» » » ТАРИХҚА ЕНГЕН ӨНДІРІС ОРНЫ

ТАРИХҚА ЕНГЕН ӨНДІРІС ОРНЫ

Уақыт көшеді, ұрпақ өседі. Өмірдің табиғи жалғасын жаңа бір буын өкілі алға тартады. «Өткенсіз – тарих, бүгінсіз – келешек болмайды» демекші, қазіргі жастың Кеңес одағындағы он бес республиканың ішінде салынған 20 механикалық зауыттың бірі – Қазақстан жерінде, оның ішінде Жосалыда жұмыс істегенін біреуі білсе, біреуі білмейді.  Зауыт 1939 жылы ашылған. Жұмыс істеп тұрған кезеңде 600-ге жуық адамды жұмыспен қамтыды. Ол тарих бетінде 49 жыл өмір сүріп, алыс-жақын шетелге ондаған өнім түрін экспорттады.
Зауыттың бай мекеме болғаны анық. Себебі ол көп функциялы ба­ғытта жұмыс істеді. Атап айтқанда, транспорт, шөгенді пытыра шығару, механикалық, құрал-жабдық, ұста­хана, жөндеу, труба кесу және тесу цехтары болса, энергетика, құрылыс бөлімі халыққа адал қызмет етті. Бұған қоса, балабақша, ясли-бақша секілді 2 бөбекжай орны, зауыт жұмысшыларына арналған жата­қхана, тамақ дайындайтын асхана, сауда-саттық базасы болды. Алып мекеменің табысының көп болғаны белгілі.
Мекемеде ширек ғасыр қызмет етіп, комсомол, кәсіподақ, партия ұйы­м­ының хатшысы болып қызмет еткен, бүгінде аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сәдуақас Шала­баев осы аталған 3 ұйымды да басқарған. Идеологиялық, тәрбиелік жұмыспен айналысқан. Өндірістің дамуы, өнім сапасы, әлеуметтік жағдай, сол секілді абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмысы да осы кісінің назарында болған. Оның айтуынша, аудан орталығындағы №105 орта мектеп пен Қармақшы ауылы мекеменің шефтік қарамағына берілген. Білім ұясының кезекті жөндеу жұмысы, ауылдағы мал азығына шөп даярлау, дәнекерлеу сияқ­ты жұмыстар аудандық партия комитетінің тапсырмасымен зауытқа жүктеліп от­ыр­ған. Ұжым – көпұлттан құрал­ған. Олар бір-бірімен жақсы қа­рым-қатынаста болып, бір үйдің баласындай, бір жеңнің саласындай сыйласып еңбек екен. 49 жыл үзбей жұмыс істеген механикалық зауыттан көптеген еңбек майталманы мен еңбек әулеттері өс­іп шыққан. 
Расында да, олардың қатарында татар ұлтының өкілі, сылақшы Мария Хабибулина, ауданның өндіріс саласы бойынша «Ғасыр адамы» атағын алған токарь Вахид Губанов, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болған токарь Райкүл Қасымбекова, жігіт кезінен келіп, зейнет демалысына дейін үздіксіз еңбек еткен слесарь Жетай Базарбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері,  токарь Мұрат Томанов, неміс жігіті Карел Клинц, соғыс басталған 1941 жылы еңбек жолын бас­тап, зейнеткерлік демалысына дейін саналы ғұмырын ауыр жұмысқа арнаған Жұмағали Төрешов, «Октябрь революциясы» орденінің иегері, слесарь Әбіл Молдабаев, тағы басқасының болғанын құрметпен атаймыз.
Мұнан бөлек, ұжымның рухани құн­дылығын арттыруда мыңдаған кітап қо­ры бар  кітапхана оқырманға қызмет көрсетті. Кітапханаға бас­шы­лық еткен Дал­дивина, экономика және жоспарлы бөлімінің бастығы қызметін істеген Лю­дмила Молчанова, бас есепші, орыс қызы, қазақ отбасының келіні Антонина Қайырбековалар ұзақ жыл айтулы мекемеге еңбегін сіңірді.
