» » Ауғанның отты жалыны

Ауғанның отты жалыны

   Соғыс. Жазықсыз төгілген қан. Зұлымдық. Қай кезде де суық естіледі. Тарих қойнауына көз жіберсек қаралы жылдармен орын алған уақыттың бірі – Ауған соғысы. Бұл – 1979 жылдың 27 желтоқсанында КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, ішкі істеріне қол сұғуынан тұтанған соғыс. Осы кезде Кеңес өкіметінің ұйғаруымен Ауғанстан жеріне Кеңес әскерін кіргізуге шешім қабылданды. Қанша адамның өмірін жалмап, қанша азаматтың болашағына балта шабылды. Ұзаққа созылған бұл соғыс елдің өз ішінде ғана емес, сырт мемлекеттердің қатысуымен де жалғаса берді. Бұл ретте мұндай зұлматтың абырой әпермейтінін білген Кеңес өкіметінің басшылары Ауғанстандағы барлық әскерді екі жыл ішінде толықтай алып шығу туралы шешімге келді. Осылайша 1989 жылдың 15 ақпанында қолбасшы, генерал-лейтенант Б.Громов «Кеңес әскері Ауғанстан жерінен толықтай шығарылды» деген мәлімдеме жасады. Бүгінде елімізде 10000-ға жуық ауған соғысының ардагері болса, олардың 3000-дайы мүгедек болып оралған. Сандарды сөйлетсек, облыс бойынша соғысқа қатысқан 860 адамның 20-сы қаза тауып, 28-і мүгедектер қатарында. Ал ауданнан бұл соғысқа 80-нен астам азамат қатысып, оның бірнешеуі майдан даласында қаза тапты.
   Сонау Ауған жерінде қару асынған сын сағаттарда ерлігімен көзге түскен жерлестеріміз Роман Досаев, Данабек Нұрмаханов, Мархабай Сандыбаев «Қызыл жұлдыз» орденімен, Бақытжан Оспанов, Қуаныш Ниязбаев, Әділ Жұмағұловпен қатар өзге де азаматтар «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Қан майданнан тағдыр жазуымен аман-есен оралған ардагерлеріміз бүгінде түрлі салада елеулі еңбек етуде.
    Бұл соғыс туралы тұңғыш президент Н.Назарбаев: «Ауған соғысына қыруар қаржы шығындадық, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір Кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуына тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма?» деген болатын. Талай боздақтың өмірін қиып, ананы – баладан, баланы – әкеден, жарын – ерінен айырған бұл соғыс кімге болса да оңайға соқпағаны анық. Қан майдан көрген ардагерлердің есінде бұл уақыт мәңгі сақталып, санасында сайрамақ. Залалы мен зардабы көп соғыс туралы ащы шындық жылдар бойы тұмшаланып, жасырын ұсталды. Тек еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана шындықтың беті ашылуда, соған қарамастан сыр жасырған тарих беттері әлі де болуы мүмкін.
   Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 31 жыл. Осыған орай «Жастар» саябағында ауған соғысында қаза тапқан интернационалист жауынгерлерге арналған митингі өтті. Күннің суықтығына қарамастан тағзым етуге келген жұрттың қарасы қалың. Шара барысында ардагерлер мен жастар, майданда ерлікпен қаза тапқандардың туыстары Ауған соғысында қаза тапқан батырларға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Аталған шарада Қармақшы ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Рүстем Тұрғанов пен аудандық «Ауғанстан және аймақтық соғыс ардагерлері кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Ерманов сөз сөйлеп, пікір білдірді.
   – Ауған соғысының аяқталғанына 31 жыл толғанымен, сол бір зұлмат жылдардың қайғы-қасіреті әлі де болса көптің көкейінде. Себебі, талай отбасын қан жылатқан, талай боздақтың артынан зар еңіреп қалғандар бұл күнді ұмытпақ емес. Сондықтан қыршын кеткен ерлердің ерліктеріне тағзым етіп, құрмет көрсету – біздің міндетіміз», – деді А.Ерманов.
    Мұнан кейін шайқаста қаза тапқандардың рухына арнап құран бағышталды. Ауған соғысы ардагерлеріне арналған шара әрі қарай мәдениет үйінде жалғасын тапты. Кеш шымылдығы тақырыпқа орай патриоттық бейнероликпен ашылды. Одан соң аудан әкімінің орынбасары Жарқын Омаров соғыста ерлік көрсеткен жауынгердің рухына тағзым ету баршамызға ортақ іс екенін айтып, Бақыт Оспанов, Әскербек Ысқақов, Қуаныш Айқұдықов, Ержан Жесіқұловтарды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Одан бөлек, Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай интернационалист-жауынгерлер Рақымжан Доспанов, Әнуарбек Өміров, Нұрлыбек Айсауытов, Алтай Жыңғылбаевтарды еске алу мақсатында ұйымдастырылған мектеп оқушылар арасында өткен дәстүрлі аудандық спартакиадасының қорытындысы бойынша ІІІ орынды О.Шораяқұлы атындағы №30 мектеп иеленсе, ІІ орынды Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектеп қанжығасына байлады. Ал І орынға Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейі лайық деп танылды. Сонымен қатар, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің отбасына естелік сый табыстау да ұмыт қалмады. Ардагерлерге арналған кеш өнерпаздар өнерімен өрбіп, тақырыпқа орай әскери әндер шырқалып, көрініс көрсетілді. Сол секілді «Сұлтан» мейрамханасында қаза тапқандардың рухына дұға оқылып, ас берілді.
   Өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміздің ерлігі өшпес өнеге. Ерлік – елдің туы. Ер қуаты – қару болса, елдің қуаты – батырлары. Халқымыз қашанда ерлерін пана тұтқан. «Отан үшін күрес, ерге тиген үлес» деген мақалды ұстанған ерлеріміз, ауған қаһармандары – біз үшін ерліктің ерен үлгісі.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
18 ақпан 2020 ж. 3 121 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031