» » » Қанат ҚАЙТСЕК ҚАТАЯДЫ?

Қанат ҚАЙТСЕК ҚАТАЯДЫ?

Жүрісі жүйрік аттай пойыз шойын жолды сілкіп тастап, қою қараңғылықты қақ жарып барады. Тарс-тұрс еткен ұстаның балғасындай вагон доңғалағы бір-біріне түйіспес қос рельстің апшысын қуырады. Екпінсіз емес, екіленіп кетеді кейде. Жаңа ғана азан-қазан вокзалдан ұзап шыққан вагоніші «үһ» деп алғандай. Өлі тыныштық орнағалы көп болмады. 10-15 минут бұрын бір-бірінің арқалаған сөмкесіне жармасып, жанталаса  мінген жолаушылар жолсеріктен ана-мынасын алған соң ұйқының қамына кірісті. Білем, әне жердегі замандас түстің қалың көрпесін жамылып алған. Қорылы тымб өлек. Ал біз жетеуде жай ерек. Үйірден бөлінген жабағыдай үрпиісіп отырмыз. Кейде көңілдегенің алып ұшады. Кейде самарқау күйге түсеміз. Бізде де бар бір «үһ». Себепсіз де емес. Біздің ұжым, яғни «Сырмедиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мойнымызға жүк артып, Сыр ордадан Елордаға арнайы тапсырмамен жөнелтті.


Мигель Астуриас: «Ой – тәтті, ол миға бал себеді» деген ғой. Рас, ау! Сыр журналистикасының мұзбалақтары әр ойдың жетегінде. Бірақ, сол ойы құрғыр бір сұрақтың көгеніне байланған. Не аламыз? Қайтсек қанат қатаяды? Құдды Құлжаның жолына аттанған саудагердейміз. Бірақ саудагердің тауары – зат, біздікі – тәжірибе. Тәжірибенің базарына барамыз.
«Сыр медиа» ЖШС құрылғалы, қанатының астына аудан­дық газеттер алынғалы мекеме жетекшілері басы­лым­дардың саннан сапаға өту үдерісін жылдамдатты, ілгерілеудің ілкімді жолымен жүруге тырысып келеді. Жыл өткен сайын жаңа бір белесті бағындыруда. Алайда, кез келген құрылымды алыңыз, кез келген мемлекетті мысалға келтіріңіз, қай-қайсы да өзгеден өзіне қажетті қарекетті алып, тәжірибе алмасып, өз жолын қалыптастыруда. Тәжірибе машықты дамытады, өрісті кеңейтеді, білмегенді үйретеді. Ал «Сыр медиа» өзгелермен тәжірибе алмасуда кенже қалып отырған жоқ.
Бір тірлікке бір ой сеп. Жаз ортасында облыс әкімінің кеңесшісі Динара Бисембина тұтас ауданды аралап шықты. Жай аралаған жоқ, аудандық басылымдардың қабілетін білу, деңгейін саралау үшін сапарлатты. Қорқыт баба мәңгілік мекен тапқан Қармақшыға келгенде ішкі тебіренісін жасыра алмады. Ашығын айтты. Өзге өңірлерде аудандық басылымдар күнін әрең көріп отыр. Уақытында үлкен құрылымдардың қанатының астында болып, кейін құрылымдар құлдырағанда бөлініп, бүгінде «жетім баланың күйін» кешуде. Бұл мүсіркеу емес, шындық. Ал Сыр өңірінің аудандық басылымдары кей аймақтардың облыстық басылымдарымен иін тіресуге қауқарлы екен. Шетелдің университеттерін тәмамдап, білім қазынасын қазудан шаршамайтын әкім кеңесшісінің бұл бағасы бір серпілтіп тастады. Д.Бисембина бір сөзінде шетелдік әріптестермен байланыс орнатып, жақсысын алып жүрген, елімізде өзгелерден ойы озық, қабілеті бөлек, қарымы басқа құрылымдармен тәжірибе алмасу керегін айтқан. Сол ой өсіп, пісіп-жетіліп, тиісті орындардан мақұлданып Астанаға келеміз.
Күн шапағы көкжиектен күлімдей түскен сәтте Қызылорда-Көкшетау пойызы Елорданың вокзалына емешегі үзіле тоқтады. Пойызда не сағыныш болсын, ішіндегі жолаушылардың сағынышы да. Өйткені, біз мінген вагонның есігі ашылғанда бір бүлдіршін «әкелеп» тысқа ұмтылды. Сағыныш. Сонадайда жігіт пен қыз табысып тұр. Қоғам ондайға үйренген, жастар сағынышын көпшіліктен қымсынбай басады. Әйтеуір жолаушылардың денін астаналықтар күтіп алуда. Ал бізді Астана күтіп алды.
