» » » Хакім Абай кірді менің түсіме

Хакім Абай кірді менің түсіме

Бисмиллаһ деп, ашып сөздің көкейін,
Алдағы асқақ арманыма жетейін.
Толғандырар түс көріп ем жақында,
Мен сіздерге соны баян етейін.

Мәлім болған үлкенге де кішіге,
Бар қазақты тәнті қылған ісіне.
«Қайран жұрт» деп қамын жеген қазақтың,
Хәкім Абай кірді менің түсіме.

Сахараның шөл даласын аралап,
Жүр екенмін әр көлеңке паналап,
Бір ұрттам су көрдім кенет ыдыстан,
Ішіп алдым, тұтып соны қанағат.

Сол мезетте дауыл соқты кеп күшті,
Ақбоз аттан бір епті адам кеп түсті.
Қоңыр шапан, алып дене ажарлы,
Бір ер кісі күлімсіреп кеп құшты.

Сасқалақтап, түсті есіме нелер ой,
Енді бұдан қашып кету бекер ғой.
Ибраһиммін, – деді қолын ұсынып,
Сөйтсем әлгі Абай бабам екен ғой.

Бірақ әлі еш нәрсені ұқпадым,
Жамандыққа жақындап қол сұқпадым.
Ібіліске ердім бе әлде адасып,
Жазығым ба, сені пір қып тұтқаным?

Алғашында өлеңіңді үйреттің,
Бес нәрсеге жақын бол деп, бес нәрседен жиреттің.
Сол түсімді жори алмай ақыры,
Сан ойменен көңілімді күйреттің.

Өзің міне, көріп тұрсың, асылым,
Сахараға айналуда ғасырым.
Жырыңменен сусындатқан өзің ең,
Енді бүгін айтшы ойыңның ашығын.

«Қалқам, босқа ортаймасын көңілің,
Ыдысынан су іштің көкбөрінің.
Жыр бұлағын қалдырған ем өзіңе,
Ал ендеше, өлең – сенің өмірің!

Көкбөрі еді көне түркі тәңірі,
Өзгелерден ерекше еді тәлімі.
Саған осы құдіретті сыйлаған,
Бұл жаратқан Алламыздың әмірі.

Жақын болғын әркез қайран халқыңа,
Берік болып тілің, дінің салтыңа.
Ойларыңды өлеңменен өрімдеп,
Кір келтірме «ақын» деген атыңа.

Сені ылғи сырттай желеп-жебедім,
Сәл қиналсаң, шақырусыз келемін.
Аманат қып алып қалғын бары осы,
Ақындықтың ақ батасын беремін!»

Дей бергенде, естілді бір ғажап үн,
Көзімді ашып, жан-жағыма қарадым,
Үйдің іші аппақ нұрға бөленіп,
Құлағыма келді әуені намаздың.

Міне, ағайын, үзінді еді түсімнен,
Адам бар ма жандүниемді түсінген?
Аян ба бұл, түс пе түлкі тезегі,
Не болса да, әркім бұны жорысын тек ішінен.
Гүлнұр ҚАЙНАРБАЕВА
10 тамыз 2025 ж. 145 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (10431)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (10430)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (10429)

16 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 267
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031