АҚМЫРЗА АХУН

Қазақ халқының тарихындағы ең қайғылы кезеңді қалайша тез ұмытуға болады? ХХ ғасырдағы тоталитарлық жүйеден көрген ауыр соққыны қазақ халқы ХVIII ғасырдағы "Ақтабан шұбырынды" кезінде де көрген жоқ. Қиын да күрделі ХХ ғасырдағы ең үлкен апат Голощекиннің "Кіші октябрі" тұсында әр үш қазақтың бі­реуі аштық пен айдаудың құрбаны бол­ған.
Енді бүгін сол саяси жүйені ақ­та­ғысы, қайтадан большевик болғысы келгендер ең алдымен өз елінің қа­сіретін, туған халқын жер бетінен құртып жібере жаздаған жүйені   ақ­тау­­ ең алдымен өзі үшін қан­ша­лықты қорлық екенін ойлансын дер едім. Басқа ешбір қоғамдық құры­лыста мемлекеттік мәшине біз­дің халқымызды дәл осынша қа­тыгездікпен миллиондап құрта алмас еді.
Қазақстанға Ф.Голощекин басшы болып келгеннен кейін 1928 жылдан бастап шаруа жайымен бұрын мал бағып, көшіп-қонып жүрген елдің байлары мен ауқатты адамдарының мүлкін тәркілеп, бір орталыққа ұйым­дастыру басталды. Бұл науқан өте тез де қарқынды жүргізіліп, бір ортаға жиналған мал мүлік талан-таражға түсіп, содан барып ел ашаршылыққа ұшырады. Шолақ белсенді деген қа­ныпезерлер шығып, халыққа бүйідей тиді.
Әсіресе, халық арасындағы дінді таратушы молдалар мен мешіттерге қырғидай тиген жергілікті әкімшілік орындары мен олардың ел ішіндегі қолшоқпары – белсенділер болды. Бұл кезде қазіргі Қуаңдария, Т.Көмекбаев атындағы шаруашылықтар орна­ласқан Қуаң­дария, арнасының бойын­дағы өңір қалың ел, қаптаған мал болатын. Міне, осы өңірде жалпы саны елу-алпыстай мешіт салынып, бұларда ел балалары мұсылманша сауат ашып жататын.
Осындай мешіттердің бірінде Ақ­мырза Төсұлы деген кісі имам еді. Ақмырза сол кездегі мұсылманша көп оқып, хақ жолына әбден ден қойған кісі болған. Сондықтан Шөмекейдің Жолай руына қарайтын өз туыстары Ақмырзаға қазіргі Т.Көмекбаев атындағы шаруашылықтың орталығы орналасқан Қуаңдария арнасының "Аша" деп аталатын тұсынан оң­түстікке қарай 10 шақырымдай болатын жерден мешіт салып береді. Бұл мешіт ел аузында "Ақмырза мешіті" деп аталды.
Дін жолын берік ұстайтын, кедейлерге, жарлы-жақыбайларға мейірімді Ақмырза өзінің тура жүретін әділ ісімен, жұрттың көкейіне қонатын уағыз сөзімен, бүкіл елге қадірлі болды. Бұл өңірде Ақмырза айтыпты деген сөзге иланбайтын бір де бір адам болмаған.
Сондықтан Ақмырза көз алдында болып жатқан әділетсіздікке төзе алмайды. Ол сол маңайдағы халыққа:
– Дінімді де, елімді де әділетсіз белсенділердің табанының астына салып бере алмаймын. Жалпақ жатқан жұртпыз. Бас көтеріп, өкіметке мына әділетсіздікті тиыңдар, халықтың, ел­дің дәстүрін, дінін сыйлаңдар, мал-мүлкін бейберекет талан-таражға сал­маңдар, мұның аяғы жақсылыққа апарып соқпайды деуіміз керек, – дейді.
Асыра сілтеудің әлегінен зардап шеккен ел Ақмырзаның бұл сөзін жаппай қолдайды.
– Ахун, сіз басшы болыңыз, біз қосшы болайық елімізді, жерімізді та­лан-таражға салуға, дінімізді қорлап, мешіттерімізді қиратуға қарсы тұ­райық, – дейді оған ел азаматтары.
