Құрылтай
» » » «КИІКШІДЕН ШЫҚҚАН ҚОС ЖҮЙРІК»

«КИІКШІДЕН ШЫҚҚАН ҚОС ЖҮЙРІК»

Сыр сүлейлерінің ірі өкілдері Шораяқтың Омары мен Тұрмағамбет Ізтілеуов өз жырларында Сүйкімбай және Сүйіндікті ерекше атап өткен. Белгілі ақындардың ықылас жырына бөленген Сүйкімбай мен Сүйіндіктің есімдерін білгенімізбен көптеген жұртшылық олар туралы толымды ешнәрсе білмейді. Оған себеп олардың 1916 жылғы аласапыран кезінде Түрікменстан жаққа өтіп кеткені, екіншіден іздеушісі, сұраушысы болмауынан деп түсінген дұрыс.
Бұдан 25-30 жыл бұрын іздестіріп жүріп, аз-кем деректер тауып, мақала дайындадым. Бірақ та, өзім қанағаттанбаған болармын, баспасөздерге ұсынбаппын. Бір аптаға жуық архив-жазбаларымды саралап, қажет емес-ау дегендерді шығарып тастадым. Сол күндердің бірінде ағайынды ақын туралы жазғаным қолыма кезікті. Қой болмас, зерделенбей жүрген тұлғалардың бірі ғой, деп жазуға қайта отырдым. Деректерім кемшін болмас үшін қос жүйріктің ұрпақтарының бірі, белгілі жырау Берік Саймағанбетов ініме телефон шалып, Сүйкімбай мен Сүйіндік жайлы сұрап, ақындардың үрім-бұтақтарының жай-күйі, тегін анықтадым. Жырау ініме рақмет.
Өзім қарап отырмайтын адамдар санатына жатамын. Сондықтан болар, жұртшылыққа есімдері таныс болғанмен шығармалары белгісіздеу Кәдір Тұрманұлы, Зейнулла Жаңабаев, Қуаныш Асылбаев, тағы басқалар жайлы жазып, баспасөзге ұсындым. Енді міне кеуделі ақындар, ағайынды Сүйкімбай және Сүйіндік туралы білгендерімді ортаға салмақпын.
Екі ақынның туған, қайтыс болған жылдарын нақты айтатындар табылмады. Дегенмен, Қарасақал Ерімбеттің, Шораяқтың Омарына қайтарған жауабында мынандай сөздер жазылған, оқып, саралап көрейікші.
«... Бақсайыс Сүйіндік пен Шегебайды,
Жақынға жәрдемі аз, қандай жаны» депті. Олай болса Ерімбет Көлдейбекұлы (1844-1916), Шегебай Бектасұлы (1853-1916) өмір сүргендер. Демек, олар қатарлас, замандасы. Бұдан шығатын қорытынды Сүйкімбай Қожағұлұлы шамамен 1844-1845, Сүйіндік 1846-1850 жылдары өмірге келген-ау. Сүйіндіктің ұлы Сердалы 1896 жылы, Сүйкімбайдың қызы Бағдагүлдің 1903 жылы өмірге келгендерін ескерсек, Берік екеуміздің шамалауымыз дұрыс сияқты. Бұлармен қатар 1878 жылы туып, 1924 жылы өмірден өткен Шораяқтың Омарының «Ұстаздарым» атты өлеңінде:
«... Киікшіден шыққан қос жүйрік,
Сүйкімбай мен Сүйіндік –
Ән мен сөзін ажарлар», десе атақты ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882-1939), «Әр елдің бар бұлбұлы» атты толғауында:
«Сүйіндік пен Сүйкімбай –
Сүйекті суша білмейтін.
Өткір найза секілді,
Ағылский ұнғысы» деп тіпті ағылшынның ұнғысы деп мылтыққа теңеген. Бертінде өмір сүрген сауда қызметкері Сағынбай Тұрғанбаевтың «Шежіре өлең» өлеңінде мынандай жолдар бар:
«Сүйкімбай, Сүйіндік пен дүр Аманжол,
Арнасы ед өлең-жырдың ағын судай».
Осы өлеңдерден аңғарғанымыз ағайынды Сүйкімбай мен Сүйіндіктің ерен ақын болғаны аңғарылады.
Қармақшыдан шыққан жүз жыраудың бірі – Әлиакбар Жұматаевтың (1910-1978) тың өлеңдері арасынан ағайынды ақындар және ұрпақтары да толғау жазған.
«... Киікшіден кім жүйрік,
Сүйкімбай мен Сүйіндік» дей келе,
«Сүйкімбай менен Бағдагүл Сайраған бақта ол бұлбұл.
Ән ырғағы тасқындап,
Аққандай таудан асау Ніл.
