Атсейіс

Орта жолдан ауғанда, жыңғылды ойдан аттың тізгінін жіберіп, бауырын жаздыр. Өзім одан бергі төбеден қосар атпен күтіп тұрып қапталдап қосыламын. Сол кезде аттың басын жібер. Жануар аяқ алысын көрсетер сонда!? - деп атты айналып жүріп сейіс, желпініп сөйледі. Өзімнің де көптен күткенім осы күн. Мұқият тыңдап алдым. Әңгімесін айта жүре, сейіс аттың шылбырын шешіп далаға аунатуға алып шықты.
Жануар он күн бұрынғы күйіктеніп тұрған түгі түлеп, түлкідей жайнап жалт-жұлт етеді. Аяғын көсем басып, ырғатылып аунайтын жеріне келіп алдыңғы қамшылар жақ аяғымен құмды екі қайтара көсіп тартып. Жата қалып аунады. Екі жағына алма-кезек үш қайтара асып түсіп, жедел атып тұрды. Дүр сілкініп, құлағын қайшылап қоңыраулата кісінеді. Сейіс:
– Пах, пах! - деп, қошеметтеп қояды. Қолындағы ат қылынан жасаған ағаш сапты сыпырғысымен аттың үстін сипап өтіп, бұлақтағы суға қарай беттеді. Ат бұлақ басындағы жиналған суды кешіп барып, ұсыным жердегі ағып тұрған шүмегінің аузынан ішті. Аузын шайып, талмап қайта төгіп, содан соң он бес жұтым су ішті. Онымен қоймай мойнын қаздай иіп суды алдыңғы екі аяғымен алмакезек орып, бауырына шаша бастады. Сейіс атты құрғаққа шығарып, маған ұстатты. Өзі суланған таза шүберекпен аттың көзі мен танауын, шап, қолтығын жуып омырауына су бүркіп болып, қолымнан алып қораға қарай жетектеді. Қаракер еңсесін тік көтеріп, құлағын қайшылап ширығып кетті. Сейіс:
– Жануар, дүбірді сезіп дарын тартып тұр! Ал, қожа бала, бүгінгі ащы тері қалай алынады, ат соған лайық шабыс береді. Аттың ащы тері бойында қалса, қияметте қарызы мойныңда қалады. Сондықтан атаң қазақ, қандай жағдай болса да аттың тері мен майын жемеген. Қолға алып талаптанған не нәрсеңе, қара қылды қақ жарған әділдік пен адал еңбек керек.
Ақылын айта жүре атты жабулап, ерттеп, сыртқа шығарды. Ердің басынан ұстап атқа жеңіл қарғып міндім. Сейіс:
- Ал, айналайын, пешенеңді Алла ашсын! - деп бата берді. Сосын:
- Мен Жолай Шәмшаттың күрең атымен орта белден күтіп тұрып қапталдан қосыламын. Сол жерде атты ағытып жібер! - деп қайта пысықтады. Айтып отырған күрең аты – жарақты ұшқыр, аяқты мал.
