Абай тілі

10 тамыз – Абай күні. Биыл қазақтың бас ақынының 180 жылдығы. Абай мұрасының жыл өткен сайын насихаты артып, құндылығы қымбаттауы қуантады. Мерейтой аясында қаншама ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, ұрпақ ұлықтауда. Абай Құнанбаев – тек терең ойдың ғана емес, биік тілдік мәдениеттің де иесі. Оның тілі қазақ әдеби тілінің тарихында маңызды белес болып саналатынын тіл мамандары халыққа жеткізе білуіміз керек деп ойлаймын. Абай шығармаларындағы тілдік жүйе, сөз қолдану ерекшеліктері, стилі мен синтаксистік құрылымы қазақ әдеби тілінің қалыптасуына үлкен ықпал етті.
Ақын өз дәуіріндегі ауызекі сөйлеу тілін, жыраулық поэзия тілін, шығыс пен батыс әдебиеттерінен енген сөз өрнектерін ұштастыра білді. Абайдың тілі қазақтың бай фольклорлық мұрасымен үндесіп жатады. Ауыз әдебиетіндегі тұрақты тіркестер мен сөз орамдарын жаңаша мазмұнда қолдану арқылы ол ұлттық тілдің поэтикалық қуатын жаңа деңгейге көтерді. Мысалы:
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім…»
Бұл өлең жолдарында «ескеру», «тексеру», «пайда» сияқты абстракт ұғымдар нақты мағынаға ие болып, философиялық мәнде қолданылады. Абай тілі – лексикалық тұрғыдан аса бай. Ол қазақ тілінің төл сөздерін кеңінен пайдалана отырып, араб-парсы, шағатай және орыс тілінен енген сөздерді де өз орнымен қолдана білді. Бұл сөздер көбінесе діни, философиялық, ғылыми ұғымдарды жеткізу үшін пайдаланылды: «ғибрат», «насихат», «ақыл», «хақ», «фәлсәфә», «мақсұт», «заң», «ғылым» т.б.
Абайдың стилі – ойшылдық, нақтылық және көркемдік тереңдікпен ерекшеленеді. Ол шебер салыстырулар мен метафораларды, антитеза мен аллитерацияны ұтымды пайдаланған. Мысалы:
«Күлембайға келсе күн жауар,
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалар...»
Бұл жолдарда сатира мен ирониялық элементтер де көрініс табады. Абай тек мағына емес, форма жаңартушысы да болды.
Абайдың қара сөздері көркем әдебиеттен гөрі публицистикалық, философиялық тілге жақын. Мұнда логикалық дәлдік пен терминологиялық нақтылық басым. Ол қазақтың сөйлеу тілін ғылыми-педагогикалық стильге жақындатты. Мысалы:
«Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады...».
Мұндағы ой жүйесі – терең, тілдік құрылымы – қысқа әрі нұсқа, мазмұны – философиялық.
Абай тілі – қазақ әдеби тілінің тарихи дамуына серпін берген құбылыс. Ол бұрынғы әдеби дәстүрлерді сақтай отырып, жаңа мазмұн мен формалық шешімдер арқылы тілдің өрісін кеңейтті. Абай шығармаларының тілі – көркемдік мәдениеттің биік үлгісі, тілдік модельдің тұғыры. Сондықтан Абай тілі – тек әдебиетшілер мен тіл мамандары үшін ғана емес, бүкіл ұлт үшін құнды рухани мұра.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
Қызылорда облысы Тілдерді оқыту орталығының
Қармақшы ауданындағы мемлекеттік тіл оқытушысы
06 тамыз 2025 ж. 94 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (10431)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (10430)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (10429)

16 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 267
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031