Сезім иірімі

Ханқазған шыңының күнгей беті, бәлкім батысқа таман. Биылғы көктемнің мол жаңбырына қаптай шыққан жержоңышқа кең жайылған көк кілемдей көз жетер жердің бәрін жауып тастаған. Түйеқарын, сарсаған, балықкөз, киікоты, қазоты сияқты шөптер жусанмен таласа құлпыра өсіп, әлгі көк кілемнің реңін одан әрі құлпырта түскендей. Аракідік құлағын қағып, майлы танауын майыстырып жіберіп, мамырлап жайылған топ басы Бөкеннің құлағына алыстан айта беретін жағымсыз дыбыс шалына кеткендей болды. Дереу пысқырып жіберіп, бейқам жайылған ешкілер мен алаңсыз асыр салған лақтарды дүр сілкіндірді де, дыбыс шыққан жаққа осқыра қарап еді көзіне ештеңе ілікпеді. Дегенмен, тырылдаған дауыс тыйыла қоймады. Сәлден соң әлгі дауыс үдей түсіп, үрей шақыра жақындап қалғандай еді. Ендігі жайбарақаттықта мән жоқ екенін терең түйсігімен түршіге түсінген бөкен табынын бастап қарсы беттегі қабақты бетке алған. Әне-міне дегізбей-ақ келер сәтте әлгі тырылдақтың жылдамдығын үдете түскен қалың қасты, қарыс қабақ бозбала «я, сәт» деп андыздай жосыған табынның соңынан сыдырта жетіп келді.


