» » » Тексіздіктің бір сипаты

Тексіздіктің бір сипаты

Бас жоқ, көз жоқ мәселе қозғап, айды аспанға шығару ойда жоқ. Шынтуайтына келгенде, мәселе белсіздікте жатыр. Тиісті орындардың мәліметінше, ұрық донорлығына 100 үміткердің 10-12-сінің ға­на денсаулығы оңды екен. Мәселе қайда жатыр? Белсіздік. Белсіздік түбі – елсіздік. Сізді алаңдата ма? Алайда жай басқада болып тұр. Ұрық донорлығының тапшылығын туындатып отырған «қалайда балалы болсам» дейтіндер. Бірақ мәселе бала сүйгісі келетіндердің артқанынан емес, дені сау донорлардың аздығынан туындауда. Ал, жасанды ұрықтандыру отқа май бүріккендей. Сандарды сөйлетсек, жыл сайын тек қана бір клиникада 70 балаға «дем беріледі» екен. Құп делік, «балалы болсам» дейтіндердің жайы түсінікті. Ал бір әкенің балалары 20 үйде тәрбиеледі дегенге қалай қарайсыз? Турасына көшейік, елімізде бір донор аталық жасушасын 20 рет тапсыра алады. Егер орайы келсе, 20 аталық жасуша «қажеттілігімен» жұмсалса, жиырма бала дүниеге келеді деген сөз. Ал сол жиырма әр шаңырақтың шаттығына айналады. Сөз жоқ қуаныш. Алайда астарына үңілдік пе?
Уақыт өтер, керуен көшер. Әлгі әуелгі 20 аталық жасушадан шыққандар ер жетер, бой жетер. Бірақ, еліміздің түкпір-түкпірінде өсіп жетілер. Ал, уақыты келгенде кездейсоқ бір-бірімен жолығып, отасып жатса, не болмақ? Сан ғасырлық қан тазалығы үшін болған күрестің ақ жалауы желбіремей ме? Тексіздікке солай бой алдырмаймыз ба?
Шыны керек, адамның айуаннан бетер кейіпін күн де көріп жүрміз. Кейде мал екеш малдың да кей адамнан артықшылығы байқалады. Сөз ауаны солай болды екен, айтайық, өз қызына шапқан әке, өз бауырына ындыны қозған аға, бір жынысты махаббат, тағысын тағылар соның айғағы. Осы кезге дейін қандай ек, текті едік. Тектілікті ту етіп едік. Қыз текті жерге барса, ұл текті жерден алса деуші едік. Қазір ше? Тектіліктен гөрі ептілікті қолай көретіндей. Шынтуайтыны сол, көбіне-көп ұрық донорлығын таңдайтындар ерлі-зайыптылар емес, жалғызбасты қыздар мен әйелдер екен. Мұндайлар жасанды ұрықтандырар клиникаларға барады, каталогтан баласының «әкесін» таңдайды. Мәселен, әлгі каталогта донор иесі туралы «бойы – 175 см, салмағы - 70 келі. Бет-пішіні бидай өңді, шашы мен кө­­зі қара. Ішпейді, шекпейді. Мамандығы - заңгер. Руы – пәлен» деп тұрады. Мұнан өзге донор туралы ақ­­парат жоқ. Осылайша бір жапырақ қағаз жиырма баланың болашағына «жолдама» болып отыр. Елімізде жасанды ұрықтандыратын 20-дан астам орталық бар. Әлгі жан өзге орталықтарға да ұрығын өткізсе, бала санының одан да көп болатыны анық. Себебі, еліміз бойынша аталық және аналық ұрықтың орталықтандырылған базасы жоқ. Әр орталық шама-шарқынша «пайдаға» кенелуде.
Қош делік, жиырма бала дүниеге келді дейік. Келе берсін. Басты мәселе, «әке» туралы толық мағ­лұматтың жасырын болатынында. Медицина сала­сының қызметкерлері біледі, қасиет әке­ден балаға, атадан немереге беріліп отырады. Мой­ын­дал­ғаны кей дерттің де қаннан-қанға, жаннан-жанға өте­тіні. Ал, егер донордың психикалық ауытқуы болса ше? Шынтуайтыны керек, біздің медицина қарыштап дамыды де­ген­мен, кей диагнозды қоюда әлі де хәліміз мүшкіл. Әлгі донордың психикасында ахауы бар, бәлки қылмыскер, бәлки алаяқ болса ше? Қазақта «жатқан жері жақсы (не жаман), шыққан жері жақсы (не жаман)» деген әңгімелер жиі айтылады. Әке қандай болса, бала сондай боп шығады. Бұл – бұлжымас қағида.
Ұрық донорлығы бізде әлі ретке келмей отыр. Басты қауіп – бір әкенің екі әйелден туған балаларының кездесуі. Жай кездесу емес, шаңырақ көтеруі. Содан кейін ауру балалардың пайда болуы. Кездесу мүмкіндігі жөнінен еліміз өте қолайлы. Өйткені халық саны аз. Қан тазалығына енді мән беріп жатқан Еуропа елдері әлдеқашан мұндай «қателіктің» орын алмасы үшін барын салуда. Мәселен, Ұлыбританияда 1 донор тек 10 баланың биологиялық әкесі бола алады. Австралияда бес, Жаңа Зеландияда төрт отбасы бір аталық жасушаны қолданады. Мұндағы мақсат – ауру ұрпақтан сақтану. Айтпақшы, Еуропа елдерінің біршамасында бала 16 жасқа толғанда өз әкесін білуге құқылы. Бұл заңмен де қамтамасыз етілген. Ал, бізде донор туралы ақпар «жабулы қазан» күйінде қалмақ. Қазақта жеті атасын білмегенді жетесіз дейді. Жеті атасын былай қойып, өз әкесін білмегенді қалай атаймыз? Жеті атадан аспай қыз алыспайтын қазақ үшін де бұл бас ауру болып тұр.
Мұндай мәселе қайдан туындап отыр? Бел­сі­з­діктен. Елімізде 16 мыңнан астам «бөрікті» белсіздік дертіне шалдыққан. Демек, осынша отбасы бала сүю бақытынан айрылған. Репродуктолог-дәрігерлердің айтуынша, ерлер өз денсаулығына бей-жай қарайды. Сондай-ақ, шаңырақ көтергендер бір жыл ішінде бала көтермесе көп жағдайда әйелді кінәлай бастайды. Нәтижесінде дәрігер жағалайтын да әйелдер.
Қазақ үшін тек аса құнды. Ал, тектілікті сақтау үшін не қажет? Бастысы – қан тазалығы. Бұл – тек­ті­лік­тің өлшемі. Шешелері бөлек, биологиялық әкесі бір екі жас шаңырақ көтерсе не болмақ? Тексіздік. Тексіздіктің өлшемі бар ма? Бар, шексіздік. Шек­сіз­дікте шекара болмайды. Тексіздіктің шексіз болғаны қазаққа керек пе?

М.Мағмар.
05 ақпан 2019 ж. 1 742 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 063

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031