» » » Қадір түнгі тілек қабыл болғай

Қадір түнгі тілек қабыл болғай

      Қамшының сабындай қысқа ғұмырын құлшылықпен өткізіп, Алла тағаланың разылығын табуды қалаған құлдар үшін ең қасиетті түн – Қадір түні. Оның қасиеттілігі сол бұл түнде жасалған құлшылықты Жаратушы иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Ораза айының соңғы он күндігіндегі Қадір түнін күту үшін ауданымыздың жамағаты «Қармақшы ата» және «Ораз ахун» мешітіне жиналып тарауих намазын оқыды. Намаздан соң аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдаулетов, аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Қайырбекұлы мешіт жамағатымен кездесіп, Қадір түнімен құттықтады.
        – Мен бір ақ нәрсені білемін, осы жерде отыз күн ораза ұстап, қол жайып дұға еткен жандардың тілегі қабыл болады деп ойлаймын. Келесі Қадір түніне Жаратушы иеміз төрт құбыламыз түгел, ауыз біршілікпен аман-есен жеткізсін. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын. Тілеген дұғаларыңыз қабыл болсын!, – деген ізгі тілегін аудан әкімі шын ниетімен жеткізді. Одан соң сәресіге дейінгі уақытты мешіт имамы уағызбен жалғады.
         Жылына бір келетін Рамазан айының соңғы ораза күніне де жеттік. Бұл ай әрбір жанға мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол ай. Тура жолға салып, дүниедегі ең басты бақыт – Ислам дінінде болу нығметін сыйлағаны үшін әрі оразаны аман-есен тұтуды нәсіп еткен Жаратушыға мадақ айтып, одан кейін ораза айт мерекесін лайықты түрде тойлаған.
Ораза айт – отыз күндік оразаны аман-есен аяқтағаннан кейін, бейне осыған шүкіршілік іспетті шуағы мол мереке. Ай бойы Жаратқанның разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйып, көңіл айдынын хақ дариясымен суарып, жүректі ақиқат сырларына малындырып, адамзат баласы «мумин» мақамына көтерілген. Ораза айт мерекесі шәууал айының бірінші күні басталып, үш күнге созылады. Бұл күнде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ертерек тұрып, ғұсыл алып, хош иіс су себініп ерекше ықыласпен дайындалған. Сол үшін бұл амалдар мұстахаб болып саналады. Себебі айт күні көпшілік жұма намаздағыдай бір-бірімен араласады. Жұма күні қандай сүннет амал ұстанса, айт күнінде дәл солай жасаған. Осы жаңа леппен қауышуына орай, Жаратушы Жаппар иеге сансыз шүкіршілік ретінде Ораза айты күні мұсылман қауымы екі рәкат намаз оқиды. Намаздан кейін «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып жатады. Айтқа байланысты мына бір хадисте: «Пайғамбарымыз айт күні мешітке барған жолмен қайтпай, басқа жолмен қайтатын еді», делінген. Демек, айт көпшілікпен дидарласып кең ауқымда өткізілетін мереке. Осы күні дүйім жұрт дүркіретіп той жасап, дастарқан жайып, ас беріп, бары мен нарын хақ жолына жұмсайды.
Қазақ халқында айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды шарт етпейді. Бұл қонақжай қазақ халқының ақжарма, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі. Олай болса, отыз күнгі оразамен халқымыз тақуалыққа бой ұрып, тектілік тұғырына көтерілсін. Ораза айт мерекесімен ұлтымыздың мерейі тасып, бірлігі мен тірлігі арта берсін деп тілейік.

                                                                                                                Ерсін СӘДУҰЛЫ
                                                                                                                «Қармақшы таңы»
04 маусым 2019 ж. 1 399 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031