ТАҢДАЙ БАСУҒА КІМ ҚАЛАЙ ҚАРАЙДЫ?
Сан ғасыр бойы халық медицинасы өмір сүріп келді. Халық медицинасы адам ағзасындағы биологиялық нүктелерді басу, шөптен дәрі-дәрмек жасау, сүлік салу, қан алу арқылы ем-шипа жасаумен ерекшеленсе, батыс медицинасы химиялық дәрі-дәрмектермен адамзатқа игі ықпалын тигізуде. Екі медицина бір-бірін толықтырады. Бірақ кейде керісінше, бір-бірін мойындамайтын да кезі болады. Сондай мысалдың бірі – тамақ басу.
«Баспа» деп аталатын ауру түрі медицинада «ангина» деп аталады. Ол тыныс жолының ауруы. Адам жөтелгенде, сөйлегенде түкірік арқылы жұғады. Бір қызығы, аталған ауру әлі күнге дейін емшілер мен дәрігерлер арасында дау тудырып келеді.
Баспа – жұтқыншақ, таңдай, тіл маңы бадамшасының қабынуы. Оның катарльды, фоликулярлы, лакунарлы, герпетикалық сынды бірнеше түрі болады. Онымен ауырғанда тамақтың ауырсынып, дене қалтырайды, бас ауырып, буын құрысады, ағза әлсірейді. Тіпті 40 градусқа дейін ыстық көтерілуі мүмкін. Ұйқы бұзылып, асқа тәбет азаяды. Тыныс тарылып, мазасыздық орын алады.
Көшпенді халқымыз тылсымның сырына тереңнен үңіле білген. Қарапайым-ақ амалдармен ем жасаған. Мысалы, бумен тыныстау, бөдене жұртқасын жеу, уқалау дегендей. «Адамның қай жері ауырса, жаны сол жерде» дейміз ғой баяғы. Қай жерің ауырса да – қиналып қалатының рас. Әсіресе, сәбилер үшін баспа қауіпті. Ыстығы көтірілген бала әлсін-әлсін жылап, беймаза күйге түседі. Ондайда аналар екі нәрсеге жүгінеді. Біріншісі, жедел жәрдем шақыртып, батыс медицинасына сенім білдірсе, екіншісі, қазақы дәстүрге иек артады.
Жақын танысым Жанаркүл баласы суықтаса, тамағы көтерілсе, тамақ басатын көрші апасына қарай жетектей жөнеледі. 2-3 күнде ауру сап тыйылады дейді ол.
– Көп балалы анамын. Тамақ басу – қазақта әу баста бар үрдіс. Кішкентайлар алда-жалда тұмауратып, тамағы көтеріліп жатса, жасырмаймын Жұпар апама апарамын. Сұқ саусағын қазаннан күйелеп алады да, тамақтың сыртынан басып-басып жібереді. Соған үйренгенбіз. Тынысы бітіп, дем ала алмай тұрған бала бірер сағатта терлеп-тепшіп ұйықтап қалады. Ұйқыдан оянғасын түк болмағандай, бауырларымен ойынға кіріседі. Бар баламды осылай өсіріп келемін. Ащы дәрі беріп, асқазанын ауыртқаннан осы әдісті қолданғанды тәуір көремін, – дейді Жанаркүл.
Иә, бұл әдіс елдің бәріне ұнамасы анық. Бұл жайында дәстүрлі медицина не дейді екен?
– Баспамен ойнауға болмайды. Онымен үлкен де, кіші де ауырады. Рас, қазақылыққа салынып тамақ басатындар бар. Қарапайым үй жағдайында жеке бас гигиенасы сақталмайды. Сондықтан да ол қауіпті. Қабынған тамақ бадамшасы безденіп, іріңдеп кетеді. Ал, залалсыздандырылмаған қолдан тамаққа инфекция өтіп кетуі әбден ғажап емес. Мұндай ойланбай жасаған әрекеттің арты немен тынарын кім білсін. Айтарым – денсаулықпен ойнауға болмайды. Асқынғанда инфекция кеуде қуысына тарауы, минингитке, ревматизмге, гломерулонефритке ұласуы мүмкін. Баспамен ауырғанда тамақты ас содасымен шайып отыру керек. Ауырсынғанды басу үшін жалбыз майын қолданған жөн. Баспаның ауыр түрінде отаға түсуге тура келеді. Тамақ ауырған жағдайда өз бетінше ем-дом қолданбай, уақытында дәрігерге қаралған абзал, – дейді білікті дәрігер Сәуле Қазтаева.
Енді бұл жайында дінде не айтылған. Соған құлақ түрсек.
– Халық емшілігінің бір түрі болғандықтан тамақ басу – шариғатқа қайшы келмейді. Яғни, қарсылық көрсетілмейді. Бұл жерде көріпкелдік, сәуегейлік, не болмаса, ғайып әлем мен рух, әруақ элементтері жоқ, – дейді «Жәрімбет ата» мешітінің бас имамы Әлішер Ақбаев.
ТҮЙІН
Қазақ – дана халық. Не істесе де негізге сүйене отырып іс қылады. Ырымшылдығы тағы бар. Баласын елден ерек жақсы көреді. Әкесі бар балаға бас ұстатпайды. Бұл «Әке тұрып – ұл сөйлегеннен без» дегенді білдірсе керек. Сондай-ақ, дастарханға үлкен ас келгенде алдымен бас тартылады. Бастың әр мүшесін асатудың да өзіндік мағынасы бар. Соның ішінде баланың алақанын аштыртып, «жезтаңдай әнші, қара қылды қақ жарған көсем, би-шешен» болсын деп қойдың таңдайын асатқан. Тамақ басу да ұлттың қасиетті дәстүрі ғой.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».