- Тәуекел! - деп жортып кеттім. Көпірден өтіп үлкен жолға салып, атты текіртіп шабысқа түсірдім. Мінезді мал, әзір айтқанымды істеп келе жатыр. Күн желкемдеу. Құлағын қайшылап, төрт аяғын топтап тастап бір ырғақпен келе жатыр. Өрге қарай аршындай ұмтылып, шабысын бір қалыпты ұстап жеңіл шауып келеді. Жары ортадан ауғанда аттың құлағының түбі терлеп, тізгінді сүзе тартып, басын екшеп желіге бастады. Сулығын шайнап, қарысып келеді. Әне-міне дегенші қайтатын жерге де жетіп келдім. Атты кейін бұрғаным сол, орып ұмтылып өзінен-өзі ала жөнелді. Жануар жердің апшысын қуырып ұмтылғанда, тізгінді тартқаныма бой бермей кетті. Әудем қабақтан зорға тоқтаттым. Жолдан шығарып бір айналдырып, қайтып текіртіп жолға салдым. Еті қызып елеуреп келе жатыр. Басымен алысып келе жатқанымда төбе үстінде тұрған сейісті байқадым. Атта құлағын жұптап, кеудесін көтеріп алды. Дауыс жетер жерден сейістің: «Жібер!» - деген қиқуы шықты. Атты барынша жібердім. Жануар керегедей керіліп, бауырын жазғанда жерге жатып қалды. Қапталымнан қосылған күрең ат екі қабаққа ілесті де кейіндей берді. Иегіндегі сақалы екі айырылып, ердің үстінде найзадай шаншылып отырған сейіс артымнан айқайлап:
- Осы бетімен қораға кіргіз! Тоқтатпа! Өзім жетемін - деп, қала берді... Қапталдан қосылған аттан желіккен Қаракер аттың төрт тұяғының дыбысы мен танауының тынысы, тақыр жолда дабылдатып, қара жерді қақыратып қеле жатқандай сезіндім. Қарсы соққан желден көзімнен жас парлап келеді. Аттың аяқ тастауы бөлек. Тарт­қа­ныма көнбей келе жатыр. Алда көпір бар. Онда балалар суға түсіп, балық аулап отырады. Жақындағанда аттың дізгінін тартып, айқайды салдым:
- Жолды босатыңдар! Тез-тез! - деп, келемін... Бірі суға сүңгіп, бірі қармағын сүйретіп жағаға шығып, жолды босатты. Жау қуғандай көпірден аттың бар ағынымен өттім. Бұрылып артыма қарасам сейіс те орамалы ағараңдап, жеңсізінің етегі жалпылдап, күрең атты барынша жіберіп келеді екен. Тыныш отырған ауылдың бір жағын дүбірлетіп Қартаңбай сейіспен екеу­міздің жүрісіміз мынау... Сол бетімен қораның алдынан бір-ақ тоқтадым. Қарғып түсіп атты қораға кіргізіп орнына байладым. Сол кезде сейіс те аттан жедел түсіп, ішке ентелей кіріп, күні бұрын дайындап қойған қосымша жабу, бастырықтармен атты қымтап орай бастады. Аттың басына дейін бүркеп тастады. Солығын баса алмай тұрған ат теңселіп, басын екшеп, тынымсызданып кетті. Сейіс үнсіз аттың шылбырын шешіп, төс артпасын босатып, аттың омырауына кіріп отыр. Қолымен ымдап қасына шақырды. Жақын барып отыра қалдым. Аттың қолтығы мен омырауынан аққан тер шүмектеп тұр. Алдыңғы шашасынан аққан тер саулап бара жатыр. Алақанын тосып аузын шылап дәмін көріп қояды. Маған сыбырлап:
- Енді артқы сауырынан терін төгеді, - деп ымдап қойды. Артқы шашадан да дірдектеп тер кете бастады. Бауырынан аққан терде есеп жоқ. Ат әлі ентігіп, барып-келіп тұр. Сейіс аттың артқы жағын бақылап отырғанда, білдірмей алдыңғы шашадан аққан терден алқанымды тосып тіліме тигіздім. Тұзды су. Тура солай. Түкіріп тастадым. Сейіс тез тұрып өзі ентігіп тұрған атқа дорбамен жем іліп, басын қайта бүркеді. Дорбаның ішіндегі аттың демалысы жиілеп, гүрілдеп, тыпыршып мазасы кетті. Күртілдетіп жемді де жеп жатыр. Сәлден соң аттың артқы екі аяғының шашасынан тер саулап ала жөнелді. Сейіс саусағының ұшымен дәмін татып көріп отыр. Сол кезде ат та тыншып, сабасына түсті. Артқы екі аяғын кезек суытып, дорбаны қағып жемін тауысуға айналды. Бір сағаттың көлемінде жалғасқан «ащы тер алу» аттың терінің тоқтауымен барып аяқталды. Сол кезде барып сейістің:
- Жақсы, жақсы! Терін жақсы берді! - деген өзіне-өзі демеу сөзін естідім-ау! Өзім де «Уһ!» - деп жоталанып қалдым. Демек бәрі жақсы болады! Сейіс:
- Әй, қожа, үйде екі шелек су қайнатып қойдым, әйелге айт қанжылым қылып беріп жіберсін! - деп тапсырма берді. Айт­қанын орындап қасына келдім. Сейіс аттың жабуларын жеңілдеп, аттың терлігін қалдырды. Оны үстінен жеңіл таза мата салып, тартпамен тартып тастады. Мәсінің қонышынан екі ағаш пышақ, қырғыш алды. Одан соң әр жері жапырылған қалайы құманға су құйып:
- Енді атты шомылдырып тазалаймыз. Ат бұлауға түскендей, тердің көзі ашылып тұр. Денесіндегі шайыр болып тұрған ащы терін жуып, әбден тазартып, сүртіп кептіреміз. Атқа баладай қарау керек, - деп жұмысына кірісті. Құмандағы суды аттың шоқтығынан құйып омырауын екі жағынан қырғышпен қырып тазалады. Мойны, одан көзі, құлағынан құйрығына дейін бір қолымен суды құйып, қырғышпен қырып отыр. Әсіресе аттың сауырына келгенде мұқият жуып, қырғышты батырыңқырап жұмсады. Ат қипақтап еді, сейістің әмірлі дауысынан сап тыйылды. Бауыры, шабы, ұмасының айналасын толық жуып тазалап, қыр қара тұяғына дейін шықты. Сумен бірге аттың жалқаяқ шайыр кірі де ағып жатыр. Аттың терлігін алып, жуа бастады. Тартпасын шешіп қыр арқасын жуып тазалады. Ер батып аққаптал болған жеріне айрықша назар аударып:
– Осы жердегі өлі ет ұстайды. Бар­мақтың басындай жерден тер шықпаса, бар еңбектің босқа кеткені. Тер шықпаған ат ісіп-кеуіп, өледі. Болмаса, аяғынан қалады. Әй, қожа! Тыңдап жүрсің бе? - деп нығарлап қойды.
– Иә, әке! Тыңдап жүрмін. Сейістің қолы жұмыста, аузы әңгімеде. Одан әрі:
– Осының бәрін біз өлсек кім істейді?! Неге үйренбейсіңдер? Бұл заманның адамы бір-бір темір атқа мініп босып жүр. Басына пайдасы жоқ. Ішкені арақ. Бұтын асып атқа отыра алмайды. Ой, Алла-ай! Олардан еркек болып, бала туатынын айтсай?! Белдеуінде тәуір ат тұрмағасын одан не қайыр, не үміт?! – деп қырнап айтқан сөзі маған да батып кетті. «Болды, енді әкеме айтып ат алдырамын!» – деп шештім...
Сонымен, аттың үстін таза бөз шү­берекпен сүртіп, құрғатып, терлігін ауыс­тырып, желдікше жабуын жауып, оның сыртынан бастырық жабуын қайта жауып, атты ерттеп далаға алып шықты. Қаракер ат көзі жалтылдап ойнап, еңсесін көтеріп, керіле түсіп, далаға шығып дүр сілкінді. Одан соң оқыранып, алысқа қарады. Жануар, жуық арада сейістің үйіріне жібермейтінін білгендей, жағын кере есінеп, қатты пысқырды. Сейіс жалма-жан аттың танауын көтеріп қарады. Бәрі жақсы секілді. Содан соң:
- Кел, қожа бала, – деп шынтағымнан демеп атқа мінгізді де:
- Төрт сағат кездір! Жәймен жүр. Әбден суығанда қиын тастап, сиеді. Менің сағатымды ала кет, – деп омырау қалтасын астарымен ақтарып түйреуішін ағытып, шалбарымның ышқырлығына қадап сағатты қалтама салып берді. Күн жанып тұр. Ал, күннің астында жүріп көр. Айтқан уақыты да бітті-ау. Атты кездіріп болып, қораның аузына келіп тоқтадым. Сейіс қорадан шығып атты көлеңкеге байлап, тізгінді ердің басына қаңтарып қойды.
- Осылай тұрсын. Қазір сиеді - дегені сол ат керіліп сие бастады. Сейіс жалма-жан аттың бауырына қарап отыра қалды. Қарама-қарсы өзім де отырдым. Ық жағынан отырған екенмін, сідік үстіме шашырап, екі қадам кейін шегініп отырдым. Сейіс бір есе аттың ұмасына қарайды, біресе жердегі зәріне қарайды. Қаракер тақыр жерге қадап сиіп, соңғы сарығын қоюлатып көпіршітіп аяқтады.