«Көпжасағаннанемес, көпкөргенненсұра»
Елордаға орнығып, көр-жерімізді сайлап болғанымызда жетекшімізден хабар келді. Бүгінгі миссия – ел тарихын екшеген «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» басылымдарының озық үлгісін меңгеру, тәлімін алу. Тай-құлындай тебіскен кіл жас солайынан «Егемен Қазақстан» газетінің табалдырығынан табылдық. Аз-маз қауқылдасып тұрғанымыз ғасыр жасаған басылымдағы жерлестерімізді елітсе керек. Алғашқылардың бірі болып, Құрманәлі Қалмахан жайлы кабинетінен түсіп, жайымызды білді. Жай келмеді, әзілдей келді, «Кешеге дейін жаурап жүруші едік, қызылордалықтар қаптап, дорбалап жылу әкелді де, Астанаға жайлылық сыйлады» – деп мерейімізді бір тасытты. Сауқат-саулықтан соң «егемендік» жерлестің соңына ілесіп, басылымның төріне оздық.
Әңгіме таныстықтан басталғанмен, көп сарын «егемендіктердің» тізгінінде болды. Себебі де белгілі. Үйренуге барып тұрмыз. Кездесу шымылдығын «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасының орынбасары-бас редактор Айбын Шағалақ түрді. Жүзеге асып жатқан жаңалығымен бөлісті. Бастысы ата басылым шетелдің медиа нарығына шығыпты. Енді шетелдегі қандастар «Егеменді» қағаз нұсқада оқи алады. Айтпақшы, газеттің онлайн нұсқасын (PDF) электронды мекенжайыңызға жаздырып оқуға да болады. Әйгілі «New York Times» газеті мен «Егемен Қазақстан» газеті арасында уағдаластық та жыл жаңалығы болып тұр. Ендігі кезекте құрама штаттардағы бас басылымның сараптамалары мен шолулары ата газетте орнығады. А.Шағалақ өңірлік газеттермен тәжірибе алмасуда қызылордалықтар бірінші болып қадам жасағанын да тілге тиек етті. Мұнан кейін тізгін алған Құрманәлі Қалмахан конвергентті журналистика жайын біраз таразылады. Тіке тақырыпқа көшпесе де, атқарып жатқан шаруалары сол жайында сыр шертті. Бүгінде жерлесіміз маңайына жастарды жиып, «Егемен Қазақстанның» сайтында қалам тербейді. Сондай-ақ, «егемендіктердің» жаңашыл бастауларының қатарына Youtube арнасындағы «Egemen TV», жас журналистердің білімін арттыруда салмағы бар «Egemen-академия» жобалары кіреді. «Egemen TV» арнасының өзінде «Өрнек», «Стадион», «Сарапшы пікірі» секілді бастамалар бар. Келелі жиында облыс әкімінің кеңесшісі Д.Бисембина, «Сыр медиа» серіктестігінің бас директоры А.Оңғарбаев ата басылымның тың қадамдарына сәттілік тілеп, жаңашыл дүниелерді бірлесе үйренуге үндеді. Жиын сұрақсыз да болмады. Қызылордалық тілшілер қосыны тарапынан сауалдар жолданып, ұсыныстар айтылды.
Сыр журналистері мұнан соң «Казахстанская правда» газетінің редакциясына ат басын бұрды. Шынтуайтыны керек, басылым жаңа сарынға көшкен. Бастысы оқырман талғамына сай болу жолында аянып жатқан жоқ. Жыл басынан бері газет дизайны екі мәрте өзгерген. Былайғы жұртқа газет шығару оңай тірліктей көрінер, ал қазанында қайнаған жандарға екібастан түсінікті. Тақырып пен айдар қою, қажеттілігіне орай сурет беру өз алдына. Қаріп, ауа-кеңістік (воздух) берудің де өз тәсілі бар. Ал, «казправдалықтар» бұл жағынан шетелдік әріптестермен байланыс орнатқан. Қазір кез келген сала шығынды азайтумен күресуде. Бұл басылым да сол үдерістен кейін қалып жатқан жоқ. Сандық технологияны игеруі де бөлек әңгіме. Мұндағылар «axiocat» жүйесімен жұмыс істейді. Арнайы Ресей мамандарымен байланысып, осы жүйелік бағдарламаны игергеніне көп болмаған. Басылым бас редакторы А.Сағымбековтың сөзіне сенсек, газеттің үтір-нүктесіне дейін осы бағдарламамен басқарылып, ұжым бір механизмдей қимылдайды. Ешкім бос отырмайды. Жақсыны көрмекке, үйренбекке керек деген. Біраз жайды бұл жерден де түйіп кеттік.
