» » » ДОСТЫҒЫН ТУ ЕТКЕН, ТІРЛІГІН ТҮЛЕТКЕН АУЫЛ

ДОСТЫҒЫН ТУ ЕТКЕН, ТІРЛІГІН ТҮЛЕТКЕН АУЫЛ


Сан ұлтқа саялы мекен болған, ынтымақ пен бірлігі бекем болған бір ауыл бар Қармақшы ауданында. Ол құтты қоныс – бұрынғы Қашқансу, қазіргі ІІІ Интернационал елді мекені. Ауданнан 35 шақырым қашықтықта орналасқан сол ауылға сапарлап сенбіде соғатын сәт туды. Әу бастан ауыл емес кішкене қалашыққа ұқсайтын осы мекен көз тартар келбеті, мұнтаздай тазалығы, шап-шағын, жып-жинақы, бірінен-бірі өтетін әсем үйлерімен ерекше-тін. Кіре беріс жолдың екі қапталын көлеңкесімен көмкерген сыр талы желдің лебімен тербеліп самал ауа сыйлайды. Табалдырықтан аттағаннан-аққызу тірлік осында ма дерсің. Себебі көзіңе бірден астық толар қамба, гүрілдеген диірмен, егінге дайын техникалар көрінеді.  Білек сыбанған еңбеккердің бәрі қырманда. Науқанға тас түйін дайындық қамын жасап әлек. Іргесі 1937 жылы қаланған ауылда қазақ, түрік, кәрістермен бірге барлығы 11 ұлт өкілі тұрады. Социалистік Еңбек ері Цай Ден Хак басқарған ірі шаруашылық бүгінге дейін құндылығын жоғалтпаған.  Ел аузында «Третий» деп аталатын аймақтың төл тарихы, өңірде өзіндік орны бар. 
ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДА
Тақтайдай тегіс ауыл көшесінде көлігіміз жүйткіп келеді. Сірә жолы нашар көше жоқ сыңайлы. Дәл тауыппыз. Бүкіл бір ауылдың тек үш ғана көше асфальттанбаған. Асфальты жоқ дегеніміз болмаса оған да қиыршық тас төселген. Қаз-қатар бағандарда ілінген шамдар кеш қарайса ауыл ажарын тіпті айшықтай түсетіндей. Орталыққа қарай бұрылыста биіктеу орналасқан «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деген жазуы бар жалауша  көзге оттай басылады. Сурет бірнеше ұлт өкілінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанын бейнелейді. Бүгін тұрғындар әдеттегідей сенбілікке қызу кіріскен. Таза ауылды одан да бетер тазартып әуре.
Бізді әкімшілік алдында Жасұлан мен Сұлтан атты қос қызметкер күтіп тұр. Ауданға шетелден келген қонақ осы ауылға аяңдамай кетпейді. Мұндайға  үйренген жігіттер туған өлкесін таныстырудан жалықпайды. Біздің де сыбай салтаң жүрмегенімізді біліп мәдениет үйіне қарай алып жүрді. Ауыл әкімі Әсет Омаровтың басшылыққа келгеніне көп болмаса да біраз шаруа бітірген. Тұрғындардың 50 проценті «Facebook» әлеуметтік желісіне тіркелген. Халыққа айтылар хабарландыру мен жаңалық желі арқылы таратылады. Қармақшы ауданы бойынша екі «Онлайн» орталықтың бірі осында. Ауыл кітапханашысы Рима Тұрманова еш ақы алмай қоғамдық жұмыс ретінде аядай бөлмеде орталықтың қызметін көрсетіп отыр. Қуантарлығы сол жас болмаса да  жаңашыл маман ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен кітапхана жанынан «Cowоrking» орталығын да ашыпты. Әдемі үстелдер қойылып, безендірілген бөлмеге оқырмандар сыймайтын көрінеді. Кітапханашы онлайн орталық арқылы ауыл тұрғындарын үздіксіз жаңалықпен қамтиды. Бүгін сенбілікпен жүрсе де оқырманның сұранасы үшін жұмысқа келіпті. Кітапхананың бір қапталындағы сөре ауыл тарихына арналған. Бізді бірінші мәдениет үйінің ішінде орналасқан кітапханаға әкелуі  бекер емес. Кітапханашы ауыл тарихын айта бастағанда көз алмай, құлақ түріп тыңдап қалдық. Сонау жылдан бері ауыл жайлы жазылған газет қиындылары мен жорналдарды сары майдай сақтаған. Біраз мағлұмат бергеннен кейін келген қонақ алғашқы қадамын ауыл құрылысының атасы Цай Ден Хактың мұражайынан бастайтынын айтты. Сонда бет алдық. Жанымызда кітапханашы апай мен ауыл әкімшілігінде әдіскер маман Мақсат Сұлтанов.