Туырылып жатқан жерден будақтай көтерілген шаңның алдындағы сатыр-сұтыр еткен болат тұяқтар, жарқ-жұрқ еткен аялы көздер бейне бір аспаннан жұлдыз жауғандай ерекше сұлулықпен жас жігіттің көз алдында сан құбыла ойнақшып, сиқырлай жөнелген. Аппақ таң шиыршық ата бұлтылдап, дала төсінде қызғылт күлгін түсті, сұрғылт сарғыш түсті бояулармен әрленген жанды сурет пайда болғандай. Шыңылтыр ауаны шымырлата тартқан делиген танаулар, үміт пен күдік сапырылыса араласып, тұңғиық көгілдір түс пен батар күннің шапағындай қызғылт түске кезек боялып жарқыраған жанарлар есті кетіріп, мотоцикл руліндегі газ тегершігін екілене тартқызады. «Ақбөкен сахараның бота көзі...». Қайран, Сәкен! Сұлулық пен жылылық атаулыны далаңнан іздеп өмірдегі жауыздық пен қатыгездікке қарсы қоя білген сенің сырлы сезіміңе оранған сөздерің ғой  мені  бұл күйге аңсар еткен. Еркін даладағы ерке жануардың тұңғиық көздеріне ғашық етіп, елсіз даланың тылсымына еліктіре жетелеген...
Үш доңғалақты «Урал» мотоциклімен боз дала­ның апшысын қуыра алға ұмсынған боз­баланың бар ойы, бар арманы түз тағылырымен бетпе-бет сырласып, көптен айтамын деп айта алмай, жазып жеткізе алмай жүр­ген ой аңсарының арқау жібін сол бір бейкүнә көздерден суыртпақтап тарту еді. Ендігі бір сәтте басқаларынан еңсесі биік, жотасы сомдана біткен, мүйізі иретіле жоғары шапшыған бөкен мұның алдына қарай қиыстағандай ыңғай танытты. Есебін тапса мұның назарын аударып, түстік беттегі бұйырғұнды еңіске қарай бұрып әкетпек. Текті жануар үйірін қорғау үшін өзін  құрбандыққа қияды дегенді есітуші еді үлкендерден. Бұл да басын құрбандыққа тігіп, шаршай бастаған лақтары мен талай жанына жақындық танытып, мейірлене иіскелескен тушаларын құтқаруға бел буды-ау шамасы. 
Кенет... Қарсы қабаққа асыла түсіп, көз арбай бұлтылдаған жұмыр жондар екіге жарыла бергендей болды да, дөңнің екінші бетінен бері шығып келе жатқан «Көк қасқаның» алдымен төбесі, артынша аппақ маңдайы көрінді. Тірнектей жинап келе жатқан ой жауһарларын бір сәтте айрандай ақтарып алған жас жігіт қапелімде сасып қалса да өзін тез қолға алып, ешқандай жалтармастан қарсы беттен екпіндей келіп тоқтаған машинаға маңдай тіреді.
– Иә, бала, аулар көбейсін,– деді көлігінен түсіп, бері беттеген орта бойлы арықша келген айбарлы жүзді жігіт ағасы. Ат жақты, шүңірек көз кісінің тіс арасынан сыздықтата айтылған сөзінен кекесіннің табын аңғарған жас жігіт:
– Көбейтетін сіздер ғой, аға. Менікі – қазақтың кең даласындағы киелі жануар киік рухымен оңаша сырласу мақсаты еді. Мұны жастықтың желігі дейсіз бе, жоқ әлде басқаға жорисыз ба, өзіңіз біліңіз, бірақ жазықсыз жануарларға зәбір көрсету ойым жоқ.
Әлі де болса кескінінен кейістік табы кетпеген жігіт ағасы бұл сөзге сене қалған сыңай танытқан жоқ. «Қарап шық» дегенді көзбен танытып, көлік жүргізушісіне иек қақты. Мотоцикл астауынан тепе-теңдікті сақтау үшін тиелген жарты қаптан жоғарырақ салынған топырақ пен үкілі домбырадан басқа ештеңе көре алмаған жүргізуші жігіт иығын қиқаң еткізді. Астаудан не аңшы құралы, не атылған оқ қауыздары табылмаған соң сабасына түскен аң қорғаушылары саябыр тауып, төбе беткейге жайғасты. Жас жігіттің жұмбақ қылығының сырына бойлай түскісі келгенін аңғартып, мұны дала дастарқанына шақырды.
Бұйралана өскен қою шашын серпи артқа қайырған орда бұзар  жасқа жақындап қалған жігіттің аты Қали болып шықты. Төре Айдынәлінің баласы екен. Тұла бойын тік ұстап, айтар ойын еркін жеткізуінен, киген киімінің дала қимылына үйлесім табуынан бір тектілік байқалатындай. Әлі де болса жаңа танысының тосын қылығына түсініңкіремей отырған аудан халқына аты белгілі аң қорғаушысы термостан ыстық шай құйылған  кесені қолына ала беріп: – Алдыңда келе жатқан қалың табыннан бір қуырдақтық ет алып қалуды ойламай, ала шапқын бос қуып келе жатқаныңның мәнісін түсіндірші, бала –  деп, ризалық кейіппен кеңкілдей күлді. Ойнап қойылған сұраққа шындап жауап бер деген халық даналығы еске түсті ме, болмаса әлгі бір әсерден арыла алмай біртоға отырғандікі ме, жас жігіт қолына домбырасын алып әлде бір күй ырғағына салып бебеулете тартып-тартып жіберді де: – Жөн айтасыз, аға. Сіздердей түз жануарларының ресми қорғаушысы болмасам да, бейкүнә жаратылысқа опат әкеліп жатқан адам-жыртқыштардың бейнесін көрсететін бір шығармамның кілтін таба алмай жүргеніме көп болып еді. Жаңағы бір сәтте көз алдыма келген құбылыс оқиға желісінің бір тінін енді қолыма ұстатқандай боп келе жатқанда кенет үзіліп кетті. Дала төсіндегі осы сурет пен ішкі сезім енді қайтып үйлесім таппайды-ау деген өкініште отырмын, – деп домбырасын жанындағы сексеуіл түбіне сүйей салды. Ендігі сәтте үшеуі де өз ойларымен үнсіз қалып еді.  
                                  
«Өмірдің өзі новелла» дегендей, бұл белгілі ақын, сатирик, отыздан астам әннің авторы, әйгілі Сыр сүлейлері мұраларының  насихатшысы, ұлағатты ұстаз, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Қали Шыңғысовтың ғасырдың алпысыншы жылдарында басынан өткізген бір оқиға еді. Биыл ақынның туғанына 90 жыл толды. «Өлді ме адам, өлген жоқ – келіп, кетті», –  деп өзі айтқандай, бұл туынды дүниеге  келіп кеткен біртуар тұлғаның бір сәттік ғұмырының ескерткіші болсын.

Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
  Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
21 желтоқсан 2018 ж. 1 183 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 215

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930