Жауынгер Шамшат аға

Шамшат ағай Кеңес одағы орнағаннан кейін 1922 жылы дүниеге келген. Ел басына күн туған 1941 жылдың қарашасында көппен бірге Отан қорғауға аттанды. Әке-шешем үйдегі бар тамағын, жүннен шұлық, қолғап тоқып, жылап-сықтап соғысқа шығарып салды. Онда барғаннан кейін 2 айдан соң майданның алдыңғы шебіне кіргелі тұрмыз деген хатын алдық.
Ағамның өз аузынан естіген мәлімет бойынша бірінші майданға кіргенде жауынгерлерге бесатар (винтовка) да жетпей 5-6 адамға бір мылтық берілген. Қару-жарақтың жетіспеушілігінен 1941 жылдың соңғы айларында бірнеше ондаған кеңестік жауынгерлер қоршауда қалған.
Қиын жағдайда қалған осы жауынгерлерді неміс армиясы танкімен қоршап, люгін ашып, сапқа тұрғызып, пойызбен Германия жеріндегі «Лукенвальд» концлагеріне апарып қамайды. Соның ішінде менің Шамшат ағам да бар еді. Лагерьде тұтқындалғандардың көптігі сонша, нан мен суды самолетпен жоғарыдан тастаған. Әуеден түскен нанға тек әлі барлар ғана қол жеткізсе, кейбіріне нан тимей өліп кеткендері де болған. Осындай лагерьдегі азапты күндердің бірінде шамасы 1942 жылғы тамыз айының алғашқы күндері лагерь ортасына машина кіретін жол салынып, ертесіне қара жеңіл машина үстінде екі азиялық келіп, қазақ, өзбек тілінде сөз сөйлеп, ортаазиялықтарды немістер басып алған Кеңес жеріне түрлі зауыттарға жұмысқа шақырады. Бұл хабардан кейін 6 қазақстандық (біреуі Алексей деген орыс жігіті) ақылдасып, өлсек сүйегіміз өз жерімізде қалсын деген ниетпен бірігіп, ойласқанмен, жиналуға тиісті 160 адам толып, бұл алтауы ілінбей қалады. Лагерьде белгісі болғандай, тұтқындарды бөліп алып кету өте қорқынышты болған. Бөліп алып кеткендерді аяусыз өлтіріп, ал кейбіреулерін өлімші болатын ауыр жұмыстарға салғаны тарихтан белгілі. Тұтқындардың осы бөлінуіне күмәнмен қараған, барғысы келмей тұрған 6 өзбекті тауып 6 қазақстандық мойнындағы қарғысын ауыстырып, 160-тың құрамына кіріп кетеді. Сөйтіп, 60 адамнан этапқа мінгізіп, кеңес жеріне бет алады. Енді қазақстандықтар өлуге де бел буып, қашуды ойластырады. Бірнеше күн жүргеннен кейін бұл мақсаттарының орындалу сәті туа қалады. Жоспар бойынша тұтқындарды тамақтандыру бір шағын қалашыққа намазшамға біреу-біреуді көре алмайтындай алагеуім, абыр-сабыр болып жатқан уақытты пайдаланып, вагонның астымен екінші бетіне өтіп, рельс бойымен алтауы қаша отырып, қала шетіндегі орманға жетеді. Орманға жақын орналасқан бір үйге кезігеді. Арасынан біреуін жіберіп, үйді барлап қараса, үйде екі қызымен бір кемпір бар екен. Барлаушы өзінің кім екенін айтады. Кемпір мән-жайды білгесін қауіпсіз деп біліп, бұларды паналатады. Осылайша, күндіз орманда, түнде үйде түнеп, 20 күнді өткізеді. Бір күні кемпір кеңес әскерлері жаудың бетін қайтарып келе жатқанын айтады. Енді соғысқа қарай жүру үшін қару-жарақ керек екенін, қаланың шетінде немістердің қару-жарақ сақтайтын базасының барын, оның меңгерушісі демалыс күндері бойжеткен қызына келіп кетіп жүргенін, оны өлтіріп, қалтасындағы паролін пайдаланып, қару-жараққа қол жеткізуге болатынын айтады. Бұлар осы жұмысты іске асыру үшін алдын ала жоспар құрады. Тұтқыннан қашқан алтаудың ішінде ақтөбелік Алексейдің бары жоғарыда айтылды. Оның ата-анасы мұғалім болған. Оған қоса көршілері неміс болғандықтан, неміс тілін жақсы меңгерген, Алматыдағы шет тілдер институтының 2 курсын бітірген шағында әскерге шақырылған.
