ӨНЕР ЖОЛЫНДАҒЫ ӨРЕЛІ ЖЫЛ
Жұмыр жерде халық барда өнердің барлық түрі қатар дамиды. Би де, ән мен күй де бірбірінен ажырамайтын біртұтас дүние. Әрине, қазақта би болған. Ойын-тойларда, қыз ұзату мен келін түсіру, шілдехана, үлкен астарда қазақ ән-күйсіз, бисіз тарқамаған. Қазақ би өнері бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін, ұлттық сахна өнері. Қазақтың халықтық би өнері ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, әнкүйлерімен, дәстүрлі тұрмыс-салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы. Біз бүгін осындай киелі өнерді жалғастырып, халықтың алғысына бөленіп жүрген жанның еңбегі мен биші өрендер туралы сөз қозғамақпыз.
Жуырда ауданға қарасты ІІІ Интернационал ауылдық округінде «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «АРТ уақыт» бағыты бойынша мәдениет үйі жанынан құрылған «Элита» би үйірмесінің шығармашылық концерті өтті. «Элита – биік өнердің шыңы» атты есепті концерт ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Үйірме жетекшісі – тәжірибелі хореограф Айнагүл Орынбекова. Иіркөл ауылындағы жұмысымен қоса алып жүрген ұстаздың еңбегі өлшеусіз. ІІІ Интернационал ауылында «Элита» үйірмесінің ашылғанына бір жыл енді толған. Десе де, осы уақыттың ішінде бишілер бірнеше рет облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары аталып үлгерген. Репертуарларында ұлттық билер, заманауи жастар биі, еркін тақырыптағы және патриоттық тақырыптағы билері бар. Үйірме құрамы 3 топқа бөлініп, 32 өнерпаз қатысады.
– Адамзаттың бірінші ұстазы атанған ежелгі грек философы Аристотель «Би – адамдардың мінез-құлқын, ішкі жан-дүниесін, әрекетін көрсететін таза ырғақтың көрінісі, себебі би қимылдары туар кезде ырғақтық сурет әдетте оны туғызған сезім күйіне сәйкес келеді» деген. Ішкі рухани әлемімізді ашып, сұлулыққа тәрбиелейтін, игі қасиеттерді бойымызға сіңіретін би өнері әлі де жасай бермек. Қанша уақыт өтсе де, адамзаттың өнерге деген сүйіспеншілігі арта береді деп ойлаймын. Шын өнерді бағалай білетін талғампаз көрермен, дені сау, өнерлі ұрпағымыз көбейсін. Ал мен би үйренуге талапты жанның талантын ұштауға әрқашан дайынмын. Осы орайда бізге әрдайым қолдау білдіретін бишілерімнің ата-анасына ерекше алғыс білдіремін. Мұндай шығармашылық кеш, нәтижелі жұмыс сенім мен қолдау болғанда ғана жүзеге асады, – дейді Айнагүл Орынбекова.
Концертте өнерпаздар өз репертуарларындағы түрлі биді көрермен назарына ұсынды. Ауыл тұрғындары бұл шығармашылық кешке жоғары баға берді. Злиха Жүсіпова есімді тұрғын «Жақында ауыл бишілерінің концертін тамашалап, керемет әсер алып, жақсы демалып қайттық. Қыздарымыз бен немерелерімізге әдемі би үйретіп жүрген жетекшімізге мың алғыс. Ауыл өнерпаздары әдемі билерімен бізді баурап алды. Бір жылдың ішінде біршама жетістікке жетіп, жеңіс төрінен көрінді. «Элита» би тобы әрдайым биіктен көріне берсін» деп жылы лебізін білдірсе, Индира Өмірзақова есімді әріптесі «Айнагүл өте еңбекқор, өз мамандығын аса сүйетін адам. Ол балалармен жұмыс жасағанда жан-тәнімен беріліп, оларға өз бойындағы бар өнердің қыр-сырын үйретуден жалықпайды. Абай атамыздың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегеніндей, Айнагүл де өнерпаздарына бидің әр түрін үйретіп, олардың өнерге деген құлшынысын, қызығушылығын арттыруда. Есепті концерттен соң баласын би үйірмесіне бергісі келетін ата-аналардың қатары көбейді. Бұл әріптесімнің өз ісіне деген махаббатының нәтижесі» деп әріптес мерейін асырды.
Концерт соңында өнерпаздарға ауылдық мәдениет үйінің директоры Т.Асылбековтың алғыс хаты табысталса, үйірме жетекшісінің ұйымдастыруымен бишілер ата-аналарына гүл сыйлап, ілтипат көрсетті. Өз кезегінде ауыл тұрғындары да әдемі өнерді бала бойына сіңіріп жүрген жетекшіге ризашылығын білдіріп, гүл шоқтарын сыйлады.
Бірлігі жарасқан ауылға мерекелі күн сыйлаған «Элита» би үйірмесінің өнерпаздары көк байрағымыздағы қыран құс сынды қанатын кеңге жайып, жыл өткен сайын репертуар қоржынын толықтырып, өз өнерлерімен жұртшылықты қуанта беретініне сенім мол. Сезім мен ой тереңдігі, өмірге деген құштарлықты тілсіз жеткізетін өнерпаздардың алар асуы әлі алда, шығар шыңы биік болары анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