» » » Ұлттық киім – ұрпаққа мұра

Ұлттық киім – ұрпаққа мұра


    Ұлттық киім – ұлтымыздың айнасы. Халқымыз атам заманнан бері мың бір сырлы әсем киім үлгілерін жасап киініп келген. Киім жай ғана бір жапырақ мата емес. Ол – белгілі бір ұлттың, мәдениеттің бет-бейнесін көрсетіп тұратын ғажайып дүние. Оның эстетикалық, этно-мәдени, қоғамдық мәні де орасан.
   Азаматқа – айбат, қызға – көрік беретін ұлттық киімдерді барша халық кисе, жарасып кетері анық. Сондықтан өз ұлттық киімімізді өзіміз дәріптеу арқылы салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, рухани құндылықтарымызды ұлықтап жүргеніміз абзал. Халқымыздың өткен тарихына, өмір тіршілігіне үңілсек, оның салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында үйренер, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп жалғастырар талай тағылымды ұлағат бар.
    Жалпы киім – адамның мінез-құлқын, таным-түсінігін, қоршаған ортамен қарым-қатынасын, беделін, жан-дүниесін айқындап көрсетіп тұрады.Біздің халық киім үлгісінің адамның жасына, жыл маусымына, тұрмыс қажеттілігіне, сымбатына, үстіне қонымына, жүріп-тұруына ыңғайлы болуына асқан жауапкершілікпен қараған. Киімге байланысты түсінік қазақ қоғамының даму кезеңдерінде «береке», «дәулет», «байлық» деген ұғымдармен «құт» сөзіне қатысты тұтас идеологияның бір бөлігі болып келген. Қазақтардың қазіргі киімінің көбісі сақ дәуірінен бастау алады. Ежелден келе жатқан киім үлгісін жас ұрпаққа өнеге етіп көрсету – әр қазақтың міндеті.
   Қазақ халқының ұлттық киімдері этникалық, экономикалық және климаттық жағдайлар ескеріліп, ежелгі дәстүрлер бойынша тігілген. Қазақ салтында ержігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдердің ең жақсы таңдаулысын киген. Қазақтар құлан, ақбөкен, жолбарыс, бұлғын, сусар, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалаған. Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілген. Дәстүрлі ұлттық киімдер іштік, сырттық, сулық, біркиер, сәндік және салтанат-ғұрып, жыл мезгіліне, жас ерекшелігіне қарай ер, әйел,бала киімі болып бөлінеді. Біркиер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиындарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Ал бас киімнің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Тымақ, бөрік, сәукеле, тақия, қалмақ, жаулық, кимешек деп тізімді әлі де жалғауға болады. Сырт киімдер өзара тон, шапан, шекпен, ішік, күпі деп топтастырылса, аяқ киімдер саптама етік, шоңқайма етік. Мәсі, бұйық деп бөліне береді. Әр киімге мән беріп, оның әсем болуына басты назар қойған ұлтымыз қазіргі тілмен айтқанда нағыз эстет болған ғой, шіркін.
Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұлттық киімдерімізді мерекеде ғана емес, жиі киіп жүрсе нұр үстіне нұр болар еді. Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Бүгінгі таңда қазақы нақыштағы киімді кию сәнге айналып келеді.
Эстетикалық тәрбие-адамның өмірінде зор рөл атқаратыны белгілі. Ал осы әсемдікті көре сезіне, түсіне білу адамның рухани өмірін байытады. Болашақ ұрпақ ұлттық киімнің қадір-қасиетін біліп, заман талабына сәйкес лайықтап киіп жүрсе, ата-дәстүрі жалғасын тауып,  сәнге айналып, күнделікті өмірімізге енсе деген үміттеміз. Қазіргі таңда күнделікті кимесек те, өз маңызын сақтап отырған ұлттық киімдерімізді құрметтеу керек деп білеміз. Ең болмаса сырға, алқа секілді бір элементті насихаттай алсақ, бұл да ұлтқа деген құрмет. Ұлттық киімді ұлықтайық!
  Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
10 қараша 2024 ж. 140 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 778

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 824

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031