Бұлар өлікті білдірмей көму үшін орман ішінен 2 метр құдық қазып дайындайды. Демалыстың бір күнінде неміс офицері келіп ұйқыға кеткен уақытта алтауы келіп, қол-аяғын байлап, қазылған орынға алып барады. Жамбыл облысының тумасы Смағұлов деген жігіт сол жерде немісті жайратып салады. Неміс тілін жақсы білетін, түрі де ұқсайтын Алексей сол түні офицердің киімін киіп, паролін алып, қасына адам ертіп, қоймадан қажетті қаруларды алады да, алдын ала дайындалған жоспар бойынша алтауы майданға қарай күн шықпай тұрып жүріп кетеді.
Кемпірдің үйінде жатқан 20 күннің ішінде қаладағы бір зауыттың тұтқындарына бұрын берілген іс-сапар қағаздардың көшірмесін тауып алып, мөрдің жазуын резинаға ойып жазып, алтауына құжат дайындап алған болатын. Енді күндіз-түні жүріп отырып, теміржолдың бойында бір қалашыққа келеді. Оны айналып өту мімкіндігін барлау Шамшат аға мен тағы біреуге тапсырады. Екеуі барлау үстінде немістердің қолына түседі. Бұларды қаланың камендатурасына әкеледі. Комендатурадан құтылу үшін өздерінің қолындағы құжаттарын көрсетуге мәжбүр болады. Құжаттардың шынайылығына күдіктенген камендатура қызметкерлері екеуін кезек-кезек қинап, ұрып-соғады. Алдымен ағайдың қасындағы жігіттен бастайды. 20 минуттай өлімші етіп сабап, бет-аузы қанға боялған сәтте есіктен теуіп шығарғанда ағамның алдына келіп құлайды. Ол мойындап қойды ма деген күдікпен ағам «қалің қалай?» дейді. Ол «бәрі дұрыс» деп зорға жауап береді. Жолдасының мойындамағанын түсінген ағай алдында тұрған қатал сынаққа өзін бекем дайындайды. Ағайдың қолын қазыққа байлап, қолына қызып тұрған темірді басып, шындықты айтқызуға тырысады. Бірақ ағай сонда да шындықты айтпай шыдаған. Шарасы таусылған немістер екеуін зауыттарына қайтарыңдар деп вокзалға жібереді. Бұлар артында қалған төртеумен қауышып, қайтадан майдан шебіне қарай жолға шығады. Күйіктің қанша уақыт өтсе де жылтырап тұратынын ескерсек, сол ыстық темірдің күйдірген жерін көрсеткенде үшбұрышты жылтыраған көріністі көзім көріп, ағайдың соғыс жылдарындағы азабына аянышпен қарайтынмын. Бірнеше күн жүргеннен кейін майдан жүріп жатқан алдыңғы шепке жақындап, зеңбіректің дауысы естіле бастайды. Олар майдан артын бетпе-бет келуден жалтарып, бір өзен иініне егілген жүгерінің арасына күн батқанда келіп, таң атқанша күтеді. Сол түні таң атқанша соғыс үстінен өтіп, бұлар аман қалады. Сол түні жүгерінің арасында жатып, атарбамен қашып бара жатқан үш немісті атып тастайды. Таңертең тұрып қараса дала тып-тыныш, екі армия да үстерінен өтіп кеткен. Дарияның бойымен келе жатқан екі кеңес әскерінің барлаушыларын көріп, қолдарын көтеріп беріледі. Енді олардың алдында қатаң тексеріс болатынын сезіп, келешекте айғақтар үшін қажеті болар деген ниетпен совет барлаушыларына түнде атып өлтірген немістерді апарып көрсетеді.
