КЕТЕ ЖҮСІП

Сырдың бойы көмейінен ән мен жыр саулаған сүлейлер өлкесі болғанын қашанда мақтаныш етеміз. Әсіресе, қасиетті Қармақшы өңірінен шыққан айтулы ақын-жыраулар шоғыры ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында көктегі жұлдыздай самсап көрінгені аян. Халықтың рухани байлығына айналған өлең-жырдың шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктері – Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Дүр Оңғар, Жиенбай, Тұрымбет секілді ақын-жыраулар халық ықыласына бөленіп, той-думанның сәні де бола білген. Сондай таланттың бірі, әрі бірегейі Кете Жүсіп Ешниязұлы.
Ақындықтың соңына 14 жасынан бастап түскен Кете Жүсіптің Сыр бойында айтыспаған ақыны кемде-кем. Ең көлемдісі әрі күрделісі оның Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлымен (1873-1923 жылы Сыр бойының қазіргі Қараөзек маңында өмір сүрген ақын) айтысы. Айтыс жазбаша жүрген. Шамамен 1910 жылы басталып, 1915 жылы аяқталса керек.
Кете Жүсіп өз әйелі Күзенмен айтысқан деген де әңгіме бар тарихта.
Шөмішті Керейт руының белгілі азаматы Алпысбай деген кісінің қарындасы Күзен Кете Жүсіптің жеңгелей алған әйелі деседі. Сал-серілік әдетін үйленгеннен кейін де қоймаған. Кете Жүсіп бір жылдары сауық-сайранмен жүріп, екі айдай үйіне келмейді. Оның үстіне осыншама уақыттан кейін үйіне келген бойда Жоламан Нұрпейіс деген құрдасы түнетпей алып кетіп: «Әніңді сағындық», – деп қолқалап, жыр жырлатып, ән айтқызса керек. Келесі түні ғана екі құрдасы оны үйіне ертіп әкеліп: «Сенің жүрісің болса мынау, Күзен қалай күн көріп отыр екен?» – деп әйелінің көзінше әзіл-қалжың бастайды. Ойынның аяғы шынға айналып кетіп, Кете Жүсіп пен Күзен анамыз сөзге келеді. Ақыры Күзен туысқандарының үйіне кетіп қалып, келмей қояды. Көп ұзамай Кете Жүсіптің өз әйелі Күзенмен айтысы басталады. Бұл 1905 жылдың 12 қыркүйегі екен.
Кете Жүсіп:
Өлеңмен егестің бе маған тиіп?
Қалайша мінезіме жүрсің күйіп?
«Балалық», «шалалықтың» бәрін айтып,
Үстіме бар сөгісті қойдың үйіп, – десе,
Күзен:
Бұл сөзді түсінбесең, түсіндірем,
Басыңды шарға салып ісіндірем.
«Бас кеспек болса-дағы, тіл кеспек жоқ»,
Нендей сөз айтса-дағы жауап берем.
Сен менің қадірімді білмей жүрсің,
Дегендей ауылдастың аузы сасық.
Айтайын бір хикая бұрынғыдан,
Сөйлесең, жанабыма жақындасып, – дей келе ертедегі бір ақылсыз уәзір мен оның ақылды әрі өте сұлу әйелінің арасында болған оқиғаны өлеңмен өрнектейді. «Уәзір ажарлы әйелін тас­тапты» деген хабарды естіген сол елдің бір патшасы көп ұзамай әлгі әйелге сөз салады. Сөйтіп мақсатына жетеді. Ақырында уәзір жылай-жылай тентіреп кеткен», – дегенді айтып: «Сен де сол уәзірдің кебін киіп қалма!» – деп ескерткен екен. Кете Жүсіптің кіші әйелі Кенже де Жорытпас Керейттің қызы болған. Оны біз «Шәкей сал мен алты ақынның айтысындағы» керейт Шәді ақынның  мына бір сөздерінен аңғардық:
Балдызың Шәді қари шалды азырақ,
Сен де ор, егініңді сепкен піссе...(Шәді Сеңгірбаев 1890-1933 жылдарда Қызылорда облысы, Аламесек елді мекенінде өмір сүрген Керейт елінің жыр жүйрігі, қари атағы бар діндар кісі болған. Т.Е.) Кете Жүсіп заманында Даңмұран ақынмен, Шәкей және Ырысты қызбен, Құлназармен, Шораяқтың Омарымен, Тұрмағамбетпен, Тұрымбет жыраумен, тама Кеңесбаймен т.б. көптеген өзі тұстас ақын-жыраумен сөз қағыстырған. Сөйтіп сөз сайысында өзінің қайталанбас таланты мен шеберлігін сан мәрте дәлелдеген жан.