Әзірге менің қолымда Сүйіндік ақынның «Сөйле деп көп – әлеумет» атты өлеңі ғана бар. Сүйкімбайда біраз өлең болыпты. Оны әзірге таба алмай тұрмыз.
Сүйіндіктің бұл өлеңіне ән де жазылған деседі.
Сөйле деп көп әлеумет еттің құмар,
Жақсы сөз табылар ма көңілге ұнар?
Соққанда үш ай тоқсан, қырық күн шілде,
Мезгілі біткеннен соң, бір күн сынар.
Қашаннан халық жүйрігі ала аяқтың,
Сөзінде кәйткенменен болмас шұбар!
Қызыл тіл, тіршілікте қал шалқақтап,
Алладан келсе зуһал өмір айланай,
Таңдайың тарс байланып үнің тынар».
Бұл өлеңнен адам өмірінің қысқалығын сөз еткені аңғарылады.
Белгілі ауыз әдебиет мұраларын зерттеуші ғалым ағамыз Мардан Байділдаев 1976 жылдың 18 ақпанында айтқан сөзі бүгін есіме түсіп отыр. 1974-1975 жылдарда Өзбекстанның Бұқара, Науай облыстары мен Қарақалпақ өңірлерін аралаған (экспедиция) тұста Кенімых ауданында 60 жастан асқан Сүйкімбай жыраудың Бағдагүлмен кездескенін айтқан-ды. Сол Бағдагүл апамыз 1903 жылы туып, 1999 жылы Кенімыхта өмірден өтіпті.
Жоғарыда айтып, жазғанымыздай Сүйкімбай мен Сүйіндіктердің толық шежіресі жазылған. Олай болса олардың елден алыс болғаны, ертеректе өмір сүргені, сол тұстардағы қилы-қилы кезеңдер кедергі жасаған болар деп ой түйеміз. Дегенмен мендегі 1851 және 1868 жылғы жазба құжаттарда екі ақынның бабаларының есімі болуы мүмкін. №4 қор және №232 қордағы құжатта. Біздер Қожағұлдан әріге бара алмадық та, жаза алмадық. Сонымен Киікші Кетенің бір баласы – Тілеуден Ораз туыпты. Одан бірнеше атадан кейін Қожағұл – одан Сүйкімбай мен Сүйіндік туады. Сүйіндіктен Сердалы – одан Алпысбай (бұл күндері Жаңаөзенде тұрып жатыр). Сүйіншіәлі, Ақшалық, Балшолық атты қыздары болыпты.
Архивтік құжатта Қалдыбек Базов, Қитар Қалдыбеков, Боқай Шалов, Лабар Аюов, Бекжан, Дәуімшар (би, болыс) Қитаров, тағы басқалардың тізімдерін оқыдым.
Қожағұл балалары ХІХ ғасырдың ортасында қазіргі Жалағаш ауданындағы «Аққыр» ауылы маңындағы «Қаракөл, Қостам, Қуаңдария» болыстығында шаруа отбасында өмірге келген. Бұл екі болыстыққа бүгіндері тұрып жатқан Аққыр, Жаңаталап, Т.Жүргенов (Мақпалкөл), Мәдениет ауылдарының адамдары қараған. Сол «Мәдениет ауыл тұрғындарының ізімен Сүйкімбай мен Сүйіндік аталады. Кете ағайындардың басым көпшілігі Қармақшы ауданы аймағында осы рудың бір бөлімі Киікші Кетелер Мәдениет ауылын тұрақты қоныс еткен. Олардың біразын жоғарыда сөз еттім. Сүйкімбай мен Сүйіндік, Боқай Шалов пен Дәуімшар Қитаровтармен ауылдас, қоныстас, қатарлас болған. Іздей берсек Қожағұл бабаның арғы тегі де анықталар.
Сүйкімбай және Сүйіндік Сыр еліндегі ауыз әдеби мұраларды жинаушылар мен зерттеушілер атыесімдерін айтқаннан әрі аса алмапты. Солардың орны толсын, кейінгі ұрпақтар аз да болса қос жүйріктің өмір жолдарын біле жүрсін деген ниетпен аз-кем білгенімді оқырманға ұсындым.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, этнограф, жазушы
04 тамыз 2026 ж. 98 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№58 (10526)

04 тамыз 2026 ж.

№57 (10525)

01 тамыз 2026 ж.

№56 (10524)

28 шілде 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 590
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 051

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31