ТАҢМЕН ТАЛАСҚАН ТҮС
Гүлнұр ұйықтаса, түс көреді, түсінде бір іс көреді дерсіздер. Осыдан оншақты жыл бұрын «Менің түсіме Хәкім Абай кірді» деп көптің көңілінен шыққан, басымнан өткен, көрген түсімді ақ қағазға өлең қылып жазып, талайды тамсантқаным бар еді...
Содан кейін мың ұйықтап, мың ояндым, түс те көрдім, іс те көрдім. Жуық арада мазамды қашырған тағы бір аян түс көрдім. Күндіз деп айтайын, түсімде заманның ақыры, қиямет күні басталыпты деймін. Содан жан алатын Періштенің дауысын естідім,
– Дайынсың ба, сенің жаныңды алуға келдім, – деді. Жаным аузыма тығылып, «Көршілердің бәрі кетті ме? Жер бетінде мен ғана қалдым ба?» деп қашқақтай бастадым. «Көрші үйдегі шалдың жанын алдық, енді сен қалдың» дейді. Ішімнен қатты қиналып, бала-шағамды ойлайтын жағдай болмады. Қатты қорықсам да, мына алысқан, тартысқан қу дүниенің бітетініне қуандым. Шынымды айтайын, емтихан тапсырған балаша қуанып, «Е, Алла, амал дәптерімді қай жағымнан береді екен...» деп ойлап қоямын. Ой деген жүйрік ғой, шіркін. Бақытым, байлығым деп өбектеп отырған балаларымның біреуін де есіме алмадым. Өзім дін туралы көп оқитындықтан ба, ақыр заман болғанда, бәрі есеп береді, сондай қиын кезең болады, бауыры бауырдан, анасы баласынан безеді дегенді оқып едім. Құдды сол көрініс көз алдыма келді. Әлгі дауысқа «Тұра тұр, кәлимамды айтып алайын» дедім де, кәлиманы үш рет айтып, «Ала бер жанымды» дедім. Енді ол кездегі әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жаным көзіме көрінді деген сөздің өзі болды. Қатты қиналдым, тұншықтым. Содан көзімді ашсам, ақ бұлттың ішінде айналып, қалықтап барамын. Жан-жағым тұман ба, ештеңе көрінбеді. Тек айналам аппақ, бірақ жаным жай тапты. Бағанағы қорқыныш та сейілді. Енді бар ойым, Алланы көрсем, амал дәптерімді алсам деп алаңдап келемін. Бір мезетте көктен «Мұны неге әкеле жатырсың?» деген жуан дауыс естілді. Мен аң-таңмын. Енді қу тірлік деп алыспаймын, жарыспаймын, жақсы болды-ау деп мәз болып келе жатырғанымда, жаңағы дауысты естіп, түсініксіз күй кештім. «Түсіріңдер!» деп бұйырды да «Сен жаз!» деп кәдімгі газетті көрсетті. Мен «жазуды қатырамын ғой, жазамын, жазамын» деп, қуанып кеттім. Ішімнен «газетті жазу деген не, берген нәрсені көшіріп беремін ғой, маған жаз дегені осы ма» деп күбірлеп қоямын. «Сен бар да жаз» деді тағы да. Содан бағанағы ақ бұлт пен ақ тұманның арасынан жүрегім аузыма тығылып, ғарышқа ұшқандай қысыммен алқынып жерге бір-ақ түстім. Тарс еткенімде, көзімді тарс аштым. Жаңағы зулаған қашықтық, ұшып келген жылдамдық өкпемді қысып, жүрек деген аузымды ашсам, атып шығардай болып тұр. Содан сағатқа қарасам таң намазының уақыты келіп қалыпты. Әдетте оятқыш шырылдап оятпаса, таң намазына ұйықтап қалатыным бар еді. Бұл жолы оятқышты мен ояттым. Ештеңе түсінбеген күйде дәрет алып, таң намазға тұрдым. Жайнамазда тұрмын, бәрі көз алдымда сайрап тұрды, жүрек әлі секіріп тұр. Көзім ояу, көкірегім көрген түсте. Таң намазын оқып болып, жүрегімді әрең бастым. Әрі қарай жатып, қайтадан ұйықтайтын едім, ұйқы да жоқ. Содан ол түс дәл бүгін көргендей көкірегімде сайрап тұр. Сол кездегі сезімді жеткізуге сөз таба алмаспын, сірә.
Одан кейін «Ал, не жазамын?» деген ой мазалай береді. Отырып, ой толғап, ұйқас қуып өлең жазуға уақыт жоқ. Ойымда тұрған өлеңді ертең қағазға түсіремін десем, есте жоқ болып күн кешіп жүрмін. Содан әңгіме қылып жазайын деп шештім. Оқыған адам осы бір жүрген диуана дер, түсінгені оң пікірін білдірер. Бірақ, бұл еріккеннің ермегі емесі анық. Өмірге келгендегі миссиям жазу шығар. Жаз десе жазамын ғой.
Түс – түлкінің тезегі дегенді еститінмін. Бірақ бұл түсті олай деу қате болар. Мен түсімде Меккеге де бардым, Абайдан да бата алдым, ал бірақ, Періштемен тілдесіп, Алланың дәргейіне қарай барған адам санаулы шығар. Жоқ деуге, тағы болмайды. Бұл жазбаны оқыған жан түсінер, бәлкім түсінбес. Бірақ мен тылсым күштің бар екеніне сенемін. Мүмкін, «Гүлнұр, айналайын, сен ұйықтамашы осы, түс көрмеші ақұдай» дейтін шығар. Амал нешік, мен осылай жаратылған жанмын.
Гүлнұр БЕКТҰРАРҚЫЗЫ