ТАРИХ  – КЕШЕГІ ЕРЛІК
1928-жылғы кәмпеске науқанында мал-мүлкінен тып-типыл айрылып, қазақ халқы тақыр жерге отырды.  Енді ес жия бастағанда 37-жылдың зобалаңы басталды. Сол жылдары қазақ жеріне еріксіз жер аударылып алғашында кәрістер, кейін түріктер келе бастады. Қол бастаған қайсар жігіт Цай Ден Хак өз қауымына алған кәрістерді бұрын көріп білмеген Қашқансуға қоныстандырды. Сол бір аласапыран, қиын-қыстау кезеңде өз жанын шүберекке түйіп жүріп әрқайсысын ажал алдынан, алапат апаттың аранынан сақтап қалды. Қайғыдан қан жұтып, арып-ашып келген азалы елдің адамдарын қазақтар жөн-жосығын сұрап жатпай-ақ төрінен жәй беріп, өз орталарына алды. Сөйтеп аз уақыттың ішінде бой түзеп, ұйымшылдық ұйытқысын жасап, ұлттық болмысын сақтады. Цай Ден Хак бар қиындықты елмен бірге көріп, елмен бірге жеңіске жетті. 40 жыл ауыл басқарды. Халқы нар тұлғаның ерік жігері мен биік рухына шексіз құрмет көрсетіп, бағалады. Ауыл ішіндегі Цай Ден Хактың тұрған үйі мұражай күйінде сақталған. Барлық пайдаланған заты сол қалпында. Төсеніштер, киім ілгіш, жұмыс үстелі мен телефондар, сиясауыт, тіпті дәрет алатын құманы да бар. Жеделхат жіберетін факс телефоны әлі күнге дейін жұмыс істейді. Оншақты бөлмеден тұратын үйдің 4-5 бөлмесі ел ағасының отбасын, өмірін, қызметін, еңбегін, мерейін көрсетсе, қалған бөлмелерге Ұлы Отан соғысы жеңімпаздары, тыл ардагерлері, еңбек озаттарының суреті мен алған марапаты қойылған. Халық Цай мен бірге Социалистік Еңбек ері Пак Чин Ирдің де есімін ерекше айтады. Колхоз құрылысының тарланы деп жиі еске алады. Ел деп еңбек еткен әрбір ауыл адамы құрметке лайық. Олардың қызметі бір-бір кітап. Ауылдан шыққан атақты кардиолог Пя Юрий, ауылдың өткені мен бүгінін жырға қосқан ақын  Орынкүл Тынымбаеваны да мақтан тұтады. Қармақшы ауданының құрметті азаматы болған Тельман Дямуршаевтың өнегесі, қазақ халқына деген сүйіспеншілігі, айтар алғысы тіпті үлкен әңгіме. Қазір ұлтаралық татулықтың ұйытқысы болып жүрген Миляр Арифов ағалар жолын жалғаушы. Мұражайдағы мұрағаттан мол мәлімет алған соң осындай тұлғаларды түлеткен мектепке қалай бармасқа.
АЛТЫН ҰЯ, АҚ ОРДА
Қазіргі таңда 450 оқушыға 60 мұғалім дәріс беретін №108 орта мектеп қазақ, орыс тілінде білім береді. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақылбек Әділбаев 1- мамыр мерекесіне орай өткізетін іс-шараны пысықтауда. Әр сыныпқа осы мереке аясында тәрбие сағаты бекітілген. Мектепте ұстаздары біліктілік жағынан осал емес, шәкірттер тіпті жүйрік. 11-сынып оқушысы Тен Надежда қазақ тілінен республикалық олимпиадада ІІІ орынды иеленіпті. Облыстық, аудандық байқауда оза шауып жүргендерді жаза бастасақ кідіре алмайтын тіріміз бар.  Биыл екі түлек «Алтын белгіге» үміткер. Ал денешынықтыру пәні мұғалімі Тілеумбет Айтпабев гір тасын көтеруден шет мемлекеттерді бағындырған чемпион. Осы мектептен білім алған  тұрғындардың 90 проценті 3 тілді жетік біледі, еркін сөйлейді. Жақында ғана ағылшын тілі мұғалімі Әлия Нұрмұратова «Жол картасы – 2020» бағдарламасымен жоба ұтып алып, ағылшын тілін оқыту курсын ашқан. Бұл ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларының жаңашылдыққа, үштілділікті меңгеруге басқан алғашқы баспалдағы деп білдік. Мектеп жанынан осыдан 3 жыл бұрын "Қармақшы ауданында жаңа технологияларды енгізу арқылы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу жобасы" бойынша жылыжай салынған. Оны жыл бойы техникалық қызметкер Лариса Лян күтіп-баптайды. Өнім балаларға берілер тағамға қосылады. Артылғанын сатып мектеп ұжымы қажетті шығындарға жұмсайды.  