Қазақ – қашан да «алғаш» сөзіне жіті мән берген халық. Бұған дейін мал, егін шаруашылығын еңсере білген халқымыз темір-терсекпен жұмыс істеуді де біркісідей меңгеріп, талай марапат төрінен орын алды. Әсіресе, жүк көлігі, трактор секілді темір тұлпар тізгіндеген қазақ қыздары механикалық зауыттың да бұрғылау цехында еңбек көрігін қыздырды. Сондай қазақ қызының бірі – Дәмелі Желдербаеваның есі­мі – механикалық зауыттағы ал­ғаш­қы токарь қыз деген атпен тарихта қалды. Дәмелі апамыз жұмыстағы белсенділігімен бірге, халық қалаулысы ретінде аудандық кеңестің депутаттығына да сайланған тұлға болуымен ерекшеленсе, бұл ізді Зібайра Омарова жалғады. Өксікбаевтар отбасын да аудан жұршылығы жақсы таныды. Еңбек әулетінде Жарылқасын Өксікбаев, оның зайыбы мен балалары да аталған ұжымнан несібе тауып, еңбек екпінділері атанды.
– Мекемеге бірнеше адам бас­шылық жасады. Солардың ішінен Аппаз Қанатбаевты айрықша айтар едім. Ол кісінің басшылығы кезінде тың жоба – қар күрейтін машина да­йындау керек болдық. Әбекең 30 адамды оқытып, кадр мәселесін шешуге атсалысты. Мәскеуге қарап тұрған шағымыз. Барлық іс қағазы орыс тілінде жүрді. Владимир Шматов деген де директорымыз болды. Ол да егін егу мен мал асырау, шаруашылықты қажетті дүниемен жабдықтау, малдың жем-шөбін әзірлеуді бірінші болып қолға алған азамат. Әлеуметтік салаға басымдық берді. Аудандағы бірден-бір үрмелі оркестр, би алаңы, аспан асты кинотеатрын  ұйымдастыруда да директор Шматовтың қолтаңбасы бар, – дейді С.Шалабаев.  
Зауыт жұмысының ауқымды бол­ғаны сондай, 300 адамға арналған клуб үйі көптеген өнерпаздың тұсауын кесіп, өнерге қанатын қомдады. Екі ауысымда еңбек еткен жұмысшылар жұмыстан бос уақытында клубқа келіп, концерт, қойылымға алдын ала дайындық жүр­гізетін. Бір ескерерлігі, ол кезеңде орта­лықтағы жалғыз клуб үйі зауытта ғана болған көрінеді. Мәдениет үйінің құрылысы кейін жүргізілген. Клубқа меңгеруші, кассир ұстап, олардың қай қайсысына да жалақы төленген. Сон­дай-ақ бірнеше секциялы спорт командасы болғаны да шындық. Ұжымның волейбол, футбол, баскетбол командасы талай аудан намысын қорғап, жүлде салған. Көркемөнерпаздар ұжымы концерттік гастролге шығып, өнер сүйер қауымның қошеметіне бөленсе, жатақханада жұ­мысшыларға жағдай жасалды. Сырттан келген кадрлар да осы жатақханаға жайланып, олардың жүйелі жұмыс істеуіне жан-жақты қам жасалғаны да рас. Тіпті, зауыттың моншасы болғанын қазірге дейін ел аузынан тастамайды.
– Зауыт – оңай жұмыс емес. Оның үстіне токарь, слесарь, бұрғылаушы деген жұмысқа ердің ері шыдайды. Ал, нәзік жандылардың ерлермен иін тіресе жұмыс істеуі – ерлікпен тең. Ұжымда өзіміздің қазақ азаматтарымен қатар, татар, неміс, грек, шешен, чуваш, мардова, кәріс ұлтының өкілі де еңбектің озық үлгісін көрсетті,  – дейді Сәдуақас Шалабаев.  
Түйін:
Осындай леппен жұмыс істеп, 12 мемлекетке өнімін шығарған Жосалы механикалық зауыты 1988 жылы жұмысын біржолата тоқтатты. Бүгінде оның орны ғана қалған. Жоспарлы жүйеден нарықтық экономикаға көшкен тұста зауыт ыдырап, бүгінде аудан тарихының сүбелі бір еншісіне айналды.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА,
«Қармақшы таңы».
14 маусым 2019 ж. 937 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 085

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031