– Халайық, бұл айтқандарың дұрыс. Бірақ қантөгіс болмасын, ел босқа қырылмасын. Өкімет орындарынан келген кісілермен байыпты сөйлесіп, өзіміздің талап-тілегімізді айтайық. Бірлігімізді, елдігімізді сақтайық,  – дейді ахун.
Бірақ Ақмырзаның ауылына ат ойнатқан белсенділер олардың сөзін тыңдамай:
– Мешітті жабасың, мал-мүлкіңді тәркілейміз, молдаларды жақтайтындарды түрмеге қамаймыз, – деп қасарысады.
Сондықтан шолақ белсенділердің озбырлығына шыдамаған ауыл адамдары оларды сабап, қуып жібереді. Белсенділер Қармақшы, Қазалыға барып:
– Ақмырза деген молда көтеріліс шығарып жатыр. Бізді ұрып өлтіре жаздады. Өкіметке бағынбаймыз деп отыр, – деген сөздерді келтіріп уез басшыларын үрейлендіреді. Осыған орай Қызылқұмдағы елді қорқытып, Ақмырзаны тұтқындап қайту үшін Қазалыдан бір топ әскер шақырады.
"Ел құлағы елу" дегендей, бұл әскери топтың шыққанынан хабардар болып отырған жұрт үрейленіп, Ақмырза мешітінің жанына жинала бастайды. Ел ішіндегі Төлеген, Абат, Әжікерей сынды аң-құс аулайтын мергендер өздерінше бір топ құрып, мылтықтарын сайлап, оқ-дәрілерін жинастырады. Ал басқа жігіттер ат да­й­ындап, қолдарына түскен шоқ­пар, сойылдарын алып шайқасқа әзір­ленеді.
Сөйтіп, 1928 жылдың аяғына таман елге жеткен әскери топты мергендер атып, шоқпар, сойыл ұстаған жігіттер ұрып, соғып қырып тастайды. Бұдан олардың қолына көптеген мылтық оқ-дәрі түседі. Өздерінің бұл жеңісіне масаттанған ел азаматтары енді арнаулы жасақ дайындап, әскери жаттығуға кіріседі. Бірақ Ақмырза оларды сабыр­лылыққа шақырып, қантөгісті тоқ­татуға үндейді.
Бұл кезде Қызылордадан екінші әскери топ жасақталып, Қызылқұмды бетке алады. Бұл топтың да жүрісін Ақмырза жағындағылар ерте бастан біліп отырады. Сөйтіп, әскердің келетін жолында бірнеше жерден мергендер тосқауылы қойылады. Бұл жұмысты атақты Төлеген Жекебатырұлы басқа­рады. Ол мергендер тобын үшке бөліп, қалың сексеуілді тасалап жатады. Әскери топ та алдына шолғыншы жі­беріп, өздері артынан жүріп отырады. Шолғыншы топтағы әскерилер аттың бауырына тығылып, денелерін көрсетпейтін әдіс қолданады. Төлеген олардың бұл сырын біліп қойып, шолғыншылардың келе жатқан бағытының көлденең жаққа білдірмей шығады. Сөйтіп, мергендер аттардың бауырында келе жатқан әскерлерді көріп қойып, бірінен соң бірін атып түсіре бастайды. Содан қорыққан шолғыншылар ер үстіне амалсыздан көтерілгенде жатқан мергендердің қарауылына іліне береді. Сонымен мергендерден сау қалған шолғыншылар негізгі топқа қосылып, алдарында құрсанған жау бар екенін хабарлайды. Әскери топ осыдан қорқып ілгері жүре алмай тоқтап, ақыры ақылдаса келе Ақмырзаның ауылына шабуыл жасауға бата алмай кейін қайтады.
Сонымен Ақмырза ахунның атағы сонау Алматыдағы Ф.Голощекинге дейін жетеді. Бұл кезде Қазақстанның әр жерінде-ақ күштеп ұжымдастыруға қарсы халық наразылығы бой көтере бастаған еді. Соның ішінде Қармақшы ауданының Қызылқұм жағындағы елі де зорлық, зомбылыққа қарсы кө­теріліске шығып, өкімет өкілдеріне өздерінің талап-тілегін білдіре бас­тайды.