ТАТУЛЫҚ ҰЙЫТҚЫСЫ
Ауылдың шығыс бетінде кең көшеде көптеген жаңа үй бой түзепті. Қоршалған, ауласы кең сол үйдің бірінде Алик пен Айнаш Мұханбетовтер тұрады.
Алик мал бордақылаумен айналысатын белді кәсіпкер. Көпшіл жігіт. Қашан көрсең де үйінен қонақ арылмайды. Жанына жақсыларды жиып жүреді. Ортасына да, отбасына да сыйлы азамат. Ал Айнаш өнегелі әулеттің қызы. Ауыл мектебінде директордың ғылыми әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары. Өз балаларымен қоса ауыл балаларын тәрбиелеп жүрген жан. Әйел затына тән нәзіктік пен көркем мінез бен сабырлы қалпы өзіне жарасып-ақ тұрады. Оны басқалардан ерекшелейтін қасиеті де осы. Жастың да, кәрінің де көңіліне қарап, қал-жағдайын сұрайтын, тек жақсы әңгімелер айтатын жан отбасының ұйытқысы. Өсіп келе жатқан алтын асықтай 3 ұлын да өнегелі тәрбиеге баулыған. Үлкеннің алдынан кесе өтпейді. Осындай болмысына сүйсінген Алик Айнашты бір көргеннен ұнатқан. Осылайша татар жігіті мен қазақ қызы отау құрып, шаңырақ отын  түтетіп отыр. Ауыл тұрғындары олардың тату-тәтті өміріне, бала тәрбиелеудегі ақылына сүйсіне қарайды. Салты басқа болғанмен сән салтанаты бір дегенді осындай отбасыға  қарап айтатын болар. 
ШЕБЕР
Көлігі істен шықса «Третийға» қарай бет алатындар көп. Мұнда техника тілін жетік білетін екі Аслан бар. Біз Аслан Дямуршаевтың үйіне түстік. Қолы алтын азаматты білмейтіндер кемде кем. Інісі Осман екеуі бірлесіп көлік жөндеуді  кәсіп еткелі көп жыл болған. Жарамсыз, жүрмей тұрған, соғылған көлікті ахауына қарай бір апта мен бір ай ішінде қалыпқа келтіреді. Жақында жеңілдетілген несие алып үй жанынан талапқа сай көлік жөндеу шеберханасын салыпты. Толық іске қосқанда куәсі боласыздар деп қуантып қойды бізді де.Асланды арнайы Қызылорда мен Байқоңыр қаласынан іздеп келетіндер көп. Соған қарағанда оның қызметіне сенім мен тапсырыстың жоғары екені байқалады. Бала кезінен сурет салуды құмартыпты. Жоғары оқу орнына түсе алмағандықтан нағашысының  досы көлік жөндейтін орталығына жұмысқа шақырыпты. Осылайша бозбала шағынан темірдің тілін тауып, майын ішкен.  Келіншегі Дильфура Байрақтарова – мұғалім. Ақжарқын, жүздері күліп тұрған жарасымды жұп бізді  бірден үйге кіргізді. Өсіріп отырған  3 баласынан зор үміт күтеді. Әкесінің жанында қолғабыс көрсетіп жүрген Каплан – оқу озаты. Үздік оқушылардың есімі бар энциклопедияға есімі енген. Қосымша қазақ күресіне қатысады. Жеңімпаз болып жүр. Архитектор болуды армандайды. Дильфура қазақтың ұлттық тағамдарының барлығын әзірлейді. Наурыз мерекесінде міндетті түрде «наурыз көже» дайындап, көршілерді қонаққа шақырады. Олар үшін, яғни түрік ағайындарға ең ұлық мейрам – Құрбан айт. Айтта түрік тағамдары «Қырыққабат», «Базлама», «Хачапур» дастарқаннан табылады. Ал келін түсірсе ауыл аймақ жиналып келіннің өз қолынан түйдіріп «хинкал» жейді. Бұл асты қазақтар сүйсініп жейді. Жылына 200-дей банка тосап мен түрлі салаттар дайындайтын Дильфураның дастарқаны жайнап тұр.
