» » «Соңғы куәгер біз болайық»

«Соңғы куәгер біз болайық»



1979 жыл, 25 желтоқсан. КСРО Қорғаныс министрінің бұйрығымен Ауғанстанға кеңес әскерлерін кіргізуге шешім шығарылды. Осы ойранды он жыл бойы Кеңес Одағынан Ауған соғысына 500 мыңнан астам азамат қатысып, оның 15 мыңы опат болды. Ал Қазақстаннан қанды майданға 22 мыңнан астам жауынгер тартылып, оның 761-ін ажал құшты. 30-ға жуығы хабар-ошарсыз жоғалып кетті. 17-18 жаста аттанған бозбаланың 3 мыңнан астамы мүгедек болып оралды. Міне, содан бері 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 32 жыл болып отыр.
Соғыс қалай басталды? Әңгімені әріден бастасақ. 1979-1989 жылдары Ауғанстан аумағына КСРО әскерін кіргізген уақыттан бастап АҚШ пен Ресей мемлекетінің арасында бәсекелестік туындады. Соның салдарынан Ауған елі соғыс алаңына айналып, халқы зардап шекті. «Жұмбақ соғыс» – КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған. КОКП және КСРО басшылығы Ауғанстандағы 1978 жылғы сәуір төңкерісі нәтижесінде билікке келген «халықтық-демократиялық үкіметті» қолдап, «интернационалдық әскери жәрдем береміз» деген желеумен оның ішкі ісіне араласты. Бұл қырғи қабақ соғыс кезеңінен кейінгі уақытта да КСРО-ның өзге елдерді өз ықпалына қарату саясатының айқын көрінісі еді. 1978 жылдың қазанда ірі қарулы қарсылықтар басталды. Ауған үкіметі КСРО-мен достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа отырып, Мәскеуге арқа сүйеді. Алайда халық күресі одан әрі күшейе түсті. 1979 жылдың ақырында 26 уәлаятта 18 көтеріліс өрті лаулады. 12 желтоқсанында Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы Ауғанстанға кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, 1979 жылдың 27 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылын жүргізді.
Бұл соғыста мыңдаған өмір қиылды. Мыңдаған өмір арбаға таңылды. Бұдан асқан қасірет бар ма?
Жан алып, жан беріскен шайқаста отансүйгіштіктің, патриотизмнің ерен үлгісін көрсеткен ардагер көп. Солардың бірі – 1986 жылы әскер қатарына шақырылып, Ауғанстан аумағында әскери қызметін атқарған Бахтияр Исаханов. Ол 1968 жылы Қармақшыда дүниеге келген. №105 қазақ орта мектебін тәмамдаған соң 1985 жылы Жезқазған құрылыс техникумына оқуға түседі. Солай оқудың 1 курсында білім алып жүрген бозбала әскер қатарына шақырту алады. Алайда ол Отан алдындағы борышын өтеу қанды соғыстың ортасында болады деп ойламаған еді.
– Ауғанстанның Полихумра жерінде әуе атқыштар әскери құрамында болдым. Әрине, бұл соғыс адамзат өміріне қасірет алып келді. Қаншама адамның өмірін алған сол бір зұлмат кезеңде көптеген мемлекет зардап шекті. Алдымен экономикаға едәуір әсер етсе, ең қасіреттісі – қаншама жас жігіттер қыршын кетті. Оның арасында менің де достарым бар еді. Мүгедек болып оралғаны да қаншама. Соғысты көзбен көріп, адамға қару кезену өте ауыр екенін түсіндік. Лайымда соғыс деген суық сөзді ұрпақтарымыз естімесе екен. Бұл – өте қайғылы естелік, – дейді Ауған соғысының ардагері Бахтияр Исаханов.
«Қызыл алаңға» тап болғанда ауылға аман-есен ораламын деп ойламаған бозбала 1988 жылы елге қайтады. Одан соң 1990 жылы аяқталмаған оқуын тәмамдап әр салада бағын сынайды. Бүгінде ол «Октябрь топтық су құбырында» қызмет атқарады. Зайыбы Замзагүлмен бірге 3 қыз, 1 ұл сүйіп, тәрбие тәлімін беріп, өсіріп отырған ардақты әке.
«Ер есімі – ел есінде». Иә, өз жанын қиянат еткен сол кездегі жас бала бүгінде бір үйдің асқар тауы. Олардың есімі әрқашан ұлықталып, ұрпаққа өнеге болып қала бермек. Жақында №26 орта мектепте «Ауған, сөнген шоқ, өшкен арман тек сенен есте қалған...» атты танымдық кездесу кеші өтті. Онда Ауған соғысының ардагерлері оқушылармен кездесті. Шараға аудандық «Ауғаныстан және аймақтық соғыс ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Байдуллаұлы, Ауған соғысының ардагерлері Ержан Ахдиярұлы, Бахтияр Тұрашұлы, Жолдасбек Айтжанұлы, Әбутәліп Нәбиұлы, Дастан Мырзабекұлы мен аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім бастығы, капитан Рүстем Маматұлы, мектеп инспекторы, полиция капитаны Асылбек Жұмабекұлы қатысты. Келелі кездесуде оқушылар көкейінде жүрген сауалын жолдаса, аға буын оған жауап беріп, жас өрендерді Отансүйгіштікке шақырды.
«Ауған соғысының соңғы куәгері біз болайық» деген ардагерлердің көз жанарынан қайғы мен ұмытылмас қасірет көрініп тұр еді...
Айнұр ӘЛИ


13 ақпан 2021 ж. 680 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031