Сондықтан көтерілісшілерге қарсы үлкен әскер дайындалып, оларды тез арада жойып жіберудің шұғыл шаралары жасалады. Олардың дайындығын Ф.Голощекиннің өзі бақылып отырды. Наразылық білдірушілердің қа­русыз екеніне қарамастан оларға қарсы зеңберек, пулемет сияқты жой­қын қарулар қолданылатын болып белгіленді.
Бұл туралы тарих ғылымының докторы Талас Омарбеков "Жұлдыз" журналының 1994 жылғы 12 санында жарияланған көлемді зерттеу еңбегінде жан-жақты баяндайды. Бұл ғылыми еңбек мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі деректерге сүйеніп жазылған. Ал қазіргі уақытта Ақмырза бастаған халық наразылығы қозғалысының тарихын жақсы білетін қариялардың көпшілігі арамызда жоқ.
Ақмырзаның кім екенін кейінгі ұрпаққа білдіру үшін алдымен оның ата-бабасы, үрім-бұтағы жайлы ай­та кету керек. Қызылқұм өңірінің Қуаң­­­дария арнасы ағып өтетін бер­гі етегіндегі Қарақ деп аталатын биік төбенің маңында Кіші жүздің Шөмекей аталығына жататын Бозғұл руынан тараған бірнеше тайпа көп ел қоныстанған.
Бозғұлдан Қаратамыр, Сарыбай, Торыбай, Қайқы (Балқы), Келдібай аталықтары тарайды. Ал Келдібайдан Сөйін, Қожакелді, Әлдеберлі туады. Сөйіннен Қошқаралы Қасай, Дөсек, Бекет аталықтары шығады. Бекеттен алты бала – Шыбынтай, Жолай, Өтеген, Матай, Бұқа, Шобдар өрбиді. Жолайдан Кетебай, Ботабай, Елшібай, Мырзабай деген төрт бала болады. Кетебайдан 6 бала өрбіп олар Өтетілеу, Таңат, Білеке, Тілеке, Жауғашар, Мақұл деп аталады. Тілекеден Арғынбай, одан Төс туады. Төстен Ақмырза Тоқмырза, Қуаңбай деген үш бала болады.
Ақмырза жастайынын зерек, өжет, ұғымтал, алғыр болып өседі. Сол кезде бұл маңда балаларға мұсылманша хат танытып дәріс беретін бірнеше мешіт болды. Жолай руының жері Қуаңдария арнасының бойындағы "Бәйтерек" деген алқап екен. Осы маңдағы атақты Тоғаныс батырдың бейіті тұсындағы "Қызылтам" деген жерде Жолай руынан шыққан молда Ермағанбеттің мешіті болады. Ал осы Ермағанбет деген кісі атақты ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының туған нағашысы екен. Сонымен қатар қазіргі Т.Көмекбаев атындағы ауылдың Қарақ тауына қараған беткейінде Балқы руының Тоққожа аталығына жататын Мырзақара деген кісінің мешіті болған.
Міне, Ақмырза ең әуелі осы Мырзақараның мешітінде оқып, сауат ашады. Орта шаруа Төстің баласын алысқа ұзатып оқытуға шамасы келмейтіні сөзсіз. Ал Ақмырза Бұқараға барып, "Көкелташ" медресесінде қалай оқып шыққанын қазір білетін ешкім қалмаған. Сірә оқуды жақсы оқитын Ақмырзадан үлкен үміт күткен ағайындары барлығы жиналып, орталарынан қаржы бөліп, оны Бұқараға оқуға жіберсе керек.
Бұқарадан оқуды бітірген Ақмырза бірден елге келмей Араб жұртын аралап, одан Стамбул, Уфа, Қазан қалалары арқылы елге қайтыпты деген деректер бар. Сонда ол қарап жүрмеген араб, түрік, башқұрт татар жұрттарында мұсылман дінінің қалай қанат жайғанын, мешіттердің қалай жұмыс істейтінін өз көзімен көруге ниет еткен деп түсіну қажет сияқты.
