БОЯМАСЫЗ ӨМІР

1950 жыл. Айбану 4 сыныпта оқитын. Зерек қыз өмірде көп жақсылыққа үмітті бес бауырымен жетім қаламын деп еш ойламаған.Себебі, көйлектері көк, тамақтары тоқ, уайымдары жоқ, албырт сезімдері баураған, түтіні түзу лаулаған отбасында тәрбиеленіп жатқан-ды.  Алайда, бұл бақытты күндер тым қысқа болды. Олар арқаларынан қағып «айналайын» деп алақан жылуын беретін, ет-бауыры елжіреп еркелететін, «құлыным» деп бауырына басатын  ата-ана мейіріміне зәру болды. Қарағанды шахтасында экскаватор жүргізетін әкесін мақтан тұтатын. Бірақ, әкесінің үстіне жұмыс кезінде тас түсіп, мерт болатынын кім ойлаған. Бұл суық хабарды бақытты отбасына жеткізу де ешкімге  оңай болған жоқ. Жұбайының мәңгілік сапарға аттанғанын естіген жары да ауыр жағдайды көтере алмай мәңгілік сапарға аттанып кете барды.  Небәрі бірнеше күннің ішінде ата-анасынан айырылып 6 бала  аңырап артында қала берді.
Өз баласын бағып-қағудың өзі оңай емес тұста ағайынның 6 баласын асырау кімге жеңіл дейсіз. Өрімдей ұл-қыздарды балалар үйіне өткізбеске не шара. Күні кеше ғана жанарлары қуанышқа тұнған балалар жүрегі бүгін пәс. Тағдырдың жазғанына кім қарсы тұра алған. Енді олар қалған өмірлерін осы үйде өткізбек. Бағына қарай Айбанудың тәрбиешісі иман жүзді, өте мейірімді жан болды. Тобындағы әр баланы өз туғанындай көріп, жүрек жылуын сыйлайтын. 10 сыныпты бітірген Айбанудың жоғары оқу орнына түсуіне себепші болған бірден-бір жан да сол кісі. Алматы қаласындағы ірі оқу орындарының біріне Қарағанды қаласында отырып емтихан тапсырған жас қыздың оқуға қабылданғанын естігендегі жүзіндегі күлкі  ата-анасынан айырылған уақыттан бері ұялап тұрғаны еді.
Тәрбиеші анасы Айбанудың қалтасына қолындағы бар тиын-тебенін салып, арман қала Алматыға ақ жол тілеп шығарып салды. Айбану 5 жыл оқып, шет тілінің маманы атанды. Бауырларынан көз жазып қалмауға тырысып, жиі-жиі  Қарағандыдағы апасына келіп тұратын.
Оқу бітірген жас маманға Оңтүстік Қазақстан облысының бір ауылына жұмысқа жолдама беріледі. Орыс пен  ағылшын тілін еркін меңгерген қала қызы салт-дәстүр мен ырым-тыйымдардың барлығын ауылға келіп үйреніпті. Арада жылдар жылжи береді. Ең кенже сіңілісі де оқу бітіріп, Қызылорда қаласына жұмысқа жіберіледі. Мұны естіген Айбану сіңілісімен бірге болуға бел буып, жұмысын тастап, жақсы маманға қай жерде де орын табылар деген ниетпен ешқашан көрмеген Сыр еліне келеді. Бауыры денсаулық сақтау саласында еңбек жолын бастаса, өзі аудандардың біріндегі мектепте ағылшын тілінен дәріс береді. Ананың мейірімі мен әкенің қамқорлығындай болмағанымен жұмыс істеген жеріндегі жандардың барлығы жақын тартып, Айбануға көмектескісі келіп тұрады. Уақыт желдей зымырайды емес пе? Осылай жүріп бар саналы ғұмырын оқу ағартуға арнаған ұстаз жасының 35-ке келгенін де аңғармай қалады. Аңғал, ақкөңіл, кісінің көңіліне қарап тұратын, жұмыстан басқа ешнәрсені ойламайтын  қағілез жан отбасын құруды да жоспарламаған сыңайлы. Себебі ол кездегі ұстаздар үшін жігітпен сөйлесу, кездесу тым әбес саналатын. Біреу-міреудің көзіне түсіп қалсам ұят болар-ау деген ойда жүретін. Бірде Айбануды қызметтес құрбысы бір жігітпен таныстырмақ болады. Әр түрлі сылтаулар айтып қарсылық танытқанымен көндігіп, келісім береді. Құрбысының таныстырмақ болған жігіті 10 баламен адал жарынан ерте айырылған азамат екен. Ойлап көріңіз... Бұрын тұрмыста болмаған, адал арын кірлетпеген нәзік жан бұл ұсынысты қалай қабылдамақ. Алғашында бұл жағдайды Айбанудан жасырғанымен бертін келе шындықты айтуға тура келді. Бұл ұсыныс әрине оған оңай тиген жоқ, көп ойланды. Оның санасын енді он балаға  қалай, қандай ана боламын деген сұрақ мазалады. Не керек, бір жыл өтті, екі жыл өтті азамат дегенінен қайтпады. Үлгілі ұстазды шаңыраққа келін етіп түсірді. Интернатта тәрбиеленіп жатқан баланың барлығы үйге қайта орала бастады. Айбану бір отбасын бақытқа бөлейтін жан болып енді босағадан. Көп ұзамай 11-ші сәбиі дүниеге келіп, көп балалы ана атанды. Енесі Зәуре апа жұмыстан қол үздірмей, келінін де, балаларды да өзі тәрбиеледі. Білгенін асырды, білмегенін жасырды. Балалар жүрегі жақсы жанды жақын тартады ғой. Барлығы анасындай қабылдап, жанынан айналшықтап шықпайтын. Жас келін енесін  «анашым» дейтін. Бар ыстық ықыласымен жақсы көретін оны. Сырын да мұңын да сол кісіге айтатын. Анамды таптым, мен енді жалғыз емеспін  деп жиі-жиі құшақтап қоятын. Арада 2 жыл өтті. Бірақ... Тағы да сәтсіздік. Арқа сүйер азаматымен бақыттың дәмін енді сезініп келе жатқанында  жұбайы жүрек ауруынан ойламаған жерде көз жұмды. Адамның басына осыншама ауырлықты береді екен. Енді мұндай қатал тағдырдың жазуын көтере алмайтын шығармын, сірә деді ол. Әлі аяқтанбаған 11 баланы қалай жеткіземін, менің өмірім неге осыншама орны толмас өкінішке тап болды деп налыды.
Ет жүрегі езілген Зәуре ана өз қиналысын келініне білдіргісі келмей, оны әрбір қиындықтың артында бір жақсылық барына, өмір атты күресте тек жеңіске ұмтылуға сендірді. Біріне-бірі тіреу, біріне-бірі серік болды.  11 баланы оқытты, ұлды-ұяға, қызды қияға қондырды. 90 жасаған енесін анасынан бетер күтіп баптап, арулап шығарып салды. Ананың мәңгілік сапарға кеткені де оңай тиген жоқ оған. Қарияларды көрсе еріксіз көзіне жас алатын. Балалар азамат болғасын қиындықтың бәрі артта қалды.
Қазір 11 баладан тараған немере, шөбере әжелеп мойынына асылғанда төбесі көкке бір елі ғана жетпейді. Бар баласы мейірім шуағын сыйлаған, қиындықпен күрескен қайсар ана пейіліне бас иеді. Әр мереке сайын қарашаңыраққа жиналып, аналарына қуаныш сыйлайды.  40 жылға жуық еңбек еткен ұжымы да, түлеткен шәкірттері де ұстаз еңбегіне алғаусыз алғыстарын айтады. Жетпістің бесеуіне аяқ басқан ардақты жанды ағайын-туыс пен жақын-жуығы ерекше құрметтеп, төрге шығарады. Осындай бақытқа толы күндеріне разы ана аузынан шүкірін тастамайды.  
Әр адамның тағдыры әр қилы. Онымен күресу жолы да біріне-бірі ұқсамайды. Адам баласы Алланың нәсіп еткен тағдырына разы болуы керек.
Пендені  кемелдік шыңына жетелейтін, бұралаңы көп өмір жолында жұмыр басты жанға күш-қайрат беріп, сан түрлі ауыртпалықтардан абыроймен алып шығатын асыл қасиет-сабыр. Қайғы түскенде сабыр сақтаған, барға қанағат еткен, кешірімшіл, қарапайым, тәубешіл адам бақытты өмір сүреді.
Айбану осы жайды ақиқатқа айналдырған әзиз әже, аяулы ана. Бұл боямасыз өмір шындығы.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА.
08 сәуір 2019 ж. 1 363 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 069

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031