Байқаймын сейістің көңілі күпті. Осы жолы бәйгеге өңшең жүйріктер қосыл­ғалы тұр. Бұл кісінің қосатыны өзі айтқандай «тосын» ат. Бұл аймаққа аты жайылған жүйріктер: Балшынның Кер аты, Мырқының Шағыры, Күзембайдың Кер аты, Сәттің Күрең аты, Әлидің Ақжамбасы, Әйтпенбеттің Торы аты т.б. санап тауыса алмайсыз. Олардың атшабар балалары әбден тіс қаққан. Біз болсақ, Қаракер де, өзім де бірінші аламан бәйгеге қосылғалы тұрмыз. Соны ойлап тұрғанымда, Қаракер­дің дүр сілкініп, қоңыраулата кісінеген үні ойымды бөліп жіберді. Жануар дарияның арғы бетіне қарап, көзі шоқтай жанып тұр екен. Күмбірлеген дыбысынан бойымды тосын күш билеп, «Әй, тәуекел!» - деп, шапалақты шарт еткізіп, іштей әкем үйреткен кәлимамды қайырып, білдірмей бетімді сипадым.
– Әй, қожа! Не істеп тұрсың? – деген сейістің дауысынан селк ете қалдым. Бұл кісінің қырағы көзінен ештеңе тыс қалмайды. Байқап қойды.
– Қаракер бәйгеден келсін деп жатырмын, әке.
– Әумин! Жас тілегі қабыл. Қожаның баласысың!? – деп демей сөйлеп атты жабулап, ерттеуге кірісті. Бұл жолы атты екі бастырық жабумен жапты. Ат сауыт кигендей сіресіп қалды.
– Ал енді атты шығарамыз. Мені мұхқият тыңдап ал! Терді "Тектұрмастың" жолымен аламыз. Қосарыңа Жолдас­байдың Томайын қосамын. Жылқының пірі – сол ат. Әттең адамына жолықпаған мал?! Жолдасбайдың астында совхоздың жыл­қысын қуумен күні өтті. Оны ақталап жі­беріпті. Әнәукүні Жолдасбайды баса боқтадым: «Томайдың орнына сені піш­тіру керек еді!» – деп. Ай, әттеген-ай! Жыл­қының ұрығын осылай өшіреміз ғой?!
Көршісі Киікбай жылқышы, қыстай он ат бағады, көктемде жылқы қуамын деп Жолдасбай жалғыз Томайды бағады. Он атпен Киікбай да 500 жылқыны түгендеп болады. Жалғыз Томаймен Жолдасбай да 500 жылқысын түгендеп болады. Үстіндегі Жолдасбай 200 келі адам. Өзіне-өзі: «Жолдасбайға бір Құдай мен бір Томай жақ болсын», – деп отыратыны сол.
- Қазір Томайға Елапан молданың баласы Жұмабек мінеді. Өзім, Жолай Шәмшаттың күрең атымен орта жолдан күтемін. Тектұрмасқа жетпей жыңғылды ойдан қайтасыңдар. Барғанша текіртіп барасыңдар. Қайтарда өзімді көргенде жіберіңдер. Қапталдап қосыламын. Ал, пешенеңді Алла ашсын! – деп шын­тағымнан сүйеп атқа мінгізді.
