға кітап арнау жоспарыңызда бар ма?
– Осыған орай айта кетсем, жақында Алматы қаласында «Абай жаққан бір сәуле деген» конкурс өтті. Соның бірінші туры Абай қара сөздеріндегі афоризмдерді талдау болды. Сол кездегі менің байқағаным кейбір қара сөздеріндегі афоризмдерді балалар түсінбейді екен. Оқушылар оны талдай алмайды, сөздің мәніне бойлай алмайды. Оған білім беруші ұстаз да афоризм мәнін толық аша алмай тұр. Абай афоризмдерін талдап, қарапайым тілмен түсіндіретін бір кітап жазу жоспарымда бар. Бұл жөнінде халықтан сұраныс бар. Себебі әр адам Абайға кіре алмайды, дегенмен барлық адам түсінгісі келеді, одан үлес алып, саф таза бұлақтан сусындағысы келеді. Бірақ көбінің қолында арқаны, шелегі, сатысы жоқ. Соны біз халыққа беруіміз керек.
– Бауыржан Мошышұлы «Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмайтын анадан, ертегі айта алмайтын ата мен әжеден, одан кейін бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрған қазақтардан қорқамын» деген екен. Бүгінде аталар институты мен әжелер мектебінің жай-күйі қалай?
– Бұлар мәдениеттің бір рухтары еді, мәдениет қирағаннан кейін бұлар да аянышты жағдайда. Ата өзінің аталық міндетін түсінбесе, әже өзінің қасиетті парызын сезінбесе, саналы, салауатты ұрпақ қайдан пайда болады? «Қариясы жоқ ауылдың, жастары болар диуана» деген Махамбет сөзі қазіргі күйімізді анық бейнелеп тұр. Қазыналы қартымыз азайып бара жатқандықтан, елім дейтін ұрпақ та болмайды екен. Кеңес өкіметі тұсында «сендер ештеңе ойламаңдар, барлығын партия жасайды» деген солақай саясаттың кесірінен қариялар институтының тамырына балта шабылды. Адігей халқында «Ақылды қариялар жоқ үйде, ақылды жастар да болмайды» деген мақал бар. Жастардың барлығын жамандаудан аулақпын. Жағдайға тура қарап түсінген адам оларды жамандамайды. Олар аспаннан түскен жоқ, қазіргі жас аға буынның жемісі. Абай «бір адам жаман болса, замандасының бәрі виноват» дейді. Сондықтан да бір жас орысша сөйлеп, енді бірі өз мәдениетінен жеріп отырса, ол біздің де кінәміз. Себебі сол жас өскінге қажетті құнарды бермей отырмыз.
– Қарбалас тіршілік, қауырт жұмыстың нәтижесінде ата-ана баланы ерте жастан балабақшаға беруге мәжбүр. Осы орайда жас ата-ана нені ескеруі тиіс?
– Бұл – қазіргі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Соған сай Марғұлан Сейсенбай «Бала табу және оны өсіру – мемлекеттік қызмет есебінде бағалануы керек» деп өте орынды айтып жүр. Өкінішке орай, бізде бала табу жұмыс болып есептелмейді. Ал шындығында, ол ең қасиетті, ең қажетті, ең күрделі жұмыс. Мемлекет аналардың еңбегін бағалау керек. Жақында бір телехабарда он баланы дүниеге әкелген 37 жасар жұмыссыз анаға «сен масылсың» деп жатқанын көрдім. Қоғамның қандай дәрежеде екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Ол келіншек қазақтың он азаматын, он салық төлеушіні, он жұмыс істеушіні, он Отан қорғаушыны өмірге әкеліп отыр. Сонда таңнан кешке дейін біреудің есігін күзетіп хатшылық қызмет атқарған жұмыс та, он баланы өмірге әкелу жұмыс емес пе? Бұл – жұмыс болғанда да жұмыстың төресі. Мемлекетте анаға деген көзқарас өзгеру керек. Біз анаға деген көзқарасымыздың дұрыс болмауы себепті өспей отырмыз. Көп балалы аналарды мемлекетке масыл секілді көреміз. Шын мәнінде «тоғыз ай, он күн көтерген, еңбегінде еті өлген, мұздай бесік таянғаннан» артық қандай еңбек керек? Соның байыбына жетіп бағалап, шетелдегі ана капиталын енгізу қажет. Мемлекетте адам болмаса, биліктің, саясаттың ешкімге қажеті жоқ. «Сабан бол, шөп бол, қалайда көп бол» деген халық мақалына сай, біз көп болуымыз қажет. Әлем бойынша тоғызыншы орын алатын ұлан-ғайыр жерімізде 18-ақ миллион халық бар. Шетелдің бір қаласы Шанхайдың өзінде 23 миллион, Мехикода 25 миллион халық тұрады. Бұл нарық неге әкеледі? Егер біз даланы баламен толтырмасақ, біз жерімізден айырыламыз.