Кете Жүсіп Ешниязұлы ондаған дастан жазған. Мысалы: «Өткен заман», «Сұрмерген», «Барымта», «Ленин өлді», «1 май» т.б.
Атақты ақын Қуаныш Баймағанбетов Кете Жүсіпке екі рет өлеңмен жазылған жұмбақ жібереді. Екеуін де Кете Жүсіп дәл шешіп береді. Осыған риза болған Қуаныш ақын Кете Жүсіптің талантын мойындап, өзінің бір өлеңін сынатқысы келеді:
Жігіттік – мысалы жаз құс келгендей,
Кәрілік – қарлы қаңтар қыс келгендей.
Дүние бәрі қызық таң-тамаша,
Төсекте ұйықтап жатып түс көргендей...
Кете Жүсіп бұл өлеңді бастан-аяққа талдап, жауап қайтарған. Бұл жауап Қуаныш ақынның көңілінен шыққан. Жүйріктер қашан да бірін-бірі жақтаған. Ол өзара құрметтің белгісі болса керек.
1923 жылы әйгілі Даңмұрын ақын қайтыс болғанда Кете Жүсіп қатты қайғырып, оның әйелі Бәйтен мен Керейт елінің игі жақсысына көңіл-хош айтқан. Көңіл айту 88 жолдан тұрады, яғни 22 шумақ. Соның екі шумағын келтірейік:
...Өмірін бәз біреудің еткен берік,
Қойғандай Құранды ерге құйып желім.
Бірді орта, біреуді аз, біреуді көп,
Осындай өмір заңы бөлім-бөлім.
Дүниеден о дүниеге көшіп Дақаң,
Болып тұр сындырғандай жүздің белін.
Мұндай жан енді қайтып келер ме екен,
Басатын егескеннің қызған желін.
«Тұлпардан тұлпар туар» дегендей, атадан дарыған шайырлық Кете Жүсіптің баласы – Мұзарап Жүсіпов әрі әнші, әрі ақындық өнерін меңгерген. Кете Жүсіптің кіші әйелі Кенжеден туған Мұзарап Жүсіпов – бүкіл қазаққа танымал болған «Балымша» әнінің авторы. Ол 1963 жылы әкесінің бірқатар шығармасын белгілі өнер зерттеуші, ғалым Мардан Байділдаевқа айтып жаздырған. Ал 1965 жылы жарық көрген «Пернедегі термелер» жинақ кітабында Мұзарап Жүсіптің де бірнеше шығармасы бар.
Кете Жүсіп әйгілі шайыр жерлестері Тұр­мағамбет, Шораяқтың Омарымен жылы қарым-қатынаста болған. Олардың шеберлігі мен талантын таныған. Жас жағынан екеуінен де үлкен болғандықтан, (Тұрмағамбеттен 11, Шораяқтың Омарынан 7 жас үлкен) кейде ағалық жасап, ақыл да айтқанға ұқсайды. Оған мына бір жыр жолдары айғақ:
«Кең ойлы кемеңгердің өздерісің,
Жарастық жақсы жолды иеленсең.
Өлеңмен ойларыңды білдіріпсің,
Айтылған әпсанаңды аңдап көрсем.
Біреудің иман атты беріп жемін,
Жалғанда жарастық сол жалын өрсең.
Секілді тағат-атаң, сауап-анаң,
Аштық жоқ қанағатпен сүтін емсең.
Тоныңды топқа ұнарлық бос тоздырсаң,
Болады неге тосқау киген  жеңсең.
«Ат кейін қалдырам» деп арамдық қып,
Тұрса ұят ақыретте түсіп еңсең.
Аз өмір жалғаншыға әуеленіп,
Шіркін де, не қызық бар бір күн өлсең...
Сөз сайысына Сыр шайырларының ішінде ең көп қосылғаны – Кете Жүсіп Ешниязұлы, сөз жоқ, әдебиет пен өнердегі ірі тұлғаның бірі. Олай болса, кестелі сөздің небір інжу-маржанын Кете Жүсіптен де іздеу артық болмайды.
Мақала орталық кітапхана мұрағаты не­гізінде дайындалды
16 шілде 2019 ж. 2 280 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 154

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930