– Қазақстанға жер аударып келген аталардың біз 3-4-ұрпағымыз. Бізді ешқашан жатсынған жоқ. Бөліну деген ұғымды тіпті білмейміз. Қазақ тілін де, дәстүрін де құрметтейміз. Ата-әжелеріміз сендер қазаққа қарыздарсыңдар деп санамызға сіңіріп келді. Үнемі ауыздан алғыстарың түспесін дейтін. Қазақта «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген жақсы мақал бар. Бір үзім нанын бөліп, төрінен орын берген қазаққа, Қазақстанға қалай рахмет айтсақ та жарасады, – дейді шын көңілмен.
ТІРШІЛІК ҚАЙНАҒАН АУЫЛ
Мана ауылға қонақ көп келетінін тілге тиек еткен едік. Өткен жылы Кореядан келген мейман ауылға 5 компьютер сыйлапты. Сол елден келген  тағы бір атақты дәрігер тексеру аппараттары мен дәрі-дәрмек әкеліп, күні бойы халықтың денсаулығын тексеріпген.
Ауылда халыққа қызмет көрсететін 2 балабақша, емхана, дәріхана, наубайхана бар.  Ұн өнімдерін дайындайтын Луиза Тұрсынова жоба ұтып,  наубайханасын кеңейтпек. Елді мекенде 96 кәсіпкер тіркелген. 13 шаруа қожалығы бар. Үшеуі күріш өсірумен айналысса, 10-ы бау-бақша дақылдарын дайындайды. Батыс Еуропа Батыс Қытай автодәлізінің бойында орналасқан «Ақсарай» кешені осы ауыл азаматтары ағайынды Гокчак пен Әли Рагибовтердікі.  Асхана, монша, қонақүй, көлік жуатын, жөндейтін үлкен кешенде ауылдың 30 шақты азаматы жұмыс істейді.  Ауылдағы ірі шаруашылықтың бірі «Достық Жер МК» директорының орынбасары  Ерболат Әбеновпен кездестік. Шаруашылық биыл 2400 гектарға жерге «Лидер» мен «Янтарь» сортынан күріш, 1250 гектар жерге ескі жоңышқа, 550 гектарға жаңа жоңышқа бастырмақ. 240 жұмысшы бар. Орташа айлық жалақы 67 мың теңгені құрайды. «Абай Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенов демеушілік еткелі шаруалар айлығын уақытылы алып отыр. Қазір 800 гектар жер айдалған. Биыл су жаңа  жатка, 2 дана айналма соқасы бар класс тракторы алынған. Науқанға ерте кіріскендіктен егілер тұқым да, тыңайтқыш да дайын. Алдағы уақытта күріш ақтайтын цехты қайта іске қосуға ниетті. Ауылшаруашылық техникалар жөндеу орны, автотұрақ, шаруашылықтың барлық техникасы ауылға кіре берісте орналасқан үлкен бір орынға шоғырландырылмақ. Әр жанұяға бақша дақылдарын егу үшін ауыл сыртынан шаруашылық есебінен 20 сотық жер жыртып беріледі. Ауласындағы бақшалық жерді де дайындап береді. Бақшалық өнімдер мен қысқа отын тасып алу үшін бір реттік 40 литр жанар жағар маймен арнайы техника бөлінеді. Көктемгі сенбілік барысында күл-қоқыс та тегін шығарылады.  Әр жылы әр жанұяға айлық есебінен көмір, жоңышқа шөбі, мал азығына жеткілікті жем беріледі.. Көпбала аналдар мен мүгедектерге, түрлі шаралар мен мерекелерге демеушілік жасаудан кенде емес. Ауыл әкімдігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, жоғын түгендеуден тартынып қалмайды.
– Еңбеккердің бәрі белсенді. Ұжым мүшелерінің ұйымшылдығы басым. Бәрі бірі үшін, бірі бәрі үшін деген ұстанымдары бар. Ұлтқа бөлінбейді. Осы бір берекеміз бен бірлігімізге сызат түспесе екен, – дейді ауылшаруашылығы саласының майталманы Ерболат Әбенов.
Түйін:
Ертең 1-мамыр. Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулық пен бірлікті, ортақ құндылықты насихаттайтын мереке бұл.  Айтулы күн қарсаңындағы  сапарда  ұядай ауылда жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір ағайынның татулығын көріп, қуаныштан көзге жас алдық.  Ауылдың бүгінгі тынымсыз тірлігі тек бірлігімен келгенін айтпай-ақ аңғартып тұрғандай.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».
Суреттерді түсірген Ерсін СӘДУҰЛЫ.
30 сәуір 2019 ж. 1 597 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 069

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031