– Бір сөзіңізде ер адамның жауапкершілігін қайта қалпына келтіру қажет деген едіңіз?
– Еңбек бөлінісі деген болады. «Мал таппайтын ер болмайды, құрарын айт. Бала таппайтын әйел болмайды, тұрарын айт» дегендей қазақ мәдениетінде еркек жұмыс істеп, мал тауып, ал әйел бала табу керек. Бұл ата-дәстүрімізде бұрынан бар нәрсе. Қасиетті Құранда да «Біз ердің дәрежесін әйелден жоғары қылдық. Себебі олар тапқан нанын әйелімен бөлісуі керек» деп нақты айтылған. Бүгінгі қазақ азаматтарының кейбірінің мал таппауы Кеңес заманындағы теңестірудің зардабы. Әйел мен еркектің дәрежесі тең деген уақытта, ер адамның дәрежесі төмен түсті. Ал дәрежесі төмен еркек мал таппайды. Мал табу үшін еркекке ерлік қасиеттер керек. «Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас» деген Абай сөзіне сай ер адам тәуекелшіл болуы шарт. Тәуекел дегеніміз не? Өзін-өзі сыйламайтын адам ешқашан тәуекелге бармайды. Ал ақша, мал тек қана тәуекелмен келеді. «Мұсылман адам тәуекелшіл болуы керек» деген хадис те бар. Еркектің күші қашан пайда болады? Физиканың заңдылығына сай, күш әлсіздіктің қасында пайда болады. Әйел адам саналы түрде әлсіз болуға ұмтылу керек. Сол кезде ер адамда оны асырайтын күш пайда болады. Бұл батыс көзқарасы бойынша дискриминация, әйелді қорлау деп түсіндіріліп жүр. Жоқ, керісінше, еркек күшейген сайын әйел өзінің аналық парызын алаңсыз атқаруына мүмкіндік алады.
– Сіздіңше, бақытты отбасының формуласы қандай?
– Бұны үйлесім дейді. Қазақ ажырасқан жандарды үйлеспепті дейтін. Көк пен жер қалай үйлессе, әйел мен ер дәл солай үйлесуі керек. Еркекті қазақ көкке теңеп, «е» әрпін қосып көке дейді, ал әйелді жерге теңейді. Соған сәйкес, ер тәңірлік сипатын тапса, әйел өзінің жерлік сипатын сезінсе, сол кезде ғана үйлесім болады. Ал үйлесім бар жерде бақыт бар. Қазір әйелдер көктік танытуда. Көктен бұршақ, жаңбыр жауғанда, жер бәрін сіңіріп алады. Ал көктен жауын жауғанда, жер найзағай лақтырса не болады? Бұл қорқынышты жағдай. Әйел өз табиғатын танып, «жер қозғалмаса қозғалмайтын» байсалды, сабырлы қалпынан танбай, барлығын сіңіріп, өзгеге басу айта, ер адам тәңірлік сипат алып, һәм күшті, һәм асыраушы болған кезде қазақ отбасында гармония, үйлесім дүниеге келеді.
– Сұқбатыңызға рахмет!
Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

11 наурыз 2020 ж. 2 743 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031