Барлаушылардың айдауымен кеңес әскери бөлімшесіне жақындаған кезде «немістер жеңіліп, қуылып бара жатқан кезде мына сатқындарды көрдіңдер ме елге оралуын, бұларды атыңдар» деген айқай шыққан кезде әскер бөлімшесінің саяси орынбасары, бір майоры айқайлап оқ атқызбай қояды.
Келгеннен кейін бөлімшенің тексеру қызметкерлері бір жеті бойы жауаптың астына алып, соңында жаза өтеу бөлімшесіне жібереді. Бір айдың ішінде алтауын үш рет өлмей алынбас қамалға жұмсап, соңында жамбылдық Смағұлов пен менің ағам Шамшат аман қалады. Қалған төртеуі қайтыс болады.
Концлагерьдегі қиындықтар, майданға қайта оралып, 32 ай соғысқа қайта араласып, төрт рет жарақаттанып 4 медаль, бір ІІ-дәрежелі Отан соғысы орденіне ие болып, елге 1945 жылы қараша айында Смағұлов екеуі оралды. Соғыс біткен соң білек сыбанып халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында тер төгіп, жұмыс істеді.
Соғыстың алғашқы жылдары Кеңес үкіметі көптеген қателікке жол бергені мәлім. Міне, осы себептерден кейін кеңес жауынгерлері жау қолына лажсыздан тұтқындалғаны белгілі. Соғыс аяқталып тұтқында болған жауынгерлерді себеп-салдарын анықтамай, жаппай қуғынға ұшыратып, сотталғандарына жас та болсам куә болдым. Мына бір мысалды келтіре кетейін.
1946 жылдың қыркүйегінің бір күнінде қараша үйде түскі ас ішіп отырғанбыз. Үйге бесатар мылтығы, шошайған бөркі бар екі әскер кіріп келіп, Жалғасбаев Шамшат деген кім деп сұрады. «Мен» деген ағама «Сізде шаруамыз бар» деп, есік алдынан жүз метрдей жерге апарып, кешке дейін отырып, сөйлесті. Бізде зәре жоқ. Себебі неміс тұтқынында болғандарды жаппай соттап жатқан кез болатын. Бірақ ол күні ағамды алып кетпей, келесі күні ауданға келесің деп қолына шақыру қағаз беріп кетті.
Төрт сағаттай отырып, соғыстың алғашқы күндерінен бастап, қалай қоршауға қалды, немістердің қолына қалай түсті, концлагерьдегі жағдайлары, кеңес армиясына қайта қосылғанға дейін оқиғаларының бәрін жазып береді. Аудандағы ГПУ бөлімшесіне барғанда (КГБ-ның бастапқы атауы) соңғы берген жауабын 1942 жылы бірінші рет кеңес бөлімшесіне келгеннен кейін берген жауабымен салыстырған, бірдей болған соң үш күннен кейін ағайды босатады. Дегенмен бейбіт өмірде жүрсе де ағай да, жанұясы біз де үнемі үрейде жүрдік.
Жанын шүберекке түйіп бір айға жуық бағып-қағып, қарулануына көмектесіп, тұтқыннан қашып оралған 6 қазақстандықты майдан шебіне қарай шығарып салған украин халқының батыр анасы ағайға 1-2-рет хат жазғаны есімде. Осындай жанын сақтап қалған адамдарға да іздеу салып, бейбіт күнде қатынас жасай алмауы өкінішті. Сол сияқты қан майданда талай азапты күндерді бастан кешіп, еліне аман-есен оралған жамбылдық Смағұловты іздеп, хабарласып тұруға болар еді. Алайда сол баяғы «үш әріптен» қорқуы оған кедергі болған шығар деп ойлаймын.
Ағайдың тұтқында болған кезіндегі естіген әңгімелерін тыңдап, кейінгі кезде кітаптан оқып, болмаса газет бетінде жарияланған мақалалардан белгілі болған кісі аттарының бір-біріне байланысы бар ма деген ойда болдым. Енді сол туралы біршама жазайын.