Өзі де атқа мініп, жортып жөнелдік. Көпірге жақындаған тұстан есік пен төрдей Томайды мінген Жұмабек, сәлем беріп: «Ат бәйгелі болсын!» – деп бізге қосылды. Бұл жігіт өзімнен алты-жеті жас үлкен көрінді. Шынында мінген атының тұрқы бөлек. Қос үзеңгімен мінбесе, қапталынан асылып адам міне алмайтын мал екен. Екі құлағының ұшы үсіктен түскен болар, домаланып қалыпты. Томай атанып жүргені сол екен. Таза керше түсті, астыңғы ерні қос алақандай, қанды көзі шарасынан шығып тұратын, айбатты мал көрінді. Қапталыма келгенде Қаракер жортып, тайқып жолдан шығып кетті. Қайтып жолға салдым. Көпірден өтіп ауыл сыртындағы адыраспанды төбеге шықтық. Қартекең:
- Әй, молданың баласы! Томаймен Қаракерден озбай қапталында отыр. Ізіне салма, аяғын шауып тастайды. Шапқанда қи­қуламай, қамшыламай, аттың ауанымен жіберіңдер. Ат булығып, тер бермей қа­лады. Атты желіктірмеңдер. Қалай шауып отыруды мына қожа бала біледі. Бір-біріңе қарап отырыңдар! - деп жолға салды. Қаракер текіртіп үйренген жолымен тізгінді сүзе ұмтылып, бастап жөнелді. То­май табандап желіп келе жатыр. Көз қиы­ғым сол атта. Екі төбе асқаннан соң Жұмабек:
– Ал, Алмас! Атты бір-екі ой жіберіп алайық? – деп күліп келе жатыр. Жан дауысым шықты:
– Болмайды! Бұл ертең бәйгеге шабылайын деп тұрған ат! Қартекең бәрін біледі. Масқара боламыз! - дедім.
– Ой, сені сынайын деп айтқаным ғой. Жарайды, – деді. Сонда барып жүрегім ор­нына түсті-ау... Әне-міне дегенше қай­татын жерге келдік. Аттарды қайырып жолға салған жерде Қаракер ұрынып, тыпыршып кетті. Оның үстіне Жұмабек:
– Ал кеттік! – деп Томайды бар пәтімен ағытып қоя берді. Қаракер орнынан атылғанда белімді жұлып кете жаздады. Аттан сыпырылып түсе жаздадым. Қос қолдап тартқаныма қарамай Томайды өкшелеп жер тістеп ұмтылып келе жатыр. Томайдың төрт тұяғынан ұшқан топырақ бетіме оқтай тиіп тесіп кетті. Бәрі бүлінді. Бар дауысыммен:
– Тоқта! Тоқта! – деп жан ұшырып келемін. Екі төбеден асқанда қаптал­дасып:
– Аға, тарт атты! Жіберме! Қазір Қартекең көрсе ұят болады? – деп келемін. Сол кезде Жұмабек те аттың басын іркіп баяулады. Маған қарап ыржиып күліп қояды. Ашуым келгені сондай, не дерімді білмедім. Оның үстіне Қаракер ауыздықпен алысып, желігі басылмай келеді. Қос қолдап тартып, қар білегім үзілердей болды. Төбенің басынан Қартекең де көрінді. Қос атты бірдей жібердік. Жануар Қаракер жабудың астынан сытылып шығып кетердей, қара жерді құлаштап жинап, мойнын соза ұмтылғанда үстінде адам отыру мүмкін емес. Томайдың омырауы мен сауырынан аққан тері, жаңбырлығынан құйылып, еркін көсіліп келеді. Жануар ұрынбай шабады екен. Қапталдан Қартекең де қосылды. Жанасқан жерде:
– Әке, атты қайтар жерден жібердік. Қатты келе жатырмыз, – дедім айқайлай. Ол кісі:
– Осы пәтпен бара бер! Кідіртпе! – деп, қалды. Екі ат ерегісіп қайта жолға түсті. Томай тер-суы алынған атты жібермей келе жатыр. Тепсінсе тастап жөнелердей күші бар. Қаракер қос жабуды алса, аянатын мал емес. Ауыл шетіндегі көпірден қабырғаласып бірге өттік. Ағындап келіп қораның алдынан бір-ақ тоқтадым. Жұмабек бұрылып өз қорасына кетті. Болмаса Қартекеңнен сыбап боқтық естетін еді. Ізімнен сейіс те жетіп, атты орнына байладық. Тартпасын босатып, атты бүркеп, орап тастадық. Ат теңселіп тұр. Басын шұлғып, жабуды лақтырып тас­тап тұр. Қайта жаптық. Сейіс мұндайда сыбырлап сөйлейді. Маған ымдап: «Дорбаны әкел», – деді. Атқа жібітілген сұлы салынған дорбаны ілді. Ат «ащшы теріндегідей» мазасызданбай, көзі жайнап елеңдеп, күртілдетіп жемді жеп тұр. Сейіс аттың омырауына қолын салып, риза пішін танытты. Айналып аттың сауырына, шабына қол жүгіртіп қайтадан жауып қойды. Ат солығын басып, тыншыған уақытта, айналасын ашып жабуларын жеңілдеді. Жануар тұрған жері терден қақ болып тұр екен. Сейіс артқы шашасынан аққан терге алақанын тосып, құйылған терді аузыма қарай ұсынды. Ернімді тигізіп, тіліммен татып көрдім. Тұщшы су. Жылы су секілді сезіндім. Содан соң сейіс:
- Аттың тұщшы тері дейтініміз осы, - деп жұмысына кірісті...