Ақмырза елге қайтып оралысымен қазіргі Қазалы ауданына қарасты Байқожа деп аталатын темір жол стансасынан оншақты шақырым жердегі Сырдария өзенінің бойындағы "Кең түбек" деген жерде отыратын еді. Бұл Шобдар руынан шыққан аты бүкіл кіші жүзге мәлім атақты Алмат датқаның баласы Самұрат би болатын.
Екі мешіттің бір жерде болуы осы маңдағы елдің көп болғандығын және олардың балаларын сауатты етіп, хат танытуға ықылас қойғандығының айғағы болса керек. Бұл жиырмасыншы жылдардың бас кезеңі еді. Қазіргі уақытта бұл мешіттердің орны бар. Оның тұрған жері "Үш атам" деп аталған. Бұл Ертілес, Әйтілес, Жөнтілес деп аталатын Қошқаралы руынан шыққан өздері ағайынды халыққа қадірменді үш кісінің жайлап, қыстайтын жері болған.
Уақ байдың баласы Ибрагим де болыс болған. Ақмырза 1925 жылы Қуаңдария бойына көшкенде оның бір себебі осы Ибрагимге өкпелеген көрінеді. Ол өз орнына мешітке имам етіп Байділда деген кісіні белгілеп кетеді.
Ақмырза "Кең түбектегі" мешітті ұстап тұрған кезде бұл елдегі балалардың көпшілігі одан дәріс алып, хат таниды. Оның шәкірттерінің арасында кейін халықтың өлең, жыр, қиссаларын жинап, елге таратушы Әлқуат Қайнарбаев, Сыдық Сармұрзаев, Аймахан Сәтпенов, Әли Дәндібеков, Сейтен Ұсақбаев және басқа көптеген кісілер болған. Олар кейін осы сауаттарымен көптеген жыл әртүрлі жауапты жұмыстар атқарып, мұғалім ретінде елдегі сауатсыздықты жоюға белсене қатынасады. Ақмырза мешітінде жас әйелдер мен қыздарда көп оқыған. Олардың ішінде тіпті Уақ байдың жас тоқалы Нақша, сол елдің белгілі адамы Құттымұраттың әйелі Ақшай деген кісілер де оқып шығады. Әсіресе, ауыл қыздары көп оқып, сауат ашады.
– Біздің мешіттің арасында "Кең түбектің" әйел қыздары түгелдей ер кісілерінің жартысы мұсылман болып, хат таныды, – деп отырады екен Ақмырзаның өзі.
Ақмырзаны Қуаңдария бойына Уақ бай 9 нарымен көшіріп салады. Бұл жерде оны Жолай руының игі жақсылары қуана қарсы алып бүкіл ел болып қауымдасып, бір жылда мешіт салып береді. Бұл мешітте де сол жердегі елдің балалары көп оқыған. Олардың арасынан Бәйіш Сұлтанов, Әйділда Сәндібеков, Қамаладин Жү­сіпов және басқа сауатты адамдар шыққан. Кейін Әйділда Сәндібеков деген кісі Қарақалпақстанның қар­жы министрінің дәрежесіне дейін көтеріледі.
Бұл кезде халық өз балаларын оқытуға, елді сауаттандыруға жаппай бетбұрыс жасайды. Мысалы, Ақмырза мешітінің маңында ғана Балқы руынан шыққан Төлегеннің, Дөсек руынан шыққан Ерімбеттің мешіттері болған. Осы Ерімбет мешітінің алғашқы ашылу салтанатына сол маңдағы елдің барлығы жиналады. Бұл кезде Қожабай, Алдашбай ахундардың бар кезі екен. Бірақ соған қарамастан мешіттің ашылуына оқылған намазға Ақмырза бас имам болады. Мұның өзі Ақмырзаның сол кезде дін жолын ұстаған молдалардың арасында да, ел ішінде де беделі мен абыройының жоғары болғандығын көрсетеді.