Кеңес одағы шарықтап тұрған 1970 жылдары үлкен «Түркістанның күйреуі» деген кітап оқыған болатынмын. Сонда ұлтымыздың мақтанышы «Алаш» идеясының көсемдерінің бірі, жерлесіміз Мұстафа Шоқай соғыс аяқталар алдында Францияда жүріп тұтқынға түскен. ІІІ рейхтың шығыс саясаты жөніндегі авторы А.Розенбергпен тығыз байланыста болып, Түркістан ұлттық комитеті президенті болған. Осы кездерде Ташкент облысы саудагерлер отбасынан шыққан, 1922 жылы кеңес үкіметі тарапынан жас кадрларды даярлау мақсатында Германияға оқуға жіберіліп, оқу мерзімі аяқталған кезде сол жерде қалып қойған Вели Қаюмхан дегенмен танысады. Кітапта М.Шоқай бабамызға науқастанып ауруханада жатқанында осы Вели Қаюмхан бақталастық әсерінен у беріп өлтірді деп жазған. КГБ-нің нұсқауымен болуы мүмкін М.Шоқай бабамызды тұтқынға түскен ортаазиялық жауынгерлердің арасында кеңес үкіметіне қарсы жасақтар құруға үгіттеді деп айтылады.
1944 жылы мамырда Гурьев облысы аумағына 14 неміс парашютисі түскенін бәріміз білеміз. Осы кісілердің ішінде Әмірхан Ағаев, Қарыс Қанатбаев дегендер бар. Шамшат ағам неміс концлагерінен шығар алдында лагерь ортасына жол салдырып, ертесіне қара машинамен бір қазақ, бір өзбек келіп сөз сөйлегенін жоғарыда да жазғанмын. Аудандағы Тұрмағамбет ауылының тумасы Қанатбаев деген кісі болды. Жұрттың айтуы бойынша немістердің тұтқынында болған. Неміс армиясының шені бар, жазасын өтеп келген. Осы кісімен менің ағам 1970 жылдардан кейін жақсы араласты.
Ол кісі біздің үйге анда-санда келіп тұратын. Келгенде ағам ерекше құрмет көрсетіп, бөлмеге ешкімді кіргізбей, оңаша сөйлесетін. 2019 жылдары облысымыздың «Сыр өңірі» газетінде Көкшетау облысынан бір журналист 1939-1945 жылдарда фашистік Германия, Франция және басқа Еуропа елдерінде тұтқында болған қазақстандықтарды зерттеп, арасында ақтауға жататындарына құжат дайындап жүргенін, жерлесіміз Қанатбаевқа деректер қажет екенін оқығаннан кейін, ағамның концлагерьде болған кезінде қара машинамен келіп сөйлеген осы кісі емес пе екен деген ойда жүретінмін. Сонда Гурьев облысына ұшақпен түскен Қанатбаев, ауданымыздың Қанатбаевы да неміс тұтқынында болған болып шығады. Екеуінің де тағдыры бір-біріне ұқсас. Екеуі де немістен әйел алған. Мен оқыған мақалада біздің Қанатбаевтың неміс әйелінен қызы бары, егер қазақстандық туысқандар қауіпсіздігін сақтап, заңды түрде шақырып жатса, келуге дайын екендігі жазылған.
Өкінішке орай туыстарынан бұл мақалаға жауап болмады. Белгілі болғаны Қанатбаев Кетенің Адамқожа тармағынан. Жалағаш ауданында тұратын қарындасынан басқа етжақыны болмай шықты. Болашақта бұл кісінің тағдырын тереңірек зерттеймін деушілер болса, оны уақыт көрсетер.
1945 жылдың аяғында ағамның елге оралып келе жатқандығын естіп, тағатсыздана күтіп жүрген бір кеште алыстан жылт-жылт еткен жарық көрінді. Ол кезде сықсима деген шам болады, оны тек үйдің ішінде ғана жағамыз. Далада шам жағып келе жатқанға қалай таң қалмасқа. Сөйтсек, сол соғыс жылдары Германия қолға ұстап жүретін батарейка шығарған екен ғой. Көрісіп мауқымызды басқаннан кейін сол батарейканы маған бергенде жүрегім жарылардай қуанғаным есімде. Біршама ойнап, жылтылдатып жүріп, күші таусылған соң сөніп қалды. Оны қуаттандыратын электр жарығын бірнеше ондаған жылдардан кейін көрдік.