Атты шомылдырып тазалап, терлігін ауыстырып қайта жабаулауға дайындады. Қаракердің мүше бітімі, көз тойғандай. Денесі мылтықтың құндағындай сұлу­ланып, сан еті білемденіп төңкеріліп шыға келді. Алдыңғы екі топшы мен кеуде, мойынның еттері бұлтылдап ойнап тұр. Әсіресе қос жанары мойылдай мөлдіреп, төңкеріле қарағанда «қой бұған, жылқыдан мал жетпес» деп, қолды уқалап өзімді-өзім демеп жібердім. Екі қар білегімнің тізгінді тарта-тарта ауырғанын сонда білдім. Атты далаға алып шығып, сейіс шынтағымнан сүйеп мінгізді де:
- Енді атты төрт сағат кездіресің. Ат терін жақсы берді. Бәйге болатын күн де жақындады. Қаракер қалғанын Құдайдан көрсін, қолдан келгенімді жасадым. Тұяғында желі болса, «өр кеудеге соғар»?! - деп қойды. Cірә, көздегені бірінші, екінші орын болса керек, өзімше солай жорыдым. Ат кездіріп кете бардым.
Қиял, Қаракерден де жүйрік. «Құдай қаласа бәйгенің алдын алсақ. Әкем ат алып берсе. Оны өзім жаратып бәйгеден келтірсем...»... Әй, толып жатыр. Күннің астындағы төрт сағат, ат туралы арманыңа да, қалғанына да жетеді. «Атшабар той» біздің ауылда өтпекші. Той беріп жатырған Машарап Әлиев деген кісі. Жұрт, ол кісіні «Инженер Машарап», «Молда Машарап», «Ұста Машарап», «Жырау Машарап» деп атайды. Сайыпқыран, қолынан келмейтіні жоқ, шебер адам деп ел іші айрықша сыйлайды. Сол заманда совхоздың қалдық техникаларынан өзіне қорапты машина құрастырып алған жалғыз адам, осы кісі. 1964 жылы Жаңақала совхозының алғашқы директоры Қаратай Қуаңбаевпен бірге елдің іргесін қалаған, соғысқа қатысқан, екеуі де майдангер жандар. Ма­шекең «Курскі доғасындағы» қанды қы­рғынға қатысқан танктің командирі. Жалғыз баласы Жәлел, өзімнен бір класс төмен оқиды. Сыпайы, тәртіпті бала. Бұл тойды да, сол баласының «мүшел тойы» есебінде беріп жатыр. «Бас бәйгеге» бес жасар өгіз тігілген, елдегі дақпыртты той болғалы тұр. Машарап молда, әкемізге сәлем беріп үйге келіп тұрады. Бетінің шешек дағы бар, мұртты, кең жауырынды, қой көзді, балуан денелі кісі. Бір жағына елеусіздеу ғана, аяғын сылтып жүреді. Шариғатты, ақындық пен жыраулыққа қосып сөйлегенде жұртты сілтідей тындырады. Аузы батыл, қыза-қыза домбырамен шалдарға «Катюша», «Смуглянка» деп, орысша өлеңдерді нақышына келтіріп айтатыны бар. Пайғамбар заманындағы «Мағауияның соғысын» жырлап отырып арасында, «Қызылорда вальсін» домбырамен айтқанда ақсақалдар түк түсінбей айран-асыр болатын. Отырған жері мереке, думан адам. Бірде әкемізге шәй үстінде:
– Қожеке, сіздерден де ақын, жырау шыққан ба? Жоқ, бала пішіп, қазақтың үсір, зекетін жинап жүре бергенсіздер ме? - демесі бар ма. Әкем ондай сұрақты күт­пеген:
– Жау қырылып қалды ғой, Машеке! - деп иығы бүлкілдеп үнсіз күліп алды. Содан соң:
– Ел болған соң, шамасына лайық ақын, жыраулары болады ғой. Өзімнің туған ағам, Жүрмахан сондай жан еді. Алты Аспанның баласы мерекесіне "Бозша бала" деп ат жіберіп алдыратын. Жиырма екі жасында көз тиіп бахилық болды,-деп қалтасынан орамалын алып, көзін сүртті. Жырау Елемес қожа деген ағамыз Ауғанстанға өтіп кетті. Бұхара, Бесқала төңірегіндегі елдің мерекесін Аспаннан Наурызбай Нияз Жақып жырау екеуі атқаратын еді. Ал, арғыдағы Күдері, Майлы қожа бәрі "Алла" ұранды, бір атаның баласы ғой, – деп тоқтады. Машекең:
– Ол қожалардан сөз қалды ма? – деп қырнап сұрақ берді. Әкем дастарқан ше­тінде кесе алып беріп отырған маған қарап:
– Балам, Елемес қожа әкеңнің сөздерінен айта ғой, – деп иегін қақты. Өзім де қонақтың әкемді тықсырып сөйлегенін жақтырмай отыр едім. Білген жеріме дейін тақпақтап төге жөнелдім:
Бел-бел асар, бел асар,
Белгілі жермен ел асар.
Атадан азып ұл туса,
Қазулы жолдан адасар...
Машекең мұқият тыңдады. Сосын әкеме еңсесін бұрып, омырыла қарап:
- Қожеке, ол қожаларыңды көрген жоқпын. Мына қожадан жырау шығады екен. Бұл баланы маған тапсырыңыз. Өзім домбыра шауып беремін. Бізде жатыр ғой, небір сөздің асылы! - деп, мекіреніп сөйлейтін, қырағатты дауысымен маңыздана қарады.
Әкем:
– Болсын, Машеке! Жас балаларға сауапты сөз жаттағаннан артық олжа бар ма!? – деп, рақметін айтты... Осылайша біз, қожаның тәрбиесінен, молланың мектебіне өттік. Мінезі өте күрделі, талабы қатал Машекеңе де ат жаратамыз деп, сабаққа бармағаныма бір ай болды. Ол кісінің де той қамымен жұмысы көбейіп кетті. Екінші «моллам» – Қартаңбай сейіс. Екеуінің де мінезі – бір көрген адамды қайтып келместей қылып жібереді. Құдай бойларына өзгеше білік берген, ерекше жандар. Шыдау керек. Қолымнан келсе екі шалдың да сол құпияларын игеріп алмақпын.
Ат кездіретін уақыт та аяқталды. Қо­раның алдына келіп тоқтадым. Күтіп алған Қартекең:
– Әй, қожа бала! Жуынып-шайынып үйге кір. Шәй-суыңды іше бер. Атты өзім жай­ғаймын. Жақсылап демал, - деп бәйек болып жүр. Өзім де қатты шөлдедім.
Сейстің әйелі Жұмагүл апа:
- Айналайын Алмасжан! Жақсы келдің. Ас-ауқатыңды дайындап қойдым. Шар­ша­ған да шығарсың?! - деп қолыма су құй­ып, орамал алып берді. Бұйырған та­ғам­ды ішіп бола берген тұста, сырттан сейіс те кірді.
- Атты жеңілдеп, қаңтарып қойдым. Бір сағаттан соң отқа қоямын,- деп жуынып-шайынып келіп дастарханға орналасты. Одан әрі:
- Ал, қожа! Неге атты ерте шығандатып жібердіңдер? – деп тергеуге алды. Болған жағдайды толық айтып бердім.

Алмас Алматов.

(жалғасы бар)


22 ақпан 2019 ж. 1 935 0

Ұқсас жаңалықтар:

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 063

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031