«Ұраны жақсының ұстамы жақсы»
Келесі аялдама – «Спутник Қазақстан» ақпараттық агенттігінде жалғасты. Жасыратын несі бар, агенттікте қағаз нұсқа деген жоқ. Өйткені жастардың ордасына айналған бұл маң тек ғаламтормен жұмыс істейді. Оның да өз себебі бар. Қазіргі БАҚ оқырмандарының 20-40 жас аралығындағы едәуір бөлігі ақпаратты сайттан іздейді. Оларға том-том қағаз ақтарғаннан гөрі, «Гугл-әжейдің» құлағына «сыбырлап», қажеттіні алған қолайлы. Ал осындай сұраныс болған шақта жылдам әрі сапалы дүние тарату – «sputniknews.kz» еншісінде. Асыра мақтағандық емес, мұндағылардың ұстанымы да бөлек – «басқалар айтпағанды біз айтамыз». Ал айту керек екен деп, шулатуды да ойлап отырған жоқ. Қазір елімізде «қазаншының өз еркі, құлақты қайдан шығарса да» деген ұстаныммен, айтуға болмайтын, бірақ құпия емес, есесіне елді дүрліктіретін ақпарларды майын тамыза суреттеп жеткізетін агенттіктер мен сайттар жетерлік. «Ана жерде асылып қапты», «мына жерде зорлап кетіпті», «атып кетіпті», «шауып кетіпті», «тартып алыпты» сынды бет қызаратын жаңалықты сенсация көреді талайы. Айтылуы тиіс әңгіме, кеңес үкіметінде де қылмыс болмады емес, болды. Бірақ «жарнамасы» жоқ-тын. Жарияға жар сап, елді дүрліктірмейтін. Ал кей сайттар қылмысты жариялап қана қоймайды, бүге-шігесіне дейін, үтір-нүктесін қалдырмай баяндайды яки жарнамалайды. Бұрынғының данышпан адамы: «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген ғой. Кім айтса да дәл айтқан. Жамандықты көрсетіп, жариялау арқылы оны «балалатып» жатырмыз. «Sputniknews.kz» те осыны арқау етеді. Жылдамдық әрі нақтылық агенттік журналистерінің ұраны іспетті. Әрдайым бірінші болуға талпынады.
Жақсы нәрсе көрмекке, көңілге түймекке...
Облыс әкімінің кеңесшісі Д.Бисембина және «Сыр медиа» серіктестігінің директоры А.Сақыпұлы жастардан құралған қосынды сергітуді де ойлапты. Алдымен «қазанымыз бір» «Қазмедиа орталығын» шарлап шықтық. Шыны керек, бұрын-соңды еліміздің ең-ең деген телеарналары шоғырланған орталыққа атбасын бұрып жүрміз. Бірақ, мұнда біз білмейтін бірталай дүние бар. Дауыс жазу, бейне жазу студиялары мен теле бағдарламалық алаңдарды бір шолып шықтық. Біз көріп жүрген көгілдір экранның арғы бетін тамашалап, «көрінбейтін» қызметкерлердің еңбегіне қанықтық.
Одан соң тілшілер қосыны Назарбаев универ­ситетінің есігін қақты. Несін жасырайық, оқу орнын көрген де арманда, көрмеген де арманда, оқыған да арманда, оқымаған да арманда. Барлық жағдай дейміз-ау, жағдай дегенің жасала берсе, жаңа жағдайды аңсайсың. Бірақ мұндағы жағдай тым бөлек. Студенттер тоңбасын деп пәлен шақырым әуе жолын жасап қойған. Онысы ұзын әйнек тұрба. Есесіне әйдік. Жатақханадан шығып, спорт залға бармақ болсаң киініп әуре болмайсың. Тұрбаның ішімен діттеген жеріңе бара қоясың. Пошымы мен міндеті Илона Масктің «Hyperloop-ына» келеді, тек мұнда жаяу жүресің. Айтпақшы, университеттің қыры мен сырына бізді оқу орнының Коммуникациялар және маркетинг департаментінің аға менеджері Қымбат Ысқақова қанықтырды. Мұнда дәрістің бәрі ағылшын тілінде жүргізіледі. Шетелден келген ғалымдардың көмегімен студенттер «инемен білімнің құдығын» қазады. Әуелден-ақ, шетелде жүрген қандас ғалымдарды шақыру шаруасы қалай жүріп жатқанын білу – көкей­дегі басты сұрақ еді. Ойымызды оқыды ма, әлде университеттің басты миссиясы сол болды ма, бірден жауап бере қойды. Миы миллионға бағаланар қаңғып кеткен қазақ ғалымдары елге оралады.
Оқу орнын араладық. Біраз жайды сараладық. Бізге ерекше әсер қалдырған «нәтижесіз» ғылыми ізденістер емес. Күн сәулесінен қуаттанатын электромобиль. Тұрқы шағын болғанмен, төркіні біздікі ғой. Халықаралық көрмеге де барып кепті құрылғы. Алған баға да оң. Демек авто көлік шығаруға, электромобиль жасауға мүмкіндік бар. Біздің Яковлев, Ильюшин, Тупелев сынды конструкторлар осы жерден шығады. Айтпақшы, университеттің жатақханасын көрмекке барғанда жерлесімізді кезіктірдік. Кездейсоқ. Жер кіндігі Байқоңырдың тумасы Меруерт Елеусінова мұнда магистратурада оқиды. ІІ курстың студенті. Аз-кем әңгімеге тарттық.
– Мектеп бітірген соң Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университетті ғылыми математика негізінде тәмамдадым. Мұнда жалпы математика ғылымының мәрмәрін «шағудамыз». Адамда арман көп қой. Ал менікі – туған өңіріме барып, ғылыми орталық ашу. Университетте білім аламын дегенге мүмкіндік мол. Жатақхана, спорт орталық, дүкен, кітапхана, кофехана. Университет қабырғасынан шықпай алаңсыз өмір сүруге болады. Аса қажеттілік болмаса қала аралап шықпаймын, – дейді жерлесіміз.
Сапар соңы Назарбаев орталығында тәмамдалды. Мұнда ел мақтаныштарының бұйымдары мен Елбасының ұстаған және сыйға алған мүліктері сақтаулы. Кітаптар мен бағалы бұйымдар тұрған бөлімдерді аралап, бір күйге бөлендік. Сондай-ақ мұнда орналасқан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының жұмысымен де таныстық.
Сапар соңы
Екі күндік сапардан соң пойызға жайғастық. Келердегі күй бөлек, ал мынасы тым ерек. Иықтан жүк түскендей. Күдіктен гөрі үміті басым жандаймыз. Бастысы тәжірибемен қанат қатаяды. Әлсін-әлсін вагон терезесінен көз саламыз Арқа даласына. Сәл жүрсек, толқыны толқынын қуып Балқаш жатыр. Шіркін деймін, қазірдің өзінде 18 миллион халықпыз. Қой үстіне бозторғай ұялаған замандағы санымыз осы. Ал қым-қуыт, жаугершілік заманда 5-6 миллион халықпен, миллиардтармен тіресіп, азулымен айқасып осынша ұлы даланы аман ұстап қалған қазекем батыр болған ғой. Жай батыр емес, мың мәрте қылыш шапса да, мың мәрте тірілетін, мәңгі өлмейтін батыр болған-ау. Ана кәрі көлді сөйлетсең сайрап берері тұр. Ақсақал Алатауың да, қария Қаратауың да, мына тұрған жыңғыл мен жусан да тіл бітсе қазақтың өткенін тірілтер еді ғой.
Кенет ойды күңіренген дауыс бөліп жіберді. Дауыс емес, дауыстар. Тым күңгірт. «Мүмкін емес! Әділетсіздік! Ол – бәрібір чемпион!» Дауыстар вагон­нан вагонға өтті. Пойыздан шығып далаға кетті. Бәрі бір-бірімен сыбдырласып жатыр. Әңгіме Головкин мен Канело арасындағы жекпе-жек аяқталғанда басталды. Бәз біреу гүрзі жұдырықпен құлақ шекеден періп жібергендей есеңгіреп қалдық. Сенбейміз. Сенгіміз келмейді. Менің санам да «Майқұдықтың мұзбалағы» бәрібір чемпион» деп тұр. Пойыздан осылай түстік.
Қызылорданың вокзалы. Тағы да асыққан жұрт. Біз де ауылға асықтық. Тәжірибені жүзеге асырмақпыз. Нәтиже қандай болмақ? Ол да сұрақ. Жауап табу – бізге міндет.
Дастанбек САДЫҚ,
Астана-Қармақшы-Астана.
24 қыркүйек 2018 ж. 1 015 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 054

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031