Кеңес үкіметінде ұжымдастыру науқаны кезінде қазақ рулары орналасуына қарай атаға бөліну принциптерін сақтай отырып ұйымдастыра салған. 1953 жылы майда колхозды ірілендіру кезіне дейін ауданымызда 38 колхоз болды. Сол кезде біздің колхоз көсемнің атымен Сталин аталып, ағам осы ауылға есепші болып орналасты. 1946 жылы ауылда дүкенші болып қызмет істейтін құлыс кете Кәрібайдың Дәмегүл деген қызына үйленді. 1957 жылы бірнеше ұжшар негізінде Ақжар кеңшары қайта құрылды. Ал 1963 жылдары кеңес билігі Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткіземіз деген ұранмен Қуаңдария кеңшары құрылғанда, ағам есепші болып қызмет істеп, 1973 жылы қайтыс болды.
Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін талай азапты күндерді басынан өткерген, тұтқында жүргенде сүйегіміз өз топырағымызда қалса деп, армандаған ағам жеңгем Дәмегүлмен отасқан жылдар аралығында 4 ұл, 5 қыз сүйді. Ұлдары Сәбит, Ғабит, Төлеген, Бөлеген, қыздары Әсима, Орынкүл, Клара, Айткүл, Гүлмира. Қазір олардан өсіп-өнген немере, шөбере, шөпшектер ағамның өмірін әрі қарай жалғастыруда.
Адамзат тарихында миллиондаған адамның өмірін жалмаған бұл қанды қырғын, ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 81 жыл. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс, Кеңес армиясы жауынгерлерінің елін қорғауда патриоттық сезімінің жоғары болуынан және ондаған миллиондаған майдан шебіндегі жауынгерлерді бүкіл соғыс уақытында қару-жарақпен, тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіп отырған тылдағы еңбеккерлердің жанкешті еңбегінің арқасында мүмкін болды. Ел басына күн туған ауыр күндерде Қазақстанның қосқан үлесі айтарлықтай болды. Соңғы деректерде Қазақстаннан майданға 1,5 млн-дай адам қатысты делінеді. Осы қатынасушылардың жартысына жуығы елге оралмаған. Соғыстың алғашқы кездерінде кеңес армиясы ұдайы шегінуде болған кездерде, одақтың жүрегі болған Мәскеуге қауіп төнгенде Алматыдан ұйымдастырылған №8 Панфиловшылар, Ақтөбеден ұйымдастырылған №16 дивизияларының ерліктері тарихтан белгілі.
Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы Москва түбіндегі Волоколам тасжолы бойындағы ерлігі бүкіл дүние жүзіне айқын. Тек Қазақстаннан қатысқан жауынгерлердің 500-ден астамы Одақтың Батыры атанса, ұлттар арасынан есептегенде орыс, украина, грузиндерден кейін қазақтар 106 батырымен 4-ші орында екенбіз. Мақтан етуге тұрарлық емес пе?
Соғыстың зардабы тылдағы еңбекшілерге өте ауыр тиді. Әсіресе ауылдың барлық жұмыстарын кемпір-шал, балалар атқарды. Мен соғыс басталарда 7 жаста болатынмын. Соның өзінде күріштің отағын отау, бидай ору, молотилкаға шөмеледен дестені ағытып, бункерге беру жұмыстарын бала болсақ та орындадық. 1944 жылы бас білмейтін өгізшелерді көгендеп, қырманда бидай бастыру үшін айдаушы болып та жұмыс істедім. Бір сөзбен айтқанда, жеңіс бүкіл халықтың ұйымшылдығының арқасында келді.
Кеңес жауынгерлерінің патриоттық рухы биік болғаннан 4 жылда жеңіске жетті. Бүгінде Қазақстанның Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 30 жылдан асты. Осы ретте жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу міндеті айырықша мәнге ие.
Сөзімнің соңында айтарым, Отан қорғау ісіне қатысқан миллиондаған жауынгер мен қатысушыларға басымды иіп, тағзым етемін. Осы мақаламнан кейін Шамшат ағам да мәңгілік орнынан аунап түсер деген ойдамын.
Жақсылық ЖАЛҒАСБАЕВ,
інісі,
Төребай би ауылы