Ақмырза өз төңірегіндегі елде бір кісі қайтыс болса, соның үйінен үш күнге дейін тамақ ішкізбейді. Қайтыс болған кісінің үйінен көлденең шығын шығартпай қайта оларға көмек көрсететін болған. Ақмырза мешітінің маңында үнемі 20-30 үй жарлы-жақыбайлар отырады. Оларға ахун елдің мешітке пітір-садақа берген малынан да, астығынан да үнемі тең бөліп беріп отырады. Қошқаралы руынан шыққан Сансызбай сахи деген кісі болған. Ол кедейлерге қаншама малын үлестіріп беріп отырса да, халық алғысының арқасында байлығы ортаймаған.
Сол заманда аузы дуалы Ермағанбет дейтін кісі: 
– Ақмыр­заның сахилығы атақ­ты Сансызбайдан кем емес, – дейді екен.
Ақмырзаның бір қасиеті өз шә­кірттерінің бірі бауыздамаса ол бі­реудің өзіне қонақасыға сойған малдың етін жемейтін болған. Сон­дықтан ол кісі бір жаққа жолға шы­ғыпты дегенді естігенмен алдыңдағы ел Ақмырзаның өзі келгенше мал соймай отыра береді екен. Ақмырза жалпы жөнсіз-жосақсыз мал сойғызып, ысырап жасауға қарсы болған.
– Малдың да обалы бар.  Жөнсіз ысырап ете бермеңіздер. Тақа сойғыларың келіп бара жатса осы елдегі жарлы-жақыбайларға үлестіріп беріңдер. Әне, сонда көп сауапқа қаласыңдар, – деп жұртты қайырымдылыққа, мей­і­рімділікке шақырып, орынсыз даңғойлықтан сақтандырған.
 Ақмырза шағын денелі, сарғыш өңді кісі болыпты. Басында шаш жоқ екен. Сондықтан басынан көне тоз бөркін тастамай киіп жүретін болған. Үстіне қарапайым ғана ақ киім киген. Реті келсе қол жұмысынан жиренбей, мешіттің маңына тал егіп, Қуаңдарияның суына қауын, қарбыз егіп өсіруді жақсы көреді екен. Маңындағы ел – жұртқа:
– Жерді көгертіңдер, бақша са­лыңдар, бидай, арпа, тары егіңдер. Ту-у, сонау Бұқара, Үргеніштен мал сатып, астық тасығанша мына тегін жатқан жер мен суды пайдаланайық, – деп үгіт таратқан.
Ол өз маңындағы жұрттың бәрінің намаз оқып, ораза тұтқанын қатаң талап етеді. Намаз алдындағы дәрет алуды мұқият қадағалаған.
– Бұл тазалық. Тазалық жүрген жерге ауру-сырқау жоламайды. Ал ораза дененің ішкі құрылысын сауық­тыратын ем, – деп айтудан жалықпаған.
Шәкірттеріне дәріс беруге ол өте мұқият қараған. Олардың өзі үйреткен сабақты мұқият сұрап, білмегендерге қайтадан пысықтап айтудан жалық­паған. Өзі үміт артқан кісілерге құлай сенген бір сөзді адам болған. Сейтпенбет әулиенің тұқымы Елубай ишан қайтыс болғанда Ақмырза өлікке жиналған бүкіл елдің алдында "Бұл кісінің ораза намазы қаза болмағанына кепілдік беремін" деген екен.
Сонда Дәулетназар ахун кісі көзіне жас алып тұрып:
– Міне, хас мұсылмандықтың бел­гісі осындай болуы керек, ха­лайық. Көңіліңде берік сенімің болса ғана нағыз мұсылманмын деп түсінген дұрыс. Бірақ, Ақмырза нұр үстіне нұр болсын. Елубай ишанға мұсылманшылықтың жолымен дәуір айналдырып, підия оқиық, – депті.
Елубай ишанның мешіті де Ақмырза ахунның мешітінен оншақты шақырым жерде. Ал Торыбай руынан шыққан Маймақ молданың, Дөсек Ерімбеттің мешіттері де сол маңда аралары бес-алты шақырымнан орналасқан.
Қ.МОЛДАХМЕТОВ
29 шілде 2019 ж. 1 681 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 098

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031