АТ ТЕРГЕУ

Атадан балаға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан бұл ізгі дəстүр қазақта «ат тергеу» деп аталады екен. Ат тергеу дегеніміз — қайын жұртын тікелей атымен атамай, арнайы ишаралап ат қою дəстүрі. Бұл жас келіннің түскен жеріне, күйеуінің туыстарына деген ізгі құрметінің, əдебінің игі көріністерінің бірі болып саналады. Халық аузында мынадай қызықты әңгіме бар: Бір келіншек «сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! Білемені жанымаға жанып-жанып тез келіңдер!», - депті. Сөйтсе ол Өзенбай, Қамысбай, Қойлыбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай деген қайны, қайнағаларының атын атай алмай тұр екен. Жолаушылар су әкеле жатқан әйелден: «бұл кімнің ауылы?» деп жөн сұрапты. Сонда келіншек «өзінде ғана бардай, өзгеде жоқтай атамның ауылы» депті. Сөйтсе бұл Көтібар ауылы екен.
Осы өміршең салтымызды ұмытпаудың, оны заманға сай жетілдіре түсудің, отбасына арналған бағдарламаларда тұрақты еске түсіріп, жаңғыртып отырудың маңызы зор.
Ат тергеу немесе ат қою – біздің халқымыздың адам сыйлау жөніндегі ізеттілік, кішпейілділік қасиеттерінің биік көрінісі. Өзінен үлкен адамның атын тура атау тəрбиесіздік, көргенсіздік болып табылады. Бұлар ертеден-ақ діни наным-сенімге негізделсе, қазіргі күнде ғұрыптың бірі. Табу сөздерді эвфемизмдермен алмастыра білген келінді аталарымыз «көргенді қыз», «тəрбие көрген қыз» деп мақтап отыратыны да бар. Осыдан келіп шығатын қорытынды табу сөздерді қолдану бұл таңда – əдептіліктің белгісі. «Қыз – өмірдің қызғалдағы» демекші, қыз баланың салт-сананы сақтауы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі, əрине анасының берген ақылы мен үйінде көрген тəрбиесіне байланысты болмақ. Өйткені қыз баланың жасалған əрбір қадам-əрекетінен, сөйлеген сөзінен тəрбиенің деңгейін көруге болады. Дегенмен де қазіргі енелер келіндерінен «енешка» дегенді көптеп еститін болды. «Күйеуімнің мамасы», «Ана үйдегі кемпошка» деген сияқты немқұрайлы салқын атаулар да қоғамымызда көптеп кездесетін болды. Қыз тəрбиесіне тек қана ана емес, радио мен теледидар, газет-журнал, кітаптар мен кинолар, бүгінде етек алған планшеттер мен ұялы телефондар жан-жақты əсер етуде. Бұл тəрбиенің жағымды жақтары да, жағымсыз жақтары бар. Оның бəрін дұрыс қабылдап түсіне білу керек. Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді — тілін, дінін, əдет-ғұрпын, салт- санасын, дəстүрін атадан балаға жеткізуші, əрине, əйел-ана. Демек халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін іске асырып, туыстың татулығын одан əрі дамытқан əйел адамның өмірінде «ат тергеу» салты жоғары бағаланған. Сол салт- дəстүрге деген құрмет қазақ халқының қыз тəрбиелеудегі айнасы болмақ.
Менің сіңлілерім! Егер тұрмысқа шығуға дайын болсаң, қайынжұртыңдағы барлық жандарға әдемі есімдер қоюға да асық бол. Себебі ол сенің сол шаңыраққа тастай батып, судай сіңуіңе сеп болып ғана қоймай, тектілігіңді танытып, көрегенді келін атануыңа жол ашады.
Олай болса еркем, сенің қазақтың келіні деген ғажап атқа лайық боларыңа сенемін.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ.